Қыздарға әсемдік жарасады

0
225

Қазақ әйелдері ежелден киімнің тәуірін киіп, әшекейдің асылын таққан. Қазақ қыздарының әшекей бұйымдары сәндік үшін, бой түзеп, сән-салтанатпен жүруі үшін ғана қызмет етіп қоймай, сондай-ақ ізін қуған сіңлілері мен қыздарына мұра болып асыл қазынадай сақталған. Бұнымен қоса әшекей бұйымдарды тағудың да өзіндік тәрбиелік мәні мен маңызы бар. Қыз бала 4-5 жасынан бастап-ақ сәнмен бой түзеп, қолына бала білезіктер, құлағына сырға, камзолына жиектей күміс құймалар таққан. Әйел әшекейлері тек сән-салтанат үшін ғана емес, әдет-ғұрып, наным-сенімге де тікелей қатысты болғандықтан, кез келген әлеуметтік ортаның өкілі өз хал-қадірінше әртүрлі әшекейлер тағуға тырысқан. Сондай-ақ, таққан әшекейіне қарай әйелдің жасын, әлеуметтік тобын, қай аймақтан екендігін ажыратуға болады. Мәселен, ауқатты отбасынан шыққан әйелде бағалы тастардан көз салынған, алтынмен апталған әшекейлер мол болады. Олар күрделі көркемдік шеберлікпен, техникалық жағынан мінсіз орындалуымен ерекшеленеді. 

Зергерлік әшекейлердің саны мен сипаты әйел жасына орайлас келеді. Мәселен, пішіні жағынан кіші, қарапайым әшекейлерді жасөспірім қыздар тақса, ал қыз бойжеткен сайын ол таққан әшекейлер өзгеріп, көркемдік нақыштары күрделене, көбейе түскен. Ал тұрмысқа шыққаннан кейін әйел әшекейі біртіндеп азайып, жасына қарай басқа нақыштарға ауысады. Қазақ қыз-келіншектері жүзік, сақина, балдақ, құстұмсық жүзік, отау жүзік, білезік, жұмыр білезік, сырға, шекелік, шашқап, шолпы, шашбау сияқты әшекей бұйымдарын таққан.

БАУЫРДАҚ – үстіңгі тасы бес саусақты бірдей жауып тұратын жүзік. Негізінен Қазақстанның батыс өңірінде қолданыста болды. Жүзіктің бұл түрінің негізгі атауы – құдағи жүзік.
Құдағи жүзікті қыздың анасы құдағиына бір жылдан соң тарту ету үшін арнайы жасатқан. Бірақ барлық құдағиға бірдей мұндай дәстүрлі тарту жасалмаған. Құдағи жүзік – жаңа түскен келініне аналық мейірім шуағын төге білген парасатты құдағиларға ғана және құдандалы екі рудың бір-біріне ынтымағы үшін сыйға тартылатын дәстүрлі сыйлық. Екі саусаққа кигізілуінің өзіндік себебі де бар: екі елдің баласы тіл табысып, бір шаңырақ көтеріп, бір отбасыға айналды дегенді білдіреді екен. Ірге көтерген шаңырақтың босағасы берік, ғұмыры ұзақ болуын қос құдағи осы жүзіктей берік ұстап, көңіліміз күмістей таза, жарқырап жүрсін деген ниетпен тағылған. Оң қолының ортаңғы екі саусағына кигізгенде, төрт саусақ сыртын түгел жуық жауып тұрады. Зергерлік бұйымдар көбінесе асыл тастармен безендірілетін болған.
БЕСБІЛЕЗІК – аралары шынжырмен біріктіріліп жасалған білезік пен сақиналардан тұратын, екі-үш саусаққа қатар киетін сәнді әшекей түрі. Тас қондырылып, түрлі өрнектер бедерленген білезік тойнақпен бекітіліп, оған жалғанған үзбеге шынжырлармен 2-3 сақина байланады. Білезігі жалпақ болады, сақиналары құстұмсық, отау түрлерінде жасалады. Үзбесі қол үстінен өтетіндей. Алдымен сақиналары киіледі. Білезігіне кейде топса салынып, алып-салуға ыңғайлы етіп жасалады.
