• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Бейне » Қазақ өнерінің құлагері еді

    Қазақ өнерінің құлагері еді

    Жігіттер өнер үйрен, заманыңда,

    Денсаулық әлің келген аманыңда.

                           Ақан сері Қорамсаұлы.

     Туғанында  Ақжігіт атанған сәби, өсе келе ата-анасының арманын ақтап бүкіл қазақтың мақтанышы бола білді. Халық Ақжігіттің өнеріне бас иіп Ақан сері деп атап кетті. Бүгіндері күніге шығып жатқан көп әндерден қазір де оқ бойы озып тұрған «Балқадиша», «Қараторғай», «Маңмаңкер», «Сырымбет» және басқа әндерді шығарған Ақан сері аты аңызға айналған ұлы тұлға.

    Жарқынбайдың бір ұлы, тоғыз қызы болған. Сол жалғыз ұлы Қорамсаның ұл баласы болмағандықтан, бәйбішесі мен тоғыз қызы қосылып көгеннің бұршағын мойнына салып, тәңіріден немере тілейді. Осы тілектің арқасында Қорамсаның қосағы, бұған дейін дүниеге Айша атты қыз әкелген Жаңыл жүкті болып, дүниеге ұл бала келеді. Жарқынбайдың арманы орындалып Ақаннан соң Мұхамбет, Рамазан, Айберген атты ұл балалар дүниеге келген.

    Қазақ саз өнерінің бас зерттеушісі Ахмет Жұбанұлының айтуы бойынша Ақан сері 1843 жылдар шамасында дүние есігін ашқан. Әпке-інілерінен бөлектеу Ақан кішкентайынан зерек, әрнәрсеге әуес болып өседі де Күнтеу атты молдадан оқып сауатын ашады. Жасы он үшке келгенде молданың шыбығынан құтылып бірнеше жыл Қызылжардағы медреседе білімін жалғастырады.

    Ауылға қайтып келген балаң жігіт бай, саудагер әкесінің дәулеті арқасында кемдік көрмей өмір сүреді. Болашақ серінің басқа «дүние қызығын қуу» жолына түсуі, ән-өлеңге, домбыраға әуестенуі осы кезде басталады. Баласының талабына әкесі де қарсы болмайды. Қайда шілдехана, алтыбақан, ойын-той болса жас жігіт сонда жүреді. Бір жеңгесіне арнап шығарған «Нұрила» атты әні жас Ақанның енді ғана үлкен өнерге құлаш сермеген шағында шыққан.

    Ақанның әдемі бой-келбеті, ашық дауысы оны тез арада халыққа танымал етті. Ән-күймен бірге оның тағы бір арманы дала өмірінің қызығы: қыран құс, жүйрік ат, алғыр тазы болды.  Әбілторы сыншы тай күнінде тұлпар болады деп айтқан Құлагер жабағы тай күнінде кез келген жерде, күртік қар үстінде серейіп ұйықтай береді екен. Осы жерде Мағжандай ұлы ақын мен Ахмет атамыздай ұлы зерттеушінің серінің қолына Құлагердің қалай келгені туралы  Ақанның өзінің:

    Құлагер кішкентайда керім едің,

    Нағашы сұрағанда беріп едің, – деген өлең жолдарындағы серінің нағашы жұрты туралы айтқанына да көңіл аудару керек.

    Жігіттің жаста болса ат тани алғанына риза болған Әлібек есімді кісі өзінің бір жылда алпыс түлкі алған Қараторғай деген бүркітін сыйға тартады. Ақан Сайрат деген төреден бір жылда тоғыз қасқыр алған Базаралы деп аталатын тазының күшігін сатып алады. Көкжендет атты қаршығаны қолына түсіреді. Кейін «Көкжендет» әнінде айтылатын «Күніне жетпіс үйрек, жүз қаз алған» осы қаршыға.

    Ақан серінің аты аңызға айналғанын ақын Мағжан Жұмабайұлының жазғанынан да білуге болады: «Сұлу киім, жүйрік ат, құмай тазы, алғыр бүркіт Ақанда болады. Қалың қарауылдың (Қарауыл – ру аты. Б.О.) ойын-тойының көркі Ақан болады. Біріне бедеу мінгізіп, біріне бүлде кигізіп дегендей, 15-20 жігітті өзі тәрбиелеп, нөкер қылып алады. Жүргенде сол жігіттердің алдында қолбасыдай оқшау отырады. Біресе боз атқа мініп, ақ киген. Біресе қара атқа мініп, қара киген. Біресе торыға мініп, күрең киген. Басында – бұлғақтаған үкі, қолында – домбыра, аузында – ән… Жігіттердің бәрі балуан, бәрі әншіл. Бірақ Ақанның әні өзгеше. Даланы күңірентіп Ақан ән шырқаса, би билігін, кемпір өрмегін, сұлу кестесін қойып, аңырып тыңдай қалады. Қалың қарауылдың қалың көздері: «Ақанның әні-ай!» – деп күрсінеді. Сүймесе сері дер ме еді, қалың қарауыл Ақанға сері деп лақап береді».

