Тыныштықбек ӘБДІКӘКІМҰЛЫ, ақын: Бәріміз де Мағжан айтқан «абақты-өмірдің» тұтқынымыз

0
319

Тыныштықбек ӘБДІКӘКІМҰЛЫ, ақын: Бәріміз де Мағжан айтқан «абақты-өмірдің» тұтқынымыз

… Күн бұлтты, жел салқын. Біз Қара Ертістің жағасына келіп, кіп-кішкентай, алқам-салқам, көне пароходқа отырдық. Тыныштықбек аға және мен. Сірә, пароход жүргізуші шомбал қазақ өзінің байырғы танысы болса керек. Басқа ешкім жоқ. Сәлден кейін көне көлігімізді барқылдатып, Керекуге қарай жүзіп шықтық. Плащының жағасын көтеріп алған ақын аға қайық-пароходтың екінші қапталында, мені мүлде ұмытып кеткендей, көпке дейін үнсіз қалды. Өзен ағысына қарап, бір сәт өз өмірінің өзеніне де ойша көз жүгіртті ме екен, қара плащының етегі далбыр-дұлбұр гүрілдеп, темекі тартып ұзақ тұрды. Ақ аралас қара шашы шашыла желбірейді. Тарамыс, науша бітімі мен қара сұр өңі теңіз қарақшысын еске түсіреді. Кітаптарын оқысам да, «ұзынқұлаққа» ден қойсам да, атақты Әбіш Кекілбайұлы ағамыз өзіне «… айбынды ақын, бұрын-соңды болмаған ақын» деп те баға берген бұ кісі, өзім суреттен ғана көргендіктен, маған ылғи тым «тентек» түрде жұмбақ елестейтін. Содан ба екен, асыға жүздесуге, қадір тұта сұхбаттасуға қаншалықты ынтықсам да, көкейіме негізінен кілең бір «қитұрқы» сұрақтар ғана жинақталып қалған еді. Мотордың тарсыл-тұрсыл дауысы мен ызғырық жел гуілі ештеңе естіртпейтін болған соң, ол кісіге деп арнайы дайындап алған алғашқы «қыңыр» сұрағымды мен айқайлап айтуға мәжбүр болдым:
– Аға, көңіліңізге келмесін, жалпы Сіздің өңіңіз де суық, өлеңіңіз де «суық», бұл өзі анау жылдары басыңыздан өткерген қиындықтарға байланысты қалыптасқан мінез бе?..
– Нені меңзеп тұрсың, бауырым? — деді ақын ағамыз да, анадайдан дауыстап. Мен ағаның қасына бардым. Біздің сұхбатымыз солай басталды.

– Темір тордың ар жағында болып қайтқаныңызды… Жасырмай айтыңызшы, одан жас ақындардың көбі хабардар. Атышулы бір аға танысым: «Нағыз өмір түрме мен әскерде» деуші еді. Абақты сізді неге үйретті, неден опық жегізді?
