• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Басты бет » Жаңалықтар » Менингит дерті асқынып барады

    Менингит дерті асқынып барады

    Өкінішке қарай, менингококк менингитінің меселін қайтару мүмкін болмай тұр бүгінде. Сала мамандары осы аурудың алдын-алу шараларына ден қойып, бұл дерттің қандай да бір белгісі анықтала қалса, дер кезінде дәрігерге қаралуға кеңес беруде. Менингиттің бүгінгі көрсеткіші, оған қарсы салынатын вакцина, диагнозды тану барысындағы дәрігерлердің қателігі турасында Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің Эпидемиологиялық қадағалау басқармасының басшысы Роза Қожаповамен тілдескен едік. 

    – Роза Абзалқызы, республика бойын­ша менингит ауруы анықталған адамдардың саны қаншаға жетті?
    – Жыл басынан бергі көрсеткішке көз жүгіртсек, 54 науқас менингококк инфекциясынан болатын менингит диагнозымен тіркелді. Өкінішке қарай, төртеуі осы аурудың салдарынан көз жұмды. Жалпы, менингиті анықталған, я болмаса асқындырып алғандарды жыл сайын тіркеуге аламыз. Жылда сақтандыру шараларына тиісті деңгейде ден қойма­ған­нан кейін бұл диагноздың тізімі жаңар­тылып тұрады. Мәселен, былтыр 62 науқас тіркелсе, оған дейін бұл көрсет­кіш­тің көлемі жүзден асып жығылатын. 2015 жылы тіпті 414 жағдай тіркелген.
    – Десек те, бұған дейін көп естіп біле бермей­тінбіз. Биыл неге ерекше өршіп кетті?
    – Өкінішке қарай, биыл бұл аурудың салдарынан көз жұмғандардың қатары көп, төртеу дедік. Жылда жұқпалы ауру­лар ауруханасына түскен науқасқа жедел көмек көрсетіліп, ажал аузынан арашалап қалатынбыз. Биылғы жағдайда аурудың асқынғаны соншалық, қолдан келгеннің бәрін жасағанымызбен, көмек көрсете алмадық. Өз басым, олар дер кезінде дәрігердің көмегіне жүгінгенде, мұндай жағдай болмайтын еді деп есептеймін. Мәселен, менингиттен өлім құшқан бала­ның анасына балабақшадағы мамандар жұқпалы аурулар ауруханасына апару керегін айтқан. Анасы үйіне барып, таныс дәрігерлерімен телефон арқылы байла­ны­сып, үй жағдайында ем-дом жасаған. Сөйтіп, біраз уақытын өткізіп алды. Оның үстіне, адамдардың иммунитеті түсіп кеткен, соңғы айда бұл инфекцияны жұқтыр­ғандардың саны күрт көбейді. Сәуір айының өзінде 33 азаматта менин­гит анықталып, ауруханаға жатқы­зыл­ды. Оның 31-і Алматыда, қалған екеуі Алматы облысы мен Астанада тіркелді.
    – «Дәрігердің көмегіне жүгіну керек» дедіңіз. Учаскелік дәрігерлердің өзі бұл ауру­­дың алғашқы белгілерін ажырата алмай жатқан жағдайлар кездесуде. Бұған не дейсіз?
    – Өкінішті-ақ. Кейбір жедел-жәрдем қызметкерлері, учаскелік дәрігерлер мен медби­келер тарапынан осындай жағдай­лар орын алуда. Менингитті қарапайым қызылша мен тұмаудан ажырата алмай жатыр. Барша медицинаның жүгін арқа­лап жүрген мамандарға үнемі білімін жетіл­­діріп отыруға кеңес беремін. Бүгінде Денсау­лық сақтау министрлігі тарапынан барлық медицина ұйымдарының қызмет­кер­леріне менингококк менингиті тақыры­бында семинарлар өткізіліп, нұсқау­лықтар таратылды.
    – Расында, менингиттің алғашқы белгі­ле­рін үй жағдайында басқа ауру түрлерінен қалай ажыратуға болады?
