Жүсіпбектің ән-ғұмыры

0
359

1. Ән- бұлақтың бастауы

Ерлан Төлеутаймен бетпе-бет жүздескен емеспін. Бірақ ара-тұра эфирден әндерін тыңдап жүремін. Өзіндік тартымды үн өрнегі бар, қоңыр дауысты. Зерделі әнші. Телеарна хабарларынан оның музыка шежіресіне қатысты айтқан ойлары көңілге қонымды, дәйекті. Салмақты сөйлейді. Тарихты терең білетіндігі айқын аңдалып тұрады. Жуырда осы Ерлан інімнің «Жүсіпбек Елебеков» атты ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Халық әртісі, тенорәнші Жүсіпбек Елебековтің шығармашылық  жолын саралаған ғұмырнамалық хикаятын оқып шықтым. Еңселі еңбек, айтулы дарын жайлы елге бұрын белгісіз болып келген соны мәліметтермен қамтылған. Сонымен қатар, мұнда қазақтың халық әндері тарихына қатысты дәлелді тың тұжырымдар ұсынылып, мол ақпараттар берілген. Кітап Алматы шәріндегі «Өнер» баспасынан 2013 жылы жарық көріпті. Біржан сал, Абай нұсқалаған Арқа өңірінің дәстүрлі орындаушылық мектебін бүгінгі күнге сабақтастырушы Жүсіпбек ата Елебеков турасында автордың бұлай ой толғауында терең мән бар.

Алаштың боздағы Сұлтанмахмұд Торайғыровтың: «Бір халықтың әні кетсе әдебиеті жесір қалады. Сәні кетеді, сәні кетсе жаны кетеді. …әнді сақтаудың қамын қылыңдар», – дегені астарлы сөз. Қазақтың синкретті  музыкалық  фольклоры ұзақ  уақыт   отаршыл  империя  тепкінін  көрді. Жоғары білім орындарында осы саланың кәсіби орындаушыларын даярлайтын арнайы мамандықтар ашуға рұқсат етпей, тыйым салып келді. Себебі халықтық мәнердегі әншілер ел ішіндегі мәдени-ағарту жұмыстарын жүргізуші тұлғалар еді. Ақиқатында олар музыкалық поэзия арқылы тыңдаушысына тарих, тіл мәдениеті турасында тағылым береді, әсем әуенмен эстетикалық талғамын қалыптайды, рухын оятады. Бұл сабақтастықты үзу үшін отарлық саясат әртүрлі құйтырқы әрекеттерге барды. Әйтсе де ата-бабаларымыздың әнмен өрген сүйініш-күйінішін, өнегелі тарих-аманатын осы тар жол, тайғақ  кешуден аман өткізіп, кейінгі ұрпаққа табыстаудың жолын шарқ ұрып іздеген, көркіне ақылы сай түскен, ұлтымыздың ардақты қыздарының бірі, ҚР Халық әртісі Гүлжаһан апа Ғалиеваның жанкешті еңбегінің арқасында 1965 жылы Республикалық эстрада-цирк өнері студиясы ұйымдастырылып, «Домбырамен ән салу» кластары ашылады. Бұнда ұстаздық етіп, шәкірттер тәрбиелеуге әуелі Ғарифолла Құрманғалиев, екі жыл өткен соң, нақтылап айтсақ, 1967 жылы Жүсіпбек Елебеков шақырылады. Қадірменді осы екі ақсақалымыздың баға жетпес, бәсі аса биік құнды мұраларды сақтап, жұртымызға аманаттаудағы қызметтері орасан…

Сонымен, әнші, тарихшы һәм өнертанушы Ерлан Төлеутай жазған жаңағы «Жүсіпбек Елебеков» атты кітапқа оралайық, ол сөзін бүй деп бастайды: «…Қу тауының Семейдің Шыңғыс тауына қарай жалғасып жатқан сілемдерінің бірі Қаратау деп аталады. …бұрынғы Қаратау, қазіргі Нығмет Нұрмақов атын иеленген (Бұл ауылда мемлекет және қоғам қайраткері Нығмет Нұрмақов дүниеге келген) ауылдан сексен шақырым шамасында, Мыржық, Абыралы тауларына қарай ұмсына созыла түсіп жатқан Қойтас атты жыпырлаған ұсақ, адыр төбелі, бұйратты, беткейлі жатаған таудың бауырындағы шикі кірпіш пен таудың кесек тасынан соғылған көне қыстау үйде 1904 жылы болашақ ұлы әнші Жүсіпбек Елебеков дүние есігін ашты. Қазір бұл мекен әкімшілік жер бөлінісі бойынша Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының аумағы болып саналады. Ал ақ патша заманында Семей облысына қараған Қойтас ауылы Қарқаралы уезі Сарытау болысы, №8 ауыл (Жүсіпбектің 1931 жылғы жазылған сенім хаты мен Ахмет Жұбановтың дерегінде №16 ауыл) атаныпты. Жүсіпбектің әкесі Елебек өзіне жететін шағын ғана дәулеті бар қарапайым адам болса керек. Айтпақшы, осы еңбегімізді жазу барысында ол кісінің шын аты Лебек болғанына көз жеткіздік», – дейді (Қараңыз: «Жүсіпбек Елебеков». 5-бет).

