• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Басты бет » Жаңалықтар » Қытай неге қазақтан қауіптенеді?

    Қытай неге қазақтан қауіптенеді?

    Өткен жылы осында «Қытайда Қазақ қаупі бар ма? » атты постымды жазып болған соң іле-шала артынан сиямды құрғатпай «Қазақстан қытайдың стратегиялық тұзағына түсе ме» атты сараптамалық мақаламды жазып дайындап қойып едім, бірақ жұртқа жария етпедім. Оның себебі көп еді…

    Бүгін жарияланбаған дәл сол тақырыбым болмаса да көкейде жүрген бірер ойымды талқыға салмақшымын.

    Шыны керек, қытай әлі күнге дейін «қазақ қаупі» үрейінен сейілген жоқ. Қытайдың соңғы он, он бес жылдан бергі Орталық Азия мен Шыңжаң мәселесі туралы жазған ғылыми сараптамалық мақалаларының қортындысы – Қазақстандағы ұлттық рухани жаңғыру қытайдағы қазақ пен ұйғырға жан жақтылы ықпал жасайды және одан қалай сақтанамыз дегенге саяды. Әсіресе қытай қазағы өзін ұлт ретінде не Қазақстанды таңдауы керек, не қытайды таңдауы керек дейтін күрделі «сұрақ» қоюға әкеп соғып отыр. Бір қызығы он, он бес жылдан бері орталық Азия және Қазақстан мен Шыңжаң ұлт мәселесін талқыға салып жүрген ғылыми кіші қызметкерлердің лауазымы өсті. Олар он бес жылдан бері бір орындықта тапжылмай кешке шейін мақала жазды дейсіз бе, жоға, олардың алды мемлекеттің ең маңызды жұмыстарына идеялогиялық кеңесші болып көтерілді. Олар ойларын кеше теория жүзінде айтып келсе (мысалы, қазақ қаупі) бүгін саяси практикада соны шынайы іске асырып жатыр немесе үкімет құлағына кеңес беріп жатыр.

    Сіз ойлауыңыз мүмкін, Қазақстан қытайды «қорқытып» үрей салатындай алпауыт ел емес қой деп. Әрине, Қазақстанды бірге бір қытаймен қатар қойып теңестіру мүмкін емес, бірақ мәселе онда емес. Мәселе, қазақ қытайға ешбір қаржының шығынысыз, ешбір әскери күшсіз тарихи һәм табиғи сұрыпталып бүгінгі қауіп мәселесін қалыптастырып отыр. Ал, қытай қазақ «қаупі» үшін белгілі шығынға батары анық. Мысалы, адам капитал шығыны, экономикалық зона қалыптаудың шығыны, шекара қауіпсіздігі үшін әскери сұбашылар шығыны, т.б дегендей. Қалай дейсіз ғой, қытай отыз жылдан бері Қазақтар шоғырлы қоныстанған өңірге ішкі қытайдан адам капиталын тасимын деп миллиярд шығынды сарп қылды. Қытай Қазақтар шоғырлы қоныстанған таулы өңірді қазақтан арылту үшін экономикалық шығынға батты. Қытай Қазақ шоғырын іштен және сырттан ыдыратып сейілту үшін тағы қаржы және адам капитал шығынына батты. Енді ойлаңыз, Қазақстан ше? Қытайдағы «қазақ қаупі» үшін қалтасынан көк тиын шығарып «әуре» болды ма? Жоқ, ешқашан әуре болған емес. Бұл тарихи һәм табиғи болмыстың бүгінгі нәтижесі еді. Сонымен қытайдың батыс шекара өңірін игеру деген атпен соңғы отыз жылда жұмсаған шығынын ешкім білмейді, бұл қарамаққа батыс терістік шекараны игеру болғанмен шынтуайтында кеше сәбет ықпалымен күрессе бүгін (1991 жылдан бері) Қазақстанмен және орталық Азия Түркі респубиликаларымен күресіп келеді. Шығында есеп жоқ! Қазақстан дейтін ел қытаймен көрші тұрады екен қытайдың Шыңжаң өңіріне мәдени, саяси һам экономикалық жақтан ықпал жасамай тұрмайды. Бұны қытайдың он бес жылдан бергі Қазақстан туралы әр саладағы сараптаулы ой желісінен аңғарасыз. Мен ойлаймын, бұны Қазақстандағы қытай «қаупінен» әсіре қорқатындар мен қытайды ұзақ бақылай алмай немесе қытайдың әлсіз тұсын біле алмай жүргендерге сендіру қиын шығар. Біз қытайды тану үшін алдымен өзіміздің қытайға қаншалық стратегиялық салмақ салып отырғанымызды да тануымыз керек.

