Жар басындағы жәдiгердiң жанайқайын кiм естидi?

0
278

Сарайшық! Салтанаты асқан, мейманасы тасқан шырайлы шаһар. Туған халқының өткеніне бейжай қарамайтын әрбір қазақ үшін бұл қала өзінің тағылымды тарихымен, өрелі өркениетімен, сәнді сәулетімен бағалы, талай марғасқа хандар мен апайтөс батырлардың тұлпарының тұяғының дүбірі тиюімен қастерлі. Киелі өлкенің қасиетіне тәу етіп, көне қаланы бір көрсек деген тілегіміз қабыл болып, жақында Атырау қаласына табанымыз тиді. Сәті түсіп, Сарайшыққа да соқтық.

ҚИЯЛДАҒЫ ҚАЛА КЕЛБЕТІ

«Жайық бойы -–
Жарлауыт,
Жар басына жолай шық.
Ақ толқынға арбалып,
Мызғып жатыр Сарайшық» – деп жал­ғасып кете беретін ақын өлеңдері қиялы­мызға қанат бітірген сәні мен сәулеті келіс­кен салтанатты Сарайшық! Бұл – біздің Са­­рай­шыққа келместен, көне қаланың кел­бетін көзімізбен көрместен бұрынғы көңіл түкпірінде қас­терлеп келген қия­лымыз. Бағытымыз айқын­далып, жолымыз шырайлы шаһардың шекарасына жақын­даған сайын ертегілер еліне келе жатқандай айрықша әсерленіп, қиял қанатында қа­лық­тадық. Сан ғасыр салтанат құрған Мөң­ке Те­мір, Тоқта­ғұл, Жәнібек – Жошыдан тара­ған Алтын Орданың хандары тіріліп келіп, бізді қарсы алатындай, Қасым ханның қа­сиетті қасқа жолымен қауышып, тарих қой­науының та­ғылымды парақтарын дәл осы Сарайшыққа келгенде ашатындай, сан ұрпақтың жалғас­тығына куә болған жәдігер­лерге жан бітіп, Жайықтың асау толқыны­мен жарысып, жылдар тасасында жасырынып, елеусіз қал­ған бар сырын алдымызға жайып салатындай ерекше толқыдық. Көз алдымыздан көркі күн көзімен таласқан көне шаһар көлбеңдеп өте берді…

ТАРИХПЕН ТІЛДЕССЕК…

Еуропа мен Азияны қақ бөліп жатқан Жайық өзенінің оң жағалауында орналасқан Сарайшық (Сарайжук,Сарайчук) шаһары­ның іргесі Алтын Орда тұсында, нақтырақ айтсақ, ХІІ ғасырда қаланды дейді ғалымдар. Қаланы Шыңғыс ханның немересі, Жошы­ның баласы Бату хан салдырғаны туралы Әбіл­ғазы хан шежіресінде де мол дерек кел­­тіріледі. Қалаға ең бірінші шетелден арабтың атақты саяхатшысы Ибн-Батута 1334 жылы келіп, шаһарды аралап, өзінің «Өмірлік саяхат» аталатын кітабына мынандай естелік жазып қалдырыпты: «Мен дү­ниежүзінің бәрін араладым. Сол аралаған жерлерімнің ішінде Сарайшық қаласы Бағ­даттан кейінгі дүниежүзіндегі ірі қалалар­дың бірі екен. Бағдаттағыдай мұнда да қайықтардан жасалған көпір көрдім, қалада ханның салтанатты сарайы, төрт мешіт бар. Қонақ үйлердің есебіне сан жетпейді екен. Бірақ, мен оларды көріп таңғалған жоқпын. Менің таңғалғаным – жер шарын шарлап жүргенімде, көрмеген бір қызықты Сарай­шықтан көруім болды. Мұнда су әрбір үйге өзі барады екен» деп тебірене суреттейді. Бұл жерде жиһанкездің су әрбір үйге өзі барады деп тұрғаны – ХIV ғасырдың ортасында Сарайшықта кәріздер салынып, әрбір үйге су қыштан жасалған керамикалық құбырлар арқылы жүріп тұрған. Бұдан сонау ХIV ғасырдың өзінде-ақ Сарайшықта өркениеттің жоғары деңгейде өркендеп тұрғанын көруге болады.
Қала атағының дүниежүзіне белгілі болғандығының бірден-бір себебі – Сарайшықтың кезінде Еуропа, Азия, Түркия, Моңғолия, Қытайды байланыстырып тұрған Ұлы Жібек жолы­ның бойындағы ең ірі қалалардың бірі болуы. Тоғыз жолдың торабында орналасуы – Сарайшықтың салтанатын өз кезінде бірнеше есе ша­рықтатып, даңқын көкке өрлеткен. Ағылшын көпесі әрі саяхатшысы Антоний Дженкинсон Сарайшықты көріп: «Батыста Парижді көру таңсық екен, Шы­ғыста Сарайшықты көру таңсық екен. Сол құмарлықпен Сарайшыққа келіп, кө­лі­гім­нің болмай қалуына байланысты жарты айдай тоқтап қалдым. Сонда менің бай­қа­ғаным, мұнда айына 700-ге дейін ке­руен келеді екен. Қала үлкен сауданың орнына айналған. Қытайдың жібегі, иран мен пар­сы­ның кілемі, арабтың арғымағы дейсің бе? Іздеген затыңды осы жерден табасың. Құс­тың сүтінен басқасының бәрі бар», – деп тамсана жазады. Ал, Сарайшықты нақты ғы­лыми тұрғыда жүйелі түрде алғаш рет 1937 жылы Н.Арзютов деген орыс ғалымы зерттеген. Бұл іргелі істі 1950 жылы Әлкей Марғұлан экспедициясы жалғас­тырып, тарихқа өлшеусіз үлес қосады. Кейі­­нірек тарихшы Зейнолла Самашевтың да жүргізген қазба жұмыстары – Сарайшық та­рихы үшін үлкен олжа болды. Десек те, бір өкініштісі, кеңес кезінде қала тарихын негізінен орыс ғалымдары зерттегендіктен, олар тапқан заттардың көбісін өздерімен бірге әкеткен. Ол жәдігерлер қазір Саратов­тың, Астрахань­нің мұражайларында сақта­лып, Мәскеуде Галкин дейтіннің үйінде тұр.

