• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Басты бет » Жаңалықтар » Қазақтың дін туралы танымы

    Қазақтың дін туралы танымы

    Қазақ халқының дін туралы танымы, сенімі ерекше. Дінді жаратылыстан тыс құдіретті құбылыс, тылсым ретінде танымайды, ойсыз бас қойып, көзсіз құлдай жығылып, табынған да емес. Діннің адам мен қоғам арасын жалғастырушы, жарастырушы және үйлестіруші қасиетін жете түсініп, оны жан мен тән тазалығын сақтайтын, парасат тағылымдарын демеуші, адамға өнеге тәлім берер, пейілге мейірім ұялатар рухани күшке бағалаған.

    Атақты ағартушы Ыбырай Алтынсарин өз заманында исламға ден қоя отырып, «мұсылманшылықтың тұтқасы – сенім, иман, имандылық» деп дәйектесе, ұлы ақын Мағжан Жұмабаев дін рәсімдерінің тұрмыс дағдыларымен астарластығын «Ораза деген қазаққа құлшылық емес, әдеп қой», — деп бір ауыз өлеңмен сипаттаған. Ойшыл жазушы Ғ.Мүсірепов дін жөнінде: «Адам баласы бірдемеге сенбей, арқа сүйемей тұра алмайды, сол сенімнің аты — дін. Ең арғысы саяси сенім дегеннің өзі халықтың басым көпшілігі үшін дін», — деп оның адам өміріндегі рухани күшін жоғары бағалағаны белгілі [4].

    Бабаларымыздың қастер тұтып, атадан балаға аманаттап, жүрекке дарытып келген асыл қасиеттері көп-ақ. Халқымыз сырт көзбен емес, жүрекпен ұғатын адамгершілік құндылықтарды жоғары дәріптеген. Иман-қазақ халқының рухани дүниетанымындағы парасат пайымымен сабақтасып жататын өте кең өлшемді ұғым. Ата-бабаларымыздың ақиқатқа жетелер сенімінің де басты тірегі – осы. Барлық бет-болмысының, мінез-құлқының айнасы. Имандылық деген бір ғана сөздің бойына ұят, ар, ынсап, қанағат сықылды бүкіл жақсы қасиеттер түгел сыйып тұр. Қазақтың жүзі жылы жанды жолықтыра қалса, «бетінен иманы төгіліп тұрған адам екен» немесе «иманжүзді кісі екен» деп сөз етісетіні де сондықтан. Тіпті адам ғұмырының мәні болып саналатын махаббат сезімінің де негізі имандылықтан басталады. Оны Абай атамыз «үш сүюмен» байланыстырып, «имани-гүл» деп ат береді. Халқымызда «Жиғаныңа сенбе – иманыңа сен. Иманды адам – арлы адам. Имансыз адам – сорлы адам. Үстіңнің кірін – сабын кетіреді, жаныңның кірін – иман кетіреді», «Имандылық қастерлі қасиет», «Имандылық – инабаттылық айнасы», «Имандылық – ізгілік негізі» деген секілді тұрақты сөз тіркестері мен мәтел сөздер жетерлік. Өкінішке орай, кеңестік дәуірде тамырын тереңге жайған тоталитарлық саясаттың үстемдік жүргізуінің салдарынан біз осындай ұлы қасиетімізден айырылып қала жаздадық. Имандылық сөзі иманнан шыққан. Ал иман – жүректегі нұр, нұрдың сыртқы болмысы, яғни имандылық – Алла тағалаға иман еткен адамға бітетін көркем мінез. Алла жіберген әрбір пайғамбарының міндеті – иман мен имандылыққа уағыздау деп саналған.

    Имандылық мінезі әрбір мұсылманның бойынан табыла бермейді. Атам қазақтың адамгершілік ұғымын имандылық сөзімен беруінде ерекше мән бар. Өйткені, адамгершілік пен имандылық арасында үлкен айырмашылық бар. Адамгершілік – барлық адамның бойында бола алатын адамның адамдық болмысынан (кісілігінен)туған қасиетИмандылық әлемнің Жаратушысы, Ұлы Досына деген иман атты сүйіспеншілігінен туған аса ізгі кісілік қасиет. Яғни, әрбір имандылықта адамгершілік бар болса да әрбір адамгершілікте имандылық болмауы бек мүмкін. Сондықтан қазақта имандылық – ауқымы аса кең үлкен пәлсапалық ой-толғамға ие, ерекше мәнді ұғым. Атам қазақ иманын – өз болмысының тірегі мен ар-ожданның асыл тас ақиқаты деп ұққан. Сол себепті атам қазақ жүректен иман шыққаннан кеудеден жан шығуды артық санаған. Оған атам қазақтың мына сөзі куә: «Малым  жанымның садақасы, жаным  арымның садақасы». Бұл жерде атам қазақтың «арым» деп отырғаны  иман. «Ұят кімде болса, иман сонда» деуі де, содан қалған. Ар-ұятын сатқан жанға «иманын сатты», арсыз жанға «имансыз» деген сөзбен түйреген. Қазақта мұндай сөз тіркестері толып жатыр. Бұл – атам қазақтың аса иманды момын-мұсылман жан екендігінің белгісі. Яғни, қазақ бар жақсылық ұғымды иман сөзімен, бар жамандық ұғымды имансыз сөзімен айқындаған. Қазақ әрқашан Ұлы Досына беріктігін көрсеткен. Иә, қазақ шыр етіп дүние келген баланың құлағына азан айтып, ажалы жетіп бұл жалғаннан озған жанның да жүзін құбылаға қара-тып, жаназасын оқып Ұлы Жаратушының жарлығын бұлжытпай орындауға тырысқан.

