• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Дәстүр мен дін » Өзгені емес, алдымен өзіңді біл

    Өзгені емес, алдымен өзіңді біл

    «ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР – ҰЛТ ҚОРҒАНЫ» АТТЫ БАЙҚАУҒА КЕЛІП ТҮСКЕН МАҚАЛАЛАР

     

    Ілияс Есенберлиннің « Көшпенділерінде» Абылай ханның түс көруі туралы аңыз айтылады. Аңыз мынандай еді: түсінде Абылай арыстан қуады. Енді жеттім бе деп сойылын сілтей бергенде, арыстан жолбарысқа айналып қашады. Қуып жетсе, онысы қасқырға, қасқыр – түлкіге, түлкісі – қоянға айналып қашып, діңкесін әбден құртады. Ақырында оның қуған аңы құрт-құмырысқаға айналып кетіп, сан соқтырып, өзекті өртер өкінішке қалдырады… Қазақ қана емес, бүкіл адамзаттың, берісі, күллі кеңес халқының болмысы Абылайдың түсіндей азбас үшін ой толғап, үгіт айтып, жөн сілтеп жатқан ірі, ірі тұлғалар көп. Әрі-беріден соң қазіргі жаңару, жаңғыру дегеніміздің өзі соған келіп саяды. Солайы – солай. Демек, болашағымызды Әуезов айтқандай, бесігімізді тәрбиелеуіміз керек.

    Ойды ой ой қозғайды.  Осыдан бес ғасыр бұрын әрі шешен, әрі би Мөңке би Тілеуұлына ақырзаман туралы сұрақ қойғанда былай депті: «Басы қосылған жиында әйел жағы ден болар. Жаман, жақсы айтса да өзінікі жөн болар. Орай салып бастарын, желбіретіп шаштарын, тақымдары жалтылдап, емшектері салпылдап, ұят жағы кем болар. Орыс-қазақ қосылып, бір-біріне үйір болар. Сөйткен заман кез келсе, түзелуі қиын болар». Дананың сөзі өлмейді. Кеше ғана айтқан сияқты. Осындай дана ғибратты ұлағатын, халқымыздың бар қадір-қасиетін бойына жинауға ұмтылған жастар кәне! Інжу-маржан асылдарымызды зердемен қабылдап, жан жүрегімен түсіну екінің біріне жетер ме?

    Халқымызда: «Жеті атасын білмейтін ер жетесіз, жеті ғасыр тарихын білмейтін ел жетесіз» деген нақыл бар. Әлбетте, халықтың сан ғасырлық тарихына ой көзімен, ғұламалық зердемен үңілу, ұлт руханиятының тек-төркінін тану, ұлы құбылыстарын түсіндіру, сөйтіп, ғылыми айналымға қосу – ұлы парыз, ұлы шаруа. «Түркі әлемінің мейлінше кемел бай тарихы мен мәдениеті бар. Б.з.д. 1-ші мыңжылдықта өмір сүрген сақтың күміс көмей шешені Анақарыс (Анахарсис), б.з. IV-V ғғ. Еуропа төрінде мемлекет құрған Еділ батыр (Аттила), Орхон-Енисей өзені бойындағы Түркі қағанаты (Күлтегін қаған), Мысыр жеріндегі қыпшақ мәмлүктерінің мемлекеті (Бейбарыс сұлтан), Сыр еліндегі қорқыт Ата және оның ғажайып дәстүрлері біздің кешегі кір шалмас асыл тарихымыз емес пе? Сол батыр халықтың ұрпақтары бүгінгі таңға келгенде сан түрлі діндік ағымның салдарынан барынан айырылып, бағы тайып бара жатқанын қалай жасыруға болады. Дін мен дәстүр, таным мен салт-сана қайшылығы бүгінгі күннің басты тақырыбына айналғаны қашан. Тіпті, қазақ халқының қайсар құндылығын жермен жексен еткісі келетін топтар мен жіктерде жылтыңдап бой көрсете бастады. Жас өскіннің санасын дінни ағымның беталысымен бұғаулап, жүрекке сіңген аяулы сезімдерімізді лайлап жатқандар да бар. Оған тосқауыл болар күш-жігер бар ма? Әрине, бар. Ол біздің асыл ұлттық болмысымыз.

