• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Дәстүр мен дін » Қазақы таныммен түс жорыта білеміз бе?

    Қазақы таныммен түс жорыта білеміз бе?

    Адам ата Хауа ананы ең алдымен түсінде көрген дейді. Алла тағала Адамды ұйықтатып, сол уақытта Хауа ананы жаратып, оның бас жағына отырғызып қойыпты. Адам ата оянғанда, Алла тағала одан бас жағында отырғанның кім екенін сұрапты. Адам ата: «Иә, Құдай, бұл Сен түсімде көрсеткен елес қой» депті. Бұл адамзаттың көрген алғашқы түсі екен. Бүгінгі таңда түс жоруға арналған орыс және қазақ тіліндегі шетелдік еңбектер кітап дүкендерінде қаптап кетті. «Шетелдік» дейтініміз, олардың қазақ тіліндегілерінің өзі аударма болып табылатындығы. Арысы батыс, берісі орыс дүниетанымына негізделген аталған үлгілер қазақты былай қойғанда исі мұсылман халықтарының түсжорым өлшемдерімен түгелге жуық сәйкес келе бермейді. Соған қарамастан, олардың жиі-жиі жариялануы оқырмандар тарапынан сұраныстың барлығын көрсетеді. Керек десеңіз, бұған үстеме ретінде әлемжеліде түс жоруға арналған онлайн программалар мен сайттардың көптігі де ұсыныстың кем түспейтініне дәлел. Сондай-ақ, жалпы жұртшылықтың түс жорытудың негізгі шарттарын басшылыққа алмайтыны байқалуда. Кейбір бауырларымыздың қызды-қыздымен Фэйсбук, В-контакте тәрізді әлеуметтік желілерде жариялы түрде көрген түсін жазып, көпшіліктен жорып беруді сұрауларының өзі қазақы дүнетанымнан әбден алшақтап кеткенімізді әйгілеп тұр. Тіптен, сондай парықсыздардың бірі: «Менің бүгін түсімде ата-анам қайтыс болыпты?» деп ұзынсонар талқылауға да жол бергеніне куә болдық. Сенбесеңіз, орыс ағайындар айтпақшы, «Гугл вам в помощь».

     Әсілінде, қазақ халқының діліндегі ерекше қасиеттердің бірі – түсін жорытуға құмарлығы десек еш қателеспейміз. «Пәленді көрдім, түгенді көрдім, бұл нені білдіреді екен» деп отырған аға-бауыр, дос-жаранға, жеңге-қарындасқа күнделікті куәміз. Қазақ түсінігінде түс жору Жүсіп пайғамбардан басталады. Оның Перғауынның түсін болжаған мұғжизасы Исламнан бөлек әлемдік діндердің бірқатарында суреттелгені белгілі. «Мұсылманның түсі – пайғамбарлықтың қырық бестен (алтыдан) бірі» деп те айтылады. Сондықтан да, мұсылман жамағатының бір бөлігі ретінде дала жұрты да көрген түсін өзгеге жорытуға бейіл және осы жоруларға құлай сенеді. Кеңес үкіметі идеологтары да мұны ерте байқап, коммунистердің қылышынан қан тамып тұрған шақта жарық көрген қазақ халқының салт-ғұрыпы мен діни түсінігі, төл мәдениетін күстаналауға арналған «Әрі күлкі, әрі түрпі» атты сатиралық жинағында да бұл ерекшелігімізді өлтіре күлкі қылды. Ондағы түс көргіш және сол түсіне малданып жайбарақат отыратын отбасы өкілдерінің қылығы туралы осынау әңгімелер аға буынның есінде болса керек. Бірақ, содан бері қатты өзгере қойдық деуге де болмайды. Сол баяғы қазағың, сол баяғы «құмарлығымен» жаңа заманда да алшаң басып келеді. Алайда, ол кездегілердің бір артықшылығы – заманының жақындығына орай ата таным тұрғысынан түс жоритын. Ал бүгінде ақпараттық дәуірдің «шарапаты» ма, жаһандану ма, қазақы таным тұрғысынан байыптауды қойдық. Біле білгенге, дәстүрлі мәдениеттің бір саласы ретінде Ислам құндылықтарымен астаса отырып басқа түркі халықтарыныкі секілді түсті жорыту мен жору да ежелден келе жатқан ата салтымыздың бірі.