– Оның несін жасырамын, баяғыға кеткен шақ. Одан бері де міне табаны күректей 30 жылдай уақыт өтті. Ондағы қоғамдық формация да адыра қалған… (ақын аға терең бір күрсініп алды). «Оқып бітіргенім» — қапастың «қатаңдатылған» және «қатаң» деген режимдерінің бес жылдық «университеті». Иә, әліме қарамай, төбелесқор едім. Бірақ, оның себебін аңдарлық ақыл-ес ол кездері менде қайдан болсын… Әкеден ерте айырылғандағы тағдыр тауқыметіне деген ашыныс, қоғамдағы әлеуметтік теңсіздік мазағы, «коммунизм тілін» білмей қорлануым, көк көз қалалаларымыздың «апартеизмдік» құбылыстары, ғасырлар бойғы отарлық езгіден ДНК-ма берілген қазақы кек маздағы және жұмыр басынан жұдырығы үлкен албырттық елірмесі… Белгілі бір мөлшерде жас кездегі «содырлығыма» соның бәрінің де сорақы әсері болғандығын мен кейін-кейін барып қана ұққам. Сөйтіп, төрт түрме мен төрт лагердің «дәм-тұзын» таттым. Ал, енді, кеңес үкіметінің «еңбекпен түзеу» мекемелерінің бір жақсысы, онда жүріп біліміңді көтеруге, түрлі мамандықтарды меңгеруіңе жағдай болды. Зоналардікін былай қойғанда, түрмелер кітапханалары қорының өзі өте бай-тын. Олжастың «Аз и Я»-сымен де сол жақта таныстым. Оқимын дегенге әлем әдебиетінен де белгілі бір мөлшерде сауаттылыққа жету қиын емес еді. Ондай мүмкіндікті қолдан келгенше пайдаландым, сондықтан ол жылдарға онша опынбаймын да. Орысша үйрендім, шатыраш пен нардыны қатырып ойнауға жетістім, қылмыстық іс жүргізу кодексін жатқа соқтым, мінезімді шыңдадым, үш мамандық алдым. О жақтан басқа не жақсылық үйренесің, курорт емес қой… Ал тірлікте бәріміз де Мағжан айтқан «абақты-өмірдің» тұтқынымыз.
– Түрмелік өлеңдеріңіз болған жоқ па?
– Болды. Кейін мен оның бәрін отқа жақтым. Жадымды солайша тазартқым келді.
– Бостандыққа шыққан соң, өткендегі қателіктеріңіз үшін қағажу көрмедіңіз бе?
– Жоқ, бәрі керісінше. Ұзақ «командировкадан» келе сала, 6 айдан кейін бірден аудандық газеттің тілшісі қызметін атқара бастадым…
– Дәу де болса, мықты бір «крышаңыздың» арқасы шығар?
– Жоға, тәйірі, қолдаушым болса, «Колымада» нем бар? Сол кезде аудандық партия комитетінің хатшысы Мейрамбек Жанболатов, аудандық газеттің редакторы Манар Құрманбеков деген ақылды да қайырымды басшылар болды, сол кісілер қабілетімді байқады, көмектесті, комсомол билетін қайыра жазғызып берді. Оны айтасыз, кейінірек ауданымыздың бірінші басшысы Хафиз Матаев деген ағамыз «дұрыс жүрсең, партия қатарына аламыз» деп те ақыл-кеңес берген. Содан, отыздан асып барып, поэзияға нақты кіріскендей ем. Аймаққа танылуыма жазушы-редактор Рысқан Мусин мен ақын Мерғали Ибраев (қазір ортамызда жоқ), абайтанушы Төкен Ибрагимов, қарағандылық қаламгер Зарқын Тайшыбаевтар себепкер болса, елге таныла бастауыма әйгілі Шерхан аға мен Фариза апай, Иран-Ғайып бастатқан қамқор ағалар жәрдемдесті. Соның бәрі «таздың — басына, пұшықтың мұрнына қонатын бақ» секілді еді…
– Негізгі тақырыпқа қарай көшсек. Мойындаңызшы, аға, өлеңдеріңізде дүлей мінез бен салмақты ой болғанымен, поэзияға ең қажетті нәзік лирика жағы кемшін соғатыны рас қой. «… Сенде – сезім, ал менде ақыл басым» деп те жырладыңыз. Ақынның тұла-бойынан сезім тамшылап тұруы керек емес пе?
– «Өне-бойынан сезім тамшылап тұратын» жаратылыс – әйел. Әйел – «көңіл-жалын-әуен-…-«сайтан», еркек – «ақыл-от-сөз-…-«періште». Бұл үлкен әңгімені бүгін айтып тауыса алмаспыз, сірә. Ал «поэзияңызда нәзік лирика жағы кемшін» дегеніңе келісе қоймаймын.
– Аға, ақын-жазушылар ішінде сізді кім жек көреді деп ойлайсыз? Атын атап, түсін түстеп беріңізші!