    Ұлттық сананың өсуі мен ұлттық дүниетанымның қалыптасуы рухани бастауларға негізделетіндіктен қазақ халқының дүниетанымы да көне түркілердің рухани-танымдық құндылығынан бастау алады. Көне түркілер дүниетанымындағы «Тәңірлік» идеясы, қағанды «Тәңір елшісі» ретінде қабылдау елдің саяси-әлеуметтік құрылымының тұтастығын сақтаумен қатар, ішкі бірлікті нығайтуға да ықпал етiп, әскери жүйенің стратегиялық-тактикалық әлеуетін дамытуға, көрші мемлекетпен дипломатиялық қатынас орнатуға да негіз болды. Тәңірлік танымға негізделген дүниетаным казақтар санасынан да берік орын алғаны белгілі.

    Орта Азияға ислам діні келгенге дейін, түркі халықтары Көк тәңіріге табынғаны белгілі. Олар тәңіріні ардақ тұтып, жақсылық пен жамандық атаулы соның қалауымен болады деп сенген. Түркілердің арғы тегі болып табылатын ғұндар заманында дүниеге келген “Алып Ер Тоңа”, “Шу батыр” сияқты дастандарда тәңірі атауы бір емес, орта ғасырлық мұсылман әдебиетіндегі секілді бірнеше жерде кездесіп отырады. Төл әліппесі – сына жазумен тасқа қашалып жазылған Орхон-Енесей, Талас бойынан табылған Күлтегін, Тоныкөк ескерткіштерінде де осы жағдай сөз болады. Түркілердің исламға дейінгі сенімінде ел билейтін қағандарды көктегі тәңірі жаратқан деп сенген. Руна жазуларымен тасқа басылған жәдігерлерді қазақ тіліне аударған Ғ. Айдаровтың “Орхон ескерткіштерінің тексі” деген кітабына арқа сүйер болсақ, онда “Күлтегін” мәтінінде 13, “Білге қаған” мәтінінде 12, “Тоныкөкте” 7, “құтлық қағанда” 7, “Мойын чорда” 3 жерде “Тәңірі” атауы орын алған. Осы сарындас жерлерді Орхон, Талас бойынан табылған ескерткіштер сияқты сына жазуымен тасқа қашалып жазылған “Бехистун” жазбаларынан да кездестіреміз.

    Осыдан екі мың жыл ілгері өмір сүрген Қытай тарихшысы Сы Ма Чианнің «Тарихнама» атты кітабының «Батыс өңір шежіресі және Ғұндар баяны» деген тарауында:

    – «Ғұн жасауылдары көктем шыға орта жазықты (кезіндегі қытайлар қонысы) талан-таржылауды күшейте түсетін. Хан (қытай патшалығы) патшасы 150 мың атты жасақпен ғұндарға қарсы соғысқа шықты. Әдетте, жазық жердегі соғысқа жаттықпаған хан жасауылдары таулы аймақтағы соғыста әлсіздік танытты. Оның үстіне ғұн әскерлерімен бетпе-бет келе алмады. Сонда бір уәзір: «Ғұндар – аруақтарын қадірлеп, қабірін таптатпайтын ел. Сондықтан олардың қабірлерін қазу керек» деп кеңес айтады. Хан жарлығы орындалады. Кезіккен қабірді қаза бастаса болды, аттандап ғұн әскерлері шыға келеді. Жасанған жау осы тәсіл арқылы ғұндарды талқандады», – деп жазған.