    Түсіңіз қайырлы болсын!

    Ұйқыңыз жайлы болсын!

    Анығын Алла біледі!

    Міне, бұл бабаларымыздың тіліндегі лепес еді.

    Халқымызбен бірге жасап, қаймағы бұзылмай келе жатқан магиялық фольклордың бір түрі ретінде де ол ұлт мәдениетінде ерекше орынға ие. Түсті қалайша жорудың өзіндік әдіс-тәсілі мен техникасы, дайын жору-дәйектемесі жәнеден көптеген баламалы версиялары бар. Олардың ғылыми құндылығы зор тарихи кешен екені анық. Екінші жағынан тұтыну материалы да. Тұтынылмаса адыра қалатыны да, олармен бірге бүтін дүниетанымдық қабаттың жоғалатыны да белгілі. Өз кезегінде, бұл жоғалтудан туындайтын апат сол, онсыз да ұлттық құндылықтар эрозиясы заманында ақтың қара, қараның ақ деп түсінілу мүмкіндігі дер едік. Өйткені, қазақы таным координаттары тұрғысынан ұғынылмауы себепті түсті жору барысында оғаштықтарға жол беріледі. Теріс пайымдау жол алады. Мысалы, түсінде есекке мініп жүрсе қазақ пайымында дәрежеге ие болу болса, алыстан келген (батыс, орыс, қытай және т.б.) түсінікте ол бір бақытсыздықтың нышаны болуы әбден мүмкін және керісінше ешкі көру бізге жаман ырым болса, оларда жақсы. Яғни, біз дүниетанымдық тұрғыда адасуға жол береміз деген сөз. Сөйтіп, өз түсінігіміз тұрғысынан әрекет етпегендіктен ел ретінде бәсекеге қабілеттілігіміз де төмен болады. Қалай десе де, қазақ түсінің дайын жоруларының түп-төркіні жалпы адамзаттық рухани ұстанымдармен үйлесіп отырғанмен, өзіндік коларике ие ұлттық тәлім-тәрбие, дүниеге номадтық көзқараспен ерекшеленеді. Яки профессор Г.Пірәлиева жазғандай, түс жору салты, оған байланысты наным-сенімдер – халықтардың өмір танымын танытатын құндылықтар. Тарихта болған белгілі адамдардың өңінде шындыққа айналған түстері де баршылық және олардың бәрі де адамзаттың алдағы күннен күтер үміті тек жақсылық, қуаныш, бақыт екенін байқататын баға жетпес құнды деректер («Бабалар сөзі», 94 том). Сайып келгенде, бұл мұралардан ата-бабаларымыздың тал бесіктен жер бесікке дейінгі ғұмырындағы бүкіл болмысын, әлеммен қарым-қатынасын, тұрмыс-тіршілікке, табиғатқа деген сенімдерін, философиялық-діни түсініктерін, психологиясын, этнографиясын, этнопедагогикасын айқын аңғаруға болады. Сондықтан да ауыз әдебиеті арқылы бізге түс көру мен жоруға қатысты мол мұра тұмса қалпында жетіп отыр деуге толықтай негіз бар. «Алпамыс», «Қобыланды», «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш» және тағы қаншама жыр-дастандарда түс көру мен оны жорудың поэтикалық нұсқалары баршылық. Фольклорымызда да түсті сату, сатып алу жөніндегі «Тазшаның түсі», «Бақыт құсы» сынды ертегілер де бар. Олардың небір үздік үлгілері халық прозасы мен көркем туындыларда көрініс тапқан. Қазақ ақындарына ақындық өнерінің даруы да осы түс көрумен байланысты. «Көген аласың ба, жоқ әлде өлең аласың ба?» деген Қыдыр атаның сауалына «өлең аламын» деп оянған нешеме дүлділ шайырларды ел тарихы біледі.