Жүсіпбектің шығу тегін зерттеушінің айтуынша, ескілікті жолмен таныстырғанда Арғын руының небір би-шешен, бай-бағылан, батырлар шыққан Қаракесегі. Бергі атасы – Балғабай. Оның Қарабатыр деген бауыры болыпты. Ән салған дейді. Балғабайдан – Елебек, Жақыпбек, Өмірбек өреді. Жақыпбек өнерімен туған аймағына кең танылыпты. Он бес жасқа толғанда домбыра тартып, ән созуға Жүсіпбекті баулыған алғашқы ұстазы осы немере ағасы екен. Ерлан Елебектің жамағатының есімі – Қымбат деп куәлік береді. Дүниеге алты бала әкелген. Олар: Сейітбек, Бәдібай, Жүсіпбек, Мәлике, Жүнісбек, Рымкеш. Жақын ағайыны Берсімбек өлген соң әмеңгерлік жолмен алған әйелінен Елебек Айтбану есімді перзент көреді, ол 2012 жылы қазан айында өмірден озыпты (Қараңыз: «Жүсіпбек Елебеков». 6-7 беттер).

Адам – белсенді іс-әрекетшіл жан. Оның өзіне тән аса маңызды бір қасиеті – жасампаз шығармашылықтың иесі болуы. Бірақ мұның бәрі жеке тұлғаның қалыптасуы мен дамуында шешуші қызмет атқаратын ұжым арқылы іске асады, өйткені әрбір жан тек солардың дайындығынан өткен соң ғана қоғам өміріне еніп, орнын табады. Ерлан Төлеутай осы тұрғыдан келгенде Жүсіпбек Елебеков бойындағы дарынның жетіліп, өнерінің шыңдалуына ықпал еткен  ортасы жайлы да құнды ақпараттар береді.

Қарқаралы – ән мен жырдың өлкесі. Бұған бір Мәдиді айғақ етсек те жеткілікті. Жүсіпбек осы белгілі тұлғамен жүздескен. Қоянды жәрмеңкесінде. Бұл туралы автор: «…жәрмеңкеге барған күнінің ертеңіне Жақыпбектер тобы Әдірашиттің (аспазшы екен.– Б.К.) үйінде бас қосысып, Жүсіпбектің жолаяғын жасапты. Жақыпбек бұл үйде отырып, бірнеше ән салады. Осы кезде Жүсіпбек өміріндегі ең естен кетпес оқиғалардың бірі орын алады. Ол Жүсіпбектің Мәдиді алғаш көрген оқиғасы еді. Енді әншінің өз естелігі сөйлесін», – дей келіп, Ж.Елебековтің ертеректегі бүй деп баян қылған өз дерегін келтіреді бұдан әрі, ол: «Ән аяқталып, әнші домбырасын жанына қоя бергенде, сыртта біреу аттан түсіп жатқандай болды. Сәл құлақ түргенше болмай, оның «Ғалия! Ғалия!» деген екпінді дауысы шықты. Сол-ақ екен, Жақыпбек домбырасын алып шырқай жөнелді. Сырттан кірген жігіт әннің шырқын бұзбайын дегендей босағада тұра қалып ән тыңдады. Үй ішіндегілер аңырып қарап қалыпты. Жаңадан келген жігіт жасы отызға іліккен, орта бойлы, кең иықты, қыр мұрынды, кішілеу отты көзді еді… Үй іші жым-жырт. …мына кісінің ән тыңдасы ерекше. Құлағымен ғана емес, бар жанымен мейірлене, беріле ұйып қалыпты… Тек Ғалияға арналған Балуан Шолақтың шабыттана көтерген әсем әні құйқылжып айналаны шарлап кеткен еді. Ән біткен соң үйдегілер оған құрмет көрсете кезекпен амандасып, төрден орын берді. Бұл жігіт бүкіл елге аты әйгілі қазақтың ардагер ұлдарының бірі – Мәди болып шықты», – депті (Қараңыз: «Жүсіпбек Елебеков». 14-15 беттер).

Өзі ақын әрі композитор Мәдидің Балуан Шолақтың «Ғалия» әнін Жақыпбектен орындауын өтінуі олардың бұрыннан жақсы таныс-біліс болғанын айғақтайды һәм аса зор ықыласпен тыңдауы оның әншілік дәрежесін биік санағанын дәлелдейді.

Осы тұста Ерлан ғылым үшін маңызы бар басқа да жайттарды жан-жақты дәйектей кеткен. Жүсіпбек пен Мәдидің кездескен уақыты – 1914 жыл дейді. Бұл кезде Жүсіпбек он жаста. Қуғында жүрген өр мінезді тұлға Қоянды жәрмеңкесіне Қарқаралы уезінің болыстарынан өзінің кінәсіздігін растайтын қолхат жинау үшін келген, алайда ол сонда ұсталып, Атбасар түрмесіне жөнелтіледі дейді (Қараңыз:«Жүсіпбек Елебеков». 21- бет). Мәдиге қатысты басқа да тұжырымдары орнықты.