    Қытай бір жарым жылдан бері тек ғана қазақтарға геноцит жасап жатыр десек қателесеміз. Бұл саяси науқан бүкіл қытайда жаппай туындап жатыр. Мао өлген соң қытайдың жаңа саяси реформашылдары билікті Мао сияқты бір адамның қолына ұзақ уақыт беріп қоюуды шектеу үшін билікті бөліске сала бастады, коммунист тапта болмаған партия-топтардың билікке ақыл айтып, саясатқа араласуына мүмкіндік берді, сонымен қытайда бұғып жатқан ішкі капиталист күштердің потенциалы артып бұндай тарихи мүмкіндікті қолдан бермей бара бара 1983’ден бергі отыз жылда қытай билігі өз ішінде үлкенді кішілі оншақты топқа бөлініп бірін бірі тыңдамайтын, бірін бірі «жемқор», «қиянатшы» деген атпен соттатып құртатын жойдақсыз күйге түсті. Кейбір топтар еуропа мен америкаға жақындап билікке ақпараттық һам саяси құқай көрсетті. Енді қараңыз, қытай қазағы осы оншақты топтың ішінде коммунист партияға ел адалы. Былайша айтқанда, қазақтың бірде бір саяси қайраткері, ақын-жазушысы, өнерлісі, басқасы бірде бір билікпен балама бақас топтар мен ұйым партияларға мүше емес екен. Ши билікке келген соң отыз жылдан бергі билікке бақас барлық партия топтарды саяси күшпен «тегістеп» жатыр. Оның бес жыл күресіп алтыншы жылы конституцияға өзгертулер мен толықтаулар енгізіп, билік мерзімін ұзартуы әне содан. Ши-мен текетіресетін күштердің баскөтерер тұлғаларының көбі жойылды. Көбісі лидер тұлғаларынан айрылған соң ішкі қытайдың әр бұрышында тісін қайрап жүр. Ши-ге өте қауіп төндіретін күштер мен ұйымдардың біразы шетелде, оларды екіге бөліп қарауға болады. Бірі, Ши-ге дейін яғни отыз жылдан бергі саяси бақталастық кезінде шетел асқан саяси олигархтар. Екіншісі, Ши алғаш рет соттау репетициясын бастаған кезде шетелге қашып үлгірген саяси олигархтар. Қазір олар Ши билігіне қарсы күресуге күш біріктіріп жатыр. Ал, Ши билігінің саяси олигархтармен күресінің соңы 2017’де Шыңжаң қазағын бірге күреске алып кетуіне нақты кімдер себепші болғанын қазір талқыламаяқ қояиын. Оны жарияланбай қалған суреттегі «Қазақстан қытайдың стратегиялық тұзағына түсе ме?» атты мақаламда баяндағамын. Бір анық жағдай, қытайдың қазіргі билігі мен билікке балама саяси олигархтардың күресі ұзаққа жалғасады, сондықтан Қазақ елі осы мүдделер қақтығысын зерттеп сараптап қытайға нақты қандай саясат жүргізу керектігін осы бастан айқындап алуы тиіс. Бұл қытаймен арадағыны шешудің бірінші алғышарты болмақ. Сонымен, қытай олигархтарының арасындағы