• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Uncategorized » СҰЛТАНМАХМҰТ ТОРАЙҒЫРОВ. Ұлағатты ойлар.

    СҰЛТАНМАХМҰТ ТОРАЙҒЫРОВ. Ұлағатты ойлар.

    Ана тілі – қайнаған қанның, қиналған жанның, толғантқан көңілдің, лүпілдеген жүректің сығындысы, онда дәм де, мән де болу керек.

     * * *

    Миллетке бек зор үміт – шәкірт халқы.

     * * *

     Байқаймысың, біздің қазақ ән құмар халық. Газет оқып, не шариғат, не насихат айта бастасаң, құлағын салар-салмас шеттеп кетеді. Біреу қолына домбыра ұстап ән сала бастаса, ойдағы-қырдағысы жиылып, сегіздегі бала, сексендегі шалына дейін қалмай қамалап, айтшы-айтшылап жанын жағасына келтіреді.

     * * *

     Молдалар! Жас балаларды ән үйренуге қызықтырыңдар! Жаңа шыққан елдердің жүрек жандыратындарынан үні жақсы балаларға ән салғызып қойсаңдар – ау! Шіркін, қандай өтімді! Өлең айтушы әнпаз адамдарды жұртқа есерсоқ деп көрсетпей, есті деп, қадірлі деп көрсетуге тырысыңдар…

     * * *

     Европа жұртының қазақ халіндей халінен – мыңдап жылдарды өткізіп барып жеткен осы күнгі біз сұқтанатын халіне – қазақтың жетуіне мыңдап, жүздеп жылдар керек емес, ондап, жиырмалап, көп болса отыздап жылдар керек. Европа халқының  көп жылда жеткен жеріне біз аз жылда жетеміз. Себебі: олардың даярлап салып қойған жолымен барамыз.

     * * *

    20-30 жылда Еуропаның білгенін біліп, Европа қатарына қосылып кете алуымызға тарихтан япондар мысал бола алса керек. Мұнан 58 жыл бұрын 1860 жылдағы япондар жайы – осы күнгі біздің қазақтың жайынан неменесі артық еді? Қайта ол кездегі япондардың есуасы болса да, атадан баласына мирас болып көшіп отырған – даймиос (Губернатор) шо гундеріндей (Наместник) кесел біздің қазақта аз еді.

    * * *

     Адам баласының ауыр күн көрістен құтылып, бақытты болуына  себеп болатын Европадағы ғылымды мен екі жікке айырып ұғамын, бірі – дене азығы, бірі – ар азығы.

     * * *

     Ар азығынсыз – құр өнердің өсуімен басқалардың бақытты бола алмағаны секілді келешекте қазақ та бақытты бола алмайды. Ілгері кеткен жұрттардың тарихының қатесін енді ілгерілейін деп тұрған жұрттар істесе, көре біле – отқа түскендік болады. Тарих ғылымының пайдасы да алдыңғының қатесін кейінгінің істемеуінде.

     * * *

     Ердің еңбегін ел білерлік заман бізге де болар ма екен? Біздің еңбекшілерімізге де сондай күн туар-дағы! Бірақ қашан, қашан? Қайда?

     * * *

     Бір тиыным қалғанша оқимын.  Сонан соң, тұрмыс қандай жүк салса да көтеремін. Бірақ көңілім оқуда болмақ.

     

     

     

    Leave a Reply

    x

    Check Also

    Бірлік – береке бастауы

    19 қазан  2018  ж.  Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасы мен Әл-Фараби атындағы ҚазақҰУ-нің  шығыстану факультетінің ...