Кітапта жаңағы Жақыпбек әншінің талайсыз тағдыры жайлы мынадай мағұлматтар беріледі: «…1916 жылы атақты «маусым жарлығы» бұрқ ете қалды. Ақ патша жарлығының жойқын күші сонау Арқаның қиыр түкпірінде әлі орыс аяғы тиіп көрмеген (Қойтасқа осы күнге дейін орыс аяғы тимеген сияқты) балақ төбелі, мол қуысты қолатты Қойтас тауын мекендейтін Қарабатыр, Балғабай әулетін де тітіретіп өтті. …Майдан мақсаты үшін еріксіз қара жұмысқа алынған Жақыпбек Бесобадан (Бесоба – Қарқаралы қаласынан 150 шақырымдай қашықтықтағы жер аты. Сол жылдары бұл өңірден кен қазылса керек.) Семейге қорғасын таситын кірешілік жұмысқа жегіледі. …нәзік бітімді Жақыпбекке қыстың қақаған аязындағы кірешілік жұмыс ауыр тиеді. Бойын суыққа алғызып, деніне дерт жамаған ол келесі жылы аурулы болып елге қайтады….елге сарысүзек ауруы тиеді. Онсыз да «он алтының» зобалаңынан есеңгіреп, ес жия алмай жатқан елді жұқпалы дерт баудай түсіреді. Алдымен бір жылға созылған кірешілік жұмыстан аурулы болып, жұқарып келген Жақыпбек жығылады. Айтып келген ажал қойсын ба, есіл әнші 1918 жылы наурыздың 16-сы күні 23 жасында дүниеден өтеді. Жақыпбектен соң отыз жастағы үлкен ағасы Өмірбек, әкесінің немере інісі Берсімбек, шешесі Қымбат бірінен соң бірі сүзек дертінен опат болады…» – дейді (Қараңыз: «Жүсіпбек Елебеков». 23-24 беттер). Жүсіпбек өзін сарыауыз балапан кезінен баулыған, ән көгіне талпынтып, қанат серметкен баптаушысынан осылай айырылады.

Ерлан бұл жайттарға қатысы бар әртүрлі деректерге сүйене отырып, мынадай бір соны пайым жасайды: әнші1918-29 жылдар аралығында атақты Ғаббас Айтбаевтан да (1882 – 1929) шеберлік сабақтарын алған дейді (Қараңыз: «Жүсіпбек Елебеков». 56-58 беттер).

Жылдар өтеді. Семей өңірінде құрылған «Ес-Аймақ» атты өнер үйірмесі Жүсіпбектің талантын одан әрі шыңдай түсуіне зор ықпал етеді. Мұнда Абайдың жақсы көрген әншісі Әлмағанбетті, төкпе ақын Исаны, айтулы дарын Әмірені көреді. Бұрын бұл тұлғаларды сырттай білсе, енді жақын танысады, араласады. Олардың ән салу мәнерлеріне, нақыш-машықтарына куә болады. Жәй тыңдап қана қоймайды, көңіліне қаттай береді, қаттай береді. Өстіп тәжірибе жинақтап, орындаушылық шеберлігін қалыптай бастаған Жүсіпбектің өнер сүрлеуіндегі сонау кездегі әншілік балаң келбетін кітап авторы Ерлан Төлеутай Мұқатай Тоқжігітовтің мына дерегін айғақ қып, былайша таныстырып өтеді: «Жәрмеңкеге тігілген киіз үйлер қаз-қатар, көше-көше болып жалғаса береді, «Қымызшылар қатары» деп аталатын көшеде тартылған домбыра, гармонь, скрипка, айтылған ән толассыз естіліп тұрады. Бір күні бір қымызшының үйінен сыбызғының, не скрипканың дауысындай сызылған нәзік үн бізді ықтиярсыз тартып әкетті. Барсақ, үй толы жұрттың ортасында сұлу өңді келген қара торы жас жігіт домбырамен ән салып отыр. Сұрастырсақ, Жүсіпбек (Ол кезде жұрт оны Түсіпбек дейтін) екен. Біз таңғалдық, әні ғажап. «Пәлі, бұл бұл ма, мұның ағасы Жақыпбектің көмейінде «қоңырауы» болатын десті, жиналғандар» (Қараңыз: «Жүсіпбек Елебеков». 7-бет).

Жүсіпбекті Абай әндерінің бірегей насихатшысы дейміз. Оның дарақ тұлға шығармаларына құмарлануына, бірден-бір орындаушысы болуына негіз қалаған әуелгі түрткінің тарихын біле бермейміз. Ерлан еңбегінде мұны да бүй деп ашып көрсетеді: «Жүсіпбек бала жасынан Абай өлеңдерімен таныс болатын. Ол уақытта ел ішінде Абай кітаптары қат және өте құнды еді. Мәселен, Жүсіпбек дүниеге келген Сарытау болысында Абай өлеңдерінің жинағы бір-екі-ақ адамда болыпты. Оның бірі әншінің аталас туысы, ауылдасы Шыбынтайдың Рымбегінде екен. Рымбек палуан бұл кітапты бір жолы жолаушылап келе жатып, астындағы жалғыз атын түсіп беріп, айырбастап алған көрінеді. Осы деректен-ақ Абай кітабының қыр еліндегі даңқы мен құнын шамалай беріңіз. Рымбек палуанның астындағы жалғыз атына айырбастап алған осы кітап Жүсіпбекті Абай өлеңдерімен қауыштырды, болашақ әншінің данышпан ақынды ерте танып, біліп өсуіне ықпал етті. Ал Әлмағанбеттің жас әншіге жасаған қамқорлығы Жүсіпбекті Абай әлеміне қолынан жетектеп кіргізгендей әсер етті. Жүсіпбек Әлмағанбеттің бұл еңбегін асыра ақтады деп нық сеніммен айта аламыз. Оның дәлелі… Жүсіпбектің орындауында жеткен Абай әндерінің канондық нұсқалары дер едік. Абай мен Жүсіпбектің арасына доғадай иіліп, рухани көпір болған аяулы әнші 1932 жылы 62 жасында дүниеден өтті. Құдай рақмет қылсын Әлмағанбет Қапсәлемұлына!» (Қараңыз: «Жүсіпбек Елебеков». 32-33 беттер).