текетірестен саяси тұлғалардан көрі қарапайым халық көп зиян шекті. Шыңжаңды айтпаған күннің өзінде ішкі қытайда жазықсыз қамалғандар, адами құқықтарынан айрылғандар, діни сенім еркіндіктері бұзылғандар, қираған рухани ғыбадат орталықтар дегендер өте көп. Ал, шыңжаң өлкесінде бұның шектен шығуының бір себебі, Шыңжаңның қытай кадрлары бұған дейін іштей тісін қайрап келуінде десек болады. Соңғы 2009, 5-шілде оқиғасынан кейін Шыңжаңда қытай мен Қазақ-Ұйғырдың ара жігі ашылып еді, шытай өз базары мен өз районында, қазақ пен ұйғыр өз базары мен өзінің шоғырлы ықшам ауданында ғана жүретін, бір-біріне кірігіп кетпейтін, аса іштесіп жақындамайтын жағдай қалыптасып еді. Сонымен бірге Қазақ жастарының Қазақстаншыл болу факторы он есе артып, бізге бәрібір Шыңжаңда болашақ жоқ, оданда еліме кетейін дейтін ой көп мазалайтын болды. Ал, кейбірі тым болмағанда Қазақстан бұйымдарын әкеп орта дәне шығын бизнес жұмыстарын қолға алды. Шыңжаңның ең үлкен қаласы Үрімжі көшелерінде Қазақстан әндері әрбұрышта жаңғырып, Қазақстан байрағы талайының көліктерінде желбіреп жүрді десе осы күні кім сенеді?! 2009’ға дейінгі және 2009’дан кейінгі жағдай Шыңжаң қытайларының Қазаққа деген қызғаныш һам өшпенділік «аурыуын» одан ары күшейітті. Саяси олигархтармен күресте қытайдың Шыңжаңдық басшылары өңірдегі «қазақ қаупін» барынша жойып, тамырына балта шабу үшін барлық саяси тәсілдерді қолданып жатыр. Меніңше, бұнымен «қазақ қаупі» жойылып кетпек емес. Қайта ол жақтың қазағы ысыла түседі… Ұлт жетілу үшін, саяси күресті түсіну үшін, ұлт ретінде бойына қуат алу үшін бір партияның (компартия) ұзақ жыл алақанға сап мәпелеуіне сеніп қалмау керек, іздену керек, азаматтық қоғамның не екенін сол қиындық ішінде сезіну керек, ұлт ретінде ойлану керек. Қытай қазақты қырық жыл түрмеге сап, жиырма жыл саяси абақтыға салмайды, бұл уақыттық ғана құблыс. Осы уақыттық құбылыс кезінде қазақ ойлануы тиіс, ізленуі тиіс, ұлт ретінде қалудың басқа тактикаларын іске қосу тиіс. Бұны не үшін айтып отырмын дегенде, қытай түптің түбі өзгереді, қытайды өте күрделі демократмялық өзгеріс пен толқу күтіп тұр, осы өзгерістер мен реформаға, толқуға қытай қазағы кез келген уақытта дайын болуы керек. Сондай дүниенің орындаларына сенуі керек. Бір ғана компартияның «шапағатына» ие боп жата берудің тарихи қателік екенін сезу керек, ұлт ретінде ұлттық мүддесін қорғайтын жаңа таным, көзғарастарды қоғам легіне шығаруы керек.