– Басқасын қайдам, өзімнің жек көретіндерім – жүзбай, тайпабай, рубай, атабай… («бәрі де кіші әріптермен айтылады» деп қойды ақын аға)
– Кімнен немесе неден қорқасыз?
– Жалғыз-ақ шошынарым – ажал. Онда да нақты ажалдың өзінен қорықпаймын, түк бітіре алмай кетемін бе деп қорқамын.
– Расында да, сізді әлі түк бітірмей жүр дейтіндер баршылық. Тіл білімін зерттеуші ғалымдар сізге «ауадан алып жаза береді» деген де айып тағады. Ал жас толқын арасында «неғұрлым мағынасын бұлдыратып жазсаң, соғұрлым шығарманың құны артады» деген де көзқарас бар. Қайсыбір ағалардың пікірінше, оған да түсініксіз өлең жазушылардың көш басында тұрған сіз кінәлі екенсіз…
– «Кінәлі» болсам болармын. Елдің бәр-бәрі «түсінікті» етіп жазып жатқанда, «түсініксіз» етіп те біреулер жазу керек шығар… (соны айта тұрып, ақын аға бейне ауаға әсем жазу жазғандай, сол қолымен иір-иір қимылдар жасады) Дегенмен, әлгі ғалымдарыңның «ауасы» мен менің «ауам» екібасқа. Қазақтың «Бас – Бақ, ауыз – дарбаза, Сөз – самал» танымына жүгінсек те, Шәкәрімнің «Сөз – Құдайдан шыққан бу,.. нұрлы су» деген пәлсапасына қарасақ та, ауа дегеніңіз жай ғана газдар қосындысы емес. Бұл тұрғыда мен Абайдың «Алланың Сөзі – қаріпсіз, дауыссыз» дегеніне «түссіз жұпар» дегенді де қосар едім. Яғни, мынау ауа, анау кеңістік (ақын аға қолымен Көкті бір нұсқап қойды) – Тәңірлік Әннің бір сипаты. Сондықтан, тілші ғалымдар мені келемеждемей-ақ қойсын, жазатындардың бәрі де «нұрлы ауадан алып жазады»… (Солай деген ақын сөз аяғын кілт үзіп жіберді, миығында мысқыл ұшқыны бар. Пароходымыз да кері жүзуге ыңғайланғандай оқыс бұрылып барады екен. Суық тамшылар бетке ұрды, мұздай өлеңнің оттай ыстық шашырандысы секілді…)
– Ал, жас ақындар сізге «Тыныштықбек аға, бізден өлең ұрлағанды қойсаңызшы!» дейді екен. Сонда қалай болғаны?.. (Сұрақты қоюын қойып алсам да, ағамыз ашу шақырар ма деп қорқып та қалдым. Ол қолындағы шылымын Ертіс толқындарына шиыра атып жіберді де, иығыма қолын сала біраз тұрып-тұрып, — ол қай жас ақындар? – деді сабырлы қалыпта)
– Мысалы, Ақберен Елгезек деген жас ақын…
– Мен бір де бір бауырдан ондай қалжың естіген емеспін. Құдай мен аруақ бар, әркім өз арына жүгінсін. Ал, өзіңді маған біреулер әдейілеп «арнайы тапсырмамен» жіберген сияқты ғой өзі, сұрақтарыңның бәрі қыршаңқы…
– О не дегеніңіз…
– Әр нәрсенің өзінің қисыны мен дәлелі болады. Анау тілші ғалымдар да менің «ауадан алып жаза беретінімді» ауадан алып айта бермеулері керек..
– Шабыт шақыруыңызға Шаған жеңгеміздің әсері көп болғанға ұқсайды…
– Сөз жоқ.
– Елден естігенімді айтам, аға, ренжімеңіз; үйде сіз сол жеңгеміздің тапқан нанын жеп жата беретін көрінесіз. Бұл ер-азаматқа сын емес пе? Соған қарағанда үйдегі билік со кісінің қолында болар… және араларыңыз бір мүшел жас екен. Бірақ, екеулеріңізге қарап, жас айырмашылықтарыңыз жоққа тән деп айтуға болады. Жеңгеміз де жап-жас, әдемі. Мұның сыры неде?
