• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Басты бет » Жаңалықтар » Қазыбек би ұлағаты

    Қазыбек би ұлағаты

    (Деректі фильмді көргенде көңілге түйген ой)

    Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында жаңа ғасырдағы ұлттық сана терең тамырлы тарихымыздан бастау алатыны туралы атап айтылды. Қазіргі рухани жаңғырудың ең басты шарты да сол – ұлттық кодыңды сақтай білу екені белгілі. Осы ретте ұлттың тектілік кодын жеткізуші қасиетті тұлғаларымыздың орны ерекше. Сол тұлғалардың бірі әрі бірегейі – қазақ халқының XVII-XVIII ғасырлардағы ұлы үш биінің бірі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Қаз дауысты Қазыбек би. 

    2017 жылы ұлы бидің 350 жыл­дық мерейтойына орай Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» ки­носту­дия­сы халықтың санасын жаң­ғыртып, ұлттың тұтастығын қалып­тастыру жолында зор еңбек сіңірген тарихи тұлға туралы Қаз дауысты Қазыбек биге арналған фильм түсірді.
    Еліміздің мәдени өміріндегі өткен жылдың соңғы айының ең бір елеулі оқиғасы, бәлкім рухани олжасы Қазыбек би туралы деректі фильм дер едім. Өкінішке қарай, деректі фильмнің, оның ішінде қазақ тіліндегі деректі фильмнің жарыққа шығуы мәдени жаңалық, рухани оқиға ретінде бағаланудан қалғаны қашан. Еліміздің мәдени кеңістігінде тек шоу-бизнес төңірегіндегі түрлі у-шу, жағымсыз жаңалықтар ғана мәдени оқиға болып саналатын күнге жеттік. Десек те, Алматыдағы ҚР Ұлттық кітапханасының ­кинозалында өткен Шәкен ­Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудия­сы түсірген аталған туындының тұсаукесері ұлттық деректі фильмнің қайта жандана бастағанын көрсетті.
    Фильм Қаз дауысты Қазыбек би мен баласы Бекболаттың бақұл­дасуынан басталады. Осы жерде «бақұлдасқаны несі, бұл көркем фильм емес, деректі фильм ғой» деген уәждің тууы орынды. Алдымен, осы сауалға жауап бере кетсек, қазір әлемдік кинематографияның, оның ішінде, деректі фильм түсірудің ілгерілеп кеткені соншалық, тарихи деректі фильмдердің бюджеті көркем фильм бюджетімен теңесіп қалды. Бұл біздің кино өнерінің айналасында жүрген киногер қауым­ды ойландыруға тиіс. Соңғы технология жетістіктерімен қаруланған деректі фильм түсірудің әлемдік озық үлгісіне, бай тәжірибесіне ілесіп отыру үшін деректі фильм саласына мемлекеттік деңгейде көңіл бөлмесек, жаһандық кино өнерінің көшінен қалып қоярымыз анық. Ол үшін алдымен деректі фильм өндірісін қазіргі замандық кино түсіру талаптарына сай етіп қаржыландырудан бастау керек. Осы мәселені көрсетілімнен кейін сөз алған Қазыбек би туралы деректі фильмінің қосалқы режиссері ­Ерлан Төлеутай (екінші режиссері – Ғазиз Насыров) қынжыла айтты. Көп жылдан бері кино өндірісінің негізгі үш саласында да (деректі, анимациялық және көркем фильм) ыждаһаттылықпен еңбек етіп, фильм түсіру ісінің барлық үдерісіне бастан-аяқ қатысып, түсірілім алаңының ыстығына күйіп, суығына тоңып, әбден шыңдалған тәжірибелі кино маманның айтқан сөзі бұл күнде өте көкейкесті.

