2015 жылы ҚР Ұлттық музейі «Ұлттық музейге сый тарту» акциясын бастаған болатын. Осынау акциясы барысында жиналып, музейдің қорынан орын алған жәдігерлердің қатарында ел тарихы үшін бағасы артық, құны өлшеусіз Кенен Әзірбаевтың домбырасы мен құран кітабы, Шәмші Қалдаяқовқа 1965 жылғы 4 ақпанда Шымкент облысының жастары сыйға тартқан «Кубань» пианиносы мен сазгердің қаракөл бөрігі,  Әзілхан Нұршайықовтың  «Nikon» фотоаппараты, Ермек Серкебаевтың 70 жылдығына Н.Назарбаев сыйлаған қол сағаты, Өзбегәлі Жәнібековтің «Цензор» қайшысы, Мадина Ералиеваның баяны, Жұмекен Нәжмеденовтің күлсалғышы, Роза Бағланованың сахналық көйлегі бар. Музей қорына алынған осынау жәдігерлердің барлығы арнайы мамандардың сүзгісінен өтіп, сұрыпталды, қажет деп табылғаны музей рестовраторларының шеберханасында қалпына келтірілді. Өңдеуден өткен жәдігерлер  экпозицияға қойылды. Музейге келген меймандар осынау жәдігерлерді де тамашалап жүр.

img-20171011-wa0002

Күллі қазақ даласындағы құнды жәдігерлерді жинауды мақсат тұтқан Ұлттық музей 2017 жылғы 25 қыркүйекте Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавл қаласында да «Ұлттық музейге сый тарту» акциясын өткізді. Қызылжар өңірінде өткен акцияда Қожаберген жырау, Шал ақын, Тоқсан би Жабайұлы, Мағжан Жұмабаев сынды ақын-жырау, би-шешендерге арналған кітаптар, олардың фотосуреттері, Шоқан Уәлихановтың әжесі Айғанымның  қыстауында қолданылған ас үй тегенесі музей қорына  алынды. Петропавлда өткен акцияға барлығы 21 адам қатысып 236 жәдігерді Ұлттық музейге табыстады.

«Ұлттық музейге сый тарту» акциясы ұйымдастырылған Алматы, Қызылорда, Ақтөбе, Шымкент, Қостанай Орал қалаларының қатарына Қызылжар өңірі де қосылды. Алдағы уақытта еліміздің өзге өңірлерінде де бұл акция өткізілетін болады.


ҚР Ұлттық музейінің баспасөз қызметі

ПІКІР ҚАЛДЫРУ