    Әрине, қазақ тегін құраған ғұндардан жалғасқан аруақ тотемі осыдан кейінгі сан ғасырлар бойы қазақ даласын біріктіруші күш болып келді. «Аруақ» деп аттандаса атқа қонбайтын қазақ жоқ. Ғұндар ыдырап, жиырма ғасыр өткеннен кейін тарих сахнасына келген жоңғар хандығына қарсы күресте қазақ баласын – даласының жау қолында қалғаны емес, аталар аруағының аяққа тапталғаны біріктірді. Ақсақалдардың «аттанына» ере шабатын қазақ ұлдарының Түркістан түбінде бас қосып, жоңғар қолын талқандағаны осының дәлелі. Ал тәуелсіз ел болып, ең алдымен аталарымызды түгендегеніміз, одан соң тарыдай шашылған қазақтың басын қосқанымыз басқа емес, «Атамыздың ат суарған жерінде өлейік» деген ниет емес пе? Атажұрт аталуы да осында. Ендеше, осы тәуелсіздікті нығайту жолында қазақ ұландарын іркітше ірітпей, бір ниетте ұйытудың жолы қайсы?. Бүгінгі қазақты аруақтап жинауға болмайды. Бұл заман талабы емес. Сондықтан дін арқылы имандылыққа, тіл арқылы ұлтжандылыққа бейімдегіміз келді. Әрине, атқарылып жатқан іс қомақты. Бірақ қайырыңды шәйір қылатындары да жоқ емес.

    Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері дінге деген бетбұрысымызды жасыруға болмайды. Елімізде исламның кенжелеп жатқанының өзінде намаз оқып, ораза ұстайтындар көбеюде. Соның басым бөлігін жастар құрайды. Мұның нәтижесінде мектеп қабырғасында және жоғары оқу орынында сәждеге бас қоятындар саны көбейіп, намазханалар ашылып жатыр. Ал жұма намазында мешітті толтыратындардың дені 10 жас пен 30 жас аралығындағы жастар. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) бір хадисінде: «Өлім келмей тұрып өміріңнің, кәрілік жетпей тұрып жастықтың, ауру келмей тұрып денсаулығыңның, шырып іс келмей тұрып бос уақытыңның, кедейлік келмей тұрып байлығыңның қадірін біл», деп айтылған. Біз дін жолын ұстап жастарды береке мен бірлікке ұйыта алдық па? Жоқ, Құраннан қорықпай өзімізді алдап жүрміз бе? Бұл – бір аллаға аян.

    Әрине, қоғамға пайда келтіретін тұлға болу үшін ең алдымен иманымыз кәміл болуы керек. Мен иманды болудың шарты жайында бір дін өкілімен әңгімелесіп көрген едім. Оның пікірінше: «Имандылықтың басты шарты – бес уақыт намаз оқып, барлық жамандықтан тыйылу керек». Жамандылықтан тыйылу – имандылықтың бастауы. Құранда «Аллаћ тағала адамға шамасы жетпеген нәрсені жүктемейді» деген аят бар. «Ораза-намаз тоқтықта» дегендей, байдың баласы тойып секірсе, жарлының баласы тоңып секіріп жатқан мына, алмағайып заманда отбасын асырауға күйі келмей жатқандарға исламның шартын орындамадың деп кіна артуға бола ма?

    Бала күнімізде Тұрысбек атты атамыз болды. Ол кісіні «Қажы ата» деп атаушы едік. Ауылдың балаларын жинап алып:

    – Жаратушың кім?

    – Алла.

    – Пайғамбарың кім?

    – Мұхаммед.

    – Кімнің мазћабындасың?

    – Имам ағзам Әбу Ханифа.

    – Неше мазћаб бар?

    – Төртеу.

    – Ол қандай мазћаб?

    – Имам ағзам, Имам Шафихи, Имам Мәлік, Имам Ахмад бин Хамбал, – деп жаттататын.

