• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Жаңалықтар » Жұмыс істеу үшін де пара беру керек

    Жұмыс істеу үшін де пара беру керек

    «Сибу Қызылорда» жұмысшылары вахтаға шығу үшін 5 мыңнан 40 мыңға дейін ақша бергендерін айтады

    Жұмыс жасау үшін де пара беру керек екен. Онда сыйақының түрі «парт» деп аталады. Бұл туралы Ratel.kz тілшісіне  «Сибу Қызылорда» Қазақстан-Қытай инженерлік бұрғылау компаниясының жұмысшылары айтып берді.

    Жұмысшылар 2016-2017 жылдар аралығында компанияның кадрлар бөлімінің басшысы Әлия ЕГЕМБЕРГЕНОВА жұмыс жасауға кедергі жасап келгенін айтады. 15 күндік вахтаға түсу үшін ақша бопсалапты.5 мыңнан бастап 40 мың теңгеге дейін талап еткен. Сондай-ақ еңбек демалысына берілетін ақшаны дер кезінде алу беру үшін де «парт» сұрайды екен.

    «2016 жылыдың қыркүйек айының 2-ші жұлдызы күні Сәбит ЖҮНІСБЕКОВ Абай даңғылында орналасқан мекеменің бас кеңсесіне барып жұмысқа жіберуін сұраған кезде, кадрлар бөлімінің басшысы Егембергенова Әлия «Барғың келсе жолын жасап жібер» – деп талап етті», – деп жазған бір топ жұмысшы Қызылорда облысы әкімі Қырымбек КӨШЕРБАЕВТЫҢ атына. Бұл арыз Қызылорда қалалық ІІБ-ның басшысы полиция подполковнигі Дәулет БЕРКІМБАЕВ пен облыс прокуроры Халидулла ДӘУЕШОВҚА да жолданған.

    – Бізден ақша бопсалаған кадр бөлімінің басшысының үстінен арыз жазғанбыз. Оның үстінен қылмыстық іс қозғалды деген болатын. Бірақ ол әйел жұмыста жүр. Ұжымдық арызға қол қойғандарды жұмыстан шығарамыз деп қорқытып жатыр. Жақында ғана Мырзахан ӘЛТАЕВ деген кранавщик жігітті алдап-сулап өз еркімен жұмыстан шығу туралы арыз жаздырып алды. Біз қарапайым жұмысшылармыз. Еңбекақымыз айдан айға әрең жетеді. Онсызда квартал сайын берілетін және еңбекке сыйлықақы қысқарып қалды. Бұрын жұмыс жоқ кезде компания айлықтың 50 пайызын төлейтін. Қазір ол жоқ, – дейді «Сибу Қызылорда» компаниясының жұмысшысы Сәбит ЖҮНІСБЕКОВ.

    7-8 жылдан бері аталған мекемеде жұмыс жасап келе жатқан Сәбит жақсы жұмыс істеген үшін берілетін бонустардың да алынғанын айтып отыр. Қазақ-қытай компаниясында қазақтар мен қытайлар арасында тепе теңдіктің жоқтығына да күйінеді. Осы айда жұмысшылар жергілікті билік өкілдері мен құзырлы органдарға шағым жазған соң айлықтары 10 пайызға өсіпті.

    – Иә, жуырда ғана айлығымызды көбейтті. Бірақ айтуға ұяласың. 2890 теңге қосылды. Бізде көбіне Шиелі ауданының жігіттері жұмыс істейді. Осылар ұйымдастырды деп бізге жала жауып отыр.Мәселен,кеше мені вахтаға жібермей қойды. Арызға қол қойғандардың барлығын қысып жатыр, – дейді тағы бір жұмысшы Сүйіндік ҚҰЛМАХАНОВ.

    «Сибу Қызылорда» Қазақстан-Қытай инженерлік бұрғылау компаниясының жұмысшылары 2017 жылдың 24 желтоқсанында «Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдауында болып, осы проблемаларды айтқан. Ал 2018 жылдың 8-қаңтарында «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында осыған қатысты жиын өткен. Оған облыс әкімінің орынбасары, ішкі саясат басқармасының бастығы, құзырлы орган өкілдері, «Сибу Қызылорда» басшылығы мен жұмысшыларда қатысқан.