Қайталап айтамыз, Жүсіпбектің мықты әнші болып қалыптасуының түп тамыры осындай орталардың үлгі-өнегесінде, ұлттық тәрбиенің сабақтастығында жатыр еді. Ерлан Төлеутайдың осы еңбегінің құнын арттырып тұрған және бір жайт – Жүсіпбек ата Елебековтің өз баяндауымен әрқалай түзілген өмірбаяндық түпнұсқаның енгізілуі. Зерттеуші мұндағы күңгірттеу біраз нәрселердің басын ашып, жүйелепті. Соның біріне: «Қазақтың тұңғыш музыкатанушысы Ахмет Жұбанов өзінің Жүсіпбек Елебеков туралы еңбегінде әншінің 1927 жылдан бастап, 1928 жылдың қыркүйегіне дейін Түрксіб шойын жолын салуға қатысқанын, содан кейін аулына оралғанын, келген бетте ел ішінде жүріп жатқан кәмпескелеу науқанының үстінен түсіп, байлардың мал мен мүлкін тәркілеуге қатысқанын жазып қалдырған. Жүсіпбек те «кәмпеске» науқанына қатысқанын өз өмірбаянының екі нұсқасында да көтеріңкі баяндап өтеді. Себебі белгілі: «сапты аяққа ас құйып, сабынан қарауыл қараған заманда» неғұрлым өзіңді тапшыл ретінде таныта алмасаң, «үстем таптың» бітіспес жауы ретінде көрсете білмесең – кеңес жендеттерінің қанды шеңгелінен аман қалуың екіталай. Сондықтан Жүсіпбектің мұнысын чекистердің көңілі үшін жазылған көз алдау деп ұққан жөн», – деп тұжырым жасайды (Қараңыз: «Жүсіпбек Елебеков». 47-бет).Өз қолымен 1936 жылы толтырған өмірбаянындағы кісілер есімін Жүсіпбектің кейін1939 жылы қайта жазғанында атамауы ол адамдардың НКВД күдігіне ілінуінен, әншінің содан сақтанған әрекеті дейді. Өйткені Әміре де, Қабыш әнші де қудалауға ұшыраған адамдар. Осы тұста ескерте кетейік, Е.Төлеутай Жүсіпбек Елебеков өмірбаянында Қабыш әншіні Қалыш деп әдейі бұрмалаған болар, әлде машинкамен теру кезінде кеткен орфографиялық қате дейді. Біздіңше, зерттеушінің Қабыш деген болжамы шындыққа бір табан жақын, қисынды. Жай біреу болса Әміремен қатар атамас еді ғой. Сондай-ақ, әншінің пароходта жұмысшы болғаны 1924-26 жылдар аралығы деп нақтылайды. Түрксіб темір жолын салуға да қатысады.

Жүсіпбек Елебековті 1931 жылы қазақтың астанасы – Алматыға алып келіп, кәсіби әншіліктің жолына біржолата түсуіне Орынбек Беков себепкер болады. Ол сол кезде театр директоры екен. Осы бір тарихи сәттегі деректі де Ерлан Төлеутай былай деп таңбалапты: «Көп ұзамай Орынбек Беков Жүсіпбекті театрға қабылдау үшін тыңдау сынағын ұйымдастырды. Жүсіпбек басына жеңіл пұшпақ бөрік, үстіне жағасы мен жеңіне құндыз ұстаған пұшпақ ішік, аяғына саптама етік киіп шықты. (Жүсіпбектің дәл осы киімімен түскен фотосы сақталған) Жүсекең орындайтын әндерді Қалибек хабарлап тұрды. Ә дегеннен Біржан салдың әнінен бастаған Жүсіпбек Жарылғапбердінің «Ардағын», Ақан серінің «Майдақоңыры», Естайдың «Жайқоңыры», Жаяу Мұсаның «Сапары», халық әні «Сұржекей» сияқты бірнеше әндерді айтты. Бұл 1931жылдың 20 мамыры еді. Осы күннен бастап, Жүсіпбек Елебеков Қазақ мемлекеттік драма театрына әртіс болып қабылданды» (Қараңыз:«Жүсіпбек Елебеков». 51-52 беттер).

Бұл – Орынбек Бековтің қазақ өнеріне сіңірген ұшан-теңіз еңбегінің бір үлесі ғана. Асыл азамат 1937 жылы 20 мамырда қызыл фашизмнің нақақ құрбаны болады. Артында қалған ұрпақтары қазір Қарағанды облысы Шет ауданында тұрады дейді.

