• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Басты бет » Жаңалықтар » Жүк тасудан — үлкен бизнеске дейін: Шымкенттік кәсіпкер жеке тәжірибесімен бөлісті

    Жүк тасудан — үлкен бизнеске дейін: Шымкенттік кәсіпкер жеке тәжірибесімен бөлісті

    Талай жанға қайырымдылық жасап жүрген шымкенттік меценат Қайрат Молдасейітов бизнесте белгілі бір стереотиптерді ұстанбасаң, бұл салада тұрақтап қалуың қиын деген пікірде. Еңбек жолын вагонда жүк тасудан бастаған кәсіпкер бірқатар журналистерге не себептен өкпелі? Білім саласындағы ащы шындық шымбайына батқан ол бұл туралы ойын өңірдегі NUR.KZ тілшісімен бөлісті.

    — Ел аузында жүрген кәсіпкер Қайрат Молдасейітов бизнеске қалай және кімдердің ықпалымен келді?

    — Бизнесті бастамас бұрын алдымен қара жұмыспен айналыстым. Өзім студентпін. Демалыс күндері вагоннан жүк түсіретінбіз. І курс оқып жүрген кезімде Алматыға келген «Шымкент сырасын» талай түсіргенмін. Кейін құрылыспен айналыса бастадым, одан соң сауда-саттықты үйрендім.

    5 курс бітіріп жатқанда талай саудамен айналысып, тәжірибе жинадым. Мен 1991 жылы бітірдім ғой оқуды. Тәуелсіздік алған шағымыз, өз арбамызды өзіміз сүйреуіміз керек. Соған бейімделіп шықтық негізі.

    Менің әке-шешем кезінде приватизациямен зауыт алған жоқ, елден купондар сатып алған жоқпыз. Алматыда біраз жылдар саудамен айналысып, кейін Ақтөбеде несие алып, сол жақта сегіз жылдай жұмыс жасадым. Шымкентке келгеніме он бес жыл болды.

    — Ең алғашқы табысыңыз қанша болды?

    — Жоғарыда айтып өткенімдей, алғашқы нәпақамды жүк тасып жүріп таптым. Ол кезде қолыма 15-20 сом алатынмын.

    Қайрат Молдасейітов

    — Жасыратыны жоқ, өз ісін дөңгелеткісі келетіндер көбіне туған жерінен бастайды немесе аяқтан тұрып алған соң сонда оралып жатады. Ал сіздің Шымкентке тұрақтап қалуыңыздың себебі неде? Әлде көпшілік біле бермейтін тиімділігі басым ба?

    — Шымкенттің климаты маған ұнайды, халқы да тығыз орналасқан, жұмыс қолы да көп. Білікті азаматтар да жетерлік. Бизнеске қолайлы. Өзім ғана емес, талай азаматтарды шақырғанмын, олар да осында бизнестерін дөңгелетіп отыр. Өзіммен жерлес (автор: Жамбыл облысының тумасы) біраз жігіттерді алып келгенмін. Алғашында олар «неге Жамбыл немесе Алматыда бастамадық?» деп ренжігені бар. Кейін көздері жетті ғой. Бір сөзбен айтқанда Шымкент халқы — өте еңбекқор.

    — Спирттік ішімдік бизнесімен де айналысқаныңызды білеміз. Әлі де жалғастырып келесіз бе?

    — Бизнестің ол түрімен Ақтөбеде жүргенімде айналыстым. 2001 жылы ол жақтан кеттім, қазір оған қатысым жоқ.

    — «Отау строй» десек, ел бірден көз алдына сізді елестетеді. Одан бөлек қандай бизнесіңіз бар?

    — Үй салудан бөлек, профиль шағарамыз. Өзге де құрылыс материалдарын шығарумен айналысамыз. Сонымен қатар алма өсіруді де қолға алдық. «Түлкібас алмалары» деген — біздің өнімдер. Алдағы уақытта алма өсіру аумағын үлкейтуді көздеп отырмыз.

    — «Екі кеменің басын ұстаған, суға кетеді» деген бар. Қорықпайсыз ба?

    — Бизнесте екі-үш кеменің басын ұстап жүрген дұрыс. Себебі бір жағынан жолың болмаса, екіншісіне кетіп қаласың. Дағдарыс заманында бұл дәлелденген нәрсе. Құрылыспен айналысып жүргендер қандай боп қалды? Бидай сеуіп жүргендердің жағдайы қалай болды? Құрылыс саласы мұнайдың бағасына, басқа да жайттарға байланысты. Ал ауыл шаруашылығының оған қатысы жоқ. Иә, ауыл шаруашылығында пайда құрылыстағыдай көп болмағанымен, қауіп аз.

