Қымызмұрындық дәстүрі жаңғырды

0
350

Алматы облысына қарасты Ұзынағаш елді мекеніндегі Аңсар қазақ ауылында қазақтың байырғы дәстүрінің бірі – қымызмұрындық тойланды. «Дәулет» және «Аңсар» шаруа қожалықтары бірлесіп ұйымдастырған игі шарада ұлттық тағамдар дастарқанға жайылып, ақшаңқан киіз үйлердің ауласында ән мен күй қалықтады. Қымыз бен қымыран ішіп, қызара бөрткен жастар ұлттық ойындардың да көрігін қыздырды.

«Аңсар» шаруа қожалығының дирек­торы Қайрат Махановтың айтуынша, ша­раның мақсаты – ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып­тарымызды дәріптеу, ұмыт бола бастаған ұлттық құндылықтарымызды жаңғырту, ұлттық спорт негізінде салауатты өмір салтын насихаттау, халықтық ән-күй арқылы жас ұрпақты ұлттық тәлім-тәрбиеге баулу, ата кәсібіміз – мал бағудың, қымыз бен қымыран өндірудің қыр-сырымен таныстыру, ұлттық тағамдарды ұлықтау. Қы­мыз­мұрындыққа арнайы келген биология ғылымының докторы, профессор, қымыз-қымырантанушы Зұлқарнай Сейітов пен ақын, этнограф Қажытай Ілияс жиналған қауымға қымыз бен қымыранның денсау­лыққа пайдасы турасында әңгіме айтты. Қымыз бен қымыранның әзірлену технологиясы таныстырылғаннан кейін белгілі ақын Есенқұл Жақыпбеков бастаған ауыл тұрғындары: «Сауар көп болсын, ақ мол болсын, көкке аузы тиіп, бүйірі шыққан малымыз аузымызды ақтан айырмасын», – деп тілек тіледі.

Алматыдан барған Жола­ман Құжиманов, Еркін Нұрханов, Ерлан Төлеутай, Жасұлан Сақаев, Болат Құсайы­нов сынды әншілер мен Сәрсенғали Жүз­баев тәрізді шертпе күйдің шебері өз өнер­лерін ортаға салса, ауылдың алты ауы­зы ретінде аудандық жас айтыскер ақындар өзара айтысып, әжелер ансамблі ән шыр­қады. Ұлттық киімдер киген жастар алты­бақан құрып, түрлі ойын-сауық өткізді.

Қыз қуу, кір көтеру, арқан тартыс сияқты ұлт­тық ойындар орын алды. Шара соңында «Дәу­лет» шаруа қожалығының директоры Өтеміс Маханов келген сыйлы қонақтар мен өнерпаздарға шапан жауып, сый-сыя­пат тарту етті.

Зұлқарнай СЕЙІТОВ, биология ғылымының докторы, профессор, қымыз бен қымыранды зерттеуші:

– Түркілерге жақын якуттар жүйелі түрде қымыз өндірумен көптен бері айналысады. Олар қымыз туралы арнайы заң да шығарған. Немістер сол бағытта қарқынды дамып келеді. Немістер бие сүтін бала тағамы ретінде қолданады. Оның өзі тамаша! Герма­нияға барған балам дүкендердегі бие сүтінен жасалатын бала тағамдарының түскен бетте сатылып кететінін айтып келді. Бие сүтін бала тағамы ретінде Ре­сейдің де алты облысында қолда­нады.

Қажытай ІЛИЯС, ақын, этнограф:

– Қымызмұрындық құлын қарақұ­лақ­танып, көкке тойып, топырақ қызып, тобылғы бүрленгеннен кейін жасалады. Себебі құлынды ерте байламайды, қат­па болып қалады. Қымызмұрындық ел жайлаудан түскенше жалғасады. Тамыз айына дейін қымызмұрындықты бере береді. Бір ауыл қымызмұрындық жасап отырса, басқа бие байлап отырған адамдар бір-бір саба қымызын, бір-бір малын өңгеріп, бір-екі кісіден келеді. Сол ауылдың қымызмұрындығы өткен­нен кейін келесі ауыл шақырады әлгі топты. Қымызмұрындық деген – осы.


Арман ӘУБӘКІР

ПІКІР ҚАЛДЫРУ