    Бірақ, біздің айтпағымыз ол емес. Енді түс жорытудың негізгі шарттарына көшелік. Дін бойынша түстің шайтанисі де, Рахманисі де болады. Сонымен қатар, түс адал түс, қияли түс, шайтан түс деп үшке бөлінеді делінеді. Яғни, ізгі түс Алладан сүйінші және қайғыртушы түс, шайтаннан және ойында жүрген нәрсені түсте көру. Біз оларды терең талдап жатпақ емеспіз. Бар болғаны қазақы дүниетаным тұрғысынан дерегін берсек болғаны.

    Сонымен…

    Ең алдымен, жақсы түс көрген адам дереу Тәңіріне шүкіршілік етуі керек және көңілі қаласа оны үш күннен асырмай жорытқаны дұрыс. Тіптен, қазақ пайымы түсті көрген сәтте-ақ жорытқан абзалырақ деседі. Тым созып алмаған жөн. Ал жаман түс көргенде шайтанның және көрген нәрсесінің жаманшылығынан Жаратқанға сыйынып дұға жасап, ешкімге айтпауға кеңес беріледі. Сонда одан еш зиян тимейді деп есептеледі. Яғни, мүлдем есепке алмау ұсынылады.

    Екіншіден, түс қалай жорылатын болса солай шығады деп түсініледі. «Түсті жақсыға жорыңыз, түс көрушіден емес, жорушыдан» деген сөз содан қалған. Сондықтан да түсті құлшылығы түгел, насихат бере алатын кісілерге немесе ғалымдарға айту міндетті. Яғни, бұл жерде жорушы басты рөлде ойнайды яки қазықтық тұлға саналады. Түсті мүмкіндігінше көпті көрген, ақылы піскен салих кісіге жорытқан ләзім. Әзілдесіп ойнайтын құрбы-құрдас, аузына келгенді айтатын бала-шағадан қашқан жөн. Тіптен, қазақ «Түсті жездеңе жорытпа, жиеніңе жорытпа, әйелге жорытпа» деп те нақылдайды. «Дұшпаныңа, наданға, қатындарға айтпа. Түс неге жорыса, сол болады» деген тағы бар. Бұған мысалдар жетерлік.

    Ел аузында «Мен түсімде омырауымды екі қасқыр жеп жатқанын көрдім» деген келіншекке «Ойбай, сізді қасқыр жейді екен» деп кездейсоқ бір қыздың жорып бергені, кейіннен оны шынымен қасқырдың талағаны жайында әңгіме бар. Кейіннен мұның хабары құлағына жеткен үлкен қария: «Жоруы дұрыс болғанда, егіз батыр ұл босанатын еді» деп өкініш білдіріпті. Ал Жәнібек батырдың түсін Абылайдың жоруы туралы атақты хикаятта керісінше жаман түсті жақсыға жору рәсімі баяндалған. Онда қалмақ батыры жекпе-жекте жеңіліп, Жәнібек батыр тамағынан қылышты тақағанда: «Түнде сен де көріп едің, мен де көріп едім. Сені мен алып едім-ау, табанымның астына салып едім-ау. Сенің түс жорушың жақсы жорығандықтан, менің түс жорушым ретін тауып айта алмағаннан алып кеттің-ау», – деп өкініпті деп толғайды айтушылар.