    Қайрат Молдасейітов

    — Табысты әрі тұрақты бизнесмен болудың басты құпиясы неде?

    — Жоғарыда айтып өткенімдей, жан-жақтылық. Бизнесмен болу үшін құрылысшы немесе бағбан болу шарт емес. Ол жерде өз мамандары, яғни, агроном, құрылысшы болады. Бастысы, соны ұйымдастыра білу керек.

    — «Кәсіпкер әрі ОҚО мәслихатының депутаты Қайрат Молдасейітов қабылдауына көмек сұрап келген кез-келген жанның бетін қайтармай, қолдау көрсетіп, жомарттық танытанын жан» дегенді жиі естиміз. Бұл қаншалықты рас?

    — Толықтай рас десем, өтірік айтқаным болар. Мен негізінде қол-аяғы бүтін, дені сау адамға көмектесуден қашамын. Әрине, алдыңа көмек сұрап келген соң тіптен бетін қайтарып жіберуге де болмайды.

    «Ақыл-есің дұрыс, денің сау. Ендеше, өз тағдырың — өз қолыңда» деп арасында ақылымды айтып жіберемін.

    Ал мүмкіндігі шектеулі жандар болса, қолдан келгенше көмектесіп тұрамын. Бүгінде ДЦП және Даун дертіне шалдыққан балаларға арналған орталық салып жатырмын. Бұған дейін СПИДке шалдыққан балаларға арналған орталықты салып бергенім бар.

    Оны салудың тарихы былай болды. Ол кезде мемлекеттік қызметте едім. Маған СПИДке шалдыққан балалардың ата-аналары бұның бәрі сол кездегі биліктің кесірінен болды деп шағымданып келіп жатты. Өзім биліктің өкілі болған соң қатты ыңғайсыз болды, шыны керек.

    Жасыратыны жоқ, ол кезде көбінің отбасы шайқалды ғой. Кейбірінің әкелері ішімдікке салынды, енді бірінің аналары тастап кетіп қалған. Сол кезде ешбір кінәсіз балаларға көмегім болсын деген оймен орталық салып беремін деп уәде еткенмін. Кейін мемлекеттік қызметтен кеткен соң уәдем орындалды. Туған жерім Жамбылға да қолымнан келгенше әлеуметтік нысандар салып беріп жатырмын.

    — Мемқызмет демекші, киелі Түркістандағы әкімдік қызметтен климаты жақпаған соң кетіпті деген әңгіме тарады. Расымен солай ма? Әлде өзге де себептер болды ма?

    — Түркістанның климаты жақпағаны рас. Тауда өскен адаммын ғой. Оның үстіне отбасыма қиын болды. Үнемі барып-келіп жұмыс істедім. Кейін сол кездегі облыс басшысы Асқар Мырзахметов Шымкентке әкім етіп тағайындады.

    Өздеріңіз білесіздер, Шымкент — үлкен қала. Проблема өте көп. Облыс басшысының көңілінен кейде шығасың, кейде шықпайсың дегендей.

    Бір жылдан астам Шымкентті басқардым. Жалпы айтқанда мен төрт жыл үкіметтің жұмысында істеппін. Оңай болған жоқ, әрине. Өйткені оған дейін мемлекеттік қызметте істеп көрмеп едім.

    Дегенмен де бәріміз елге қызмет ету үшін жүрміз ғой. Мемқызмет те ұнады, бірақ ауыр болды. Содан демалайын дедім. Оның үстіне әкім боп жүре берсең, отбасыңды, бала-шағаңды кім асырайды? Саған қарап отырған туған-туысың тағы бар.

    Қайрат Молдасейітов. Фото: жеке мұрағатынан

    — Шымкентті басқарған сәтіңізде ең бай әкім деген атқа ие болып едіңіз…

    — Мен әкім болмай тұрып қалталы азамат болғанмын ғой. Бірақ журналистер басқаша бұрып, бір жылдың ішінде осынша ақша тауыпты деп жазып жіберген. Перзидент Әкімшілігіне дейін бәрі менің қалталы болуым жиырма жылдан бері бизнеспен айналысқанымның арқасы екенін біледі. Олар түсініп тұр, бірақ қара халық дұрыс түсінбейді.

    Шыны керек, ол кезде ешкіммен соттасып жүргім келген жоқ. Әрине, журналистердің барлығын жамандамаймын, дегенмен біразы сондай сәттерді іздеп жүреді. Иә, жаман нәрсені ел тез оқиды, оны түсінемін. Бірақ, ол дұрыс емес.