    Режиссер Е.Төлеутай деректі фильм түсірудегі қиындықтар мен өзекті мәселелерді егжей-тегжейлі баяндай келе: «Елімізде деректі фильм түсіру өндірісіне жеткілікті деңгейде көңіл бөлінбей отыр, соның салдарынан бұл жанр өзге кино салаларынан көп кенжелеп қалды» деді. Бұл мәселені өзі түсірген фильмінде тіпті айқын сезінгенін, әсіресе фильмдегі қойылымдық көріністерді түсіру кезінде қатты қиналғанын айтты. «XVII-XVIII ғасырдағы тарихи оқиғаларды сол заманға лайықтап реконструкциялау оңай емес. Сол дәуірге сай киімдер, сауыт-саймандар, қару-жарақ, киіз үйлер, олардың ішкі-сыртқы жабдығы, аттар, ат әбзелдері, актерлерді заманына сай киіндіріп, әрлей білу және т.б. қажеттіліктің барлығы түптеп келгенде киномамандардың кәсіби біліктілігіне, сондай-ақ кең көлемді кино өндірісін ұйымдастыруға келіп тіреледі және үлкен қаржылық шығынды талап етеді. Әрине, деректі фильмдерді қасаң қалыппен түсіре берер болсақ, бөлінген қаражатпен де амалдай беруге болады, бірақ бұл қазіргі замандық талаптарға сай деректі фильм түсірудің жолы емес» деді Ерлан Төлеутай. Десек те қос режиссер сол заманғы оқиғаларды кино түсірудің камералық, ықшам әдіс-тәсілдерін қолдана отырып, шебер реконструкциялай алған.
    Біздің заманымызға Қаз дауысты Қазыбек би жайында, оның дәуірі жайлы көптеген аңыз-әпсаналар жеткен. Міне, осы аңыз-әпсаналарды режиссерлер сол кездегі Ресей және Қытай архивтерінде сақталған құжаттармен зерделей салыс­тыра отырып, ұлы би жайлы көркем аңыздардың тарихи шындық екенін кино тілімен дәлелдейді. Және мұны «Ақсақал, айтты, бай айтты» (Абай) деп емес, баспа жүзін көрген академиялық құжаттармен айғақтайды, елімізге белгілі зерттеушілер мен тарихшы ғалымдарға сөз бере отырып, олардың дәйекті, деректі пікірлері мен ғылыми тұжырымдарымен бекітеді. Солардың бірі – сөзіміздің басында айтып кеткен Қаз дауысты Қазыбек бидің баласы Бекболатпен қоштасуы. Қазыбек би 97 жасында қайтыс болады. Аңыз бойынша Қазыбек би ауырып, хал үстінде жатқанда ешкім көңіл сұрап келе алмаса керек. Себебі сол жылы қыс өте қатты болып, ел сыртқа шыға алмай қалыпты. Міне, осы кезде қартайған Қазыбек бидің де халі нашарлайды. Ұлы би баласы Бекболатқа елдің игі жақсыларына арман-аманатын айтып кеткісі келетінін жеткізеді. Алайда қаһарлы қыстың қарлы боранында игі жақсыларға хабар бере алмаған Бекболат би әкесіне ешкімнің келе алмайтынын күйзеле жеткізеді. Баласын сабырмен тыңдап жатқан Қазыбек би: «Қайран қазағым-ай, бүгіншілсің-ау, сен! Ертеңің не болар екен!» деп көкірегі қарс айырыла күрсінеді. Осы сәтте кадр кенет алмасып, Семей полигонындағы ядролық жарылыстардың хроникасына ұласады. Кемеңгер би текке күңіренбеген екен, арада екі ғасыр өткенде қазақ халқының қандай ауыр зұлматқа тап болғанын Қазыбек бидің атажұртындағы ядролық полигонда жарылған атом бомбаларының алапат көріністерінен-ақ байқауға болады. Фильмде тосын шешімдер, сәтті эпизодтар молынан кездеседі. Соның бірі – 18 жастағы жас Қазыбектің қалмаққа елші ­болып барып, Жоңғар мемлекетінде құлдықта жүрген қазақтарды азат етіп алып қайтуы. Бұл сапар жас Қазыбектің атын алты Алашқа әйгіледі. Осы сапарында ол қалмақ қонтайшысынан Қаз дауысты Қазыбек би деген атақ алып қайтады. «Қаз» сөзіне байланысты түрлі жорамалдарды фильмге қатысушы Қаз дауысты Қазыбек бидің өмірі мен қызметін зерттеуші ғалымдар – Зарқын Тайшыбай мен Жамбыл Артықбаев қызғылықты талдап, ғылыми сараптаулар жасайды. Кенет экраннан саңқылдай сөйлеген ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовті көреміз. 1989 жылы түсірілген ескі хроникада Олжас ақын ­Семей ядролық полигонын жабу жайында сан мың адам жиылған ұлы жиында сөйлеп жатыр, ол бірден К.Күйіковтің Швецияның Осло қаласында өткен антиядролық конгресте сөйлеген сөзіне ұласады. Міне, бұл осы заманның Қаз дауысты Қазыбектері! Қазақта Қаз дауысты Қазыбектер өлмеген екен, бар екен дейсің осындайда… Режиссерлер өз ойларын ашып айтпай астарлап береді. Мұндай тұстарды фильмнің өн бойы­нан көптеп кезіктіруге болады.
    Кадр­да тағы да Кәріпбек, туған ауылына қыр басынан қарап тұрып әңгіме шертуде. Әңгіме «Ұшу» атты картинасы жайлы. «Бұл картинада менің бүкіл өмірім бейнеленген» дейді ол. Картина шынында да ғажап! Кәріпбек Көкке, бәлкім Күнге қарай ұшып бара жатыр. Суретші жарықты шебер қолдану арқылы өзінің, бәлкім қазақтың тағдырын айтқысы келгендей. Көкке ұшып бара жатқан бейнеге ол жарықты төменнен түсіреді. Жарықты төменнен түсіру арқылы ол өзінің, халқының мәңгі жасайтынын ишаралап білдіргендей.
    Фильмнің көтерген жүгі бір мақала аясына сыймайды. Оны тек көзбен көру керек. Көру демекші, жұрт қайдан көреді? Режиссер Ерлан Төлеутайдың айтуынша, соңғы 8 жыл ішінде «Қазақфильм» ­киностудиясы жүзге жуық деректі фильм, қырыққа жуық анимациялық фильмдер түсірген. Өкініштісі олар «Қазақфильм» сөрелерінде шаң басып жатқан көрінеді. Шынында, біздің телеарналар отандық фильмдерді емес, шетелдік көбік сериал­дарды сатып алып, көрсеткенді жөн көретіні несі екен?..