Пікіріміздің арқауы – «Жүсіпбек Елебеков» атты бұл еңбектің берер тағылымы, ақпараты мол болу үшін зерттеуші Ерлан Төлеутай көп тер төгіп жұмыстанған. Оның осы кітапты жазу жоспарымен һәм «Хабибаның Жүсіпбегі» атты деректі фильм түсіру мақсатында «ат арытып, тон тоздырып» Жүсіпбек атаның кіндік қаны тамған атақонысы, бүгінде ел көшіп құлазып қалған сонау ит арқасы қияндағы Қарабейітке баруы сөзіміздің нақты айғағы. Бүй деп баяндайды бұл сапарын автор: «…Алдымызда мұнартып Шет шоқы, Орта Шоқы көрінсе, одан әрі Қойтастың сұлбасы қарауытады. Қойтасқа күн көтеріле жеттік. Келе қолатты, қойнаулы өлкені түре сүзуге кірістік. Ісіміз нәтижелі болу үшін шашырап жатқан төбелерді беталбаты, жөн-жосықсыз кезе беруден сақтанып, өзімізше әдіс қолдандық. …Мен көлік жүргізушілерге балақ төбелерді пұшпақтап арылтуды ұсындым. Жоқ іздегенге бұл таптырмайтын тәсіл. Сөйтіп, төбенің айналасын белгілі бір жүйемен кезіп, адақтай арылта бастадық. Қойтастың айналасы жиырма шақырым шамасында ма деп қалдым. Әр қойнауына сұғына кіріп, қайта шығамыз. Күн еңкеюге айналды. «Қарабейіт» таптырар емес… Әйтсе де, «қайтсек те табамыз» деген сенімнің күшімен алға ентелеп келеміз. Осылайша бір жатаған төбені айналып, келесі қуысқа кіре бергенімізде, қарсы алдымыздан «Қарабейіт» жарқ ете түсті. «Дәл өзі, осы», – деп Сырым қарт айқайлап жіберді. (Сырым Әбішев – Жүсіпбектің жиені. – Б.К.) Көзінен ыршып-ыршып жас та шығып кетті. Таяп келіп жапырласып көліктен түстік. Бейітті айнала көріп жатырмыз… Бұл бейітке Жүсіпбектің бабасы Қарабатыр, атасы Балғабай, анасы Қымбат, әнші ағасы Жақыпбек, тағы да бірнеше кісі жерленген көрінеді. Отырып, аруақтарға Құран бағыштадық. Сіркіреп жауын жауа бастады. Оператор зыр жүгіріп барлығын түсіруге үлгеріп қалуда. Бейіт басында жарты сағаттай аялдадық. Енді ескі жұрттың орнын табу қалды. «Енді ол оңай, – деді Сырым қарт, – қазір мына қуысқа бойлай кірсек болды, ескі жұртты табу қиын емес». Расында солай болды. Қуысты бойлай сәл жоғары шыға бергенде ескі жұрттың орны көзімізге оттай басылды… Ескі жұртты аралап көріп жүрміз. Шикі кірпіш пен таудың тасын араластыра қаланған тоқал үйлер. Көбісінің қабырғалары құлап қалған. Жермен жексен болып шөге түскен…» (Қараңыз: «Жүсіпбек Елебеков». 187-189 беттер).

Ерлан осы көріністерді құр баяндап қана қоймаған, суретке түсіріп, «Жүсекеңнің жұртында», «Жүсіпбек туған үйдің орыны» деген атаулармен фотоларын кітапқа енгізген. Өнер тарихы үшін зор мәні бар. Жақсы, енді бұл тұрғыдағы шолуымызды осы тұстан қайырайық. Басылым беті шектеулі ғой. Жинақта қозғалған басқа жайттарға ойысайық.

  1. «Қанатталды» әнінің авторы – Сәтмағанбет!

Қазақ әндері тарихын былықтырудағы бар бәле «ғалым» атын жамылған дүмшелердің бір кезде Қаратай Биғожин деген біреудің астына ауыз әдебиетінің жанашыры деп көпшік қойып, жүгенсіз бейбастағына жол беруден басталған-ды. Ол XIX – XX ғасырларда ғұмыр кешкен композиторлардың шығармаларын, халық әндерін 70-жылдардың ортасынан бастап, ешкімнен именбестен, нақты дәлелсіз сайда саны, құмда ізі жоқ әлдебір «сал-серілерге» таңа бастады. Солардікі еді деп. Өтіріктеріне сендіру үшін теліген өлеңдердің шумақтарын өзгертті, әуелгі нұсқасы осылай еді деп. Бағзы заманнан жеткен сөз саптаудың әдемі қалыбын, тіл мәдениетінің тамаша үлгілерін бүлдірді, тарихты бұрмалады. Бейбастақ істеріне жұртты түгел иландырмаққа әрекет етті елдің бәрін өзіндей көріп. Өресінің төмендігінен. Әрине, дұрыс пен бұрысты айыра алатын көкірегі ояу, көзі ашық жандар да  бареді. Солардың бірі – өнертанушы, әнші Ерлан Төлеутай. Оның ендігі сөзі Жүсіпбек ата Елебеков жеткізген халық шығармаларының бұрмалануы хақында.