    Үшіншіден, түсті, әсіресе жақсы түсті дұшпанға білдірмеу сұралады. Құпия ұстап, тек тілеулес, онда да тілеулестің өзін байқап, жақсы жоритын адамға оңашада, жат көзінен тасада жорыту. Өйткені, қас адамның қызғанышының оянуы, қарсы әрекет етуі, теріс жоруы да ықтимал. Бұған қатысты тарихи әфсаналар былай деп сыр шертеді:

    «Темірдің (Әмір Темір) шешесі Сақыпжамал осы баласына екіқабат кезінде түс көріпті. Түсінде ол бала емес, жылан туыпты. Сол жылан көз алдында үлкейіп айдаһар болыпты. Алдымен ол өзінің туған анасын жұтыпты, артынша сол кездегі Сырдария билеушісі Тоқалақты жұтыпты. Бұл түсін екіқабат келіншек үйіне кездейсоқ қонақ болған жолаушы кемпірге жорытыпты. Кемпір сатқындық жасап, бұл түсті Тоқалаққа айтып қойған. Қатал хан екіқабат келіншекті алдырып, өз қолымен ішін жарып, мазардың ішіне көмусіз тастатқан. Сақыпжамалдың туған сіңлісі Теккене жеті айлық тірі жатқан баланың кіндігін тісімен қиып, баланы алып кеткен. Шешесінің ішіне пышақ салған кезде кішкентай баланың оң аяғына зақым келіп, ақсақ болып туған. Әлгі он алты жасар әлі беті ашылмаған бейкүнә қыздың емшегінен сүт шыққан, баланы өсірген. Ақсақ Темір өмірбақи шешем, анам Теккене деп кетті».

    Төртіншіден, түсінде көрмеген нәрсесін көрдім деп айту дұрыс емес. Көрмегенді көргендей етіп құлпыртып, мақтаншылықпен яки әлдеқандай мақсат қуалай айтатын адамдар да болған. Атам қазақ ондайды жарытпаған. Мұның зияндылығын ел Жүсіп пайғамбардың Сақы деген сондай жалғаншыға: «Жалған айтсаң да миыңды қарға ойып жейді» деп жорығанын сөз етеді.  Бір жағынан бұл түс жорыған кезде сондағы көрген оқиға детальдарына түгелдей көңіл аудару керектігімен де байланысты. Яғни, дәлдік сұралады. Айталық, кісі түсінде сиыр малына мініп жүрсе, бұл сондайлық бір ишаратты білдірмейді. Алайда егер ол қоңды болса, халыққа билігінің жүретіндігінің белгісі. Қоңсыз болса, жақсылық емес. Оның мағынасы осы сипаттарында ғана анықталады. Сол сияқты малынып киім киіп жүрсе де, оның түсіне қарай, сәтті-сәтсіздігі жорамалданған.

    «Әлбетте, адам өзінің түсін түрлі сөз өрнегімен жеткізеді. Мұның бәрін санамалап шығу мүмкін емес» десек те, мұнда халық ұйғарған «Сөзі шыншылдың түсі де шыншыл» деген ұстанымды байқаймыз.

    Бесіншіден, түске сүйіншісін беру жоралғысы бар. Яғни, жақсы жаңалықты, алдағы күннің жақсылығын сүйіншілеген адамға ырымдап сыйлық жасау. Қалай десе де, бұл алдағы өмірден қуаныш күткен тілегі, бақыт туралы ойлары және оларға байланысты нанымдар жүйесінен туындаған жайт.