    Қазақ дінінің |менталдығының| тірегі, ұлттын рухани болмысының маңыздысы – имандылық. Имандылық концепті – тілімізде көптеген ұғымдарды біріктіретін, жинақтайтын жалпы түсінік. Ар, ождан, ұят, шын, шындық, намыс, жүрек, жан, тазалық, әділет, мейрім – имандылық концептісінің тірек ұғымдары. Шәкәрім философиясының негізі – имандылық.
    Шыннан асқан Құдай жоқ,
    Анық Құдай – Шын Құдай,
    Ұқпай қалма алаң боп,
    Шын болмаса, кім Құдай?
    Бұрын шын бар, бүгін шын,
    Ертен шын бар-үш бөлек.
    Керегі жоқ бұлардың         ,
    Бұзылмайтын шын керек
    , — Шын Алланы мадақ етіп, Шынға ғашық болған ақын бұл пәнидін қызығына көнілі толқитындардың Шыннан алыс екенін де нақты ескертеді. Ислам діні қазақ даласына келіп жеткенше де, пайғамбарымыздай үлгілі адамгершілігі мен имандылығы басына қонған, тура да әділ, иман жүзді, сенімді, ру тайпаның, ұлт қауымның ұлағатты үлгі өнегесі болған абыз-ақын, хан-қаған, батыр-ер, шешен-би, сал-сері, дана ана мен ата қаншама адамдар өмірден өтті. Солардың қазақ халқына қалдырған асыл рухани мұрасын исламның имандылық қағидалары мен ұстындарына етене араласып, тонның ішкі бауындай қабысып тамаша табысқа жеткендігіне тарих куә. Қазақ халқының жалпы ұлттық қасиетті ұғымына айналған имандылық сөзінің түп төркіні мен ілкі бастауының да мұсылман дінімен тоқайласып жататындығы белгілі. Иман ұғымы әуел баста Құран арқылы адамдардың санасына сіңсе де, уақыт өте келе халықтың ежелден қалыптасқан салт-дәстүрімен, таным-түсінігімен, наным-сенімімен біте қайнасып, жаңа бір сапалық деңгейге көтерілген ұғым. Халық түсінігіндегі иман сөзі діни шеңберден шығып, жалпы ұлттық, бүкіл адамзаттық құндылықтарды қамтитын ауқымды дүниетанымдық категорияны білдіреді.

    Адамның іс-әрекетінің, сөзінің тура болуы тек тәрбие арқылы ғана санаға әсер етіп жүзеге асырылады. Сенім мен турашылдық егіз ұғым. Адамдардың бойында бұл сипаттарды қалыптастыру сенім, намыс пен иман арқылы жүзеге асады. Көңілінде иманы, сенімі бар адам жалған сөйлемейді, алдамайды, аманатқа қиянат жасамайды. Иман адамға өтірік айтқызбайды, өзгені алдап, мал табудан сақтандырады. Тәрбиелі, сенімі бар адам, Алла тағала мені әр уақытта көруде деп ойлайды. Сондықтан жамандық ойламайды, өзгенің мүлкіне қол сұқпайды, қиянат етпейді. Жұрттың өзін сыйлауы үшін алдымен өзі өзгеге құрмет етеді. Мұндай имандылықтың жолдары мұсылмандылықтың бес парызын толық орындау барысында жүзеге асатындығын бүгінде иманжүзді, мол адамгершілік сипатқа ие болғандар дәлелдеп отыр. Адамның нәпсісі – бойдағы пендеге тән құмарлық сезім. Жалпы адамның адамгершілік шыңына жетуінің негізгі көрсеткіші мен имандылығының қалыптасуы – өзінің нәпсісіне ие болуы