    Ақанның жүзіктің көзінен өткендей екі сұлу аты болған. Қайда барса, бір елі қалмайды. Шақырса екеуі екі жақтан келіп, тізесіне иектерін сүйеп тұрады. Иесінен басқа тірі жанды маңдарына жолатпайды. Өздері – туғалы жүген-құрық кимеген шу асау. Ақан бір ауылға түссе, далаға барып оттап, Ақан аттанарда келеді. Сері кез-келген ауылға түсе де бермейді. Өзінің таңдап алған белгілі ордалары бар. Сол үйлерге ғана түсіп, солардың ғана асын ішіп, солардың ғана төсегіне жатады. Болмаса қазы-қартаға бөлеп қойса да, кез келген үйге түспейді. Түсіп отырған үйінің ыдыс-аяғында кір, қыл көрсе, пісіп тұрған дәмді тастап, аттанып кете барады. Киімі кір адаммен отырғанда, тізерлесіп те отырмайды. Төсегі кірлеу үй болса, үйге жатпай, далаға жатады.

    Ақан серіні бала кезінде көрген халқымыздың ұлы жазушысы Сәбит Мұқанұлы оны былайша есіне алады: «…Оның әзіл-оспағы да майда, жұмсақ келеді… Күлгенде де ол қарқылдамай, дыбысын әлсіз шығарып, денесін ғана солқылдатады».

    Ақан сері мен Құлагердің аты қазақ даласына кеңінен тарайды. Арқада өткен астарда аузымен құс тістеген Құлагер сан жүйріктерден озып жүреді. Мағжан Жұмабайұлының жинаған деректеріне сүйенсек: Құлагер Сайдалының асында 300 аттан озып мәреге жеке-дара келеді. Ақан атының маңдайынан сипап, оның маң-маң басқан жүрісінің ырғағымен «Маңмаңкер» әнін шығарады. Сол тұста бір көңілсіз әңгіме басталады. Жүйріктің артынан Барақбай деген кісінің Кетеберкөк деген аты келе жатады. Белгі алуға шыққан Барақбайдың Құлагердің шылауынан ұстаңқырап қалғанын көрген Ақан Барақбайға ұрсып тастайды. Осы оқиғадан кейін Барақбай Ақанға кек сақтап қалады. Содан біршама уақыттан соң керей Сағынайдың асы болады. Ақан бәйгеге Құлагерді қосады. 323 аттың алдында Құлагер жұлдыздай ағып келе жатқанда, сонау Сайдалы асында ақын Мағжанның айтуы бойынша «ішіне кек қатқан» Барақбай Құлагерді көлденеңнен соқтырып өлтіреді.

    Ахмет Жұбанұлының «Замана бұлбұлдары» атты зерттеу кітабында жазғандай, Ақан бір нәрсені сезгендей ол асқа барғысы келмеген. Өзінің де, Құлагердің де жауы бар екенін біледі. Бірақ ағайынның кеу-кеулеуімен жиынға барады. Дегенмен, жүйрігін жасырын алып барады, бұнысы бәйгеге қосылып кеткенше ешкім білмесін  дегені еді. Шабатын аттарды қарап жүрген Күреңбай атбегі Құлагерді танып қояды да, атышулы жүйріктің жарысқа қосылғанын Батыраш, Қотыраш деген байлардың балалары есітеді. Мағжан ақын жазған Барақбай осы Батыраш пен Қотыраштың балаларының бірі болуы мүмкін. Себебі А.Жұбанұлы да Құлагерге қастандық жасағандар туралы: «Сайдалының асында Құлагердің шаңына да ере алмай, күпілдеген көкіректері бір басылып қалған-ды» деп жазған. Осылайша Батыраш пен Қотыраштың адамдары жолдан күтіп тұрып Құлагерді шоқпармен ұрып жығады. Төбенің басына шығып атын күтіп тұрған Ақан сері алдыңғы аттың түсінің өзге екенін көзі шалып, бір жамандықтың болғанын сезіп қасындағыларға:

    Жел болса, қамыс басы майда деймін,

    Ат қостым ат айдаушы қайда деймін,

    Алдыңғы ат баран болмай, қылаң болды,

    Жығылмаса Құлагер қайда деймін, – деп зарлайды. Барлық ат келеді, тек Құлагер жоқ. Аласұрып жүріп атын тапқан Ақан сері Құлагерінің беломыртқасы үзіліп жатқанын көреді. Сонда атының басын құшақтап:

    Ор болып қалушы еді шапқан жерің,

    Шаттанып тұрушы еді қосқан елің, – деп жоқтайды. Осылайша қазақ даласына кеңінен тараған «Құлагер» әні шығады.

    Ақан серінің өміріне байланысты көптеген әңгімелер бар. Соның бірі оның ел аралап, ән салып серілік құрып жүріп кездескен Ақтоқты Боқтабайқызымен арасындағы махаббат туралы.

    Ақан сері бір кездері Еркімбай деген жездесінің ауылынан келе жатқан сұлу қыз Ақтотыны алып қашады. Бірақ қуғыншылар таянып қалған кезде Ақтоты: «Сен елдің Ақанысың, мен болсам, көп қыздың бірімін. Сен аман болуың керек. Дәм жазса көрерміз, жау қолында қалсам мен қалайын. Есілден жүзіп өт, екі адамды ат көтере алмайды» дейді. Сүйгенінен тірі айрылған Ақан:

    Ақтоқты қалғаның ба шыныңменен,

    Бал бердің талай жерде тіліңменен, – деп шырқайды.

    Ақанның Ақтотыға ғашықтығы Қыз Жібекпен Төлегеннің ыстық сезіміндей аңызға айналады. Ел таныған азаматтың артынан қашанда сөз еретіні анық, небір адам сенгісіз сөздер желмен бірге тарап кетеді. Ақанның Ақтотыға ғашық болып есі кеткені соншалық, басқа біреуге қор болғанша өлгені артық деп Ақтотыға пышақ салған екен, бірақ қыз аман қалыпты деген әңгіме елге тарап кетеді. Шындығында атышулы оқиғадан кейін әкесі Ақтотыны атастырылған жеріне ұзатады. Ақанның ғашығы үш-төрт баланың анасы болып жетпістен аса қайтыс болады.

    Ақан сері ел ісіне де араласқан адам. Сері туралы жұрт арасында сақталған деректерді жинаған Мағжан ақынның: «Ақаннан есті, Ақаннан шешен, Ақаннан көсем кім бар? Ермін деген ерлер шеше алмаған түйінді Ақан шешеді. Екі жақ бас қосса, сөзді Ақан бастайды. Қандай ұшынған дау болса да, Ақан бітіреді» деп жазуы көп нәрсені аңғартады.

    Уақыт өте келе Ақан сері жеке өмір сүреді. Жаз шығып, жан-жануар қыбырлап, қалың ел қайта жайлауға көшкенде, Ақан мылқау Баласы Ыбанмен Сарыкөлдің жағасындағы ағаш үйде жалғыз қалады. Ақанның көпшілікке түсініксіз бұндай өзгерісі ол туралы тағы да түрлі қаңқу сөздер шығуына себепші болады. Ақанды жұбату үшін перінің қызы желге мініп, ұшып келеді екен. Періге иелену бұлардың тұқымында бұрыннан бар екен деген сөздер көбейеді.

    Ақан сері қатты ауырып жездесі Ералының үйінде жатқанда халыққа Үкілі Ыбырай есімімен аты шыққан, Ақанның әндерін көптеп шырқаған Ы.Сандыбайұлы күндіз-түні құдайдан серінің амандығын тілеп қасында болады. Ақан ауру дегенді есіткен адамның келмегені, көңілін сұрамағаны аз. Қазақтың дара тұлғалы ұлы 1916 жылы дүние салды.

    Осылайша «жауын-шашынды», «қарлы-боранды» болып өткен Ақан серінің тағдыры айта берсе таусылмайтын әңгіме.

    Бердалы ОСПАН.

    “Адырна” ұлттық порталы

    Пікір жазу

    Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

    *

    x

    Check Also

    Жанып тұрған от еді, немесе Баубек Бұлқышұлы кім еді?

    Жиырмасыншы ғасыр. Ия, күні кеше ғана өткенге айналған тағы бір жүзжылдық. Жиырмасыншы ғасыр керемет тұлғаларға ...