Академик Ахмет Жұбанов  дүйім қазаққа жақсы таныс «Замана бұлбұлдары» атты еңбегінде былай деп түзіпті: «…Жүсіпбек отырар-отырмастан жан-жақтан «Қанатталды-Қанатталды» деген дауыстар шықты. …«Қанатталды» алдында әннің контактсінде бар ма, жоқ кейін орындаушылар қосты ма, жоғары нотаны айқайлап алу бар екен. …Мұнда салған жерден үлкен толқу – тынышсыздық, серпінді ішкі қозғалыс бар. Өлең шумағының алдыңғы екі жолы бойы тынбастан толқын атқан дыбыс дауылы, үшінші жолдың басында басылғандай болып, бірақ тағы жоғары тырмысады. Алдыңғы аласұрудан шаршаған ән қанаты, енді бұрынғыдай самғап жоғары ұшатын әлі болмағандай, тек тауықтың ұшатын биігіндей көтеріліп, қайта «жерге» түседі. Әннің аяғында дауыстың төменгі регистрінде «қорытылатын» бөлігінің әсері айта қалғандай. «Қанатталды» дейтін сөз алдындағы әннің уілдеп, сахнадан тек әншінің әлі де дыбысты үзбегенін ернінің қимылы мен домбыраның сүйемелінен ғана білесің. Әлден уақытта бұлттан шыққан күндей әншінің дауысы есітіле бастап, үзілместен «Қанатталды!» деген сөзге келіп жалғасады… Біз болсақ сотто воче (жарты дауыспен айту) дегенді кітаптан оқып, бірақ оның қазақтың халық әншісінің орындауынан есітеміз деген ойымыз болмайтын. Сол себепті ме, Жүсіпбектің әншілігі басқадан ала-бөле артық көрінді» (Қараңыз: А.Жұбанов. «Замана бұлбұлдары».– Алматы: «Жазушы», 1975 жыл, 372-373 беттер).

Бәсін Жүсіпбек Елебеков биіктетіп, шедеврге айналдырған осы «Қанатталды» шығармасы турасында Ерлан Төлеутай: «Аталмыш ән Жүсекеңнің ең сүйіп салған әні болуымен қатар, басынан дау арылмай келе жатқан шығармаларының бірі. Сондықтан осы еңбегімізде «Қанатталды» тарихына арнайы тоқталып, ән жайындағы азды-көпті деректерді саралай келе, өз байламымызды айтпақшымыз. …ән жөніндегі аңыз бен ақиқатты ажыратуға, ең бастысы, «Қанатталдының» кімнің әні екенін анықтауға талап қылып, талпынып көрейік», – деп ой қозғай отырып, ақиқатты індетуге көшеді. Ол қазақ музыкасы тарихының аса білгірі, академик А.Жұбановтың: «Арқаның белгілі әншісінің бірі – Сәтмағанбет. …Сәтмағанбеттің дауысы күшті болған, жоғары тенор болса керек. …Ыбырай дегеннің Рабиға атты қызына арнап «Қарға» деген ән шығарады. Қоянды, Атбасар, Қараөткел жәрмеңкелерінде ән салады. Сәтмағанбет Ғазез, Қапаш, Жаяу Мұса әншілерді көрген. 1914 жылдары бірнеше айтыста болады», – деген деректерін келтіреді (Қараңыз: «Жүсіпбек Елебеков». 90-91 беттер). Бұнымен шектелмейді, жазушы Сапарғали Бегалиннің де: «Ел ішінен естіп өз көкейіне қонған кербез де келісті, өршіл де ойлы әнді Жүсіпбек аса құбылтып әкетті. Бұл әннің о басындағы авторы Сәтмағанбет есімді сері жігіт екен дейді білетіндер. Бірақ ән иесінен ажырап, ел аузында ескерусіз жұрнағы жұлмаланып жүрген кезде Жүсіпбек кездесіп түрлентті…» – деген пікірлерін куәлікке тартады. Бұдан соң жазушы Естай Мырзахметовтің бүй деген мәліметтерін және ұсынады: «…әйгілі «Қанатталдыны» ауызға алайық. …Ол елі еркелетіп Сәтжан атаған Сәтмағанбет әншінің әні ғой. Сәтмағанбет… Сүйіндіктің бір тармағы Төртуылдан тарайды», – депті ол (Қараңыз: «Жүсіпбек Елебеков». 90-92 беттер).

Ақырында Ерлан Төлеутай «Қанатталды» әні турасындағы бұл мағлұматтардың нақты шындық екенін бұлтартпас мына дерекпен былай деп бекітіп тастайды: «…Қарағанды қаласында Қосымжан Бабақовтың (белгілі әнші Рәбиға Есімжанованың ағасы.– Б.К.) баласы Мұхамедия ақсақалмен жолығудың сәті түсті. Мұхаңның мамандығы суретші… Иса Байзақов, Қали Байжановтай ұлыларды, әкесінің замандастарын тегіс көрген. …Айтары жоқ, көп әңгіме жазып алдық. Иманды болғыр, сол кісі «Қанатталды» жайында былай деп еді: «Мұны әкем ақ қашып, қызыл қуған заманның әні деуші еді. Шығаруын Сәтмағанбет шығарған. Бірақ бертін келе әні де, сөзі де тым өзгеріп кетті. Әсіресе сөзі көп жұлмаланған». Содан кейін: «Әкем былай айтушы еді», – деп «Қанатталдының» мүлде тосын сөздерін жазғызды:

Ғашықтық – бір ыстық күн желі тымық,

Басына түскен жанның көңілі сынық.

Қаратпас бай-жарлының шамасына,

Адамды желіктірсе жігіт шілік.

Бұрынғы қолдағы істің бәрі қалды,

Біртіндеп төл мінезді заман азды.

Асылзат шаһибаздар шабыт таппай,

Шөлге ұшып, сайын далада қанат талды» (Қараңыз: «Жүсіпбек Елебеков». 129-130 беттер). Қазіргі күні қолданысқа түсе бермейтін образды сөздер оқыған адамның көңілін еріксіз аударады.