    Ибалы қыз тәрбиелеп, асыл аналарды өмірге дайындауда, қазаққа, ислам дінінің тигізген оңды ықпалы зор болған. Сондықтан, неке қию, қыз ұзату, келін түсіру қазақ салты, ежелгі әдет-ғұрыппен ұштастыра отырып ислам діні негізінде атқарылған. Ал бозбала, бойжеткен, иманды ұл ибалы қыз тәрбиелеу ісі өте нәтижелі болды.  «Имандылық (атауы әр түрлі болғанымен) – барлық наным-сенімдерге ортақ ұғым. Адамдардың діни сеніміне байланысты, имандылықты алалауға болмайды. Қай діндегі болсын адамдардың баршасын имандылыққа баулу қажет» дейтін К.Д. Ушинскийдің сөзі бар. Ол өнегелі тәрбиеге үлкен мән берген, оның негізін дін деп санаған. Дінді ол, ең алдымен, өнегелі тазалықтың кепілі деп түсінген. К.Д. Ушинский: «Тәрбие халықтық ілтипатқа ие болған жағдайда ғана өз мақсатына жетеді» — дейді. Иман ұғымы бізде ұлттық сипатқа ие болған. Имандылық – ұлттық шеңберде шырмалып қалған тар ұғым да емес, Қазақстан Республикасында тіршілік етіп отырған күллі этнос өкілдері, оның ұрпақтары имандылық нұрынан тысқары қалуға тиіс емес. Ешбір ұлт бұған қарсы болған да емес. Имандылық – қазақ үшін, жалаң ислами ұғым да емес. Ол наным-сенім ретінде, қашаннан бар, ұласып келе жатқан түсінік. Ал,имандылыққа тәрбиелеу қазақ ілімінің асыл өзегі. Осы асыл өзек бүгіндері қоғамдағы тәрбиелік іс-әрекеттер мен шара-шаруалардың тірегі бола алмай отыр. Оның көптеген себебі бар. Ал,ең бастысы – Қазақ педагогикасын – материалистік және жауынгер атеистік дүние танымы негізінде жазылған, социалилистік немесе «ғылыми педагогикамен» тең көріп бағаламауда болып отыр. Біздің санамызда материалистік-диалектикалық әдіснама негізінде пайда болып, танылған білім ғана теориялық ғылым ретінде ұғынылады да, басқа дүниетанымға негізделген теориялар мен ғылыми пайымдаулар мойындалмайды. Сондықтан да болар, ұлттану, адамтану сол сияқты теологиялық ғылымдар өте баяу жылжып, философия, саясаттану, әлеуметтану ілімдері ұлттық кеңістікке көлем иелене алмай, басқа бір ілімнің қолтығына кіріп, «туралы» ғана тұжырым-түйін жасауда, ал, қазақ психологиясы, қазақ педагогикасы өткеннен қалған аңыз-әңгіме, хиқая санатында талданып жүр. Жоғарыда аз-мұздап айтылған .имандылықимандылық тәрбие атты педагогикалық категория ешбір «ғылыми» пелагогикада жоқ, тек шығыс педагогикасында, анығында қазақ педагогикасында бар. Имандылық тәрбиесін жас ұрпаққа игертудің ғылыми негізін Фараби, Баласағүни, Яссауи бабаларымыз салып, Абай, Шәкерім және Мағжан, Жүсіпбек даналарымыз тиянақтап қойған. Айталық: Қорқыт Ата былай деген: «Тәңірге сиынбаған адамның тілегі қабыл болмайды. Тәңірісі құрамаса, ешкімнің бәрі екеу болмайды. Тәңірі пендесінің маңдайына не жазса, сол болады. Оның жазуынсыз адам жамандық көрмейді, ажал келіп, өлмейді. Өлген тірілмейді, кеудеңнен жаның кетсе, ол қайтып келмейді. Жігіт тірісінде қаратаудай қылып, бір күн тыным көрмей дүние жияды, байиды. Бірақ соның ішінен ол өзіне тиісті үлесін ғана жейді». Әбу Наср Әл-Фараби: «философия мен дінді шендестіре қарастырып, екеуін бір санаттағы саналы білім деп танып, философияның басты ұстанымы – дәлел, діннің  өзегі – сенім» деп тұжырымдаған. Фарабидің пікірінше, «…тәрбиеге көнбейтін, жөндеуге, түзетуге келмейтін жас болмайды. Тек ретін тауып үйретуден, баулудан жалықпау керек«Жаман қылық – ол жан ауруы. Бұл ауруды кетіру үшін тән ауруын емдеуші дәрігерге ұқсауымыз керек»  дейді ғұлама. Әл-Фараби өзiнiң осы тұжырымдарын ары қарай ғылыми жетiлдiре келiп, түркi халықтарының тәлiм -тәрбиесiнің негiзi болған үш түрлi iлiмнiң: бірінші  хауас, хауас салим, хауаси хамса заһириди (түйсiк, iшкi бес сезiм және сыртқы бес сезiм), екiншi  Имани гүл (үш сүю), үшiншi – Жәуанмәртлiк (ақыл, әдiлет, рақым) мәнiн түсiндiредi. Түрік жұртынынң рухани ұстазы А.Яссауи жүздеген мектеп ашып, жүз мыңдаған шәкіртке имандылық тәрбиесін игертіп, софылық-моральдық ілімін жасап, сопылық мектеп педагогикасын қалыптастырса да, оның ғылыми-теориялық негізін танып біле алмай, оған зерде, парасат-пайымымыздың өресі жетпей бұлтарумен келеміз.

    (Жалғасы бар)


    Қобдабай Қабдыразақұлы, ғалым-жазушы

    Abai.kz

    Оставить комментарий

    Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

    *

    x

    Check Also

    Алматы циркінде — «Азия жаңғырығы»

    Астана қаласының 20 жылдығына арналған «Азия жаңғырығы» халықаралық цирк өнері фестиваліне қатысушылар Алматыда мерекелік қойылым ...