– Әдебиеттің, өлеңнің жан-дүниені жұпарлаушы ерекше қасиетінде болар. Жеңгең де әдебиетші ғой, оның үстіне ғалымдығы және бар. Менің №1-ші оқырманым да, сыншым да, редакторым да, демеуші-«спонсорым» да, бәрі-бәрі – со кісі. Ал «нансоғарлығымның» себебі бірқанша. Ең бастысы, мен етікші екенмін, онда басқа шаруаны қойып, тек қана етік тігуім қажет, солай емес пе!
– Кешіріңіз… жеңгемізді қызғанбайсыз ба?
– Ажарлы да ақылды әйелдің «сайтаны» да күшті. Қызғансаң, сол «сайтанға» қызмет істейсің. Одан басым түсу үшін «әлеуләйіңе» қоса «хәләуләйіңнің» де болуы шарт. Қалжыңға салсақ, солай. Еркегінің мысы мен сұсы жоқ үйдің мысығы да бетімен кетеді…
– Биліктегі бәз бір тыраштар да, үлкен-кіші бақталас өзгелер де нағыз шығармашылық адамын не мақтаумен, не жаламен, арандатумен өлтіруге тырысады, не әдейі елемеумен жойып тынады. Кеше де солай болған, бүгін де солай сияқты. Сіз қарапайым оқырманға танымал адамсыз, бірақ өзіңізді сондай «елемей өлтірудің» құрбанымын деп есептемейсіз бе?
– Өзіңнің әңгімеңе қарағанда, ел тарапынан «еленбей» жатқан жоқ секілдімін ғой(Мырс етті. Бүкшірейіп тұрып, қайта темекі тұтатты. Жағалау бойы сыңси қалып бара жатқан қалың қарағай орманына қарап біраз тұрды. Сонсоң, «сұрағыңды қоя бер» дегендей, маған иек қақты).
– «Қырық кісі – бір жақ, қыңыр кісі – бір жақ» демекші, сізде Есениннің «ел алдынан әдейі сіңбірініп өте шығатын» қияңқылығы да бар секілді. Жазғандарыңызды оқып отырсам, бұрыннан қалыптасып болған талай-талай қасиетті ұғымның «мойнын кері бұрап» тастайсыз. Мысалы, «Ана тілі» деген ұғымды «Ата тілі» деп бүйректен сирақ шығарғаныңыз қалай?
– Ол туралы «Қас Сақ Аңқымасы» деген кітабымда жан-жақты баяндағанмын, қайталаудың қажеті шамалы. Жалғыз-ақ айтарым, тіл дегеніңіз – рух, елге рух еркектерден қонады. «Күн – атам, анық, Жер – анам. Жанымыз – Күннен келген нұрдан, тәніміз – топырақ пен судан» дейді Шәкәрім әулие. Ана сүті – ағзаға, ата құты – ақылға. Сонсоң, ана деген сөздің өзі де ежелгі ене деген сөздің жаңа бір нұсқасы ғана. Мысалы, нүкте — ноқат, кіріс — кірес, шығыс — шығас сөздері секілді. Көмекей әулие–Бұқардың заманында да шешелерді қазақ ана демеген, ене деген. Мысалы, қазір «Домалақ ана» деп жүргеніміз – Домалақ ене, көне тарихымыздағы «Зар ина» деп жүргеніміз де – «Жар ене». Басқаша айтқанда, «патша шеше», «патша әйел». Яғни, Арғы бабаларымыз патшаны жар деп айтқандығын да біз «жар салу», «жаршы», «жарлық» деген сөздерден біле аламыз. Орысша нұсқасы – «царь». Айта берсек, әңгіме көп…
– Негізгі мамандығыңыз?