БЕСҚАСТЫ ЖҮЗІК. Үстіңгі жал­пақ бетіне бес жерден көз – асыл тас қонды­рылған бесқасты жүзік қазақы ортада таралған этномәдени мәнге ие, отбасы-некелік салтындағы құдалықта тарту орнында жүретін құдағи жүзіктің, сондай-ақ қос бауырдақты жүзіктің, адай жүзіктің ерекше бір түрі болып саналады. Бесқасты жүзіктің алақаны (саусақтың үстінде тұратын дөңгелек бөлігі) үлкен төрт саусақтың үстін жауып тұратындай көлемде болады. Оның астында екі-үш саусаққа қатар киілетін қос бауырдақ орналасады.
БӨГІРЕ – ұстауға ыңғайлы, сәнді келген кішкене қолсандық. Мұндай сандықшаға әйелдер айна, тарақ, моншақ, алқа, жүзік сынды әшекей заттарын, сондай-ақ опа-далаптарын салып сақтайды. Ал бөгіренің үлкендеуіне мыжылып қалмас үшін бөрік, тақия сынды заттарды да салып қояды. Бөгіре ағаш тақтайшалардан қиюластырып жасалып, сыртына ою бастырылған қоңыр түсті терімен қапталған. Бұрыштары темірмен қапталып, қақпағының ортасына, жиектеріне құйма шытыралар айнала қондырылған. Қақпақ топсаларының бастырмасы үш өрімнен өрілген қайыстан, өткізетін бауы өріліп шашақталған бүлдіргіден жасалған.
АДАЙ ЖҮЗІК – екі, үш, тіпті төрт саусаққа бірден киетін, үстіңгі беті тұтас, дөңгелек болып келген зергерлік бұйым, төрт саусақты түгел жауып тұратын көлемі үлкен және салмақты тас қондырылған жүзіктің ерекше түрі. Кіші жүздің адай руының арасында кең таралуына байланысты ел арасында осылай атау қалыптасқан.
АҚЫҚ ТАСТЫ ЖҮЗІК – қымбат тас, жал­тыл­дап тұратын, түсі әртүрлі (қызғыл­ткүлгін, қызыл, күреңқызыл) түсті асыл тастан жасалған жүзік.
ӘЙКЕЛ – алтын не күміспен әшекейленген, қыздар мойнына тағатын алқаның көне атауы. Әйкелдің кейбір түрі қыздардың кеудесіне ілінетін алқа тәрізді етіп тігіліп, күміс ақша немесе асыл тастармен безелген зерлі барқыттан жасалады, сол иықтың үстіне түсіп, оң қолтықтың астынан түймеленеді. Байырғы ортада мұндай әйкелді сәндік үшін және тіл-көз тимесін деген мақсатта таққан. Әйкел үш бөліктен тұрады. Жоғарғы бөлігі мойынға моншақ сияқты етіп тағылатын екі қатар күміс шынжырдан құрастырылған. Екі қатар күміс шынжыр бір-бірімен күміс шығыршықтар мен екі қас арқылы байланысып қатар түзеді. Екі қастың ортасындағы үстіңгі күміс шынжырға он дана кереге көз салпыншақ, ал астыңғы күміс шынжырға сегіз дана кереге көз салпыншақ тағылған. Әйкел табақшасының үстіңгі бөлігі екі шеті екі қастан төмен салбыраған тойнақты күміс шынжырлар мен әйкел күмбезінің төбесіндегі шығыршығы арқылы үстіңгі бөлікпен байланысады. Әйкелдің негізі болып саналатын қақталған күміс тақта алақанының ортасына сіркелі ою-өрнек жүргізілген, сонымен қатар ортасында екі шетінен ашылып-жабылатын, сіркеленген төрт қасты түтік орнатылған. Ашпалы-жаппалы түтіктің ішіне дұға жазылған қағаз, тұмар салынады. Әйкелдің үшінші бөлігі күміс тақтаның астындағы және күміс түтіктің екі шетіндегі тойнақтармен байланысатын шынжырлы салпыншықтардан тұрады. Күміс салпыншақтар бір-бірімен шынжырлау (ілмектеу) арқылы бедерленген шаршы пішінді шытыралар, төменгі тұсында он төрт дана кереге көз салпыншақ, одан төменірек он бес дана күміс шынжырлы қозалармен әшекейленген. Бұл атау сол кездегі ақындар өлеңінде, жыр-дастандарда кездесіп отырады. Мәселен:
Ішкен асы асылдың
Тамағынан көрінген.