    Қайыра Қазыбек биге келейік. Ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен қазақтың кемеңгер биі 1764 жылы Далба тауында дүниеден өтеді. Далба – қазіргі ­Павлодар облысы Баянауыл ауданының аумағындағы көрікті мекен. Аңызда айтылғандай баласы Бекболат және Едіге би секілді ел жақсылары ұлы бидің сүйегін Түркістанға, Әзірет сұлтанға қоямыз деп шешеді. Ол үшін қар кетіп, жер аяғы кеңігенін күту керек. Сол себепті Қазыбек бидің сүйегін уақытша сөреге қояды. Төрт бағана тас­тан тұратын бұл сөре тастың орны әлі күнге дейін сақталған көрінеді. Өкініштісі төрт бағана тастың екеуі жоғалған. Түсіру тобы Қазыбек бидің сөретасын арнайы түсіріп қайтыпты. Осы фильмді түсіру барысында олар сегіз мың шақырымнан аса жол жүрген екен. Әрине, айтуға оңай. Сегіз мың шақырымның сыры мен сергелдеңін деректі фильм түсіргендер ғана біледі. Міне, фильм түсірушілер осы оқиғаны реконструкциялаған. Осы кезде түсірушілер төтенше қиындыққа тап болады. Оқиға қыста болғандықтан, қысқы көрініс керек. Қысты күтіп отыруға мұрша жоқ, фильмді түсіруге берілген мерзім түгесіліп барады, тез арада монтаждап, «Қазақфильмге» тапсыру керек. Міне, осы жағдайда түсірілім тобы жаннан безіп 3800 метр биіктіктегі Алатаудың «Жастар» шыңына көтеріледі. Жай көтерілмейді, алты қанат киіз үйдің сүйегін алып шығады. Мұндағы түсірілген эпизод тіптен ғажап! Мұны тек көру керек. Шың басындағы бидің мүрдесі қойылған сөреге Қазыбек бидің қызы Манқан келіп жоқтау айтады. Қуанғанымыз, кезінде В.В.Радлов ел аузынан жазып алған жоқтау қайта тіріліпті. Сай-сүйегіңді сырқыратады. Сөре басындағы Бегімысық әулие мен Бекболат би кездесуіндегі әңгіме қандай! Міне, сізге ұлттық код! Міне, сізге рухани жаңғыру, болашаққа бағдар! Осындайда режисердің өзі сценарист, өзі жазушы, өзі тарихшы, өзі зерттеуші болғанына не жетсін! Қазақы дүниетаным иесі Ерлан Төлеутайдың бойында кинорежиссерге керекті қасиеттің барлығы бар. Соңғы жылдары тәжірибелі сценарист, режиссер Ғазиз Насыровпен тізе қосқан ол көрермен қауымды тамаша туындыларымен қуантып жүр. Ерлан Төлеутай мен Ғазиз Насыров тандемі келешекте талай тамаша фильмдер түсіреріне сеніміміз мол. Енді олар көркем фильм саласында бағын сынап көрсе, «Қазақфильм» қос режиссерге мүмкіндік берсе деген тілегіміз бар. Өйткені қазіргі қазақ киносында Ғ.Насыров пен Е.Төлеутай сияқты кино өнерінің қыр-сырын меңгерген кәсіби киномамандар сирек. Кезінде жарты әлемді билеген Кеңестік идеология деректі кино түсіруді тек білімді де білікті, таңдаулы мамандарға ғана тапсырған. Біз де аталған екі режиссердің үмітімізді ақтарына сенеміз.


