Мәскеуде қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымов туралы қолжазбаның түпнұсқасы табылды.

Ахмет Кенесариннің туған әкесі Кенесары хан мен оның ұлы Садық сұлтан туралы хикая бұдан 130 жыл бұрын орыс тіліне аударылып, Ташкент қаласында жарық көрген. Алайда қолжазбаның тағдыры жайлы ұзақ уақыт бойы ешқандай ақпарат болмаған еді. Құжат Мәскеудегі Мемлекеттік тарихи мұражайдың жазба көздері бөлімінен табылды. Мұны ресейлік тарихшы Илья Зайцев жариялады. Қолжазба қазақ тілінде араб қарпімен жазылған. «Бұл табыстың шығыстанушы ғалымдар үшін маңызы зор», – дейді ресейлік тарихшылар, себебі бұл құжатты жариялау қазақ тарихының жаңа беттерін ашу бағытындағы ауқымды жұмыстың жалғасы болып табылады. «Бұл кітап ХІХ ғасырдағы қазақ мәдениетінің ескерткіші ретінде сол кезде болған тарихи оқиғаларды қазақ халқы тұрғысынан бағалауға мүмкіндік береді», – дейді ғалымдар. Кенесары Қасымов және оның ұлы Садық туралы естеліктер Қазақстан елшілігінің қолдауымен Мәскеуде жарияланған. Осыған орай Ресей астанасында көрнекті шығыстанушылар, зерттеушілер мен журналистердің қатысуымен дөңгелек үстел өтті.

Илья Зайцев, шығыстанушы:

– Бізде енді түпнұсқаның өзі бар. Бұл – XIX ғасырдағы қазақ тарихынан сыр шертетін аса маңызды жәдігер. Хикаяны Ахмет Кенесарин қолында болған құжаттар мен естеліктерге сүйеніп, әкесі Кенесары Қасымов пен оның ұлы Садық сұлтанның өмірбаянын егжей-тегжейлі жазған.


24.kz

ПІКІР ҚАЛДЫРУ