– Менің мамандықтарым (ақын аға саусақтарын бүгіп санамалай бастады) – шофер, радист, электрик, фотограф, токарь-фрезеровщик, киномеханик, құрлысшы, тігінші, қойшы… Жалпы, үш институтқа түскен адаммын. Біреуінен — ақымақтығымнан, екіншісінен тентектігімнен кеттім. Үшіншісін яғни әдебиетшілікті бертін келе, ілініп-салынып жүріп, бітіріп шықтым. Бірақ оның дипломы әлі күнге дейін сол оқу орнының мұрағатында сүрленіп жатыр.
– Кейбір ағаларымыз сізді қазақтың қазіргі №1-ші ақыны деп те жүр…
– Өйдөйт десеңші! Түсініксіз өлең жазу бойынша дейсің ғой баяғы (қарлығыңқы дауыспен рахаттана күліп алды, сонсоң, қайтадан байсалды қалыпқа көшті).Сізге мына жағдайды баяндайын; осыдан бес-алты жыл бұрын Аманхан Әлім деген ақын досым ардақты Есенғали інім екеумізді (Раушановты айтам) баспа бетінде әдейі «өзара жарыстыра», оны қазақтың ең мықты ұлттық ақыны етіп көрсетіп, ал мен туралы «түкке тұрғысыз жасанды өлең құрастырады» деген пікір білдірген-тұғын. Оған кезінде жақсылап жауап та жазылды. Бір ақынды сүмірейте жерлеу арқылы екінші ақынды мықты деп «мөрлеу» дұрыс емес әрине. «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады». Ал, қазіргі поэзияда №1-ші дейтіндей (онда да, егер ақындықты нөмірлеу қисынға сайса) ондаған ақын жүр. Мүләйімсігенім емес, солардың ішінде өзімнің бар екендігіме күмәндімін.
– Жә, оны қоялық. Ақын деген қайраткер болуға тиіс. Мемлекетіміздің идеологиясы туралы не айтасыз?
– Бұрын біз идеология үшін күрестік, қазір күресу үшін идеология іздеп жанталасудамыз…
– Мемлекеттік тіл мәселесі әлі де ушығып тұрған секілді…
– Қазақ тілі мен оның мүсәпір күйінің себептері мен салдары жөнінде жылдар бойы зарлай-зарлай, атмосфераны да ауыртып, жерді де жындандырардай болдық. Ақ Ордадан бастап, канцелярия атаулының бәрі шүлдірге толы. Табандатқан 20 жылдай уақытта жеткен жалғыз-ақ жетістігіміз – «Қазтест» жүйесін қолдану жоспары. Үміттенесің әрине, бірақ оның да оң нәтижесі тағы бір 20 жыл зарықтармаса неғылсын!… Тіпті, оған да «нешәуә!» дер едік қой, бірақ, «болады ма», «туылды», «істеу керекпіз» деген секілді қайдағы бір бұралқы сөздердің тілімізге күн сайын сапырылыса еніп жатқаны анау! Ол да афазияның бір түрі. Ғасырлар бойы қоғамдық түрлі-түрлі қатыгез формациялар зорлығынан өресі мен өкпесі әбден шұбарланып-қоңырсып-сасып, сөздік қоры күнкөріс төңірегін ғана қамтудан аспай қалғандықтан, «жаңағы… жаңағы… нетіп… нетіп…» деп жаппай тұтыға сөйлейтін «кекеш» қазақты енді мүлде мақау еткіміз келгендей, ғылыми негізі мықты ешқандай бағдарламасыз-ақ, ұрпақты құрсақта жатқаннан бастап үштілділікке баулуды қатаң талап ететін шалабайыр науқан ұранымыз және бар. «Уызына жарымаған», «күшігінен таланған» деген ұғымдар сондай тексіздендіру саясатынан шығады. «Қазақстан – көп ұлтты мемлекет» деген арсыздығымыз тағы бар. Ірі диаспоралардың сецессиялық бітеу пиғылын ол «пандемия» да іштей жымысқы қоздыра түсуде. Бұл – бір. Екіншіден, мемлекет иесі ретіндегі қазақтың мақсат-мұратын былай ысырып қойып, «қазақстандық ұлт» деген «әлеуметтік мипалау» жасауға ұмтылу да жақсылыққа апармайды. Қазақ жоғары билікті ежелден жердегі құдайлық санап құрметтеген халық, соған қатты иланады, соған қатты еліктейді. Ол менталитет әлі тірі. Демек, «он бес жылда аюдың да қазақша үйреніп алатыны» шын