Бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың жұмыспен қамтылуы және көш-қон мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»  Қазақстан Республикасы Заңының жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізуге арналған Жұмыс тобының төртінші отырысы өтті.

Өткенде біздің тарабымыздан ұсынылып, депутат, Жұмыс тобының жетекшісі Кәрібай Мұсырман жағынан ортаға салынып, белгілі себептерге байланысты мақұлдаудан өтпей қалған ұсыныстардың біреуі бүгін қайтадан талқыға түсті.

Ол – «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» туралы Заңының «Жеңілдетілген тәртіппен (тіркеу тәртібімен) Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау шарттары» деген 16-1-бабындағы «1) тұру мерзіміне қарамастан, Қазақстан Республикасының аумағында заңды негіздерде тұрақты тұратын оралмандар;» деген норма.

Біз осы нормадағы «Оралмандар;» деген сөзді «этникалық қазақтар;» деген сөзбен ауыстыруды ұсынғанбыз.

Себебі, біріншіден, «Оралман» мәртебесі бәрібір, тек, қазақтарға ғана беріледі.

Екіншіден, Заң бойынша «Оралман» дегеніміз – «тарихи отанында тұрақты тұру мақсатында Қазақстан Республикасына келген және осы Заңда белгіленген тәртіппен тиісті мәртебе алған, Қазақстан Республикасы егемендік алған кезде оның шегінен тыс жерде тұрақты тұрған ЭТНИКАЛЫҚ ҚАЗАҚ және оның Қазақстан Республикасы егемендік алғаннан кейін оның шегінен тыс жерде туған және тұрақты тұрған ұлты қазақ балалары;» («Халықтың көші-қоны туралы» заңының 1-бабы, 13-тармағы).

Ал, этникалық қазақ – шетелде тұрақты тұратын ҰЛТЫ ҚАЗАҚ ШЕТЕЛДІК немесе азаматтығы жоқ адам («Халықтың көші-қоны туралы» заңының 1-бабы, 28-тармағы).

Заң аясында қандастарымыз «Оралман» мәртебесін алып, Заң аясында әлеуметтік жеңілдіктер мен көмектерден былай да игіліктене береді ғой. Біздің мақсатымыз – шеттен келіп, бірден тұрақты тіркеуге тұрып, азаматтық алғысы келетін қандастарымызды сол «Оралман» мәртебесіне тәуелді етпеу.  Бір қағаз болса да қысқарсын, шеттен келген қазақтарға берілген заңнамалық  ұғымның аясы кеңейе түссін… деген ой.

Бүгін, Құдай оңдап, бұл ұсынысымыз ең алдымен Жұмыс тобының жетекшісі, депутат Кәрібай Мұсырман ағамыздан қолдау тапты. Кәрібай Иманжанұлы аталған ұсынысты жұмысшы топ құрамындағы әріптестері мен құзырлы органдардан келген мамандарға дәл біз ойлағаннан да тереңдетіп, жан-жақтылы түсіндірді.

Ал, соған кім қарсы болды дейсіз ғой?!!

Аслан Қаржаубаев ақсақал!

Бұл кісі 1998 жылдың ақпанынан бері ҚР Көші-қон және демография агенттігі этникалық көші-қон бөлімінің бас маманы, бастығы, төрағаның кеңесшісі, Көші-қон басқармасының бастығы болған. 2004 жылдан бері ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитеті Көші-қон басқармасының бастығы, 2009 жылдың қазанынан бері төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған. Қысқасы, қазірге дейін осы көші-қон саласының ең жоғарғы мекемесінде келе жатқан адам…

Сондағы уәжі не десеңіз, егер «Оралмандар» деген сөзді «этникалық қазақтар;» деп өзгертсек, бұл өзгеріс – Көші-қон саясатының идеологиясына қарсы болады екен-міс!

– Құдай тас төбеңнен ұрсын, Аслан Жұмағалиұлы! – дедім ішімнен!

Біз үшін ҚАЗАҚ деген атаудан қастерлі не бар бұл дүниеде?! Керек болса, Елбасы айтқан біздің ұлттық кодымыз осы – ҚАЗАҚ! Қаржаубаев болған адам «ҚАЗАҚ» деген сөздің бір адым болса да алға жылжып, өзінің орнын иемденгеніне қуанбай ма?! Қайта, Көші-қон саясатының шын мәніндегі идеологиясы сонда барып тіпті де салтанат құрмай ма?!

А.Қаржаубаевтың одан арғы былжырағын айтпай-ақ қояйын Сіздерге. Құрсын…

Сөз алып, бірден Асекеңнің уәжімен келіспейтінімізді білдірдік және оны дәлелдедік те!

Бірақ, іле-шала «Ақ Жол» партиясы фракциясының депутаты Кеңес ГарапұлыАбсатиров қолдап шықты, біздің бұл ұсынысымызды.

Ол аз десеңіз, «Халық Коммунистері» фракциясының депутаты Ирина Смирноваапай жақтап, тіпті көсіліп тұрып сөйледі.

– Біз шеттегі қазақтардың көптеп келуіне жол ашуымыз керек. Әсіресе, Үкімет айқындаған Солтүстік өңірлерге тіпті көп келгені жақсы олардың. Мен бұл өзгерісті қос қолдап қолдаймын!  – деді, Ирина Владимировна ханым!