    Біз кері кеткендердің бәрін кешегі кеңестік дәуірге итере салып, құтылуға құмармыз. Аталарымыз коммунистік иделогияның жетегінде жүріп те бізге имандылықты үлгі етіп кетіп еді. Жасыратыны жоқ, сол кісілердің өңінен бір-түрлі нұр төгіліп тұратын. Жылы жүзіне тартынбай қарап, айтқан ақыл-өсиетін жадымызға сақтауға тырысушы едік. Қазір Құран кітабын құшақтап отырса да, өңінен жылылықтың табы білінбейтін адамдар көбейіп келеді. Неге?

    Ал қазір аталарымыз баршылық. Десе де, бұрыс кеткен жастарды тіліне иландыратындар азайып барады? Бесін намазын өтеп, үйіне қайтып келе жатып, жол бойында әбес қылық жасап жатқан жастарға: «Бұларың не қарағым?» – деп айтқаннан гөрі, көрмеске салып айналып өтіп кететіндер жетерлік. Мәселе қайда жатыр?

    «Бұл – жалған дүние, шын өмір – ұжымақта. Сол үшін ананы істеме, мынаны істе» деп немересіне ақыл айтып отырған  қарияларды көргенде: «Шіркін-ай, Кайқауыстың «Кабуснамасын» оқытып алу керек еді» деп ойлайсың. Мұның өзі ой-өрісі кемелденбеген балаға кері әсер тигізбей ме? Пайғамбарымыз: «Егер кімде -кім менің айтқанымды жастарға орнымен үйретсе, ол менің жаннаттағы әшірім болады» деген. Алла тағала қазаққа тәуелсіздікті берген екен, осы тірлікте сол тәуелсіздікті қорғаңдар деген міндетті де беріп отыр. « Құранның бәрі тежемнен құрылған ба?» – деп сол бала ойланып қалса, оның зардабын мөлшерлеуге болмайды. Қазір өз-өзіне қол жұмсайтын балалардың саны артып барады.  Біз мұны қоғамнан көреміз. Жоқ, оның бір ұшы басқада жатыр. Басқа діннің («Кришна», «Иегова»..) аздырғыштарын айтпағанның өзінде, қасиетті дінді бұрмалап («Хизб-ут-тахрир», Ислам қозғалысы), жеке басының пайдасына асырып жүрген ағайындар қаншама? Гүл атаулының барлығында түс болады. Ал түсті нәрсенің бәрі гүл болмайтыны есімізде болсын.

    Қазір имандылыққа жол ашылды. Жұма намазына жиналған жамағатты көріп көңілің өсіп қалады. Десе де, имандылық үйінің төрт бұрышқа бөлініп алып, төрт түрлі уағыз айтып отыратындарды көресің. Бәрі өз мазћабының идеясын үгіттейді. Намазды да өздерінің тәсілімен өтейді. Бірі-біріне қайшы. Қарабайыр халық қырма сақалы мен сәлдесіне қарап сыйлайтын шығар, бірақ қайсысына сенерін білмей әңкі-тәңкі. Ал намазда жамағатқа уағыз айтып, мешіттен шыға сала жеке мүддесінің қамымен жан-жағына қарамай, қарайламай шапқылайтындарды не дейміз? Құранның бес сүресін жаттап алып, түнімен ұрлық, зинақорлық жасап, таң ата намазын оқып, құдайшыл болып шыға келетіндер көбейіп алды. Олар адамдарды алдай алатын шығар. Алла тағаланы алдай ала ма? Бұлар қасиетті ислам дініне шіркеу келтіретін пиғылдар. Өмірде де, ғылымда да ислам дінінің орнын басатын ешқандай бір құдірет жоқ. Бұл – дәлелсіз шындық. Біз осы шындыққа кір келтіріп жүрміз.

