Қуыршақ серке шын серкенің орнын алмастыра ала ма?

0
279

Қазақтың ұлттық ойыны  – көкпар жақын арада реформаға ұшырауы мүмкін. Нақтырақ айтсақ, көкпаршылар серкенің орнына арнайы жасалған қуыршақты көкпарға салмақ. Бастаманы «KARE-Забота» жануарлар­ды қорғау қоғамдық қоры көтеріп отыр. Аталмыш мәселеге байланысты Денешы­нықтыру және спорт агенттігіне сауал жі­бер­ген қоғамдық қор агенттіктен жауап алып та үлгеріпті. Аталмыш қордың ресми сайты таратқан мәліметке сүйенсек, агент­тік оларға: «Бұл мәселеге байланысты амал­­дар қарастырылуда. Тіпті еліміздегі белгілі кәсіпорындардың біріне серкенің нақпішіні боларлықтай қуыршақ муляжын жасап шығаруға тапсырыс беріп те қойған екен. Енді бұл муляжды көкпаршылар осы жылдың екінші жартысында іс жүзінде тексеріп көрмек» деген сынды хат жол­даған.

Айта кетейік, негізі, көкпарда серкені жансыз қуыршаққа алмастыру мәселесі бұған дейін де біраз талқыланған. Тіпті 2008 жылы серкенің нақпішін қуыршағын Пәкістанда арнайы тапсырыспен жасатқан екен. Бірақ тәжірибе сәтсіз шыққан. 2010 жылы да спорт шенеуніктері осы мәселеге қайта оралған. Бірақ шымкенттік өндіру­шілердің де жасап шығарған қуыршақ сер­­кесі сапасыз болған. Атап айтсақ, көк­паршылар бұл қуыршақтарды иілгіш, созылғыш емес, өз қалпын жоғал­тып, сынып қалады, бір сөзбен айқтанда, көк­парға жарамсыз деп тапқан болатын.

Дегенмен, мамандардың айтуынша, көкпарда серкені нақпішін қуыршағына алмастыру мәселесі «KARE-Забота» жан­уар­ларды қорғау қоғамдық қоры өтініш білдірмей тұрып-ақ көтерілген екен. Мұндағы басты мақсат – көкпарды әлемдік деңгейге шығару, Азия ойындарының бағдарламасына қосу, тіпті болашақта Олимпиада ойындары бағдарламасына енгізу. Ал Еуропада жануарларды қорғау, жалпы табиғатты қорғау қорлары көкпарда серкенің тартыс-таласқа түсіп жат­қанына бейжай қарап тұра алмасы белгілі. «Сондықтан егер біз көкпарды Азия ойын­дарының бағдарламасына қосқымыз келсе, онда спорттық көкпар ойынының ере­жесін бекітуіміз керек. Және де серкені муляжға алмастыруға тура келеді» дейді аталмыш саланың мамандары. Осы орай­да, «көкпарды жазғы Азия ойында­рының бағдарламасына қосу мүмкін бе?» деген заңды сұрақтың туындайтыны сөзсіз. Азия ойындарының регламентіне сүйенсек, дүбірлі додада спорт түрі ойнатылуы үшін кем дегенде төрт команда қатысуы керек екен. Енді санайық. Бізде көкпар бар, «улак тартыш» деп аталғанымен қырғыздар мен өзбектерде де спорттың бұл түрі кеңінен дамыған. Тәжіктерде көкпар «бузкаши» деп аталады екен. Моңғолдар да көкпар тарты­сатыны белгілі. Тіпті ғалымдар мұ­хиттың арғы жағындағы Аргентина елі­нің өзінде де көкпарға ұқсас спорт түрі барын анықтап, өз еңбектерінде жарыса жазуда. Демек, егер ұлттық ойынымызды халық­аралық аренаға шығарғымыз келсе,  әлгін­дей өзгерістерге мойынсұнуға мәжбүр­міз.