болса, «заңды баяғыда жасап қойдық, енді қазақтар бір-бірімен қазақша сөйлессін!» деп кергімей, «заң баптарының талап етер жерлерінде бүткіл қазақстандықтар бір-бірімен қазақша сөйлессін!» деп биліктегілердің өзі үлгі-өнеге көрсетулері қажет. Алайда, қатты айтсам кешірерсіз, біздің ел диаспора тілін мемлекеттік тілмен «ресми» түрде жағаластырып қойғандықтан, қос басты мутантқа көбірек ұқсайды. «Тарихи жағдайымыз солай қалыптасты» деп осылайша сорлап жүре берсек, кейін «үш басты» болуымыз да мүмкін. Панамериканизмдік жаҺанданудың үйіміз ішіндегі саяси-экономикалық сұрапыл «жарапазаны» соны байқатады.
– «Уақыт – өгіз, қоғам – доңыз. Доңыз боғын домалатқан Мен – осырақ қоңыз…». Сіздің өлеңдеріңіздің көбі осындай ащы қамырыққа толы. Сондай поэзия бола ма? Қоғамымыздың «доңыздығына» нендей дәлеліңіз бар?
– Тіл дегеніңіз – ақыл-ес. Ал ақыл-есі оңбай тұрған мемлекеттің қоғамы оңа ма? Оңбаған қоғамның жайын «сау» поэзиямен және жеткізе алмайсың. Айтары бар кез келген тәуелсіз басылымдарды да парақтап-парақтап жіберіңізші, қоғамның «қатерлі ісікке» мықтап душарланғандығының симптоматикасы жөніндегі қаптаған ақпараттардан төбе шашыңыз тік тұрады!.. Сіз бері қараңыз (ағаның жүзіне қарасам, түтігіп кеткендей болып көрінді маған, бірақ дауысы салмақты естіледі), мына ұлы Даламыздың кез келген пұшпағында жаугер ата-бабаларымыздың мазарлары тұр самсап! Бұл даланы олар бізге «ер басына күн туғанда етігімен қан кешіп» жүріп мирастап кеткен. Ал кешеден бері біз оның ең қасиетті, ең шұрайлы, ең қазыналы байтақ жерлерін параномия арқылы шетелдік алпауыттардың, партократтар мен «қызыл» директорлардың, солардың нағашы-жиен ұрпақтарының, ел ішіндегі небір пысықайлардың біржолата меншіктеніп алуына тамаша жағдай жасадық та, ата-баба аруағын сатып кеттік! Халықтың ортақ байлығын талап алған алаяқтар мен ұрыларға екі мәрте кешірім жасап, алдындағы арам малын екі қайтара заңдастырып бердік. Қолдан жасанды буржуазия қалыптастырдық. Оның өзі ұлттық емес, космополиттік. Далада – ұлан-ғайыр жер мен ауыл-ауылды астына басқан қайырсыз шонжар-феодалдар. Ел биліктегілер мен алпауыттар, байлар мен жалшы-жалқыбайлар, люмпен-пролетариат түрінде жік-жікке бөлініп алды. Қойны-қонышымыз — өріп жүрген соқыр діндер. Басқа сорақылығымыз да бастан асады. Бәрі паралогизм кесірі. Бір жақсы ісіміз «Мәдени мұра» бағдарламасы еді, оның да насихаты бәсең, оқулықтарының тиражы бір ауылдың жұртына да жетпейді. Ғылымымыз тұралап ол жатыр, бюджеттегілеріміздің тірлігін инфляция кеміруде, ақын-жазушыларымыздың қаламақысы қарғаның боғындай. Біле білсек, «нұрлы» қоғамымыздың «радиациясына» өте тез шалдыққыш ең сезімтал жандар – шығармашылық адамдары. Биыл әдебиет номинациясы бойынша суырылып дара шыққан екі бірдей ақ маңдай ақынымыз Несіпбек Айтұлы мен Серік Ақсұңқарұлы мемлекеттік сыйлықтан да қағылды яғни әдебиетіміз мүлде атаусыз қалды. Трайбализм дейсіз бе, арнайы комиссияішіндік протекционизм әлегі дейсіз бе, билікішіндік интрига дейсіз бе, ол жағын мен біле бермеймін, бірақ, «байдың асын байғұс қызғанады»-ға ұқсаған сол жағдай да қоғам дертінің бір нышаны екендігін жақсы сезінемін. Қазір жүрегімізден басқа – астанамыз, миымыздан басқа отанымыз жоқ. Сөйте тұрып, жастарымызға «қазақстандық патриот бол!» деуден ұялмаймыз.
