• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Басты бет » Жаңалықтар » Қазақ болғаны үшін батыр атағын алмаған 100-ден астам азамат бар

    Қазақ болғаны үшін батыр атағын алмаған 100-ден астам азамат бар

    «Ұмытылған батырлар» жобасы аясында жаңа деректер табылды. Оған сәйкес, II Дүниежүзілік соғыс кезінде жүздеген қазақты Кеңес батыры атағына ұсынған. Аталған марапатқа екі рет ұсынылған жауынгерлер де бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

    «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Берік Әбдіғалиұлының айтуынша,  II Дүниежүзілік соғыстың тарихында әлі біраз ақтандақтар бар. Соның бірі — қазақ азаматтарының майдандағы ерлігі үшін лайықты марапатын ала алмағаны.

    «Оларды Кеңес батыры атағына ұсынған. Бірақ әртүрлі себептермен ол атақты бермеген. Ондай азаматтар көп. Мысалы, снайпер Төлеуғали Әбдібековті бәрі біледі. Ол 400-ге жуық дұшпанды өлтірген. Сосын танкист Жұмаш Ахметов бар. Былтыр ғана ондай азаматтардың саны 14-15 адам деп ойлағанбыз. Қазір біраз жаңа деректер шығып жатыр. Соған сәйкес, 100-ден астам жерлесіміз ерекше ерлік көрсетіп, Кеңес батыры атағына ұсынылса да, ала алмаған. Олардың ішінде екі рет ұсынылғандар да бар. Сонда да берілмеді», — деді Б.Әбдіғалиұлы журналистерге берген сұхбатында.

    Оның айтуынша, қазақтың жүздеген батыры кезінде лайықты атағын алмаса да, ендігі кезекте олардың ерлігін ұмытпай, жерлестеріне, туған-туыстарына жеткізу керек.

    «Әрине, біз олардың барлығына Халық Қаһарманы атағын бере алмаймыз. Бірақ жасаған ерліктерін жерлестері, ұрпақтары білсін деп, аталған бастаманы қолға алдық. Себебі батырларымыздың көбісі сол сұрапыл соғыста қаза болған. Отанына қайтып келген де шығар. Біз оны анық білмейміз. Бірақ осы жердегі туған-туыстары өз атасының Кеңес батыры атағына ұсынылғанын біле ме? Көбісі білмей жатады. Мысалы, танкист Жұмаш Ахметовтың туыстары әлі табылмай жатыр. Енді, ол кісі әскерге интернаттан шақырылған ғой. Өзі Ұлытаудың Қарсақпайынан соғысқа аттанды. Бірақ біз оның туыстарын таба алмадық. Алдағы уақытта барлық батырларымыздың тізімін ғаламторда жариялаймыз. Басқа жолдар арқылы іздейміз. Себебі олардың туған-туысқандары өз атасының ерлігін білуі керек», — деп атап көрсетті Б.Әбдіғалиұлы.

    «Ұмытылған батырлардың» туған-туыстарын іздестіру жұмыстарына «Нұр Отан» партиясы да атсалысады. «Партия тізім бойынша барлық туыстарын анықтауға көмектеседі. Ертең, 8-9 күндері ол акция туралы жарияланады. «Нұр Отан» партиясы өз филиалдары арқылы іздестіру жұмыстарын жүргізеді. Бізде тізім де, әрбір адамның наградалық парағы да бар. Соның бәрін туған-туыстарына тапсырып, жергілікті әкімшіліктерімен бірге олардың есімдерін сақтауға атсалысамыз деп жоспарлап отырмыз. Атын көшеге бере ме, мектепке бере ме, батырларымыз есімдері ұмытылмауы тиіс», — дейді Б.Әбдіғалиұлы.

    ____________________________________________________________________________________________________________

    inform.kz

     

    1 комментарий

    1. Дәуренбек Мұқышев

      Өте дұрыс деп санаймын, өзім білетіндерінің аты-жөндерін ортаға салайын:
      1. Төлеуғалм Әбдібеков. 397 жауды жер жастандырып 3 мәрте СОБ атағын алуы керек еді, бір де бір рет ала алмады. Атаққа ұсынылды, бірақ бермеді, орнына 1-дәрежелі «Отан соғысы» орденін бере салды. http://podvignaroda.ru/?#id=22047443&tab=navDetailManAward

      2. Зейнел Жылқайдаров. 1945 ж. 27 қаңтарда Одер өзенінен өту кезіндежанкештілікпен өзі отіп алып, қалғандарына жауға пулеметтен оқ жаудыра отырып қолдау көрсетті. СОБ атағына ұсынылса да бермеді, орнына 3-дәрежелі «Богдан Хмельницкий» орденін бере салды. http://podvignaroda.ru/?#id=42450035&tab=navDetailManAward

    Оставить комментарий

    Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

    *

    x

    Check Also

    Алматы циркінде — «Азия жаңғырығы»

    Астана қаласының 20 жылдығына арналған «Азия жаңғырығы» халықаралық цирк өнері фестиваліне қатысушылар Алматыда мерекелік қойылым ...