    – Бұл арызға қатысты партия қызметкерлері тексеру жұмыстарын жүргізген. Партияның кеңесінде барлық тарап өкілдері болып, арыз қаралды.Тапсырмалар беріліп,компанияға ескертулер де жасалды. Компанияға жұмысшыларды тек жұмыспен қамту орталығы арқылы алу туралы міндеттеме жүктелген.Жұмысшылардың  әлеуметтік жағдайы мен еңбекте құқықтарының қорғалуы да айтылған. «Сибу Қызылорда» қызметкерлерінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын дұрыстауға әуде еткен,- дейді «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ержан БАЙТІЛЕС.

    Қазақ-қытай компаниясындағы дау әлеуметтік желіде де қызу талқыланып жатыр. Шымкенттік заңгер Айгүл ОРЫНБЕК «Көшербаев мырза, мәселені шешудің орнына, жігіттерді сындыруға көштіңіз бе?» деген пост жазыпты. Заңгер жазбасында бір ай бұрын өзіне жұмысшылардың хабарласқанын айтады. Мәселені ушықтармай шешуге тырысып, тиісті органдарға хабарладым дейді. Алайда, шағымданушылардан жәйсіз хабар алғанын баяндайды.

    Айгүл əпке бізді біртіндеп сындырып жатыр сізге шыққанымыз үшін»- деп тұр. Өйткені жергілікті телеарналар түсірген бірақ көрсетпеген. Қытайлықтар күндігіне 4000 мың теңгеге тамақ жесе, біз 900 теңгеге жейміз. Біздің істейтін жұмысымыз олардан ауыр, бірақ кадр бөлімінің басшысы Əлия бізді əрқашан Қытайлықтардың астына жығып береді» – деп күйініп отыр.

    Бүгін Қызылорда облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде осы мәселеге қатысты арнайы брифинг өтті. Оған: облыстық еңбек саласындағы бақылау басқармасы басшысының орынбасары Тұмар ШАЛАБАЕВА, ОІІД бастығының орынбасары Нұрлан АНАРБАЕВ, «Сибу Қызылорда» инженерлік бұрғылау компаниясы» ЖШС басшысы  Ван ДОСЯ қатысты.

    Еңбек инспециясының мәліметінше 46-жұмысшыдан шағым түскен. Олар аталған компаниядағы кадр бөлімінің басшысы Әлия Егембергенованың үстінен арызданып, кәсіпорында вахта кестесінің бекітілмейтінін айтқан. Қазір жұмысшылар арызына қатысты барлық шаралар жасалап жатыр екен.

    – Бүгінгі күні алаяқтық және заңсыз сыйақы алу бойынша екі бірдей қылмыстық іс қозғадық. Қазір тергеу әрекеттері жүріп жатыр. Әлеуметтік желіде түрлі жазбалар шығып жатыр. Ешқандай қысым жасалып жатқан жоқ. Тергеу кездерінде ондай болмады.Бізге бұл жөнінде бірде бір арыз түскен жоқ.Тағы да ешқандай да қысымның жасалып жатпағандығын айтқым келеді,- деді ішкі істер басқармасының өкілі Нұрлан Анарбаев.

    Бұл «Сибу Қызылорда» компаниясы төңірегіндегі бірінші дау емес. Қазақстан-Қытай инженерллік бұрғылау мекемесі 1,3 млрд теңге салық төлеуден жалтарған. Осы үшін 2011-2014 жылдары үш қазақстандық пен екі ҚХР-ның азаматы істі болды. Олар мемлекет бюджетіне қарыздарын өтегесін қалалық №2 соты қылмыстық жауапкершіліктен босатқан еді.


    Фото автордікі және әлеуметтік желіден алынды.

    ҚАНАТ ТІЛЕУХАНhttp

    ratel.kz

    Leave a Reply

    x

    Check Also

    Алматы циркінде – «Азия жаңғырығы»

    Астана қаласының 20 жылдығына арналған «Азия жаңғырығы» халықаралық цирк өнері фестиваліне қатысушылар Алматыда мерекелік қойылым ...