Нұрдәулет МОМЫНОВ, көкпаршы, «Әулиеата» көкпар клубының директоры:

– Қайта-қайта серке сойып жатпас үшін мұндай муляж тек жаттығу кездерінде ғана керек. Ал кәдімгі додаларда жансыз қуыршақты көкпарға салмаймыз ғой. Қызығы болмайды. Дегенмен бұл Еуропаға жол ашылуы үшін жасалып жатқан нәрсе ғой. Бірақ оған дейін әлі талай уақыт бар. Халықаралық аренаға бір күнде шығып кете алмаймыз. Сондай-ақ «серкені қинап, қорлап жатсыңдар» деп байбалам салып жатқан жануарларды қорғау қоғамдық қор­­ларына айтарым: көкпаршылар серкені қинамайды. Оны кәдімгідей халықтық салт­­пен бата жасап бауыздайды. Сосын көк­парға түскен серкенің еті дәмді болады. «Бала көтере алмай жүрген келіндерге осы көкпарға түскен серкенің етін жегізсе, келіннің аяғы ауыр болады» деген сенім, ырым бар. Бәрі де қазақтың салт-дәс­түрлері ғой. Біз өз дәстүрлерімізден аттап кетіп жат­қан жоқпыз.

Сәдібек ТҮГЕЛ, Ұлттық ат спорты фе­де­рациясының президенті:

– Иә, жалпы, бүгінде көкпар ойынын үлкен өзгерістер күтіп тұр. Оны дала көк­пары, спорттық көкпар деп екі түрге бөлгенбіз. Дала көк­парында өзіміздің бүкіл дәстүрлеріміз сақталып, ас, той кездерінде серке сойы­лып, кәдімгі үлкен көкпар өте береді. Ал егер біз осы ұлттық ойынымызды халық­аралық аренаға шығарғымыз келсе, онда стадиондарда да көкпар өткізуді қолға алуы­мыз керек. Мәселен, Қырғыз­станда көкпар билет сатылатын жалғыз ғана ойын түрі екен. Ол жақта бір ойынға 10 000 билетке дейін сатылады. Тіпті 5000 адам стадионға кіре алмай да кетеді екен. Ал біз бүгінде көкпарды халық­аралық деңгейде Еуропа жерінде өтетін­дей жол­дарын қарастыруда­мыз. Бірақ егер Еуропа жерінде серке сойып, көкпар тартсақ, онда жануарларды қорғау қоғам­дық қорлары жағамыздан алары сөзсіз. Сондықтан Еуропа алаңына жол тарту үшін серкенің нақпішін муляжын жасап жатыр­мыз. Оны тараздық ағайынды жігіт­тер өз қолдарына алды.

Рамазан САТТЫБАЙ, ҚР Ұлттық спорт түрлерінен мемлекеттік жаттықтырушы:

– 4-5 сәуірде Астанада Ұлттық спорт түрлерінен республикалық семинар өткен. Сонда осы мәселені де талқылағанбыз. Өр­кениетті елдердің барлығында әртүрлі қоғамдық қорлар бар. Олар біздің кез келген көкпарда серкені бақыртып бауыз­дап, оны талас-тартысқа салғанымыз­ды құп көрмейді. Сондықтан біз тура сол серке секілді муляжды жасауға тапсырыс бердік. Оның салмағы да, терісі де – бәрі шынайы көрінетін болады. Тіпті тірсек, қа­бырға, омыртқа, мойын – бәрі де шынайы көрі­нетіндей етеміз. Тақымға қыс­қанда да қатқан ағаштай емес, серке секілді созы­латындай болуы тиіс. Бүгінде мал тұр­мақ, адамның да таза көшірмесін жасап жатыр ғой. Яғни мұндай қуыршақ серкені жасап шығару еш қиындық тудыр­мас. Мұндағы мақсатымыз – осы ұлттық ойы­ны­мызды дала көкпары және спорттық көкпар деп бөліп, спорттың осы түрін Азия, Олимпиада ойындарының бағдарла­масына енгізу ғой. Ал дала көкпары еш өз­геріссіз қала бермек. Осыған байла­ныс­ты өзім куә болған бір қызықты ай­тайын. Шымкентке көкпарды көруге қонақ болып екі-үш қытайлық азамат келген екен. Сонда 2-3 мың адамның атпен шапқанын көріп: «Сіздердің аз болған­дарыңыз қандай жақсы болған. Біз сияқты көп болсаңыздар, атпен-ақ әлемді жаулап алады екенсіздер ғой» деп басын шайқаған еді.


Әзиз ЖҰМАДІЛ,

«Алаш айнасы».

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