    Алтыншыдан, жақсы түске де, жаман түске де құдайысы – садақа беру керек. Көбіне жағдайға қарай малдай немесе заттай садақа беру үрдісі болған. Жоғарыда атап өткен Абылайдың Жәнібектің түсін жоруы оқиғасында да ханның өзінің Нарқызыл жирен атын батыр жолына сойып таратқаны кеңінен тарқатылған. Зерттеушілер атап өткендей, бұл аңызда түс жорудың екі түрлі шарты ескерілген. Бірі – қандай түсті де жақсылыққа жору, екіншісі – келер қауіпті құдайы, садақа беру арқылы болдырмау рәсімі. Жалпы, бұдан басқа да деректерді алға тарта отырып, қазақ халқы түсті тек жақсылыққа ғана жорығанына көз жеткіземіз. Әдебиеттанушы Ж.Дәдебаев атап өткендей, кісі қандай қорқынышты түс көргенде де, өмірден көргені бар, ойында тоқығаны бар жорушы оны жақсы болашақпен, келер күннің жайлы жақсылығымен сабақтастырған. Көрген жайсыз түсінен мазасы қашып, көңілі алаң болып, тіпті үрейленіп келген кісіге білікті жорушы әлгіндегідей жанашырлық танытып, басу айтып, оны шошытқан жайсыз түстің өзін «түсің түс-ақ екен» деп жақсы нышанға жориды. Бұл жерде ғалым жазғандай-ақ, түс жорушының парасаттылығының, имандылығының атқаратын қызметі айрықша жоғары. Әрине, екінің біріне астындағы атын құрбан шалатын асылзада Абылайхан табыла бермес. Десе де, көрген түсті кездейсоқ кез болған адамға айта бермей, ең жанашыр, иманына берік, адал ниеттілерге ғана жорыту –тағы да қайталап айтамыз, басты мәселе. Кісі түсін өзі іштей ниет қылып келген жорушысына баяндап отырғанда, көлденең басқа біреудің жөн-жосықсыз қосылып, жору айтуы да қазақ пайымында үлкен айыпқа саналған. Сондай-ақ түс жору үстінде түсті аян болған оқиғаның мазмұнын айтудың жөні мен жолына да жорушы ерекше мән береді. Бұл орайдағы қайсыбір маңызды мағлұматтарды атақ-даңқы аңызға айналған, әлемге танымал «Мың бір түн» хикаясындағы басты кейіпкердің бірі ретінде суреттелген Харун әл-Рашид халифаның көрген түсін жорытуы жайлы әңгімеден табуға болады.

    «Бірде әйгілі падиша түс көріпті: түсінде оның аузындағы барлық тісі түгел түсіп қалған екен. Таңертең ол түс жорушысын шақырып алып: «Бұл түстің жоруы не болмақ?», – деп сұрайды. Түс жорушысы былай дейді: «Мұсылмандардың әміршісінің өмір жасы ұзақ болғай! Туысқандарыңның бәрі сенен бұрын өліп, қасыңда  олардан ешкім қалмайды екен».

    Харун әл-Рашид қасындағыларға: «Мына түс жорушыға жүз шыбық соғыңдар! Мұндай азалы сөздерді ол менің бетіме несіне айтады. Егер менің туысқандарымның бәрі менен бұрын өліп қалса, онда менің кім болғаным?!», – дейді. Одан соң ол басқа түс жорушыны алдырып, көрген түсін енді соған айтып береді. Түс жорушы: «Мұсылмандардың әміршісінің көрген түсінің мәнісі мынада: ол өзінің туысқандарының бәрінен де ұзақ ғұмыр кешеді». Патша сонда: «Ақылдың көрсетуі бірдей» деп айтыпты. Кейінгі жору алдыңғы жорудан мағынасы жағынан алшақ кетпейді, бірақ айтылу жағынан мүлде бөлек. Кейінгі жорушыға патша жүз динар сыйға тартқан екен» (Ж.Дәдебаев «Түс аяны»).

    Осы қатарда жорылмайтын түстердің болатынын да атап өткен жөн. Бұл ұғым қазақ ішінде Бекет атаға қатысты да айтылады. Сондағы әңгімеге қарағанда, Маңғыстауға аты мәшһүр бір домбырашы сері жігіт ел аралап жүріп, жұмаға қараған күні астындағы аты құлап мертігіп, өзі белінен шойырылып жүре алмай қалғаны туралы түс көріпті. Алайда, сол маңдағы түсін жорытқан ақсақалы тұшымды ештеңе айтпаған соң, жолынан бас тартпай, кете береді. Жолда дәл түсіндегідей атының аяғы інге кіріп кетіп, омақаса құлап, жүруден қалады. Баласының азап шегіп жатқанын көрген әкесі арнайы ат арытып келіп, Бекет Атаға барлық жағдайды баян қылады. Ата жігіттің жұмаға қараған күнге түс көргенін, сол түсті жорытқаннан болғанын айтып, келе алмай үйінде қалған жігітке сыртынан бірнеше айға шарттап, ем жасайды. Кейіннен емі қонып, домбырашы жігіт жазылып, бұрынғыша серілігін жалғастырған көрінеді. Осыны жадында сақтаған кейбіреулердің жұма күнгі көрген түсін жорытпайтыны, ешкімге айтпайтыны сирек те болса әлі күнге дейін кездесіп қалады.

