Қазақ тіліне аударылған 18 оқулықтың жалпы таралымы 47 миллионнан асады. Бұл туралы Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы айтты.

– Өзіңіздің тапсырмаңыз бойынша осы тапсырманы іске асыру үшін үкіметтік емес және коммерциялық емес негізде жұмыс істейтін Ұлттық аударма  бюросы құрылды. Бүгін  осы аса жауапты әрі өзіндік қиындықтары да көп жұмыстың алғашқы нәтижесімен таныстырудың сәті келді», – деп атап өтті ол бүгін «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында жарық көрген оқулықтарды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа таныстыру барысында.

Оның айтуынша, «100 оқулық» жобасы жариялана салысымен еліміздің жоғары оқу орындарынан жалпы саны 800-ден аса аударылуы керек деген оқулыққа ұсыныс келіп түскен.

– Мамандардан құрылған арнайы жұмыс тобы аударылатын оқулықтарға қойылатын мынадай талаптарды анықтады: оқулық дүниежүзіндегі маңдай алды 100 университеттің бағдарламасында болуы керек; кемінде үш басылым көруі тиіс; мазмұны өзекті әрі идеялық тұрғыдан бейтарап болуы керек; сонымен бірге оқулық заман талабына сай интерактивті оқып-үйренуге мүмкіндік беруі қажет», – деді Рауан Кенжеханұлы.

Ұлттық бюро директорының  атап өтуінше, осындай талаптар негізінде философия,  әлеуметтану, психология, тіл білімі, антропология мен  дінтану, журналистика, экономика мен кәсіпкерлік салаларын қамтитын алғашқы 18  оқулық іріктелген.

– Таңдалған оқулықтарды жинақтап айтсақ, бұл оқулықтар әлемнің 42 елінде 34 тілде басылып, жалпы таралымы 47 миллионнан асқан. Мұндай оқулықтарда мемлекеттік бағдарлама аясында аударып, тегін тарату әлемде баламасы жоқ тәжірибе», – деді ол.

Айта кетейік, Астанадағы Назарбаев орталығында «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында аударылған алғашқы кітаптардың таныстырылымы өтіп жатыр.  Салтанатты шараға ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысуда.

________________________________________________________________________

inform.kz

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