Мәскеуде 13 мамыр күні қауіпсіздік органдарының қызметкерлері Сахаров даңғылында өткен “Еркін интернет үшін” шеруі кезінде ондаған адамды ұстады деп хабарлады “Левый фронт” қозғалысының үйлестірушісі Сергей Удальцов.

Ол “Интерфакс” агенттігіне “Левый фронт” өкілдері, анархистер мен басқа да ұйымдардың өкілдері – барлығы 30 шақты адам ұсталғанын мәлімдеді. Удальцовтің айтуынша, полиция белсенділер митинг тақырыбына сай келмейтін саяси ұрандар айтты деп кінә таққан.

Ресейде Telegram мессенджерін жабуға қарсы “Еркін интернет үшін” митингісін өткізуге билік рұқсат берген. Оған бес мыңға дейін адам қатысады делінген.

Митингіге қатысқандар ПАРНАС, “Яблоко”, “Демократический выбор” партиялары, “Революционная рабочая партия”, “Левый фронт” қозғалысы және басқа да солшыл және ұлтшыл ұйымдардың туларын ұстап шықты.

Жиналғандар интернет еркіндігін қорғайтын және билікті сынайтын ұрандар айтты.

“Интерфакс” агенттігіне “Открытая Россия” қозғалысы федералдық саяси комитетінің мүшесі Алексей Прянишниковтің хабарлауынша, акция басталар алдында полиция қозғалыс символикасы бар жалаушаларды тартып алған.

Ұйымдастырушылар акцияны “интернет ресурстар мен интернет құралдарын шектеуге, “жазбаға лайк басып, бөліскені үшін” қылмыстық қудалануға қоғамның назарын аудару мақсатында” өткізгенін айтады.

Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметіне қолданушылар хат-хабарын шифрлау кілтін беруден бас тартқаны үшін Telegram мессенджерін сот шешімі бойынша, сәуірдің 16-сынан бастап бүкіл ел аумағында бұғаттаған. Мессенджер билік салған бұғатты айналып өту үшін америкалық Amazon және Google компанияларының серверлерін пайалана бастаған соң, Роскомнадзор оларға кіруді де шектеген. Соның салдарынан 20 миллионға жуық IP адрес бұғатталып қалған. Telegram мессенджері жұмыс істеп тұр.

________________________________________________________________________________________________________ azattyq.org

ПІКІР ҚАЛДЫРУ