«Turkish Airlines» компаниясы саяхатқа шақырады

0
218

Жуырда Стамбұл қаласында әлемнің 18 мемлекетінен 120-дан астам журналистер бас қосты. Шараның мақсаты – Turkish Airlines компаниясының қызмет сапасымен танысу, сондай-ақ, Стамбұлдың тарихи және көркем орындарын насихаттау.

Бізді Turkish Airlines компаниясының Алматыдағы филиалының маркетинг және сату бөлімінің менеджері Жібек Қамшыбаева бастап барды. Алматыдан бес кісі (Жібек, Ирина, Дана, Еркебұлан және осы жолдардың авторы) болып шықтық. Мен «Түркі әлемі» газетінің атынан бардым. Стамбұлда Қазақстанмен қатар Қырғызстаннан және Тәжікстаннан келген журналистер жеке топ ретінде топтастырылып, үш күн бірге болдық.

dsc05053Бір таңқаларлығы, біздің орналасқан қонақ үйіміз (Radission Blu) Стамбұлдағы қазақтар жиі қоныстанған Зейтінбұрну ауданында екен. Қонақ үйдің сырты қандай сәулетті, сұлу болса, ішкі жағдайы мен қызмет көрсетуі де сондай жоғары деңгейде болады.

Алғашқы күні Стамбұлды ортасынан екіге бөліп тұрған Мәрмәр (Мармара) теңізінің Босфор бұғазын кемемен арлы-берлі кесіп өтіп саяхат жасадық. 2014 жылы тура осы қалада екі аптадай оқу тәжірбиесімен болған едім. Сол сапарымда басқа-басқа дәл осы Мәрмәр теңізі мен оның үсітінде қалықтап қанат қаққан ақ шағалалармен қимай-қимай қоштасқан болатынмын. Енді, міне, сол сүйікті теңізімнің жағасында сайран салып ұшқан ақ шағалалармен қайта қауышып отырғаныма ерекше қуандым. Кеме ішінде әр түрлі ұлттардың музыкасы ойналып, сол ұлттың өкілдері соған қосылып ән айтып, би билеп жатты. Біз де қарап қалмай Шәмшінің әйгілі «Арыс жағасында» әнін интернеттен тауып қостырдық. Қазақтың шалқар әні түрлі ұлттар мен ұлыстардың, Еуропа мен Азияның тоғысқан торабында, Мәрмәр теңізінде тербетіліп жүзіп бара жатқан кеме ішінде шырқалғаны – тіпті ерекше әсер етті. Біздің көңілде де айрықша мақтаныш сезімі орнады. Шама-шарқымызша біз де әнге қосылып отырдық.

dsc05017Кешкі Босфордың самалы көңілге шаттық сыйлап, жанымыз жадырап сала берді. Кеме теңіз жағалауында орналасқан сұлу да сырлы ресторанға барып тұмсық тіреп тоқтады. Біз сонда кешкі ас ішіп, тамақтандық. Жапон, корей елдерінен келген журналистермен емен-жарқын әңгіме-дүкен құрып көңіл көтердік.

Екінші күні түске дейін Turkish Airlines компаниясы ұшқыштарының жаттығу, ас мәзірін әзірлеу орталықтарында болдық. Ұшқыштарды әзірлеу құрылғы технологиялары мен әдіс-тәсілдері жыл сайын жаңарып отыратын орталықта журналистер ұшақ симуляторларын «жүргізіп» ерекше ләззатқа бөленді. Бұл орталықтан жыл сайын 10 мыңнан астам адам ұшқыштыққа тәрбиеленіп отырады екен. Бұдан кейін компанияның ас әзірлеу комбинаттарында болып, дәмі тіл үйірер дәмді тағамдардың әзірлену әдістерімен таныстық. Жүздеген адам бірлесіп жасалып жатқан жұмысқа сырттай қарап тек сүйсінуге болады. Әрбір тағамды жоғары деңгейдегі талғампаздықпен безендіріп, бірдей үлгіде дайындайтыны қайран қалдырды.

ilker-ayci-758x505

Turkish Airlines компаниясының қатарынан 6 жыл бойы Еуропаның ең үздік әуе компаниясы атағын жеңіп алып отырғанының сырын енді түсінгендей болдық. Аузын айға білеген Еуропа елдері оңайлықпен мұндай мәртебелі атақты Түркиялық компанияға жайдан-жай қолдан беріп қойып отырмасы анық, әрине.  Turkish Airlines компаниясы сол атаққа сай халыққа қызмет етіп келе жатқан әлемдік үздік әуе компания екендігін көзбен көріп, көңілмен сезінгендей әсер алдық.

Сол күні түстен кейін әлемнің түкпір-түкпірінен келген журналистер Turkish Airlines компания басшылығымен кездесу өткізді. Turkish Airlines компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Илькер Айджи Түрік әуе жолы компаниясының болашағы, оның даму сатылары мен мүмкіндіктері туралы әңгімеледі. Ол кейінгі кезде кейбір керітартпа топтардың террорлық шабуылдары мен төңкеріске ұмтылу әрекеттері салдарынан туристердің Түркияға келуі төмендеп кеткенін, алайда, қазір туристер қатары күн санап қайта артып отырғанын тілге тиек етті.