Жүсіпбектің жамағаты Хабибаның куәландыруынша, «Қанатталдының» мәтінін қайта жазған Орынбек Беков екен. Бірақ оның жаңалаған шумақтары большевиктік көзқарас тұрғысынан сынға ұшыраған соң, ән сөзі тағы да өзгертіліп, қазіргі нұсқасы шығарылған. Ол былай болып келеді:

Гүл бақша көңілді бір әдемі әнді,

Тілейтін бұлбұл едім сайрағанды.

Ән шырқап, бой жаза алмай, шалқыта алмай,

Қалықтап қайран дүние, қанат талды.

Әнім еді сүйіп салған «Қанатталды»,

Бұл әнім балқытушы еді тыңдағанды.

Өмірден өз еркімше орын таппай,

Кейінге «Қанатталды» әнім қалды (Қараңыз: «Жүсіпбек Елебеков». 224-бет).

Сонымен жақсылар айтқан ақиқаттарға қайшылық тудырып, соңғы уақыттары «Қанатталдының» авторы болып жүрген «Сейітжан сал» жөнінде Е.Төлеутай мынадай тұжырым жасайды: «Сейітжан сал туралы, оның жалғыз әні «Қанатталды» жайында әнші Жәнібек Кәрменов ағамыздың 1990 жылы шыққан «Халық әндері мен халық композиторларының әндері» атты екі томдық кітабының бірінші томында жарық көрген еді… Кейін университет қабырғасында оқып жүрген жылдары кітапта келтірілген кейбір деректердің өрескел қисынсыздығы көңілімізде сезік тудыра берген соң, күмәнді композиторлар жайында жазылған мәліметтер мен оларға телінген әндерді анықтау жұмыстарын қолға алдық… Арада аз уақыт өткенде Жәнібек ағамыздың құрастырған ән жинағындағы Сегіз серіден бастап, Нияз сері, Салғара Жанкісіұлы және «Қанатталдыны» шығарушы Сейітжан сал Көрпешұлы деген композиторлар мен олар шығарды дейтін әндердің жалған екендігіне дәйек болар деректер әр жерден андағайлай бастады… Жәнібек Кәрменов ағамызды да бұл іске шатылдырып, аталған «композиторлардың мұрасын» зерттеушінің ән жинағына кіргізуге «зор еңбек сіңірген» тағы да осы      Қ.Биғожин болып шықты. Бұл жайында …әншінің жұбайы Тоты жеңгеміздің аузынан естідік. Сейітжан сал есімі қазақ музыка тарихында мүлде кездеспейді. Жалғыз-ақ Қ. Биғожиннің қолжазбалары арқылы ғана баспасөз беттеріне шыққан…» (Қараңыз: «Жүсіпбек Елебеков». 92, 93, 99 және 131- беттер).

Осы жайттарды, Сәтмағанбет әнші жайлы баян етілген әлгіндегі мәліметтерді саралай келіп, зерттеушінің ойы мынадай тұжырымға саяды: «Қанатталдының» әу бастағы авторы – Сәтмағанбет. Әнді Жүсіпбек Рәбиғадан алған, ал Рәбиға атақты әнші ағасы Қосымжан Бабақовтан естиді. Қосымжан тікелей Сәтмағанбеттің өзінен тыңдап үйреніп, репертуарына енгізген. Ерлан Төлеутай деректерді жан-жақты сараптап, дұрыс қорытындыға келген. Таңбалаған жайттарға көз жүгіртіп отырған баршаңыз бұған өздеріңіздер де куә болып отырсыздар, мінекей!

  1. Әнші Тоқбайдың қасіретті ғұмыры

Қазақ небір зұлматты басынан өткерді. Большевиктер малын тартып алып, қисапсыз қырғынға ұшыратты. Қаншама шаңырақтың түтіні өшті. Одан қалды халық жауы деген жаламен атты, асты. Атамекенінен бостырды.«Елебек Жүсіпбеков» атты еңбегінде Ерлан Төлеутай қайғысы мол сол заманның уын ішкен, бүгіндері есімі ұмытылған Тоқбай әншінің бақытсыз тағдырына да тоқталады. Бейжай қалдырмайды. Оны былай деп таныстырып өтеді: «Тоқбайдың руы – Уақ.  Азан шақырып қойған есімі Жүсіп екен. Тоқбай Жұмағұлов 1882 Кереку уезінің Сейтен болысының Бөрлі аулында дүниеге келіпті. Тоқбайды әншілікке өзінің атасы баулыған екен. Ол жас шағынан атасымен бірге Бесқарағай өңірінің Сейтен, Бөрлі, Малыбай, Есілбай ауылдарын аралап ән салады. Тоқбайдың ұстазы Қайдар әнші де өз заманының беткеұстар өнерпазы болған деседі», – дейді (Қараңыз: «Жүсіпбек Елебеков». 135- бет).

Тоқбайдың әншілік дабысы туған жерінен асып, Ресейдің Новосібір, Кемер, Алтай өңірлерін жайлап отырған қазақтарға дейін жетеді. Шеберліктің шырқау шыңына көтерілген бұл уақыты қырық жас шамасы екен. Алайда оның қызық кешкен шуақты күндері қысқа болады. Сталиндік қызыл фашизмнің 1932 жылы әдейі ұйымдастырған аштығында алты баласы мен әйелі өледі. Жан сауғалап Барнауылға барады. Ауқатты бір адамның дүкеніне күзетші болып жұмысқа орналасады. Азын-аулақ жалақысына балалайка сатып алады. Соған қосылып құсалы көңілінің зарын төгеді, шерін тарқатады.

