• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Uncategorized » Бақытжан Сатершинов

    Бақытжан Сатершинов

    ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану жəне дінтану институты Дінтану бөлімінің меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Дінтанушылар конгресінің төрағасы Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы 1. Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттары мен жалпы тəсілдеріне деген көзқарасыңыз? Елімізді əмбебап жаңғырту – зайырлы қазақстандық мемлекетті дамытудың негізі. Ол эволюциялық жолмен, кезең-кезеңімен, бұрын да, қазір де ҚР Президентінің жүргізіп отырған əлеуметтік, экономикалық жəне саяси реформаларының бағыты арнасында жүзеге асырылуда. Жаңғыртудың маңызды ықпалдарының бірі егеменді даму барысында түбегейлі өзгерістерге ұшыраған оның рухани, идеологиялық, дүниетанымдық негізі болып табылады. Ал дін болса, осы аталған негіздердің құрамдас бөлігі болып табылады. Бүгіндері біз əлемнің түпкір-түпкірінде діни проблемалардың өзекті болуының куəгері болып отырмыз, сондықтан дін Қазақстан Республикасының да ішкі жəне сыртқы саясатының қомақты факторына айналды. Кейде радикализммен шектесіп жататын жат жерлік діни идеология рухани ізденіске деген сұранысты өз мүддесіне бұрып, діндарлардың, əсіресе жастардың діни санасы мен діни практикасына еніп, елдегі діни бірегейлікке нұқсан келтіріп жатқан жағдайлар бар. Діни сенім мен көзқарастар адамның субъективті шеңберінен шығып, өз пікірін өзгеге, қоғамдық қатынастар мен мемлекеттік істерге таңуға тырысатын үрдіс байқалады. Бұл ретте дін саласында дұрыс жəне тиімді мемлекеттік саясатты қалыптастыру өте маңызды міндеттердің бірі болып саналады. Өткен жылдың маусым айында қабылданған «Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасының заманауи өзектілігі ешқандай күмəн тудырмайды. Орта мерзімге арналған дін саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыт-бағдары көрсетілген тұжырымдамада мемлекеттік-конфессиялық жəне конфессиялар арасындағы қарым-қатынастарды жетілдіру, мемлекеттің зайырлылық қағидаттарын нығайту, дінді деструктивті мақсатта қолдануға жол бермеу сияқты мемлекеттің нақты міндеттері сипатталғаны мейлінше маңызды. Көпшіліктің назарына ұсынылған бұл Тұжырымдама Қазақстандық қоғамдағы қазіргі діни ахуалды айғақтайды жəне сонымен қатар, ол болашаққа бағдарланған. Тұжырымдама қазіргі Қазақстандық қоғамдағы діннің негізгі парадигмалдық өлшемін бейнелейді, діни үдерістерге ықпал етудегі мемлекеттік саясаттың концептуалды тұғырларын қамтамасыз етеді, мемлекет пен дін арақатынасы жəне діндераралық келісімнің қазақстандық үлгісін одан ары тиімді жетілдіруді көздейді. Тұжырымдамада діни саладағы ағымдық ахуал мейлінше анық əрі дəл сарапталған, онда діни ахуалдың «мəселелік аймақтары» айқындалып, негізгі үрдістер белгіленген, əсіресе мемлекеттің зайырлы тұғырларын нығайту мен дінді бұрыс мақсаттарға пайдалануға жол бермеуге қатысты мемлекеттік саясаттың болашақ бағдарлары анықталған. Негізгі ұстындары мен басты тəсілдері мемлекеттік жəне қоғамдық болмыстың əрқилы салаларындағы дін саласына қатысты мемлекеттік саясаттың жүргізетін кешенді шараларын ескере отырып баяндалған. Деструктивті діни ағымдардың əрекетін бейтараптандыру мен діни экстремизмнің идеологиясына қарсы тұрудың жалпымемлекеттік жүйесіне ерекше көңіл бөлінген. Тұтастай алғанда тұжырымдаманың мəтіні ғылыми ұстамдылығымен, қисынды негізділігімен жəне практикалық маңыздылығымен ерекшеленеді.

    2. Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамадан күтілетін нəтижелер? Аталмыш Тұжырымдама қоғамдық пікірде қызу талқыланды. Атап айтқанда, елдегі азаматтық қоғам институттарының бірі ретінде Қазақстан «Дінтанушылар конгресі», ғылыми мекеме ретінде ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану жəне дінтану институты жəне талдау орталығы ретінде «Қазақстандағы терроризм мен экстремизм проблемаларын зерттеу орталығы» белсене атсалысты. Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы дəстүрлі құндылықтарға сүйенумен қатар, жаңашылдыққа ашықтығын білдіре отырып, қазіргі заманның төндіретін қатеріне лайықты жауап бере алатындай қоғамды топтастыруға өзіндік үлесін қосады. Тұжырымдама бірқатар нормативтік құқықтық актілер арқылы жүзеге асырылады, олардың тізімі берілген. Тұжырымдаманы іске асырудың екі кезеңі (2017-2018 и 2019-2020 жж.) мынадай нəтижелер күтіледі: 1) Дін саласындағы мемлекеттік саясатты халықтың қолдау деңгейі артатын болады; 2) Мемлекет дамуындығы зайырлылық қағидаттарын халықтың қолдауының деңгейі өсетін болады; 3) Діни экстремизм мен оның деструктивті идеологиясына қарсы тұру бойынша халықтың хабардарлығы молаяды. Тұжырымдаманың рухы мен қарпіне сəйкес, теңестірілген стратегия сақталған, онда құндылықтардың зайырлы адамгершілік жүйесіне қайшы келмейтін рухани-адамгершілік парадигма ретіндегі діннің жағымды əлеуеті модернизациялық (жаңғыртушылық) əлеуметтік-экономикалық реформаторлық бағытқа оң ықпал етеді. Дін қазақстандықтардың əлеуметтік-саяси өміріне сырттан агрессиялық түрде енген жаңашылдықтар жағдайында рухани амортизатор қызметін атқара алады. Мемлекет, өз кезегінде, рухани қауіпсіздік стратегиясын түзіп, тұрақсыздандырудың саяси құралы ретінде дінді пайдалануға тырысушылықпен байланысты қазіргі сын-қатерлерге алдын ала лайықты жауап бере алуы тиіс. Тұжырымдамада мемлекеттік басқару мен мемлекеттік қызмет, білім беру, мəдениет, БАҚ, денсаулық сақтау, спорт жүйелерін қоса алғандағы дін саласындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттары анық жəне нақты көрсетілген. Тұжырымда мемлекеттік-конфессиялық қарым-қатынастарды жаңа деңгейге шығарады деген үмітіміз бар. Сонымен қатар, тұжырымдаманы нақты жүзеге асыру мемлекеттің діни бірлестіктермен қарым-қатынасындағы инновациялық үлгіні құру үшін алғышарттар қалыптастырады деген ойдамыз. Негізгі күш-жігер қазақстандық мемлекет пен қоғамның зайырлылық қағидаттарын əрі қарай нығайтуға бағытталатын болады.

    Leave a Reply

    x

    Check Also

    Бірлік – береке бастауы

    19 қазан  2018  ж.  Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасы мен Әл-Фараби атындағы ҚазақҰУ-нің  шығыстану факультетінің ...