    Фильм соңында Кәріпбек Түркістанда жерленген Қаз дауысты Қазыбек бидің басына барып тәу етеді. Осы жерде көрерменді таң-тамаша қылған бір оқиғаны айтпасқа болмайды. Ясауи кесенесінің ішіне кіріп келе жатқан Кәріпбек өзінің шежіресін тарқатады (кадр сыртында). Сөйтсек Кәріпбек Қаз дауысты Қазыбек бидің тікелей ұрпағы болып шығады. Тоғызыншы ұрпағы екен.Бұны режиссерлік «қулық» демеске амалымыз жоқ. Фильмнің басында айтып қойса, әсерсіз болар ма еді? «Мен қолымнан келгенімді жасадым» дейді Кәріпбек бабасы Қазыбек бидің құлпытасына еңкейіп, маңдайын сүйеп тұрып.
    Бір сөзбен айтқанда, фильм режиссерлері жеткізген Қаз дауысты Қазыбек би ұлағатында – қазақтың ұлттық коды, ал қажымас күрескер, талантты суретші Кәріпбек Күйіков – бүгінгі қазақтың бет-бейнесі, символы деп қабылдадық.


    Қалила Омаров, 
    кинорежиссер, 
    ҚР еңбек сіңірген қайраткері

    Оставить комментарий

    Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

    *

    x

    Check Also

    Защитницу хакасской культуры обвинили в экстремизме

    Суд в Абакане рассмотрит уголовное дело в отношении жительницы Хакасии. Женщина разместила на личной странице ...