ҚАҺАР ИВАННЫҢ ҚИЯНАТЫ

Келген жанды тебірентпей, табындырмай жібермейтін сәні мен салтанаты келіс­кен сәулетті қаланы 1580 жылы орыстың пат­шасы Иван Грозный казактарды жіберіп қираттырған. Казактар қаланы алған, бірақ, ештеңесін де бүлдірмеген. Оны естіген қаһарлы Грозный өзі арнайы келіп, қалада 12 күн болып, кетерінде казактың атаманына: «Қала өте көрікті, өте сәнді, бірақ, біз жаулаған жерде мұнда й әсем қала, оның ішінде Мәскеуге ұқсайтын қала тұруға тиісті емес. Сондықтан тас-талқан қылып қира­тып, молаға айналдырыңдар» деп бұйырған. Оған негізгі себеп – өзіне дейін билік құрған Юрий Долгорукий Мәскеудегі Қызыл алаң мен Кремльді салдырғанда орыс сәулетші­лері оны сән-салтанаты асқан Алтын Орда және Сарайшықтан көшіріп берген. Ал, әлі күнге дейін «казанские, ус­пен­ские соборы» деп аталып жүрген Кремль­дің жан-жағын­дағы сәулетті соборлар – Қазан қаласының көшірмесі. Орыс­тардың «Москва построено по восточному стилю» деп сөйлейтіні осыдан. Кезінде Ақ­сақ Темір Алтын Орданы алғаннан кейін, Грозныйдың әуелі Қазанды, одан кейін Сарайшықты құлатып тынғанда­ғы негізгі «кегі» де – өздерінің осы олқылық­тарын жасырып қалу болатын. Сөйтіп, бес ғасырға жақын өмір сүрген Сарайшық 1580 жылы 27 тамызда тас-талқан болып қира­тылып, топыраққа айналдырылған. Қиямет­ті аз көргендей, өз заманының салтанаты болған қала жермен-жексен құлатылғаннан кейін де бір жарым ғасыр және тонаудың астында қалады.

