• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Басты бет » Жаңалықтар » Ұлы дала тағамдары мен қолөнері жаңғырды

    Ұлы дала тағамдары мен қолөнері жаңғырды

    Замана алысы, уақыттың талабы мың құбылған  жаһандану дәуірінде өзімізді ұлт ретінде сақтап қала аламыз ба, жоқ әлде бордай тозамыз ба? Урбанизация, жаңа технологиялардың дамуы ғана емес, ұлтымыз бен мемлекеттілігіміздің тамырына балта шабатын дүбара өркениеттердің ықпалы біздің өмір сүру ортамыз бен таным-түсінігіміздің өзгеруіне алып келді. Бағзыдан келе жатқан салт-дәстүріміз бен жол-жоралғыларымыз тұрмақ ата дініміз бен тіліміздің де күйі белгілі.

    Осынау алмағайып уақытта ата-бабаларымыздың мыңдаған жылдар сүзгіден өткен, өзінің дұрыстығын дәлелдеген, қандай қоғамда, қандай заманда да болмасын өмір сүруге лайықты салт-дәстүрімізді жаңғырту болашағымыздың кепілі. Осындай ұлы мұрат жолында жасалып жатқан іс-шаралардың бірі Әз-Наурыз мейрамының қарсаңында  Алматы қаласындағы «Қуырдақтың көкесі» мейрамханасында «Ұлы дала тағамдары және қолөнері» атты кеш өтті.

    Осы мейрамхана  ұлттық тағамдарымыздың ерекше түрлерін, ұмытылып бара жатқан тағам түрлері мен дайындау жолдарын қайта жаңғыртып жатыр. Адамның болмысына ішкен асы мен сусының да әсері көп. Фасфудтар мен көптеген ұлттардың ұлттық асханалары елге өз ас-суларын ұсыну арқылы экономикамызға ғана емес мәдениетімізге де экспанция жасап отыр. Сондықтан ұлттық құндылықтарымыздың бірі ұлттық тағамдарымызды барынша дәріптеп, өзіміздің күнделікті дастарханымызда тұратын, ішіп-жем асымызғай айналдыруымыз керек.

    Осы кеште мейрамхана қонақтарына қазақтың шашылығы (қазір кәуап деп атап жүрген) «көмбе» деп аталатын ет тағамы дайындалып, ұсынылды. «Көмбені» әзірлеу жолдары бейнебаян түрінде көрсетілді. Одан кейін кеш қонақтарының алдында құрттың қалай дайындалатыны көрсетілді. Сабаға құйылған  іркітті пісіп, қазанға құйып қайнатты. Құрт қайнап жатқан кезде оның түбі күйіп кетпес үшін арнаулы құрт былғауышпен  әлсін-әлсін қазанның түбін, ернеуін қырып араластырып отырды.Қайнап жатқан құрттың көбігін жалап, ыстық құрт ішкен мейрамхана қонақтарына құрт жайлы толық мағлұмат та айтылып отырды. Бір ғана құрттың жас құрт,көбік, ыстық құрт, сықпа құрт, малта, езген құрт,ұнтақ құрт, құрт- май, құрт-көже сынды түрлері барынан-ақ біздің ұлттық тағамдарымыздың түрлерінің көптігі мен құнарын бағамдай берсеңіз болады.

    Қой сүтінен қорықтық пісіру мен басқұр тоқу сынды өнерімізді де Моңғолиядан келген қандасымыз Алма апайымыз сол жерде көрсетіп берді. Кеш кезінде ұлттық ән-күйлеріміз орындалып, ғасырлар қойнауына барып қайтқандай күй кешкен әсерлі кеш болды. Кешті ұйымдастырып, жүргізіп отырған «Бизнес бастау» кәсіпкерлер мектебінің басшысы, кәсіпкер Ахметбек Нұрсила ағамызға меймандар алғыстарын білдірді. Ұлттық құндылықтарымызды  заманға лайықтап елге ұсыну мен кәсіп көзіне айналдыра білуі, сұранысқа ие болуы қандай өнеріміздің болмасын дәріптелуінің, ұмытылмай жалғасын табуының бірден-бір жолы.


     Ардақ БЕРКІМБАЙ

     

    Оставить комментарий

    Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

    *

    x

    Check Also

    Алматы циркінде — «Азия жаңғырығы»

    Астана қаласының 20 жылдығына арналған «Азия жаңғырығы» халықаралық цирк өнері фестиваліне қатысушылар Алматыда мерекелік қойылым ...