(Ағамен сөйлесе келе, бір түрлі еркінсіп алған да сияқтымын. Қайық-пароходымыз да қара толқындарды қақ жара, қайқаң-қайқаң тартып келеді )
– Демагогтар мен оппозиционерлердің саяси өсектері жеткілікті. Бірақ, Елбасының атына тіке әділ сын айтқан әлі ешкімді көрген де, естіген де емеспіз. Жақауратушылық жағымпаздықпен жалғасып жатады. Бұл не сонда, ел рухындағы кешегі асанқайғылық, марғасқалық, жиембеттік, бұқарлық, махамбеттік өрліктің біржолата өлгені ме? Әлде патшамыз идеал ма? Арандатып тұр деп ойламаңыз, сіз не айта аласыз?
– Әй, бауырым-ай… қазір екінің бірі марғасқалық көрсете алады, капиталистік демократизмнің аздаған жақсылықтарының бірі – сөз бостандығы. Соны дұрыс та әділ пайдалана алсам деңіз. Ал, анық әулие болмаса, бұ Жалғанда ешқандай идеал мүмкін емес. Дегенмен, Президентіміз, сөз жоқ, ұлы тұлға. Мен ол кісіге не айта алам, «би айтқанды құл да айтады, аузының дуасы жоқ» демекші, периферияда жатқан біз секілділердің сөзі кімге шікірә…. (ақын аға қос қолымен бет-аузын қатты-қатты уқалап-уқалап алды) былай ғой, бауырым; қазіргі тілмен айтқанда, адамзаттық өркениет дамуының екі түрі бар: көшпелі өмір салтынан туындаған байырғы рухани-парасаттылық даму, отырықшыларға тән материалдық-техникалық даму. Имандылық шарты бойынша, біріншісіне екіншісі қызмет істеуі керек еді. Біз «өркениетті елдердей боламыз!» деп, көзімізді тарс жұмып ап, бірыңғай екінші жолға, түлендік жолға түсіп кеттік. Алайда, соның өзі де – пешенемізге бұрыннан жазылып қойылған тарих. Соған орай, бабаларымыздың «Жеріттің өнерін үйрен де, жирен!» деген сөзі бар. Жеріт (орыс бауырлар оны «черт» түрінде айтады) – ақыл-естің сасық хайуаны. Демек, біздің аңқылдаған аңғал халқымыз менмен, меншікқұмар, қылмыскер жеріт (мағынасы: «жертекті сасық жалмауыз, шайтан») басқарған әлемдік бұл текіректен де өзіне ащы сабақ алып барып қана, тәңірлік жолға түсуі тиіс…
– Партияда барсыз ба?
– Ақиқатты айтқың келсе, ешқандай партияға жуыма.
– Әлгінде Мемлекеттік сыйлық туралы айтып кеттіңіз. Ол сыйлықтан сіз де дәмелі шығарсыз?