 

ЕР ТАРҒЫН ЕТІГІНІҢ ІЗІ…

Сағындырған Сарайшыққа да жеттік. Көне қала Атырау қаласынан 50 шақырым қашықтықтағы Махамбет ауданының аума­ғында орналасыпты. Алғашқы аялдамамыз «Хан ордалы Сарайшық» қорығы болды. Бұл жерде бізді Сарайшық мұражайының директоры Молдаш Бердімұратов пен Са­райшық әкімшілігінің бас маманы Ерсайын Ескенов мырзалар қарсы алды. Сарай­шық – қазақ даласындағы ең көне тарихи орын­дардың бірі болып саналады. Бұл жерге кезінде үш жүз толықтай мойындаған 12 әулиенің мүрдесі қойылған. Кейбір аңыз­дарда, сондай-ақ, ел есінен шықпайтын Едіге (1360-1419) мен Ер Тарғын батырдың осында жер­ленгендігі жайынан белгілі жазушы Мұхтар Мағауин дәйекті деректер келтір­ген еді. Сондықтан да, бұл қаланы Атырау облы­сындағы әулиелі, қасиетті жер деп атайды. Осы себепті, алдымен Сарайшықтың күм­безді мешітіне кіріп, әулиелер мен хандардың рухына Құран бағыштап шығу­ды қалағаны­мызбен, имамның жоқ болуы салдарынан мешіт үш айдан аса уақыт жа­бық тұр екен, ішіне кіре алмадық. «Батыс ай­мағында мешіт ең бірінші Сарайшықта салынғандықтан, кешеннің құрамында ме­шіт­тің болуын парыз деп танып, басынан-ақ жоспарымызға енгізіп қойған болатынбыз. Бірақ, дәл қазіргі уақытта имам болмай тұр. Үш айдай болып қалды. Аудан әкімі тікелей тапсырма берді. Елдер мешіт сала алмай отырса, ал біз салдырып алып адам таба алмай, еріксіз жауып қоюға мәжбүрміз. Ауылда жұмыс істеп жүр­­ген адамдар бар. Алайда, олар бұл жауапкершілікті алғысы кел­­мейді. Себебі, молдаға жалақы төлен­бейді. Сада­қадан түс­кен ақшаға қарап отыра ала ма? Оған да отбасын, бала-шағасын асырау керек» деп, амандық-саулықтан соңғы әңгімесін қорық­тың мәселесін қозғаудан бастаған Молдаш ата бізді Хандар пантеонына қарай бастап жүрді. Атырау облысында әкім болып тұр­ған шағында Иман­ғали Тасмағамбетовтың тікелей мұрындық болуымен 1999-шы жыл­дың үшінші қыр­күйегінде салынған биіктігі 17 метр, 8 қа­быр­ғалы хандар пантеонымен танысып шық­тық. Қабыр­ғалар арасына Сарайшықта жерленген жеті ханға арнап қойылған құлпытастарға қара мәрмәрға жа­зылған хан­дардың аттары мен билік құрған мезгіл­дері жазылыпты: 1. Мөң­ке Темір (1266-1282 жж), 2. Тоқтағу (Тоқты) (1291-1312 жж), 3.Жә­нібек (1343-1353 жж), 4. Әмір – Оқас (1440-1447 жж), 5. Қасым хан (1511-1518 жж), 6. Ших Мамай (1542- 1549 жж), 7. Жүсіп (1549-1554 жж).
– Кезінде Сарайшықта жүзден астам хан билік құрған. Мынау биіктігі 17 метрлік еңселі ғимарат сол хандардың рухын кейінгі ұрпаққа да жеткізейік деген мақсатта қо­йыл-ған ескерткіш. Сарайшық жерінде жеті ханның сүйегі, бір ханның басы жатыр. Алдағы уақытта жеті ханға арнап, бұл ес­керткіш пантеоннан тыс бөлек мазар салдыртуды да жоспарлап отырмыз, – деп мұражай директоры пантеон жайынан қысқаша мағлұмат беріп өтті. Салт бойынша ескерткіштер кешенін айналып жүріп шығу керек екен. Біз атайдың айтқанын істеп, тағзым еттік те, мұражайға қарай беттедік.
Мұражай ішіне Сарайшық қазбасынан шыққан тарихи жәдігерлер қойылып, ХІV ғасырдағы Сарайшық қаласының макеті жасақталыпты. Қаланың Сарайшық аталу себебін Молдаш ата былайша түсіндірді: «1729 жылы Шыңғыс ханның немересі Батый Сарайшықтың үстімен өтіп, Қажы­тархан қаласын жаулап алған. Қажытархан – осы күнгі Астрахань қаласы. Содан Еділдің бойыменен 380-400 шақырымдай көтеріліп, табиғаты тамаша жерден моңғолдарға үл­кен қала салдырған. Сол кезде мұны жергі­лікті халықтың Сарай-Бату, яғни Батыйдың салдырған сарайы деп атағаны тарихтан мәлім. Кейін Батый Еуропаны жаулап, орыс князьдерін өзіне толықтай бағындырған кезде, оны ағайындары жеңісімен құттықтап, 12 қанат алтындалған ағаш үй сыйлаған. Сол күннен бастап Сарай-Бату Алтын Орда деп аталып кеткен. Моңғолдар оған Сарай деп ат берген де, соның жанынан салдырған кішкене қалаға «Сарай-Жук» ныспысы бұйырады. «Жук» – моңғол тілінде «жуық» деген сөз. Яғни, моңғолша «Сарайға жуық», «мынау үлкені, ал бұл соған жуық» деген мағынада. Моңғолдар «жук», орыстар «-чик» деген, ал қазақтар өздерінше «шық» кішірейтпелі жұрнағын жалғап, Сарайшық атауы осылай пайда болған».
Ал, кейбір деректерде, нақтырақ айтсақ, Түркияның мұрағатында қаланың Сарай­шық аталуына басқаша болжамдар ұсыны­лады. Батыс аймағында ең бірінші мешіт Сарайшықта салынғанын жоғарыда Молдаш Бердімұратовтың дерегінен білдік. Сол алғашқы мешіттің төбесінде алтыннан құйылған сары айшық болған екен. Қаланың «Сарайшық» аталуы содан деп сөйлейді түрік деректері. Қаланың атауының және бір дейегін «Ханның қызының аты Сара екен. Хан қызы болған соң, әрине, сарайда отырады. Бойжеткенге ынтық жігіттер хан­ның сарайына кіре алмайтын болған соң, сарайды айналып жүріп: «Сара, шық!» – деп айқайлап шақыруы себепті Сарайшық атауы содан қалған», – деп келтіреді тағы бір айтқыштар. Бірақ, қалай десек те, Сарайшық атауының шығуына соңғысына қарағанда, ғылыми дәлелдеме тұрғысынан алғашқы екеуінің деректік негізі қисынырақ келетін сынды, біздіңше.