Қостан әйкел тағынған,
Жүз теңгелік опа-ендік
Екі бетке жағынған.
Жергілікті тілде алқаның мұндай түрінің әйкел көкірекше, қаза, омырауша, өңіржиек, т.б. атаулары кездеседі. Қадірлі атының жалына, ырысым деп білген малының мойнына, мүйізіне бірнеше әйкелден байлап, тағып қою арқылы тіл-көзден сақтануға болады деп түсінген. Оны әйкел-тұрман деп те атаған.
ДАН АЛҚА – билік дәрежесін айқындайтын лауазымдық белгі. Дан алқа дөңгелек пішінде жасалып, күміспен, алтынмен, басқа да түсті металдармен әшекейленеді. Алқа шеңберінің бір жерінен тойнақ (шығыршық) жасалып, оған шынжыр бекітіліп сол арқылы мойынға тағылады. Ертеде дан алқа билік ­лауазымы емес керісінше сәндік алқа түрінде тағылғанға ұқсайды. Қазақтың ескі жырларында:
Құбаған мұрын, қиғаш қас
Қызарыдан көйлекті,
Еңінде семсер ақ тісті,
Мойнында дан алқалы, – деген жолдар ұшырасады.
Атаққа ие болды дегенді «данға шықты» деп те айтқан. Ал бұл тіркес батыс өңірде «белгілі болып, атақ-даңқы шықты» деген мағынаны білдіреді. Дан алқа – ертеде қызметі, лауазымы жоғары адамдардың мойнына тағатын медальон, алқа тәрізді заты. Қазіргі тілімізде даңдайсу сөзінің құрамында айтылады. Сонымен, дан алқа ертеде лауазым, дәреже, атақ-даңқты білдіретін бұйымдардың бірі болған.
ДІЛДА АЛҚА – алтын алқа, алтын өңіржиек; алтын алқаның көнерген атауы. Ділда алқа таза алтыннан соғылып, қақталып та, алтыннан соғылған теңгелерден үзбелестіріліп те жасалған.
Атам атын айтайын,
Халқынан асқан Базарбай,
Қой ішінде марқадай,
Омырауда ділда алқадай.