    Қазақ қоғамы қытайдағы мәселелер үшін бір жарым жылдан бері тосырқап, аблырап не істеу керектігін дер кезінде аңғара алмай созбақтап қалғаны шын. Менің қазақ қоғамы мен қазақтың құзырлы билігіне айтар азаматтық пікірім мынадай:

    Бірінші, мәселені шешудің бағдарын анықтап алсақ. Яғни қытайдағы «қазақ мәселесімен» күресеміз бе, әлде қытаймен күресеміз бе? Қазақ қоғамындағы өз ерік жігерімен белсенді түрде ортаға шыққан азаматтар бастапта «қытай қазақтарының қазақстанға еркін келіп-кету мәселесімен» айналысам деп бастап ап, соңын тіке «қытаймен күреске» әкеп соқтырып жатыр. Бұл екі бағдардың айырмашылығы жер мен көктей. Қазіргі қазақ қоғамы үшін қытайдағы «қазақ мәселесімен» күресудің соңында жеңіс бар, ал «қытаймен күресудің» соңында зор жеңіліс бары анық.

    Екіншісі, Қазақстан билігі қытайға «қазақ мәселесі» дейтін саяси түсі қою, ұлттық сипатыбасым жалаң терминді айтуының қажеті жоқ. Бұны, Қазақстан-Қытай арасындағы сауда-бизнес мәселелері не болмаса Қазақстан-Қытай екі ел арасындағы еркін сауда айналымындағы жеке кәсіпкерлердің екі шекарада еркін кіріп-шығуы, еркін сауда жасасуы, туыс-туғандарының екі елде еркін қарым-қатынас жасауы, зейнетақысын кедергісіз алуы, Қазақстан-Қытай екі ел арасындағы еркін сауда айналымына кереғар діни экстремистерге, заңбұзушылықтарға ортақ қарсы тұру, екі ел арасындағы ұлттық бөлшектеуші заңсыз ұйымдарды ортақ тию, тб сияқты термин сөздерді қолданып, шын өмірдегі «қазақ мәселесін» осы сауда-бизнес мәселелерін дамыту мен шешу дейтін ұсыныс аясында майдан қылшық суырғандай істікті де төстікті декүйдірмей шешіп алуға болады. Ал, керісінше Қазақстан құзырлы орындары мен дипломат тұлғаларының аузынан қытай тарабына «қазақ мәселесі» дейтін сөзді айтқызу Қазақстанның жеңілісі ғана. Қазақ- Қазақстанға мәселе емес, қытайға мәселе боп тиіп тұр. Қазақстан жақ қытайдағы «қазақ қаупі» мәселесін стратегиялық тұрғыдан ескере отырып екі арадағы мәселені шешуде дипломатиялық тактиканы өзгеруі тиіс. Егер оның нақты жобасы керек десеңіздер, қоғам боп ақылдасып жобасын жасап беруге болады. Қытай жақ стратегиялық жақтан айла шарғы жасап өзіндегі «қазақ қаупі» жарасын ашық айтпай, керісінше қазақстанға «қазақ мәселесі» туралы айтқызып, қазақстанды ұлт мәселесін шешуде дәрменсіз қылмақшы. Сондықтан, біздің қазақ қоғамындағы өз ерік жігерімен келген белсенді азаматтар мәселені тек бір қырынан ғана қарап жадағай түсіндіріп не болмаса тұйық ойлап, асығыс шешім жасап, қытайдың саяси шахматының «ойынына» түсіп қалмаса болды. Ол үшін билік саналы да сапалы азаматтық пікірмен ұялмай санаса білуі керек.

    Үшіншісі, Қазақ билігінде қытаймен бұған дейін екі арадағы ұлт «мәселесін» шешудің саяси практикасы жоқ. Бұрын Алаш кезеңінде, одан ары Қазақ хандығы кезеңінде төл саяси практикамыз бар еді. Мысалы, Алаш кезеңінде Алаш зиялылары қытайдағы қазақ мәселесін асықпай, даурықпай, атын атап түсін түстемей (мысалы, ойбай қазақ жойылып жатыр, әйтіп жатыр, бүйтіп жатыр) ым-жымын білдірмей қоғамдық құрылтай, кеңеспен шешкен. Қазақ хандығы кезеңінде де Цин империясымен арадағы қазақтың мәселесін айғайлап, ұран сап бос даурығумен емес, үлкен стратегиялық тактикамен шешкен, сол тактиканың арқасында жер-су бермей отырған Цин империясын ақыры аяғына келгенде қазаққа Іле, Тәңіртау, Тарбағатай мен Алтай даласына емін еркін қоныс тебуіне шарасыздықтан мүмкіндік беріуіне мәжбүрлеп отыр. Менің Қазақстан-Қытай арасындағы бизнес-сауда мәселесі еткен боп ұлт мәселесін көтерейік деуім Қазақ хандарынан алған шабытым еді. Қазақ хандары, сұлтандары Цин империясына «ойбай, қазақ деген елді жойып жатсыңдар» деп даурыққан жоқ, керісінше арадағы сауда барыс-келістерін жандандырып қазақ сұлтандары мен батырларын Үрімжіге дейін сауда-бизнес келсімдерімен жіберіп мыңдап қой, жылқы айырбасын жасап отырды, сауда сылтауымен жер су танып, стратегиялық тұжырымын танып біртіндеп жер мәселесі, жайлау мәселесі деген атпен жүз түтіндеп, мың түтіндеп қазақты Цин аумағында қалған байырғы аумағына көшіріп отырды, осы кездегі Цин орда жазбаларын қарасаңыз Цин үкіметінің орталық азиядағы сауда айналымы құлдырап, қазақ руларының дүркін дүркін көшіп келуін тоқтата алмау әбігеріне түскенін байқайсыз. Сонда кім ұтты? Цин империясынан он есе әлсіз болса да қазақ ұтты, әрине саяси итратегиялық тактиканың арқасында. Қазақстан құзырлы орындары Қазақтың қытаймен саяси қарым-қатынасын жақсы зерттеп, қазақтың мәселе шешудегі төл стратегиясын қайта жаңғыртуы тиіс. Қалай болмасын, қытайдың ішкі-сыртқы саясаты Қазақ қоғамына әрдайым сергек болуын, деркезінде суырып салар саяси стратегиялық біліктілік болуын талап етеді. Осындй түйткілдерді шешу барысында Қазақстанның саяси мектебі арта түседі, кемелдене береді.