 

МҰРАЖАЙДЫҢ МҰРАСЫ

Мұражай басшысының мәлімдегенін­дей, 1999 жылы жер астынан екі қабатты 45 бөлмелі қонақ үйдің екінші қабаты шыға­рылса, келесі жылы соның бірінші қабаты да қазылып алынады. Қасынан ХІІІ ғасыр­дың моншасы және табылады. Табанына кафель сияқты тастар төселген, бояулары да сол күйінде сақталған, кәріз құбыры, тіпті сол кездерде пайдаланған шылапшындарына дейін табылған бұл жәдігердің тағы­лымды тарих үшін берері мол. Одан кейін айта кетуге тұратын және бір дүние – көне құдықтың табылуы. Құдықтың жеті метрдей тереңдігінен құмыра мен кесе олжаланады. Құмыраның қасиеті – тәуліктің әр мезгіліне сай түсін өзгертіп, құбылып тұратындығы. Бір жақ бүйірінде: «Бұған адамның көз жасы құйылмасын» деген арабша жазуы да бар. Ал, кесе дүниежүзінен табылған екінші зат екен. Біріншісі – Мысырдан табылса, екіншісі Сарайшықтан шығып тұр. Кесенің қасиеті сол – ішіне құй­ған тамаққа у салып жіберсең, кесенің бояуы сол бойда түсін өзгеріп қоя береді. Дүниежүзіндегі өте сирек кездесетін заттар болғандықтан, құбылмалы құмыра мен керемет кесе 2000-жылдың 18 қыркүйегінен бастап Астанадағы Президенттік мұражайға алдырылады. Құмыраның суретін көрдік, ал ешқандай фотоаппараттың қабылдамауы себепті, таңғажайып кесені көру бақыты бұйырмады. Бұдан өзге қазба жұмысы ке­зін­де табылған VІ-VІІ ғасырлық әшекей заттар, ілгектер, жанынан табылған «Құран Кәрім» кітабы, 1937 жылы орыс ғалымы Ар­зютовтың қазба жұмысын жүргізу кезін­де тапқан сфероконустары да мұражай қорын байытып тұр. Сфероконустар – сол кездің термостары. Екі қабырғалы, ортасына ауа қалдырылған, температурасын бір тәулікке дейін сақтап тұра­тын қасиеті бар. Бұл ыдыстың жалпы саны – бесеу екен. Оның екеуі өзімізде де, қалған үшеуі Саратов мұражайында сақ­таулы.

