Жазгүл ЖҰМАБАЙ: Көне түрік «руна» жазуын кестелеу арқылы елге насихаттағым келеді

0
215

— Көне түрік жазулы кестелерге халықтың сұранысы қалай? Жеке көрмеңізді өткізу ойыңызда бар ма?

 — Көне түрік жазуы ата бабаларымыздың асыл мұрасы, тым ықшам әрі жеңіл жазылып оқылатын жазуы еді. Бұл жазумен Күлтегін, Білге қаған, данышпан Тонықұқ және басқа да сан мыңдаған жазулары  Орталық Азияда кездеседі. Жартастарда, алтын күміс ыдыс аяқтарда, сауыт саймандарда,  темірден, ағаштан, сүйектен және басқа бұйымдарда, киіз сырмақ кестелерде, қағаз маталарда кездеседі. Бұл сонау ескі төлжазуымызды екінің бірі жақсы меңгеріп кеңінен қолданғандығын, аталарымыздың өте сауатты болғандығын толық дәлелдейді. Менің мақсатым да осы көне мұрамызды ұмытып кетпей, есте сақтап, өзіміздің жазуымыз болған әлем өркениетінде орнымыз бөлек екендігін танытқым келіп, осылайша  түрлі түсті маталарға кестелеп, жапсырма етіп көне түрікше мәтіндерді жазып насихаттап келемін.

 Еліміз егемендік алғаннан бері ұмытылып қалған ежелгі тарихымыз, дәстүріміз қайтадан жаңғырып келеді. Тәуелсіздік алғаннан соң осы жылдар ішінде көне түрік жазуы туралы көптеген жаңалықтар елге тарады. Осы күнге дейін жазылған мақала, ғылыми еңбектер саны да артып келеді. Енді осы Көне түрік жазулы кестеге деген сұраныс жалпы халықта болмаса да, ғылым-білімде жүрген адамдар арасында өте көп. Кұдай қаласа, Астанадағы ЭКСПО-ға барып, да шағын көрме өткізсем деген ойым бар. Ұлттық өнеріміздің мәңгілік дәстүрлі қазынасын заманауи өнер үлгісінде қайта жаңғыртып, әлемдік өнер деңгейіне көтеретін мүмкіндік туады деп ойлаймын.

 Бұл – қазақ халқының дәстүрлі өнері әрі көне түркілік шығарма — ұлттық мәнерлі құндылық деп айтуға болады. Ежелгі бабаларымыздың дәстүрлі жазуын ел жадында қайта жаңғырту үшін жаңашыл, батыл бағыт қажет. Бұл — қажырлы еңбекті қажет ететін жұмыс. Осы қолөнерімді шығармашылық іздену арқылы көркемдік, техникалық әдіс-тәсілдерді жан-жақты дамытуды көздеймін.

— Ғалымдардан бөлек, қарапайым халық сізге қандай мақсаттағы сый-сияпатқа тапсырыстар түсіріп жатады?

— Туған күнде мерейтой иелерінің, үйлену тойындағы екі жастың аты-жөндерін, қазақ руларының атауларын көне түрікше бізкестемен жаздырып алып жатады. Кейде қазақ атауын, ру атауын және т.б қалаған мәтіндерін кестелеу арқылы жасап берем. Жалпы бұл істі хобби ретінде басаған едім. Сондықтан әлі де жетілдіре түсуім керек. Тапсырыс беруші азаматтардың ұсынысын да қолдаймын. 

 

 

 

 


Әңгімелескен Арман СЕРІКҰЛЫ

 

 

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