– Дәмеленбеймін. Алайда, тірі болсам, болашақта «бір құлап көру» үшін бір еңбегімді сыйлыққа міндетті түрде ұсынамын. Мені қойшы, бізде қоғамның қоясын ақтаратын үлкен ақын-жазушыларға да мемлекеттік сыйлық ешуақытта берілмейді. Өйткені, сыйлық сандығының кілті біліктілер қолында емес, биліктегілер қолында.
– Шығармаларыңыз арқылы әсіре ұлтшылдықты да дәріптейсіз бе, қалай?..
– Құдай сақтасын!.. (ақын аға тағы бір темекі тұтатып алды)
– Мен мұны сіздің «Қас Сақ Аңқымасы» деген кітабыңызға қарата айтып отырмын. Сізге салсақ, әлемде қазақтан асқан дана, қазақтан асқан мықты халық жоқ. Дін атаулының бәрін де қырық өтірікке балайсыз! Олардың ықылым замандағы қайнар көздерін де тек Арғы сақ бабалардың дүниетанымынан шығарғыңыз келеді. Аталмыш кітапты оқи отырып, сізді басқа бір дін ойлап тапқысы келгендей күй кешетініміз де рас. Өзіңізді дүниеге жаңа дін әкелуші пайғамбар сезінесіз бе?..
– Қазақ – басқалармен салыстырғанда, рухани дамуы жағынан ең жоғары сатыға баяғыда шыққан ел. Біреулерге күлкілі де шығар, мен пассеист емеспін, бірақ, келешекте адамзат болашағын тек байырғы қазақ дүниетанымы ғана жарықтандыратынына имандай сенемін! Мысалы, жасымда төбелесқор болдым дедім ғой, ал осы «төбелес» деген сөздің мағынасын мен бертін келе бір-ақ түсіндім. Ол сөз «бір төбедегілер» және «жанжал» дегенді білдіреді. Ондағы тау-төбе-бас-Ес философиясы – қазір әлемдік дін аталып жүрген белгілі бір «ілімнің» де жалғандығын ертең жойқын әшкерелейтін қазақ дүниетанымындағы мыңдаған дәлелдердің бірі ғана, бауырым! Тәңірі жар болса, ақылымды шыңдай отырып, «Аңқыманың» жалғасын жаза түспекшімін. Қараңызшы, қазір бүкіл әлем – «төбелес»! Үйлесім жоқ! Ол қашан болады? Әуелі мынаны тыңдап алыңыз… (мен көп нәрсені түсінбесем де, ақын ағаны бар ынты-шынтыммен тыңдауға кірістім)

Тыныштықбек аға сол бастағаннан біразға дейін «Аңқыма» туралы тоқтаусыз сөйлеп кетті, алабұрта, алқына сөйледі. Бастапқы суық сұқытының ізі де қалмаған, қайта керісінше, жүзі мейірімді, өзі тым қарапайым, аңқылдақ көрінді маған. Тіпті, бала секілді болып кетеді екен… Сөзін бөлмедім. Ішімде асқақ көңіл-күймен қатар, қандай да бір аяныш сезімі де қоса толқып жатқанын аңғардым. Бәлкім, ол сезім толқыны елін өлердей сүйетін ардақты ағаға жол-жөнекей «жөнсіздеу» қойған «орашолақ» сұрақтарыма орай туындаған өз өкінішімнің шарпынынан ба, әлде басқадай бір сырт себептен бе, білмедім…
Алқам-салқам, кішкентай пароходымызды барқылдатып, қайыра жағалауға да жеттік. Сол жерде қоштастық. Бұлт қатпарының арасынан ұзына білінген іңір демі Ертіс толқындарын қызғылт жалқынға жарқ-жұрқ бояп тұрды. Мен одан ақын көкейінде айтылмай қалған көптеген құпия сырлардың көркем жалтылын көзіммен көргендей айырықша әсерде едім…

Үзенгі жолдас болған Арман ӘУБӘКІР
«Ана тілі», 2008 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