Turkish Airlines әуекомпнаиясы Еуропа, Азия, Африка аймақтарына тасымалдау жұмыстарын жүргізіп келеді. Компания 1933 жылы 20 мамырда құрылған.  Әуекомпная ең сапалы әрі ең жаңа технологиялар негізінде жабдықталған. Ұшақтарының орташа жасы – 3 жыл. Сондай-ақ, Turkish Airlines Еуропа мен Азиядағы ең жоғары сапалы дайындық орталықтарына ие. 2006 жылы желтоқсан айында компания Star Alliance қатарынан көріне білді. Әуекомпанияның тұрақты штатында 13 000-ға жуық қызметкерлер жұмыс істейді.

dsc05052Ең соңғы үшінші Стамбұлдың ескі базарларын араладық. Бірақ, маған Топқапы сарайы мен Сұлтан Ахмет мешітін тамашалау сәті ерекше әсерге бөледі. Топқапы сарайы туралы энцеклопедия деректері былай дейді: «1453 жылы II Мехмет бастаған османлы әскері Константинополь қаласын басып алды. Сол кезде Топқапы орнында Византия императорларының сарайы болған. Бұл сарайдың қазіргі уақытта қалдықтары қалған жоқ. II Мехмет жеңістен кейін Византия сарайының орнына осы Топқапы сарайын салдыртқан. Ең алғашқы 50 жыл бойы бұл сарай сұлтандардың басқару резиденциясы болған. Алғашқы 50 жылда Топқапы сарайы сұлтандардың тек жұмыс орталығы ғана болған, осы жағдай II Баязит сарайы кезінде де орын алған. I Сүлеймен сарайды қайта салған. Бұл II Мехмет негізін қалағаннан кейін болған ең үлкен өзгерістердің бірі. 1854 жылы бұл сарайдың құрылысы жалғастырылған, 400 жыл бойы Ұлы Османлы Мемлекетінің басты сарайы болып қалған. 1923 жылы мұражай атанды».

Музейдің ауданы — 700 000 м². Бұдан бөлек, музейдің сыртынан 1400 м. болатын қоршаумен айналдырыла қоршалған. Топқапы жәдігерлерінің саны 65 мың шамасында көрінеді.

Сапар барысында Қырғызстан, Моңғоляия, Тәжікстан, Жапония, Қытай, Индия, Литва, Индонезия, Филипин, Индия және тағы басқа шет елдерден келген әріптестермен танысып бір арқа-жарқа болып қалдық. Тұңғыш рет Бизнес класста ұшып марқайып қалдық. Компанияның жүзі жылы қызметшілері бар мәзірін ұсынып бақты. Дәмі тіл үйірер дәмді тағамдар, жоғары сапалы қызмет, жайлы орындар жанға майдай жақты. Ұшақ ішінде өзіңізді өз үйіңіздегідей еркін сезінесіз. Өз орныңызға жайғасқан соң-ақ әуесеріктер газет-журналдың түрлі-түрлісін ұсынады. Киноның, музыканың ағылшын, түрік, орыс тілдеріндегі түр-түрі қолайлы шағын ценсрлы экраннан жедел іздеп тауып, қоса аласыз. Ұшақтың ұшу ақпараты да (биіктік, температура, қашықтық ж.т.б.) көз алдыңызда тұрады. Ұшақ негізінен теңіз деңгейінен 10 000 метр биіктікте ұшып отырды.

dsc05197Бизес-класстың тамақтандыру деңгейі өте жоғары сапалы. Онда қалаған уақытыңызда көңіліңіз қалаған ас мәзірінің түрлеріне тапсырыс бере аласыз. Безнес-класста ұшқан ұшақ жолаушыларына әуежайларда арнайы демалыс орындары ұйымдастырылған. Межелі орынға ерте бара қалсаңыз, әлгі демалыс орындарына қалағаныңызша ұйықтап алуға төсек жайлар да қарастырылған. Жуынып-шайынып алу үшін душ кабиналары да жұмыс істейді. Өзіңіздің сүйікті тамақ түрлеріне де тапсырыс берсеңіз болады. Бір таң қаларлығы, барлығы да тегін. Бизнес-класс типіндегі билетіңізді көрсетсеңіз жетіп жатыр. Барар жолда да, қайтар жолда біз осы бизнес-класс билетінің барлық мүмкіндіктерін толық пайдаланып, компанияның әуе жолаушыларына жасалған жағдайын өз басымыздан кешіріп, дән разы болдық.

Turkish Airlines компаниясы жолсеріктерді тек ағылшын мен түрік тілін білетіндерді ғана емес, ұшақ қатынайтын елдің төл тілін білетіндігіне қарап таңдайды. Сонда тіл білмейтін елдің азаматы өзін емін-еркін ұстап, қалаған затына тапсырыс береді, жолаушы ұсыныс-тілектері мен сұрақтарына өз ойындағыдай жауап алуға толықтай мүмкіндік алады. Біз отырған бизнес-класста қазақ және орыс тілдерін жетік білетін жолсеріктер қызмет көрсетіп жүрді. Бұның бәрін әуе компаниясының ұзақ жылдар бойы жетілдірген тәжірибесі деп қана емес, өз бәсекелес әуе компанияларынан басып озар артықшылығы деп бағалар едік.

Turkish Airlines – заманауи технологиялардың мүмкіндіктерін толық пайдалана білетін, жолаушылар тасымалдауда барынша заман талаптарына сай жетістіктерді қолдана алатын бірегей компания. Ол қолжетімді билеттерімен қатар ол өз тұтынушыларына барынша жағдай жасауға тырысатындығымен-ақ халық ықыласына бөленіп отыр.


Арман СЕРІКҰЛЫ,

Алматы — Стамбұл — Алматы.

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