    Қазақ– қашанда жақсылықты тез меңгеретін халық. Сондықтан жастарды тәрбиелеу ұлттың болашағын бекемдеу болып табылады. Ата-бабаларымыз ежелден дінді жүрегімен, ділімен қабылдаған. Пайғамбарымыздың хадисінде халыққа жеңіл тиетін мақал мен мәтелге айналдырып жаттаған. Мысалы, «Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді», «Не ексең соны орасың», тағы басқалар. Бүгінгі күнге келгенде сол жүрегінде иманы бар халықты өркениетті дін арқылы ұйыта алмай отырғанымыздың кейбір себептері жоғарыдағы жайларға қатысты болып отыр. Кім кінәлі?

    Ислам дінінің орнығуына орай жаратушы ие – Тәңір атауын арабтық Алла, парсылық құдай теонимдері біршама ығыстырғанымен, қазақ халқының лексикалық қорында «Тәңірі жарылқасын», «Тәңірдің қолында», «Тәңірге құлшылық ету», «Тәңірі жаратқан пенде», «Тәңірдің сыйы» т.б. тәрізді Тәңір теонимі арқылы жасалған тіркестер мен оралымдардың, Тәңірберген, Тәңірбек, Тәңірбай, Тәңір антрпонимдерінiң, Хан Тәңірі тәрiздi топонимдерінің сақталуы осының дәлелі. қазақ ұғымында аспанды (көктi) жаратушы ие ұғымына балама ретінде ауыспалы мағынасында қолдану кездеседі.

    Өкінішке қарай, бүгінде түрлі діни ағамдағы адамдар халқымыздың «тәңір» ұғымына тас атқанын қояр емес. Тіпті, ел құрметіне бөленіп жүрген тұлғалардың арасында да сол пыйғылдағы адамдар  көбейіп келеді. Ал  ислам дініне деген сенімі бізден терең, бастауы ұзақтан қайырылатын ирандықтардың тәңрі ұғымына деген құрметін, жер анаға деген сүйіспеншілігн, ата-бабалары ұрпақтарына аманат еткен әдет-ғұрп пен салт-дәстүрге саятын құндылықтарын әлі күнге тұмардай сақтап келеді. Бұл сайып келгенде біздің тұп-тамырымызға балта шапқанмен бірдей құбылыс. «Әке тұрып ұл, шеше тұрып қыз сөйлемейтін» қалыптасқан тәртібімізге тас атқандық. Демек, қазақ санасындағы «тәңірі» ұғымын өшіру – елдіктен айырудың, ерліктен алыстатудың, еркіндіктен шектеудің таптырмас айласы болғалы тұр. Осы арқылы кішісі үлкенін сыйламайтын, халқы патшасын құрметтемейтін, кез келген уақытта Отанына опасыздық жасауды ұят деп білмейтін ұрпақ өсіп келді.

    Көне түркілер санасында орныққан таным бойынша «Көк Тәңірі» мен «Жер» бірін бірі толықтыра отырып, өзара үйлесімділікпен тіршіліктің өркендеуіне жағдай жасайды. Қазақ ұғымындағы «қамшының сабындай қысқа ғұмыр», «Өтпелі өмір», «адам – қонақ», «жалған дүние», «жалған өмір», тағы да басқа тіркестердің мән-мазмұны да осыған саяды. Жер-Ананы қадірлеу, кие тұту. қазақ ұғымындағы Жерді киелі санау көптеген дәстүрлі ырым мен соған қатысты айтылатын тыйым сөздерде: жерді қазба! жер шұқыма!, қарғыс сөздерде: жер жастанғыр!; жер жұтқыр!; фразеологизмдерде: жер болды «абыройы түсті, беті күйді, кісінің бетіне қарай алмады, ұятқа қалды”, жерге кіріп кете жаздады «бетінен оты шығып, қатты ұялу, жерге тықты «қатты сөгу, кінәлау», жердің жарығын бітеу  түрінде сақталған. Тіршілік нәрі – суды қастерлеу, киелі, иесі бар деп сену де қазақтың дәстүрлі ырымдары негізінде қазақ тілінде кеңінен орын алған “Бұлақ көрсең көзін аш” дейтін ата-бабаларымыз судың сокральді мәнін: Суға қарай жүгірме!, Бейуақта суға барма!, Суды сапырма!, суға түкірме!, Суды шашып ойнама!, Бір қолыңмен еу құйма!, Суға тас(кесек) атпа!  Тағыда басқа тыйым сөздерге арқау еткен.