    Ал кім түсінде Алла Тағаланы кейіпсіз көрсе немесе Пайғамбарымызды көрсе ол хақ делінеді. Хадисте: «Кім мені түсінде көрсе, ол хақ, шайтан менің бейнемде келмейді». Қазақ мұны да білген. Тіптен, «Түсімде пайғамбар дін тарат деп бұйырды» деп, дәруіштік жолға түскен тұлғалар хақында да сөздер бар.

    Көрген түсті талдап таразылап, символдық мәніне үңіліп, одан ертеңнің сәулесін көруге талпыну, яғни, жору рәсімі әлемнің барлық халықтарында дерлік тән салт. Белгілі ғалым Х.Досмұхамедұлы: «Түс жорудың қазақтар арасында да үлкен мәні бар екені ежелден белгілі, сол себепті де ел ішінде арнайы мамандар – түс жорушылар да ұшырасады» деген. Бірақ, одан беріде төл руханияттан ажырай түскеніміз, балшабектер лаңы, ұрпақтар сабақтастығының жойылуымен бірге ол «мамандар» да таусылып бітті.

    Түсті жору терең ілім-білімнің нысаны. Түсті түстеп ажыратып біле алатындай адамды таба қою да екіталай. Әсіресе мына заманда бұл ілімді меңгерген, түс жорумен айналысқан ислам ғалымдардың ішіндегі ең үздігі – Мұхаммед Ибн Сирин секілді ғұламалар жоқ десе де болады. Әрине, Қасиетті Құранның негізінде жасалған түс жорулар ең сенімдісі болып табылады. Дегенмен, басты қаруымыз сол баяғы – түсті әрдайым жақсылыққа жоритын ақ ниетіміз һәм түс жорудың дәстүрлі жалпы белгілері туралы дайын үлгілер – Ә.Диваевтің «Түстің баяны», Ж.Дәдебаев «Түс аян» және т.б. Соңғыларының исламиатпен үндестігіне ешкім күман келтіре қоймас деген ойдамыз.

    Халық айтады: «Түс – балқыған қорғасын», оны жақсылыққа жорысаң – жақсы ниет қабыл болып, жақсылыққа айналады, жамандыққа жорысаң – жамандыққа айналуы мүмкін. Құдай осы жағынан сақтасын!

    Алтын орданы талқандағасын Мәскеуге жорыққа бара жатқан жолда жайсыз түс көрген Әмір Темір осы жағына барламай, оны жамандыққа жорып кері қайтты деген аңыз бар. Әйтпеген жағдайда, орыс этнографы К.Куксин айтып жүргендей Ұлы Русь тумай шөккендей, шаранасынан қиылғандай екен. Онда бүгінгі таңда орысты да тарих пәндерінде ежелгі жойылып кеткен халықтар санатында оқытқандай екен. Бүгінгі әлемді аузына қаратқан ұлылығы да болмағандай, еуразиялық арнасына толмағандай екен.

    Ендеше, біз де бабалық дүниетанымнан айнымай, әрдайым түймедейден де түйедей жақсылық көру үрдісін ұстанайық дегіміз келеді.

     

    Ерболат Мамырайхан

     

    Leave a Reply

    x

    Check Also

    Салт-дəстүр мен Ислам дінінің сабақтастығы

    Ұлттық құндылық- белгілі бір ұлтқа тән , сол ұлттың даму, қалыптасу тарихында ғасырлар бойы мәнін ...