БОЙТҰМАР – тіл-көзден, бәле жала­дан қорғайтын дұға жазылған қағазды сақтайтын құты, қалта. Шошып оянатын, ұйқысырайтын адамдардың киімінің көзге шалына бермейтін тұсына, жағасының астына немесе қолтық тұсына тігіп қояды немесе мойнына баумен тағады. Зергерлер мен кестешiлер түстi маталардан немесе терiлерден, үш бұрыштап немесе қиықшалап, iшiне дұғалар мен Құран аяттары жазылған қағазды салып қоярдай қуыс қалдырып, әдемi өрнектермен нақыштап бойтұмарлар жасаған. Сыртын өрнектеп, лажылап, сіркелеп, асыл тастардан көз салып әшекейлеген. Жетісу өңірінде бойтұмарды тастан да жасаған. Тұмар рөлiн атқарған әдемi алқалар да болған. Тұмардың бірнеше түрі бар: қиық тұмар – сәндік мақсатта мойынға тағылатын жалтырауық заттардан істелген тұмар; лағыл тұмар – лағыл таспен безелген тұмар; сіркелкі қолтық тұмар – бетіне сіркелеп өрнек салынған тұмар; алтын тұмар – бетіне алтын жалатқан, алтынмен әшекейленген тұмар; жастық тұмар – түсті металдан жасалған төртбұрышты көркем тұмар. Бұл тұмар түрлерінің бәрі адамның бойына тағылады. Бойтұмардың тағы бір түрі тұмарша деп аталады. Оны шебер зергерлер бұрыштап немесе жұмыр түтікше тәріздендіріп күмістен жасайды, мойынға іліп жүретін әсем бау тағады. Пәле-жаладан, тіл-көзден сақтайды және тіл-сұқ осы бұйымға ауады деп, тұмаршалардың «қасиетіне» табынған жұрт оны күмістен жасатып, сыртына неше түрлі зер жүргізіп, алтынмен булатқан. Өңіржиек, сырға, тұмар сияқты бұйымдарға салбырап тұратын салпыншақ әшекей тағылған.
ҚҰСТҰМСЫҚ ЖҮЗІК – жүзіктің саусақ ұшына қарайтын жағы құс тұмсығы тәрізді сүйір болып келетін түрі. Құстұмсық жүзіктің бауырдағына дәнекерленетін үстіңгі бөлігін соқпа және құйма қалыппен (ондай қалып түрлерін жалпылама түрде «жүзік қалып» дейді) күмістен жасайды. Бетіне сірке жүргізіліп, қас қондырылады. Бұндай жүзікті ертеректе тұрмысқа шықпаған қыздар салған. Қалыңдық ұзатылғанда құстұмсық жүзігін сіңлісіне таққан немесе келін болып түскенде тарту ретінде қайынсіңлісінің қолына салған. Кейбір келіндер қыз күнінде таққан құстұмсық жүзігін сақтап қойып, кейінірек өзінің қызының немесе немересінің қолына салған. Басқаша айтқанда, құстұмсық жүзік анасынан қызына мұрагерлікке қалып отырған. Бұл жүзікті кейбір өңірде құсмұрын жүзік деп те атаған. Құстұмсық жүзіктің пішіні мен ою-өрнектері еркіндік пен бақыттың нышаны ретінде танылады. Ертеде ұзатылған қыз белгілі бір уақыттан кейін төркініне сәлемдеме жібереді екен. Сәлемдеме жер шалғайлығынан туған хабар алысудың бір түрі болған. Жазу-сызу болмағандықтан ұзатылған қыз өз жағдайын түрлі бұйымдар мен ою-өрнек арқылы білдірген. Сәлемдемеге құстұмсық жүзік келсе немесе құсты бейнелейтін оюы бар бұйымдар (тұскиіз, басқұр және т.б) келсе, төркін жұрты қыздың барған жерінде құстай еркін, бақытты өмір сүріп жатқанын түсінген.
МӨРЛІ ЖҮЗІК – дәстүрлі қазақы ортада хан-сұлтандардың, би, әскербасы сынды лауазымды кісілердің жазған хат-қағазын куәландыру үшін мөр басатын арнаулы жүзігі. Мөрлі жүзіктің көзіне оның иесінің арнаулы таңбасы құйылады. Ол таңба адамның аты-жөнін, қызмет дәрежесін көрсетеді. Өйткені жүзікке қондырылған асыл тас пен оның материалы, әшекейленуі таққан адамның әлеуметтік дәрежесін білдіреді. Жүзік атауының құрамындағы мөр сөзі араб тілінен (арабша муһр) ауысқан. Мөрлі жүзік оң қолдың саусағына тағылған. Мұндай жүзікті хат білмейтіндер мөр басуға пайдаланған. Лауазымды кісілердің мөрлі жүзік тағу салтының әсерімен кейінгі ғасырларда лауазымды емес, қарапайым адамдар да өзінің аты жазылған жүзік таға бастаған. Ол, әрине, мөр басу үшін емес, зергердің біреуге арнап соққан естелік ретіндегі жүзік болған.