    Ал қазір туған жерін ту-талақай еткен қылықтардан жиіркенесің. Бетін бүркеп, шолақ етек шалбар кигендер Атамекеннен жеріп, безініп, өзгенің топырағын қанға бояп жүрген жоқ па?  “Жат жарылқамайды” деген де бар. Кешегі қаһарымен жарты әлемді тітіреткен Бейбарыс сұлтанда қазақтың даласына келіп, жан тапсырған жоқ па? Қаншама батыр бабаларымыз сүйемдей жердің қадірін сақтап, жан қиғанын неге түсінбейміз деп ойлайсың. Осындайда, туған жерінің бір сүйем топырағын қадірлей алмаған пендеге жаттың топырағы торқа болмасын осы жұрт неге түсінбейді деп те қиналасың.

    Көне түркілер танымында ерекше орын алған қасиетті ұғымдардың бірі – Umaj. Ана мен бала пірі, шаңырақтың, ошақтың ұйтқысы саналған Ұмай ана ұрпақтың аман-есен дүниеге келіп, сәбиді қаскөй рухтардан қорғайды деп таныған көне түркілер Ұмайды қасиетті әйел деңгейіне көтерген. Зерттеушілер көне түркілер дүниетанымындағы Ұмай анаға деген үлкен құрмет «Тәңірі мен Ұмай арасындағы жұбайлық сипаттағы қарым-қатынас жайлы аңыз-афсаналар негізінде қалыптасқан» деген қорытындыға келеді. Ал арамызда түрлі ағымның жетегінде кетіп, ақ сүтін беріп, түн ұйқысын төрт бөлген анасын ардақтауға құлықсыз жастар көбейіп алды. Ана үшін баланың орны бөлек қой. Өкінішке қарай, ақ шашты аналарын аңыратып, күн сайын мұң мен қайғыға салып қойған ағымның ағынан еріп кеткен жастарды көріп, жүйкең тозады. Сыртта тұрып, сенің жүйкең шаршаса, түні бой баласының жағдайынан алаңдап, сағынып, сарғайып күн кешкен аналардың азабын елестете беріңіз. Қазақ болмысындағы аналарға деген асыл қасиетті жоғалтқан ұрпақты бала деп атауда қиын ғой.

    Батыс ғалымдары мен кейбір Ресейлік  ғалымдар осы құндылықтардың шығу тегіне байланысты сыңаржақ көзқараста болып, көшпелі түркі халықтарын мәдени мұралары мен өткен тарихы жоқ, әдеби тілсіз, қараңғы, жабайы, хат танымайтын, рухани құндылық жасайтын дәрежеге жетпеген деп еуропацентристік таным тұрғысынан қате бағалап келді. Орхон-Енисей жазба ескерткіштерінің табылуы, дәл сондай жазулардың қазақстан жерінде жиі кездесуі, атап айтсақ, Талас өзенінің бойындағы, Тараз қаласы, Шығыс қазақстан, Алматы маңынаннан табылған жазулар және басқа да нұсқалардың зерттеліп оқылуы арқасында байырғы түркі тілді халықтардың дүниетанымы, саяси-әлеуметтік ой-санасы мен өткен қоғамының сыры ашылып, әлем халықтары алдында тіл қатуы өткен мұрағаттарымыздың тарихи айнасына айналып, түркі халықтарының әлем өркениетіне қосқан қомақты үлесінің бірі болды. Көне түркі алфавиті біздің жыл санауымыздан жарты мың жыл бұрын басталып, Х-ХІ ғасырға дейін қолданылып көне түркі араб әліппесіне келіп жалғасты. Алайда, бүгінде осы ақиқатты жоққа шығарғысы келетіндер арамыздан табылуда. Бұл ұлт мұрасының, халық құндылығының дұшпаны демеске амалың  жоқ. Тас бетіндегі тарлан тарихты насихаттағандарды «Аллаға серік қосқандар» саналып, санаға селкеу түсірудің артында жатқан айыр тілді қастандықты түсіне білген жөн сияқты.

