• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Жаңалықтар » «Рухани жаңғыру» аясындағы жас ұрпақты спортпен тәрбиеу

    «Рухани жаңғыру» аясындағы жас ұрпақты спортпен тәрбиеу

     «Тәні саудың жаны сау» деген бабаларымыздың өсиетін ардақтап, Салауатты өмір салтын қалыптастыруда дені сау жас ұрпақты тәрбиелеу мақсатында елімізде көптеген іргелі істер қолға алынып, нақты жұмыстар атқарылып жатыр.

    Спорт, әсіресе жекпе-жек спорт түрлері елімізегі спорт саласында жетекші спорт түрі болып келеді. Халықаралық, әлемдік деңгейдегі жарыстарда еліміздің спортшылары қашан да биік белестерді бағындырып, Қазақ елінің абыройын асқақтатқан сәттері аз емес. Өжеттілікті, батырлықты, ақыл мен қайратты қатар алып жүргенде ғана жеңіс шыңына жете аласыз. Ата-бабаларымыздың отан қорғаудағы қан майдандағы ерліктері бүгінгі бейбіт заманда  спорттық жарыстар кезінде ұрпақтарының бойынан осылайша көрініс тауып отыр.

    Жастарды тек қана спортқа баулып қоймай, олардың білімді һәм рухани құндылықтармен сусындату осындай алмағайып заманда ең бір қажетті тәрбие емес пе? Олардың әртүрлі діни ағымдардың жетегінде кетпей, өзіміздің төл мәдениетімізді, дәстүрімізді ұстанып, ұлттық мүдде жолында қызмет жасайтын азаматтарды қалыптастыру, тарихымызда өткен батыр да дана бабаларымыздың өнегелі өмірін үлгі ету бұл енді ғана жұмысын бастап жатқан «Көкжел» ұлттық жекпе-жек спорт түрлері федерациясының басты мақсаты болмақ.

    Осындай шаралардың  бірі жақында Алматы облысы, Іле ауданы, Байсерке ауылдық округінің Жаңа талап ауылында өткен бокстан жасөспірімдер арасындағы халықаралық жарыс. Жарысқа Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан мен еліміздің Астана, Тараз, Талдықорған, Алматы, Ақтөбе, Қостанай, Қызылжар,Өскемен, Шымкент, Атырау қалаларының және Алматы облысының Жаркент, Матай, Қаскелең мен Байсерке ауылдары өздерінің командаларынан жасақталған жас былғары қолғап шеберлері қатысты. Қазақ кәсіпқой боксының алғашқы ардагері, еліміздің мақтанышы, ҚР еңбек сіңірген спортшебері, еңбек сіңірген жаттықтырушы Қанат Сиқымбаев осы жарыстың бас төрешісі болды. Халықаралық дәрежедегі төрешілер Ресей Федерациясынан Есов А.Ф, AIBA дәрежесіндегі төреші Поль мырза, Саманбеков А.А, ұлттық категориядағы төреші Ноғатаев Б.Т. жекпе-жектерге қазылық жасап, спортшылар мен жанкүйерлердің алғысына бөленді.

     

     

     

     

     

     

     

     

     

    Жаңа талап ауылындағы №25 мектептің спорт алаңында олимпиадалық ринг құрылып ашық аспан астында өткен турнир төрт күнге жалғасты. Осы төрт күн ауылдағы үлкен мерекеге айналды. Жарыстың ашылу салтанатында аудан өнерпаздарының қатысуымен концерттік шара өткізілді.  Іле ауданының әкімі Медеуова К. ханым өз сөзінде осындай ауылдық жерде ірі халықаралық жарысты ұйымдастырған Жаңаталап ауылы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сағынов Кеңес Әлиұлына, халықаралық дәрежедегі төреші, КСРО спорт шебері Саманбеков Абай Асылбекұлына, «Көкжал» федерациясының өкілдеріне өзінің үлкен алғысын жеткізді.

    Жарыстың соғы күнінде спортшылар мен жанкүйерлердің, жер-жерден келген қонақтардың қатысуымен Іле ауданының құрметті азаматы, Отан соғысы және еңбек ардагері, Жаңаталап ауылының төрағасы болған Асанбаев Абдіхамит атаның рухына арнап ас берілді. Ас үстінде халқымыздың тарихынан көптеген өнегелі әңгімелер айтылып, бабаларымыздың игі істері дәріптелді. Көпті көрген ақсақалдар спортшылармен өздерінің өмірлік жолының тағылымды сәттерімен бөлісіп, баршасын шынайы достыққа, еліміздің өсіп-өркендеуі жолында аянбай еңбек ететін азаматтар болып жетілуіне тілектерін білдіріп, баталарын берді.

    2001 жылдан бастап 2008 жылы туған жасөспірімдер арасындағы жарыста Қырғыз Республикасының көмандасын жаттықтыратын Әлем чемпионы, Азия құрлығының екі мәрте жеңімпазы, олимпиада ойындарына қатысушысы, Бішкек қаласындағы олимпиадалық спорт резервтері мектебінің аға жаттықтырушысы Қыдыралиев Талайбектің шәкірттері 56 кг  және +81 кг  салмақ дәрежелерінде алтынан алқа тақты.  Ресей Федерациясы мен Өзбекстан командалары бір-бір алтын медальға қол жеткізді. Еліміздің Қызылорда қаласындағы №13 спорт мектебінің боксшылары 24, 32, 40 кг салмақ дәрежелерінде жеңімпаз атанып, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға қол жеткізді.

    Ауылдық жерде өткен халықаралық деңгейдегі турнир ауылдағы талай жасөспірімнің санасына ой салып, жігерін жаныған шара болды. Ауыл спортын дамыту елімізде әлі де болса қолдауды қажет етеді. «Көкжал» федерациясы ауылдық жердегі спортты дамыту бағытында алдағы уақытта нақты жұмыстар атқаратын болады. Алматы облысы, Іле ауданы, Байсерке ауылдық округіне қарасты алты ауылдық елді-мекен бар екен. Халқы тығыз орналасқан  осы аймақта спорт үйірмелері жетіспейді. Осы округтегі онға тарта мектептің спорт залдарынан бокс, күрес және аралас жекпе-жек түрлерінен үйірмелер ашып, көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік жағдайы төмен, толық емес отбасылардың балаларына жеңілдіктер мен тегін қатысуға мүмкіндік жасайды. Бұл жөнінде жергілікті ауыл әкімдіктерімен арнайы мемарандумға отырып, ұйымдастыру жұмыстары қолға алынды.  Болашақта осы игі істердің жемісін көретін күн де алыс емес.


    Ардақ Беркімбай

     «Көкжал» спорт клубы бірлестігінің

    Алматы қаласы және облысы бойынша жетекшісі.

            

     

     

    Leave a Reply

    x

    Check Also

    Алматы циркінде – «Азия жаңғырығы»

    Астана қаласының 20 жылдығына арналған «Азия жаңғырығы» халықаралық цирк өнері фестиваліне қатысушылар Алматыда мерекелік қойылым ...