• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Басты бет » Жаңалықтар » Павлодар Кутузовтан құтылды

    Павлодар Кутузовтан құтылды

    Бейсенбі күні Павлодарда Кутузов көшесінің атын Тәуелсіздік деп ауыстыруға байланысты қоғамдық тыңдау өтті. Халықтың көбі бұл өзгерісті қолдағаны-мен, әртүрлі көзқарастар да айтылды, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

    Жарыссөзге шыққан керекуліктер кезек-кезек пікір білдіріп жатты.

    Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының директоры Арман Қани тарихи дерекпен бұлтартпас уәж келтірді.

    — Құрметті жерлестер! Мен Кутузовтың ұлы қолбасы екенін түсінемін, бірақ Қазақстан үшін емес, Ресей үшін (ду қол шапалақ). Оның Қазақстанға ешқандай қатысы жоқ. Павлодарға тіпті бес қайнаса сорпасы қосылмайды. Бұл жерге Наполеон емес, жоңғарлар шабуыл жасаған. Жоңғарлардан бізді Малайсары, Олжабай, Жасыбай сынды батырлар қорғады. Өкініштісі, олардың ешбірінің атына Павлодарда көше берілген жоқ. Әрине, мен Кутузов көшесін Тәуелсіздік даңғылы деп өзгертуді жақтаймын! — деді ақын.

    Тәуелсіздік атауына негізінен өзге ұлт өкілдері, әсіресе, этникалық орыстар қарсы шықты. Павлодар тұрғыны Любовь Добрынина көше атауын өзгерту үлкен шығын екенін айта келіп, «билік сол ақшаға жолдарды жөндеп, көшені көркейтсін» деген талап қойды.

    Көшенің бұрынғы атауын қалдыру үшін: «Кутузовтың атасының аты – Құтұз, тұқымы – түркі», — деушілер де болды.

    Ал керекулік журналист Есенбек Санатұлы: «Тәуелсіздік атауына қарсы адамдар – қазақтың тәуелсіздігіне қарсы адамдар», — деп төтесіне көшті.

    Павлодардың құрметті азаматы Ахмет Демесінов қаладағы Лермонтов көшесіне Қонаевтың есімін беруді ұсынды.

    Жиын соңында көпшіліктің дауыс беруімен Кутузов көшесінің атауын Тәуелсіздік деп өзгерту мақұлданды. Қоғамдық тыңдауда айтылған әр пікір хаттамаға тіркеледі. Хаттама жеті күн ішінде БАҚ-та және ресми интернет-ресурстарда жарияланады. Қажетті құжаттар ономастикалық комиссияға жолданады.

    _____________________________________________________________________________________________________________

    qamshy.kz

    Оставить комментарий

    Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

    *

    x

    Check Also

    Алматы циркінде — «Азия жаңғырығы»

    Астана қаласының 20 жылдығына арналған «Азия жаңғырығы» халықаралық цирк өнері фестиваліне қатысушылар Алматыда мерекелік қойылым ...