    – Менингиттің бастапқы белгілерін үй жағдайында анықтауға, емдеуге тыйым саламыз. Тіпті тыныс алу жолында кезде­се­тін инфекциядан болатын тамақ, мұрын ауруларының өзін дәрігер шақыртып қарату қажет. Дене қызуың көтеріліп, тыныс жолдары бітіп, бойыңды әлсіздік шалса, құсып, тамаққа тәбетің болмай, өн бойыңда «қызылшаға» ұқсас бөртпе пайда болса, бірден ауруханаға баруға кеңес береміз.
    – Білуімізше, менингококк инфекциясы қалыпты жағдайда жалпы адамзаттың 10-20 пайызының ағзасында «таратушы» түрін­­де кездеседі. Мұны қалай анықтауға болады?
    – Кейбір дені сау адамдардың ағза­сын­да менингококк инфекция «тарату­шы» түрінде кездесуі әбден ықтимал. Егер ол адамның иммунитеті жоғары болса, вирус ол ағзаға «қоқаң-лоққы» көрсете алмайды. Сәйкесінше, зияны жоқ. Бірақ «таратушы» адамға иммунитеті әлсіз біреу кездесе қалса, ауа арқылы менингококк инфекциясын жұқтырып алуы мүмкін. Сондықтан иммунитеттің күшті болуына күш салу керек. Ал адамдардың қайсы­сы­ның ағзасында бұл вирус бар екенін, я болмаса, қайсысы «таратушы» екенін анықтаудың қажеті шамалы. Өйткені бүгін тексергенде, ағзасы менингококктан таза адамның ертеңгі күні біреуден жұқты­рып алмайтынына ешкім кепілдік бере алмайды.
    – Менингококк менингитіне қарсы салынатын вакцина бар деп естідік…
    – Мұндай екпе түрі бар. Кез келген ата-ана баласына менингитке қарсы ақылы негізде вакцина салдырғысы келсе, жеке иммунопрофилактика орта­лық­тарына баруына болады. Бірақ бұл вакцина Денсаулық сақтау министр­лі­гінің міндеттелген профилакти­калық (алдын алу) екпелердің жоспарында жоқ. Яғни, емханаларға осы екпені тегін салу міндеттелмейді.
    – Менингококк – аса қауіпті инфекция десек, бұл вирусқа қарсы екпе міндетті болуы тиіс емес пе?
    – Менингитке қарсы вакцина біздің елде ғана емес, бірқатар дамыған мемле­кет­терде де міндетті саналмайды. Өйткені менингококк инфекциясы ерте анық­тал­ған жағдайда және уақытылы дұрыс емдел­ген болса, қауіпті емес. Кез келген адам имму­нитет күшейтетін дәрумендер қабыл­дап, дұрыс тамақтанса, салауатты өмір салтын ұстанып, таза ауада серуен­деу­ді әдетке айналдырса, үйін, жұмыс кеңсесін ылғалдандырып, тазар­тып тұрса, гигиеналық тазалығын сақтайтын болса, бұл инфекция қор­шаған ортаға қарсы тұра алмайды. Бұл аурудың алдын алу, я болмаса, оған қарсы тұру үшін жаңағы аталған сақтық шараларын орында­сақ жеткілікті. Менингококкқа қарсы вакци­наның мін­детті екпе күнтізбесіне кірмейтіні де сондықтан.
    – Бұрындары мұндай вакцина түрі мүл­дем болмаған ба?
    – Ол рас. Себебі, қажеттілік болған жоқ. Соңғы он жылда Сауд Арабиясы қажы­лыққа келетіндер үшін менин­го­коккқа қарсы екпені міндеттегеннен кейін, бұл вакцинаны ақылы негізде қалды­руға шешім шықты. Жеке иммуно­про­филактика орталықтарындағы вакци­налар Денсаулық сақтау министр­лі­гінің қадағалауында болғанымен, иелігінде емес. Мемлекет жекеменшік орталық­тар­дың бұл екпені сатып алуына, салуына қажеттілік туындағаны үшін ғана, яғни қажылыққа баратындарға бұл екпе міндетті болғандықтан рұқсат берді.
    – Әңгімеңізге рақмет!


    Сұхбаттасқан 
    Айдана НҰРМҰХАН, 

    «Айқын» газеті

    Оставить комментарий

    Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

    *

    x

    Check Also

    Защитницу хакасской культуры обвинили в экстремизме

    Суд в Абакане рассмотрит уголовное дело в отношении жительницы Хакасии. Женщина разместила на личной странице ...