Алматыда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова мәдениет және өнер қайраткерлеріне Елбасының 2016 жылғы мемлекеттік стипендиясын табыс етті деп хабарлайды 24 кз.

Отандық мәдениетті дамытуға қосқан сүбелі үлесі үшін әдебиет  кино, театр, музыка мен бейнелеу өнерінің 75 қайраткеріне 500 мың теңге көлемінде стипендия тағайындалды. Олардың қатарында Ерлан Жүніс, Ерлан Рысқали, Мәдина Баспаева, Димаш Құдайбергенов, Тасқын Жармұхаммед сынды дарынды жастар бар. Кездесуде өнер майталмандары биыл Алаш қозғалысының 100 жылдығын мемлекеттік деңгейде атап өту, тарихи фильмдерді көбірек түсіру және ән мен күй мұрағатын құру жөніндегі ұсыныстарын айтты.

Алмас Темірбай, ақын:

– Бұл стипендия бізді шабыттандыра түседі деп ойлаймын. Алдағы уақытта да қазақ еліне еңбек етіп, үлкен-үлкен шығармалар жазамыз деген сенімдемін.

Ерлан Рысқали, дәстүрлі әнші:

– Бұл қазақтың әніне деген, ұлттық өнеріне деген құрмет деп білемін. Сондықтан біздің өнеріміз өркендей берсін. Өсе берсін. «Қазақтың әні өлсе, әдебиеті жесір қалады» деген Сұлтанмахмұт Торйғыровтың әдемі сөзі бар. Әнді елеп-ескеріп, мейлінше қадірлеп, алақанында ұстап келе жатқан Үкіметтің тізгінін ұстап отырған игі жақсылардың барлығына ұлт өнерінің соңында жүрген өнерпаздардың атынан шексіз алғыс айтамын.


24.kz

ПІКІР ҚАЛДЫРУ