Ерлан Жүсіпбек Елебеков орындайтын әйгілі «Екі жирен» әнінің II түрін Тоқбайдікі дейді. Пікірінің жаны бар. Ұдайы тартқандықтан, оның үш ішекті орыс аспабының дыбыстық диапазонына, тембріне құлағы бейімделіп кетуінен болар, шығарма құрлымындағы әуездердің қайсыбір тұстары домбыра үнімен басқалай өзгеше өрнекте қабысатынына мұқият тыңдай отырып, көз жеткізуге болады.  Өйткені, сазынан мұң табы айқын аңғарылатын «Екі жирен» әнінің осы II түрі  Тоқбайдан тарағандықтан бұл нақыштар, бұл иірімдер соның сезімінен туған деп қабылдаймыз. Әнші жайлы Е.Төлеутай тағы бір дерек айтады: «1935 жылдан бастап Улан-Удэ филармониясында әнші болады. …1937 жылдары Тоқбай Улан-Удэ радиосында жұмыс істеп, үш жыл бойы тұрақты ән салған көрінеді. Әнші Монғолияда да өнер көрсеткен», – деп (Қараңыз: «Жүсіпбек Елебеков». 135- бет). Бірнеше жылдан соң атамекеніне оралады.

1939 жылы Жүсіпбек Тоқбайды Алматыға алып келеді. Филармонияға әнші қып орналастырады. Өкінішке қарай, жағдай жасалмағандықтан ол кетіп қалады. Одан көз жазып қалған Жүсіпбек 1960 жылы Бесқарағай жақта концерт қойып жүргенде, ойда-жоқта жол бойында кездестіреді. Осы бір қамкөңіл, басынан дәурені озған, шүйкедей шалға мейірімі түсіп, ықыласы қатты ауған, өнеріне биік құрметпен қараған Жүсіпбек Елебеков оның үнін, орындауындағы 26 әнді қазақ радиосының фонотека қорына жаздыртады. Тоқбай талантының бағасын атақты әнші атамыз зор көргенмен, өзгелер білмеді. Танымдары жетпеді. Тоқбайдың әуезді сол дауысын парықсыз әлдебіреулер кейін  түгелдей өшіріп тастапты. Фәнидегі баянсыз, қасіретті ғұмыры осылай аяқталады. Тек мынау өмірді қыз бейнесінде көріп, ғашықтық ынтамен көңілін жұбатып салған мұңлы, мәні терең «Екі жирен» әні (II түрі) қалды артында…

  1. Сөз түйіні

Айттық, Ерлан Төлеутайдың «Жүсіпбек Елебеков» атты еңбегінде қазақ музыкасы өнеріне қатысты соны мәліметтер мол қамтылған деп. Кітапта композитор Рамазан Елебаев пен Жүсіпбек Елебеков арасындағы достық қарым-қатынас, белгілі «Жас қазақ» әнінің туу тарихы егжей-тегжейлі әңгімеленеді. Сондай-ақ, шебер күйші Әбікен Хасенов жайындағы деректі баяндаулары да көп жайларға қанықтырады. Зерттеушінің бағзы заман композиторлары мен халық әндерінің мәтіндерін, ноталарын және авторларын дұрыс көрсетіп енгізуі үлкен жаңалық, қуантарлық жағдай. Кітаптағы топтастырылған суреттердің де өткен тарихтан біраз мағұлматтар берері анық, зерделей қарағанда. Бірқатарын атап өтсек,  «Жүсіпбек Елебековтің Қазақ драма театрына артист болып қабылданған күні. 20 мамыр, 1931 ж.», «Қарқаралыдағы «Қоңыр клубы»,1921 ж. Осында Ә. Қашаубаев, Қ.Байжанов, Майра әнші, Ж.Елебеков және т.б. әншілер өнер көрсеткен», «Қарқаралы қаласының жалпы көрінісі. Тамыз, 1911 ж.», «Тоқбай әнші мен Жүсіпбек», «Ауыл қарттарымен әңгімелескен бір ғанибет», «Қарабейіт. Мұнда Жүсіпбектің атасы – Балғабай, анасы – Қымбат, немере ағалары: Жақыпбек әнші, Өмірбек және басқа да жақын туыстары жерленген», «Жүсіпбек баурайында ән шырқаған Айыртас шоқысы» деп анықтамалары қоса жазылып берілген фотолардың әсері мол. Тағы бір жағдай, әншінің төл шәкірттерінің тізімі көрсетілген, архивтік құжаттар енгізілген. Бұлар – жүсіпбектануда атқарылған тағылымы үлкен мәнді істердің бір дәлелі.

Еңбекті оқи отырып және аңғарғанымыз, сөйлемдер шұбалаңқы емес. Жинақы тілмен баяндалған. Бос сөзділіктен ада. Тұжырымдары анық, дәл. Пайымдарын құр долбармен айтпайды. Нақты дәлелдерді тірек қылып, ғылыми қорытындыға келеді…

Пікірімізді осы тұстан үзбекпіз. Бізді тұсап отырған басылым беттерінің шектеулілігі. Әйтпесе айтарымыз әлі де көп еді. Ерлан Төлеутайдың «Жүсіпбек Елебеков» атты бұл еңбегіне кейін қайта айналып соғамыз. Танымы – терең дүние!


Бөрібай  КӘРТЕН,

Ғарифолла Құрманғалиевтің шәкірті

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