БАЛДАҚ – алтыннан және күмістен сомдап соғылған немесе құйылып жасалған көзі жоқ сақина. Ертеректе балдақты көбінесе ерлер салған. Балдақ сақина эстетикалық мәнінен басқа оның иесінің әлеуметтік статусын айғақтайтын символдық функция да атқарды. Қазақта «Алтын балдақ қол сәні, әшекей кесте тон сәні» деген сөз бар. Сақиналарды түрлеріне қарай құс мұрын сақина, көзді сақина, қарала сақина деп атаса, ал балдақ тек алтын балдақ, күміс балдақ деп бөлінеді. Кеңес заманынан бастап жас жұбайлар некелесу алдында балдақ сақинаны неке суы құйылған тостағанға салып, неке суын ішіскен соң, ыдыстың түбіндегі сақиналарды алып, бір-бірінің оң қолының төртінші саусағына кигізеді. Бұл – Еуропадан Ресейге, Ресей арқылы қазақ арасына тараған рәсім. Жүзіктің балдақтан айырмашылығы – жүзікке асыл немесе жартылай асыл тастардан көз салынады.

ШАШБАУ, ШАШҚАП, ШАШТЕҢГЕ….

ШАШТЕҢГЕ. Шолпының күміс, алтын теңгелерден тізбелеп жасалған түрі – шаштеңге. Шолпы мен шаштеңге шашбауға ­немесе бұрымның ұшына байланады. Тәжірбиелі халық шолпы таққан қыздардың басы ауырмайды, шашы ұзын әрі сұлу, берік болып өседі, ерте түспейді деп жорамалдаған. Шолпы, шаштеңге таққан қыз-келіншек мезгілсіз жүрмейді. Өйткені күміс сыңғыры «айтып» қояды.
ШОЛПЫ – қыздардың бұрымға тағатын әшекейі. Шолпыны екі үзбелі етіп, күмістен соғады. Қақталған күмістен үш бұрышты немесе сопақша пішінді етіп жасалады да, ортасына асыл тас орнатылады. Төменгі үлкен тұмаршасының етегіне шынжырлап немесе үзбелеп соғып, сөлкебай тіркелген бірнеше салпыншақ тағылады. Ол баулары арқылы бұрымға қоса өріледі. Дәстүрлі қазақ қоғамында шолпының – көзді шолпы (асыл тас қондырылған), қозалы шолпы, қоңыраулы шолпы, шынжырлы шолпы, қос үзбелі шолпы, маржанды шолпы, меруертті шолпы, ақықты шолпы, т.с.с. түрлері мен атаулары кездеседі. Шолпыны о баста әйелдер қара ниетті тылсым күштерден қорғану үшін тағып жүрген. Халық адамның жарты жаны шашта болады деп, оны қорғау мақсатында шолпы, шашбау таққан. Кейде олардың салмағы 3 кг-ға жеткен. Шолпы жас қыздардың жүрісі мен бойын тік ұстау мәнерін қалыптастырған.