Айтпақшы, осы Аслан Қаржаубаевпен 2015 жылы осы «Халықтың көші-қоны туралы» заңын тоғыз айға жуық талқылағанда да бірге болғанмын. Сонда да біз апарған ұсыныстың біразының балағына шаптасып, өткізбеуге тырысып баққан.

Мысалы, ҚХР-дан келген қазақтардан талап етілетін әйгілі «Соттылық туралы» анықтаманы жоғалтуға қарсы шыққандардың бірегейі осы Асекең болатын. Айтыса-айтыса, сенатор ағамыз Мұрат Бақтиярұлының кеңсесіне барғанымыз, маған дүрсе қоя беріп, депутаттан сөз естігені де есімде. «Бұл анықтаманы алып тастауға болмайды! Сотталып, түрмеде отырып шыққан біреу келіп, қырық-елу адамды қырып кетсе қайтесің?!» деп адыраңдағанын да әлі ұмытқаным жоқ.

Қандастарымыздың бағына жарай, сондағы ұсыныстарымыздың тоқсан пайызы қос палатадан қолдау тауып, бұл күнде көштің көсегесін көгертіп отыр. Екі жарым жылдан соң «Соттылық туралы» анықтама да алынып тасталды. Бірақ, ағайындарымыз екі жарым жыл бойы әбден азап тартты-ау! Обал-сауабының бір бөлегі, қомақты бөлігі осы Аслан Қаржаубаевтың мойнында!

Сөйтіп, масқара болған Аслан Жұмағалиұлы бүгін алдымыздан тағы шықты. Жәй шыққан жоқ, баяғы әдетімен!

Мыңдаған қандастарымыздың «Оралман» мәртебесінің мерзімін өткізіп алып, тұрақты тіркеуге немесе азаматтыққа құжат тапсыра алмай жүргенін БАҚ жазып жатыр. Қолымызға түскен өтініштің бәрін сол Қаржаубай отырған кабинетке жіберіп жатырмыз. Ол өтініштерге «…Заңмен оралман мәртебесін созу және қайта беру нормасы көзделмеген» деген Ахмәди Сарбасовтың қолы қойылған жауап келіп жатады. Жұмыс тобының екінші отырысында уақыты өткен сол «Оралман» куәлігінің мерзімін тоқсан күнге бір мәрте ұзартып беру туралы ұсыныс талқыланғанда, қатысты мекеменің қарт маманы болған Қаржаубаев, бәрін біле тұрып, мыңқ етпеген ғой!

Ал, бүгін талқыға түскен мына бап өтсе, ол мәселе өздігінен шешілгелі тұр.

Қандастарымыз көп тұратын көрші елдердегі түрлі-түсті жағдайларға байланысты, этникалық қазақтардың көші-қонға деген көзғарасы, танымы қазір түбегейлі өзгерді. Керек десеңіз, сізден қаржылай жеңілдік сұрап жатқан ешкім жоқ. Келе салып, олардың Қазақстан Республикасының азаматтығын бірден алғысы келеді. Екінші бір себеп, Еліміздің көші-қон саясаты да айтарлықтай кемелденіп келеді. Ал, бұл екеуінен де биік тұратын тағы екі себеп бар. Ол – ҰЛЫ ДАЛА ЕЛІНІҢ әлемдегі орнының  күн санап нығая түсуі мен Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендігінің, кемеңгерлігінің тіпті де мойындалуы. «Қайда жүрсе де дүниежүзіндегі қазақтың бір-ақ Отаны бар. Ол – Қазақстан» деген Елбасы ұлағаты бүгінде дүниежүзіндегі бар қазақтың жүрегіне терең ұялады. Олар Жер шарында ҚАЗАҚСТАННАН басқа барар жерінің, басар тауының, табан тиер тиянағының жоқ екенін білді. Өзге ел ен байлыққа шылқытып, қол-аяғын малып қойғанымен, ЕРКІНДІК, БОСТАНДЫҚ деген шіркінге ештеменің жетпейтінін әбден ұғынды…

Тағы қайталап айтайын, бұл күнде этникалық қазақтардың көші-қонға деген көзғарасы түбегейлі өзгерді. Ол өзгеріс бізге, біздің көші-қон саясатымызға жаңа талаптар мен міндеттер қоя бастады. Уақыт оздырмай, осындай орайы келіп тұрғанда, Заңнаманы жетілдіріп жібергеніміз оң. Ал, өзгермеген, ескі жұртта ескіше ұлып қалған – тек Аслан Қаржаубаев қана!

Айтпақшы, бүгін тағы да бір жаңа ұсыныс апарып, тіркетіп кеттім. Құдай қаласа, келесі талқылауға түседі деп сенем.

Ол –  «Халықтың көші-қоны туралы» Заңының 49-бабындағы  «Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны, салық салу және еңбек заңнамасы саласындағы құқық бұзушылық үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылған;» деген 14-1) тармағын  «Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны, салық салу және еңбек заңнамасы саласындағы құқық бұзушылық үшін БІРНЕШЕ РЕТ әкімшілік жауаптылыққа тартылған;» деп өзгерту туралы.

 Ал, «Оралмандар;» деген сөзді «этникалық қазақтар» деген сөзбен ауыстыру туралыс ұсыныс пысықтауға – келесі талқылауға қалды. Алла қуат берсе, Асекеңмен келесі аптаның бейсенбісінде кездесіп қалармыз.


Ауыт Мұқибек

 21.12.2017

Астана

Abai.kz

ПІКІР ҚАЛДЫРУ