Қазақстандық каратэшілер Азия чемпионатында 4 алтын иеленді

1246
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2025/05/39efcb3c64ce5d10dcb28ff72da24e3a_1280x720-960x500.jpeg?token=b5ca8cb23932151317fe46603c5deede

Ташкентте өтіп жатқан каратэден Азия чемпионатында қазақстандықтар бүгінгі жарыс күнінде төрт алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Ересектер арасындағы құрлық біріншілігіне алғаш рет қатысқан Дайяна Даренская 68 келіге дейінгі салмақта жапондық Кама Цубасаны финалда сенімді жеңіп, чемпион атанды.

Одан кейін татамиге шыққан әлем чемпионатының қола жүлдегері Нұрқанат Әжікенов (-75 кг) ирандық қарсыласына еш мүмкіндік бермей, алтын медаль иеленді.

Тағы бір алтын медальді Токиода өткен Олимпиаданың қола жүлдегері Софья Берульцева (+68 кг) әкелді. Ол жапон спортшысы Сумирэ Сугитуды жеңді.

Бұған дейін кумитэ бағдарламасында Жоламан Биғабыл да алтын медаль еншілеген болатын.

«Қазақстан құрамасы төрт алтын, бір күміс және төрт қола медаль жеңіп, жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленді», – деп хабарлады ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.

Екінші орында – Жапония (үш алтын, бес күміс, төрт қола), үшінші орында – Вьетнам (үш алтын медальмен).

«Бұл – Қазақстан үшін Азия чемпионаттарының тарихындағы жалпыкомандалық есептегі екінші жеңіс. 2023 жылы Малайзияда өткен чемпионатта үш алтын медаль бірінші орын алуға жеткілікті болған», – делінген ақпаратта.

Биылғы чемпионатқа 29 елден 421 спортшы қатысуда.

Комментарии