    — Сөзіңізден байқағаным, журналистер қауымына өкпеңіз бар секілді…

    — Мәселе өкпеде емес қой. Жазған соң жақсыны да, жаманды да жазу керек. Шындап келгенде журналистердің менің табысымды жария етуге құқықтары да болмады. Мен оны «Нұр Отан» партиясына өткіздім, БАҚ-қа деген жоқпын. Ертең менің үйімді біреу тонап кетіп жатса, кім жауап береді сонда?

    Қайрат Молдасейітов

    — Ал мемлекеттік қызметке қайта оралу ойыңызда бар ма?

    — Оны әзірге білмеймін, ішкі дүнием керек деп жатса, ойланып көрермін. Дәл қазір қатты талпынысым жоқ.

    — Күллі елді дүрліктірген Сарыағаштағы 7 жасар бала оқиғасына қатысты не айтасыз?

    — Қазір интернет жақсы жұмыс істеп жатқан заман. Ондай жағдайлар өте көп болып жатқан шығар, ол жағын білмеймін. Осындайдың арқасында өздеріне имидж жасайтындар да бар. Сарыағаштағы жағдайда, әрине, биліктің де кемшілігі бар.

    Бірақ кейін сұрап білдім, шағымды полиция қарамаған соң жәбірленуші тарап ауыл, аудан әкімінің қабылдауына жазылуы керек еді. Жазылмапты.

    Нақты айта алмаймын, бір білерім, жесір әйел мен жетім баланы басынғандар оңбайды.

    — Бәлкім бұл қоғамдық резонанс тудырмағанда іс жабулы қалар ма еді? Қалай ойлайсыз?

    — Егер аудан, облыс басшылығы естісе, бұл істің жабулы күйінде қалмасы анық. Билік басында отырған жоқпыз, қандай жағдай екенін де білмейміз. Өкінішке орай, резонанс орын алып қойды. Мен бұл жағдайға бірінші кезекте сынып жетекшісі мен мектеп директоры кінәлі деп ойлаймын. Мұғалім баламен сөйлеспей ме?

    Егер шынымен сондай жағдай болса, баланың жүріс-тұрысынан білінеді ғой. Сынып жетекшісі баланың басынан сипап сұраса, бала ғой, айтады. Сосын мектеп директорына апарып, шағым түсіріп, өздері-ақ шешу керек еді.

    Негізі мұғалімдердің білім сапасын айтсақ, ренжиді.

    — Иә, білім саласындағы былықтарды естіп жүрміз. Оның алдын алу не үшін не істеу қажет деп ойлайсыз?

    — Біздегі жоғары оқу орындары қандай деңгейде білім беретінін білесіз ғой. Әрине, барлығы емес, бар ондайлар. Өз басымнан өткен жағдай: қаржы саласы бойынша оқу бітірген адам «мені жұмысқа ал» деп маған келді. Өзі қосып-алу кестесін білмейді. Мен оны қалай аламын жұмысқа?

    Жасыратыны жоқ, тойханаларда даяшы болып жүріп диплом алатындар бар. Мұғалім деңгейі түсіп кеткен, бұрынғыдай емес. Ұстаздарға сый-құрмет те жоқ.

    Оның алдын алу үшін мұғалімдердің абыройын, жалақысын көтеру қажет. Міне, сол кезде бұл мамандыққа деген қызығушылық пайда болады.

    Қайрат Молдасейітов

    — Көпбалалы әкесіз. Перзенттеріңіздің қай сала маманы болғанын қалайсыз?

    — Үйдегілердің ешбірі әзірге мемлекеттік қызметке қызықпайды. Алдымен өз жағдайларын дұрыстап алулары қажет. Мен оларға осы бастан белгілі бір мамандықты алып шығасыңдар деп айтып отырамын. Үлкенім жоғары оқу орнын биыл бітіреді, екіншім колледжде білім алып жатыр. Екеуі де Лондонда оқиды. Одан кейінгілері мектепте. Кенжем екі жаста.

    — Соңғы сұрақ: тоқал туралы көзқарасыңыз қандай?

    — Тоқал алу әркімнің өзіне, жағдайына байланысты. Әйелімен ақылдассын. Мен кімнің қай жетіскенінен алып жатқанын білмеймін ғой. Біреулер туа алмайды, енді бірі тудыра алмайды. Қазір еркектің еркекпен, қыз баласының қызбен шаңырақ көтеріп жатқанын да естіп жүрміз. Ешкімге кінә арта алмаймын. Әркімнің өз таңдауы.

    ______________________________________________________________________________________________________________

    nur.kz

    Оставить комментарий

    Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

    *

    x

    Check Also

    Алматы циркінде — «Азия жаңғырығы»

    Астана қаласының 20 жылдығына арналған «Азия жаңғырығы» халықаралық цирк өнері фестиваліне қатысушылар Алматыда мерекелік қойылым ...