 

СӘН БЕРГЕН «СЕКЕРКӨЛ»

Сарайшық десе, және бір аңыз еске тү­седі. Сарайшықтың сәніне сән қосқан «Се­керкөл» мен алтын қайық жайындағы аңыз халық арасында жиі айтылады. Тарихта терең із қалдырып, заманында қазақ мемле­кетін басқарған ұлы хандардың бірі – Әз-Жәнібек хан Сарайшықта азды-кемді хан­дық құрған кезінде, ханның ең сүйікті қызы үнемі осы жерде болып, қаланы ерекше жақсы көрген екен. Күндердің күнінде Әз-Жәнібек хан сол қызына арнап Сарайшық­тың күнбатыс жағынан жасанды көл жасат­қан. Суын араға 15-20 күн салып жаңар­тып, әр ауыстырған сайын көлдің бетіне қайық­пенен жүріп, секер септіртетін көрінеді. Секер себетіні – су неғұрлым тәтті болса, аққу со­ғұрлым көп келіп, ұзақ тұрақтайтын бол­ған. Сондықтан да бұл көл тарихта «Ақ­қу көлі», кейде «Секеркөл» деген атпен қал­ған. «Көлдің сәнін арттырайын, халық­тың келуін көбейтейін, бұл жерді тірі жұ­мақ­қа айналдырайын» – деп Әз-Жәнібек хан қызына алтындалған қайық та жасап бе­ріпті. Хан қызы өзінің құрбыларымен бірге әкесі жасатып берген аққу мүсінді алтын қайығымен (мұражайда сақталған суреті бар) құстарға жем беріп, кісіден үрікпеуге үйретеді. Құс атаулы жаз бойы «Секер­көлде» еркін жүзіп жүреді екен. Жәнібек ханның сол қызы ұзатылғалы жатқанда, 15 жасқа қараған шағында ауырып, кенеттен қайтыс болады. Хан қызын алтын табытпен, барлық жасауымен, алтын қайығымен қоса жерлеуге әмір етіпті. «Қызыңыздың осынша байлықпен қоса жерленгенін білген қатыгез, ашкөз біреулер моланы ашып, байлықты тонап кетсе, жалғызыңыздың мүрдесі айдалада қалар. Сондықтан қызыңыздың денесін жасырын жерлеңіз» деп ақыл айтқандар шығады. Осы кеңеске құлақ асқан Жәнібек хан жеті кісіні шақырып, құпия тапсырма беріпті. Қабір қазылып, түнде қызы жерленген соң, әлгі жеті кісі сол бойда өлтіріледі. Ал, қызының моласын ешкім білмесін, ашпасын деген пиғылмен жас қабірдің үстінен түнімен бірнеше үйір жылқыны өткізіпті. Ат тұяғынан тып-типыл болып тегістелген жерден, ертеңіне ханның өзі де қызының моласын таба алмапты деседі аңызда. Содан бастап қызығушылар Сарайшықтың же­рінде алтын қайық, алтын табыт, алтын жасау жатыр деп, 1580 жылы казактар қаланы қиратқаннан кейін 11 жыл қазып-қопарып қараған, бірақ, алтын қайықты тапты ма, таппады ма, ол жайында осы күнге дейін дерек жоқ. Ал, «Секеркөлдің» тарихи орны сақ­тал­маған, Жайықтың толқынына жұты­лып кетіпті.

 

СӘНІҢ ҚАЙДА?

