Жапондар ер баланы қалай тәрбиелейді?

0
289

Ата — баба дәстүрін қандай заманда өмір сүрсе де, бұлжытпай сақтауға тырысатын ұлттың бірі — жапон. Ғылымы мен техникасы қарыштап дамып, кез-  келгеннің миы жетпес ғажайып технологияларды өндіріске енгізіп, соның арқасында экономикасы өзге мемлекеттерден озық тұрған Жапонияның адам ресурстарына деген қатынасы таңданарлық. Баланың ержеткенге дейінгі рухани толысуы үшін жасалатын ғұрыптар Күншығыс храмдарында күні бүгінге дейін бұлжытпай орындалады деуге болады.

Ер бала беске, қыз бала жетіге толғанда ата-анасы оған арнайы кимоно кигізіп, храмға апарып, баланың амандық -саулығы үшін рәсімдер жасалады. Осы шараға арнайы ұлттық тағамдар пісіріледі. Бала ержетіп, жиырма бірге келгенде арнайы кимоно киіп, храмға барады. Үлкен өмірге қадам басу кезеңі осы уақытта басталады. Бұл ең алдымен Ата-баба дінін бала жүрегіне ұялатып, бойына сіңіру принципімен байланысты.

Ер баланың да, қыз баланың да ойнайтын ойыншығына дейін ұлттық нақышта жасалған. Ойын арқылы жапон баласы ер бабасының ерлігін түйсініп, дана әжесінің шеберлігін ұғынады. Мысалы, «Карута тори»  деген ойынды кішкене баладан бастап, ересек адамдар да ойнайды. Әр ойын әншейін уақыт өткізу үшін емес, елінің кешегісін санасына сіңіруге арналған. «Карута ториді» ойнау үшін байырғы әдебиеттен жүз жыр білу керек. Бұл жүз ақынның өлеңін жатқа айту деген сөз. Феноменді ми қабілеті осылай дамиды. Жапондар бала тәрбиелеуде «ұл», «қыз» деп бөлмейді. Екеуін де қазақ халқы сияқты еркелетіп өсіреді. Күншығыс елі мен қазақ халқының ұлттық тәрбиесіндегі бір ұқсастық — ер баланы ел қорғаны, қыз баланы келешек отбасы ұйытқысы болуға баулу.

Жапонияға жүз жылдан астам уақыт Еуропа мен Американың ықпалы зор болды. Бұны урбанизация тұрғысына ғана емес, рухани-моральдық жағынан да байқауға болады. Жетпіс жылдан аса отарлықтың зардабы қазақтың ұлттық болмысына қалай әсер еткенін бүгін көріп отырмыз. Әкесін сыйламайтын қыздар, атасын менсінбейтін келіндер соның нәтижесі. Жапондар ұлттық тұтастықты бекем ұстаудың арқасында ұл-қыз тәрбиесін де уысынан жіберген жоқ. Күншығыс елінде үлкенді сыйлау деген ұғым іс жүзінде жоғары деңгейде. Одан соң көрініс беретіні — ер адамды қадірлеу. Бұны бір жақты түсінуден аулақ болу керек. Ежелгі жапон салт-дәстүріне үңілсек, ер балаға самурай ерлік дәстүрін өнеге етіп, тәлім бергенін жапонның ұлттық әдебиетінен байқаймыз. Қазақтың «батыр болар ма екенсің» дегені сияқты, жапондар ұлын ержүрек, ертеңгі ел қорғаны етіп тәрбиелеуге баса мән берген. Қазақ батырлары он үшінде жауға шапса, жапон самурайы он бесінде қолына қылыш алған.

Ұлттық тәрбиенің негізі рухани дүниеде десек, жапон отбасында бала жастайынан шямисэн, бива, кото сияқты ұттық аспаптарда ойнауды үйренеді. Ежелгі жапонның ұлттық тәрбиесі рухани құндылықтарды бала жүрегіне құйып, Бабалар жолымен жүруге бейімдеп, даналықтың бастауынан нәр беруге негізделген. Жапон ұлтының ер бала тәрбиесіндегі басты арқауы көне заманда Ата бабалар қалдырған философиялық еңбектерде. «Шицзи»,  «Ханьшу», «Хоуханьшу», «Ицзин», «Шуцзин», «Идзин», «Шюньцю», «Лицзи» секілді байырғы әдебиеттерді оқыту арқылы ер баланы  жоғары саналы парасат иесі болуына ықпал еткен. Ал қазіргі жапон баласы бұндай еңбектерді Аталары сияқты бүге-шігесіне дейін оқымаса да, фольклорлық өлең-жырларды жаттап өседі. Ер балаларды самурайлық ерлік жолымен  тәрбиелеуге арналған мектептер ХХ ғасырға дейін Жапонияда көп болған. Ол мектептерде ер баланы батырлықтың қыр-сырына үйретіп, ел қорғайтын  батыр болуға тәрбиелеп қана қоймай, жаратылыстану ғылымдарымен қатар әдебиет, музыка, риторика тәрізді пәндер оқытылған.

 Жапония капитализм дәуіріне қадам басқанда ұлттық мектептердің орнын еуропалық оқу орындары басты. Ұлт қаһармандары сол мектептермен бірге тарих қойнауында қалды. Махамбетті бүгінгі қазақ оның жырлары арқылы білетін секілді Сайго Такамори ел жадында әдебиет арқылы қалды. Техниканың дамыған заманында балаларды комьютерге таңа бермей, бағзыдағы жыраулардың жырларын жаттатып, бірауық ерлік дастандарын да оқытқан жөн-ау. Әсіресе ер балаларға ерлік дәстүрдегі тәрбие қажет-ақ.

 

Шарафат ЖЫЛҚЫБАЕВА

ПІКІР ҚАЛДЫРУ