    Дереккөздеріне сүйенсек, ұлттық байлығын қайта жаңғыртуға Америка – (1760-1880) 120 жыл, Жапония – 52 жыл (1854-1916), Қытай – 38 жыл (1918-1931), жаңадан бас көтерген Азия жолбарыстары Сингапур мен Малайзия 28 жыл жұмсаған. Ал біз 20 неше жылдан бері  ұлттық құндылығымызды нығайтудың жолында еңбектеніп келеміз. Қолда жүзік барында Сүлеймен де – Сүлеймен, қолдан жүзік кеткен соң Сүлеймен де сілейген” демекші, қашанда билік тізгінін қолында ұстап келгендер үстемдігін бекемдеу үшін өз мәдениеті мен мәртебесін өзгелерден биік орынға қойып, бодан елді сүмірейтіп көрсетіп келді. Тарихты да соған сәйкес өзгертіп, құбылтып жазып отырды. Осы тақсыретті қазақ та бастан кешірген. Мұның бір дәлелі, араб тарихшылары  түркі тектес ұлттар мен тайпалардың тарихын  араб тарихына жақындастырып жазып келсе, жаппай орыстандыру саясаты төл тарихымызды қойып, ата тегімізді ұмыттыруға дейін апарды.  Чапаев пен Шевченконы жатқа айтқанымен, Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Шапырашты Наурызбай  батырлар мен Төле, Қазыбек, Айтеке бастаған дала ділмарларының  кім екенін білмейтін, кешегі орыс тарихы мен әдебиетінің жілігін шағып, майын ішкендердің шәкірттері қазіргі күнде біздің арамызда жұр. Әрине, басқа жұрттың қол астында жүргендегі шарасыздықты түсінуге болар – ақ, ал тәуелсіз ел болған бүгінгі таңда ата тарихымызды адақтап алатын,  зерделеп нүкте қоятын кез келді. Ол сіз бен бізге жүктелген міндет.

    Әлбетте, бүгінгі жағдай өткенмен салыстыруға келмейді. Экономикалық жағдайымыз, әлеуметтің әлеуеті, өмірге көзқарас әлемдік деңгейге көтерілді. Төрт құбыламыз тең деуге әбден болады. Бірақ, бір нәрсе жетпей тұрғаны анық. Әрбір басты: «Неге, біз ұсақталып бара жатырмыз?», – деген сұрақ жиі мазалайды. Оның жауабын да білеміз. Бірақ, біле тұра білмеске, көрсек те, көрмеске салынып, көзімізді жауып аламыз. Қазір жаһандану процесін бастан кешудеміз. Рухы, өнері,  экономикалық қуаты әлсіз шабақтар шортандардың  көмейіне жұтылып, өзін – өзі құрдымға батырады. Сондықтан, рухани байлық тұғырымызды қалаушылар өз тағдырын ұлт, мемлекет тағдырынан бөлек қарамай, «Қазақ қазақ ісіне қазақ боп кіріскенде ғана ісі оңға басады.  Сонда ғана аю тұрмақ,  албасты да, айдаһар тұрмақ, алып қара құста, шортан тұрмақ, кит те өңешіне сыйдыра алмайды. Осыны түсінсек болғаны.

    ҚАЖЕТ АНДАС

     

    Leave a Reply

    x

    Check Also

    Салт-дəстүр мен Ислам дінінің сабақтастығы

    Ұлттық құндылық- белгілі бір ұлтқа тән , сол ұлттың даму, қалыптасу тарихында ғасырлар бойы мәнін ...