Тарихтың сан қатпары сырынан тағы­лым ала жүріп, Сарайшық қаласының көне тарихи орнына да табан тигіздік. Үздіксіз соғып тұрар өкпек жел өбектей қарсы алды. Бұл қу мекиен далада бір кездері салтанаты асқан сәнді қала болды деп ешкім айта алмас еді. Себебі, қаланың 5/6 бөлігі Жайықтың асау ағысына жұтылып кеткен. Ескі қаланың көне орнын жыл өткен сайын Жайық мүжіп, өр суының өр толқыны жұлып, жеп, құрып барады. Иә, бүгінде көне шаһар «хал үс­тінде». 1340-шы жылғы белгілі саяхатшы Мауро түсірген картада оның көлемі 2000х600 метр болып белгіленсе, қазірде қала аумағы бар-жоғы үшбұрышты 140х140х65 метр-ақ болып қалған. Оның өзі ежелгі қала табанының күнгей бетіндегі ескі қорымдар мен өндірістік шеберханалар орны ғана. Басқа жәдігерлерді түгелдей Жайық жалмапты. Соңғы 7 жылда судың арнасынан асуына байланысты қазба жұ­мыстары да уақытша тоқтатылыпты. Сон­­дық­тан да, бұл жердің тарихын, өткеннің өнегелі істерін көне жәдігерлер баяндамайды, керісінше, келгеннен-ақ, уілдей, зарлана соққан жел бар мұңын сыр қылып, мұң қы­лып шертеді. Сол зарлы үнімен-ақ, та­рих­тың талай аумалы-төкпелі кезеңін басынан кешкен көне қаланың бүгінгі мүшкіл халін баяндайды. Жерде бей-беркет шашылып жатқан адамның бас сүйектерін көріп сүйегіңіз сырқырап, жүрегіңіз ауырып, жан-дүниеңіз алай-түлей болады. Әуелде ғана Сарай­шықтың сәні жайында кеудеңізде асқақтап тұрған асқаралы армандар мен тәтті қиялдың қаланы көзбен көрген бір-ақ сәтте оңбай күйрегеніне, нәзік жаныңыз шыдай алмай, еріксіз жанарыңызға жас кептеледі.

 

САРАЙДАҒЫЛАР
НЕГЕ САЛҒЫРТ?

ХVІІ ғасырда Батыс өңірінде қатты су тасқыны болған. Сол кезде Жайықтың арнасы қаланың үстімен тіке өтіп кеткен көрінеді. Ол тілсіз жау әлі де қаупін сейілтпей келеді, керісінше, жылдан-жылға қаланы жұтып жатыр. Ал, қаланың қалған аз ғана бөлігін Жайықтың ағысынан арашалап қалудың жалғыз-ақ жолы – бекініс салу дейді мамандар. Алдын ала есептелгеніндей, қаланы Жайықтың толқынынан қорғау үшін үш шақырым қашықтыққа дейінгі аралықта салынатын бекініске 14 миллиард қаражат керек екен. Бірақ, бұл мәселенің қозғалып ке­ле жатқанына қанша жыл өтсе де, нақты іс жүзінде қолға алынбай, тек сарайдағылар­дың көп уәдесінің бірі ретінде шегеріліп келеді. Тіпті, шашылып жатқан адамның сүйектерін жинауға арнайы штат сұраға­нымен, ол өтінішінің де қараусыз қалғанын айтады мұражай басшысы.

… САТЫП ЖАТЫР

Көзіміз көргеніндей, қазба жұмыстары жүргізілген орын қоршаулы тұрғанымен, бұл жер жергілікті жастардың табыс көзіне де айналып үлгеріпті. Балалар көне қалашықтан әлі де табылып жатқан көне жәді­герлерді келген саяхатшыларға сатып, өздерінше кәсіптің де кілтін тапқанға ұқсайды. Сол тірліктеріне өздері дән риза. Топырақ арасынан тапқан тиын, ұсақ-түйек моншақ, әшекей заттарын саудалап жүрген 14-15 жасар баламен біз де ұшырасып қалдық. Тауарларын көріп, біраз саудаластық та. Алайда, бағалары нақты екен, қанша үгіттегенімізбен, бір тиын да түсірмеді. Әрқайсысының құны жәдігердің жағдайына байланысты әртүрлі. Мәселен, тиын – 400 теңге болса, моншақтың әр тасы 200 теңгеге, пошымы түсініксіздеу темір-терсектер сәл арзандау – 100-150 теңгеге бағаланыпты. Біраз саудаласып, ақыры болмаған соң, күніне қанша табатынын сұрадық. Бейтаныс бала табысын жасырмады: «Күніне 2000-3000 теңге, шет елден туристер келсе, кейде бір күнде 14-15 мың теңгенің үстінде ақша табатын кездеріміз болады», – деп жауап берді.

ТҮЙІН

Міне, кезінде, шамамен 1513 жылдары Қасым хан қазақ хандығының бас қаласы етіп жариялаған қазақтың алғашқы астанасы сәулетті Са­райшықтың салтанаты сарқылған бүгінгі кейпі – осы. Қаланы асау ағыс­тан қорғайтын бекініс мәселесі жақын күндерде шешілмейтін болса, онда тарихи жәдігермен мәңгілікке қоштасып, ендігі уақытта тек мұражайын ғана қанағат тұтып, соған көңіл жұбатуға тура келмек.


Назерке ЖҰМАБАЙ

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