Қазақ әйелдері шашына шашбау, шашқап, шолпы, шаштеңге таққан. Мұндай әшекей бұйымдардың әйелдер үшін тәрбиелік мәні зор. Күміс немесе алтын теңгелер, тиын­дар қадалған шашбауды шолпы деп те атайды. Мәселен, шолпыны сән-әшекей ретінде, әрі оның салмағынан шаш ұзын болып өседі деп таққан. Кеудесіне өңіржиек, шашына шолпы таққан қыздың мойны құрықтай болып өскен, бойын тік ұстаған дене бітіміне көңіл бөлген. Қазақы ортадағы қыз тәрбиесінде шолпының маңызы зор. Алайда анасы қашанда қызына «қатты жүгірме, оқыс қозғалма, шолпың қатты сыңғырласа сені әдепсіз қыз дейді» деп отырған. Сондай-ақ қазақтар арасында шашқа тағатын әшекей бұйымдарға қатысты көптеген наным-сенімдер бар. Шашқапты бойжеткен қыздар мен келіншектер үй шаруасын істеген кезде киген, ол бұрымды шаң-тозаңнан, күн көзінен қорғайтын арнайы тігілген сәнді бұйым. Оны жас келіндер жүн сабау, киіз басу, ши тарту, мал сауу, т.б. жұмыстарға араласқан кезде, тазалық сақтау мақсатында да киген. Ол мақпал, шұға, барқыт, мауыты сияқты көк, қызыл, қара түстi маталардан тiгiлiп, желкеден белге жететiн етiп бұрымның жуандығына қарай пішіліп тігіледі, кестеленеді. Жоғары және төменгi жағынан ою-өрнекпен безендiрiлiп, зер, оқа, моншақпен әшекейленедi.

САҚИНА МЕН  ЖҮЗІКТІҢ КИЕЛІЛІГІ

Бір-біріне ұқсас болғанымен өзіндік айырмашылықтары бар: асыл тастардан көз қондырылғанын жүзік деп, тасы жоқ тек алтын, күмістің өзінен ғана көз шығарғанын сақина, көзі жоқ шығыр түріндегісін балдақ деп атайды. Жүзік пен сақинаның киелілігі мен қасиеттілігіне сенушілік – түркі халықтарына, басқа да Шығыс елдеріне көп тараған түсінік. Қазақ тұрмысында дайын­далатын ас адал болуы үшін әйелдің қолында міндетті түрде сақина, я жүзік болуы керек деп саналған. «Тамақ адал болуы үшін қолда жүзік болуы керек» деп келетін ел арасында сақталған сөз орамы осыған байланысты қалыптасса керек. Сол сияқты «Сақинаны сәнге салмайды, тазалыққа салады», «Сақина сәнге жатпас, айқай әнге жатпас» деген мақалдар мұның тек сәндік үшін емес, ғұрыптық қызмет атқарғандығын білдірсе керек. Сонымен бірге қолға салынған күміс сақина немесе күміс жүзік, дәстүрлі наным-сенім бойынша, гигиеналық функциясы да болды. Жас келіншек нәрестесін шомылдырар алдында, яки баланың жөргек-жаялығын жуар алдында оған сол үйдің үлкендері (енесі не абысыны) «қолыңа сақина салып ал, (ол) тазалыққа тән болады» деп ескертіп отыратыны ауылды жерлерде әлі күнге дейін кездеседі. Олай болса, нәрестені қырқынан шығарғанда оны шомылдыратын суға алтын немесе күміс сақина, білезік салу дәстүрі оларды соған қатысып отырған әйелдерге сыйлық ретінде үлестіру үшін ғана емес, о баста осындай асыл бұйымдарды қасиетті санаудан, тазалыққа мән беруден шыққан.
Сақинаның ендігі бір этнографиялық мәні – оның таза сыйлық, сәлемдеме, кәде ретінде пайдаланылуы. Қыз жасауы буылып-түйілгенде, тең шешетін әйелдерге арнап оның ішіне әртүрлі әшекейлермен бірге сақинаны да міндетті түрде салып жіберу әдеті болған. Жүзіктер бұрын-соңғы дәстүрлер бойынша адамдардың бір-біріне сый-сияпат көрсету, сәлемдеме беру, естелік беруге пайдаланып келген бұйымдарының бірі болып келеді. Сәлемдеме ретінде жүзік жастар арасындағы дәнекер қызметін атқарған.


«Ана тілі» газеті.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