    Төртінші, Қазақ билігі қытаймен арадағыны шешуде тек билік құзіретінің араласуымен шеше ме, әлде халықаралық күштерге сүйенебілу керек пе? деген талғам. Меніңше халықараны біршама аз араластыру керек. Өйткені, халықаралық ұйым екі бөлікке бөлінеді. Бірі заңды ұйым, екіншісі заңсыз халықаралық ұйым. Жоғарда айтып өттім, қытайдағы саяси олигархтардың біразы шетелге қашып өтті, олар қытайда жүргенде Қазақты тіптен аузына да алмайтын лидерлер еді, енді олар «шыдамаған буаз итін жүгіртеді» дегендейін, қазіргі қытай билігін құлатып өздері сол билікке келулері үшін оңды солды сілтеп қазақ пен ұйғырға жаны «ашып», бұл мәселені барынша өздерінің саяси стратегиялық қолжаулығына бұрмалап әлек, сондықтан қытайға қарсы тұрғанның жөні осы екен деп немесе қытайдағы қазаққа дем беруде мынау өзі таптырмас «орай» екен деп саяси аңқаулықпен жұғысуға болмайды. Ал, заңды деген халықаралық ұйымдар бұған дейін қаншалық мәселе шеше алды? Ауғаныстан, Ирақ, Сирия немесе басқада адамзат қоғамындағы ірі оқиғалар орын алғанда халықаралық ұйымдар тек гуманитарлық көмек беруден ары аса алған емес. Қытайда тау шағылып, су телегей теңіз боп ағып Қазақтар зор зардап шегіп жатса халықаралық ұйымдардан көмек сұрауға болады, ал басқа саяси тепе теңдік мәселелерінде Қазақстан-Қытай екі жақ бірге шегу керек. Халықаралық ұйымға жұгінем дегенде Қазақ қоғамы тарап таңдау дейтін сынға түседі, Евразиялық Экономикалық Одақ, ТМД, Еуроодақ, Ақш, Мұсылман әлемі, Түркі Дүниесі, Шаңхай Ынтымақтастық Ұйымы, тағысын тағы. Ал, тарап таңдау дәл қазір қазақ қоғамына тиімсіз.

    Бесіншісі, Қазақстанда қытайдың стратегиялық саясатын зерттеп билікке кеңесші болатын ғылмиорталықтар көптеп ашылуы керек. Бұл стратегиялық орталықтар қытайдағы өңірлік саясат пен қытай еместердің қытай саясатына ықпалып зерттеп, қытайдың аймақтағы саясатын алдын ала топшылап қазақстанның сыртқы саясатын реттеп толықтап отыруына түрткі болады. Сондай ақ, қытайдағы»қазақ қаупі» мәселесін алыстан меңгеріп қытаймен арадағы саясатты бақылауына алып отырады.

    Алтыншысы, қытаймен арадағыны шешу үшін қытайға біздің билік «қазақ мәселесі» деген терминді атамай Қазақстан-Қытай сауда-бизнес саласындағы еркін келіп кету мәселесін одан арыталқылау деген сылтаумен қазақтың мүддесін соған сидырып шешсін дедік қой, енді Қазақстан жақ орта және шығын кәсіпкерлікті шынайы қолдап қазақ жастарының қытаймен сауда бәсекелестігін арттыру керек. Бұны айтудағы себебім, қытай орталық азияның сауда бизнесін монополдау үшін қытайлық ұйғыр бизнесмендерін көп қолпаштағар еді. Таяу жылдан бергі саяси олигархтардың тайталасы кезінде көп ұйғыр бизнесмендерінің саудасы құлдырап олардың қытай мен орталық азиядағы орны үңірейіп біршама бос тұр, соны Қазақ билігі орайды қолдан жібермей жас қазақ кәсіпкерлеріне алып беруі керек. Қазақ жастары жаппай бизнес ашып, ұлттық капитал қалыптастыраалуы керек.

    __________________________________________________________________________________________________________________________________

    Елдес ОРДА

    «Адырна» ұлттық порталы

    Оставить комментарий

    Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

    *

    x

    Check Also

    Алматы циркінде — «Азия жаңғырығы»

    Астана қаласының 20 жылдығына арналған «Азия жаңғырығы» халықаралық цирк өнері фестиваліне қатысушылар Алматыда мерекелік қойылым ...