Тоғызқұмалақ жарысында ұтатын – қазақтың зияткерлігі мен қазақтың мәдениеті

0
233

Әлихан БАЙМЕНОВ, Халықаралық және ҚР тоғызқұмалақ қауымдастығының төрағасы:

– Бүгінде Олимпиада ойындары бағдарламасында көптеген елдің ұлттық ойындары бар. Өкінішке қарай, қазақтың бірде-бір ұлттық ойыны Олимпиада тұрмақ, Азия ойындары бағдарламасында жоқ. Біраз уақыт қазақ күресін халықаралық аренаға шығаруға талпынып жүрміз. Баз біреулер «қазақ күресінен гөрі, тоғызқұмалақты халықаралық аренаға шығару өтімді» деген пікірде. Тоғызқұмалақ қауымдастығының басшысы ретінде осыған не дер едіңіз?

– Дүниежүзілік Олимпиада ойындары бағдарламасына еніп, спорт әлеміне таралған ойындардың барлығы да әйтеуір бір ұлттың төл спортынан бастау алып, арна тартқаны түсінікті. Әрине, оларды бір ел бірінші болып қазіргі заман спорты ретінде алға шығарған. Мысалы, садақ тарту спорты. Садақ тарту спорты Олимпиада ойындары бағдарламасына енген. Ал садақ кезінде соғыс құралы ретінде әр заманда, әр елде қолданылды. Қазақта да, басқа ұлттарда да болған. Тіпті ағылшындар мен француздар арасындағы ұзақ мерзімді соғыс кезінде қай елдің садақшылары алыстан атып, алға шықса, солар басымдық алатын болған. Ал тоғызқұмалаққа келер болсақ, мұнда жағдай басқаша. Байқасаңыз, шахмат та Олимпиада ойындары бағдарламасына кірмейді. Себебі зияткерлік ойындар өз алдына бөлек. 1896 жылдан басталатын қазіргі заманның Олимпиадасы негізі тән шынықтыруға бағытталған, зияткерлік емес спорттың басқа түрлеріне арналған. Ал қазақша күреске тоқталар болсақ, кезінде Халықаралық Олимпиада комитетінің өзіндік ерекшелігі болған. Олимпиаданы қабылдайтын ел оның құрамына бір спорт түрін енгізе алған. Осындай жолмен жапондар Олимпиада ойындары бағдарламасына волейболды кіргізген. Жапон халқы дзюдоны да Олимпиадаға қосты. Күрес және шығыс жекпе-жектері ішінде кәрістер таэквондоны да кіргізді. Ал көп елге тараған самбо әлі Олимпиада бағдарламасына кіре алмай жүр. Себебі кейінгі кезде қандай да бір спорт түрін Олимпиада ойындары бағдарламасына енгізу қиындап кетті, күрделі процеске айналды. Негізі, ең бастысы Олимпиада ойындары бағдарламасына кіру емес, бұл – екінші мәселе. Бірінші мәселе – біздің ұлттық өнерімізді, соның ішінде ұлттық спортымызды жер жүзіне таныту. Халықаралық жарыстар өткізу, әлем біріншілігін өткізу. Әлем біріншілігін өткізу – ол Олимпиада ойындарының бір тарауы.

– Көптеген елдер мен ұлттардың тоғызқұмалаққа ұқсас ойындары бар. Ал біз тоғызқұмалақты халықаралық аренаға шығарып, өркендетіп жатсақ, олар «бұл – біздің ұлттық ойынымыз» деп жабысып жүрмей ме?

– Жоқ, жабыспайды. Біз қазірдің өзінде тоғызқұмалақты халықаралық деңгейге шығардық. Қырғыздар «тогузкурул» деп атайды. Олардың бұл ойындары тоғызқұмалаққа тым жақын. Үнді халқы «калак» деп атайды. Түріктердікі мен екеуінікі тым қарапайым: алты да алты. Бізде 162 құмалақ болса, оларда – 72 құмалақ қана. Бұл – қарапайым түрі. Өткенде түріктер семинар өткізді. Сонда ХVІ ғасырда салынған суреттерден шайханада калак ойнап отырған бір көрініс тапқандарын алға тартты. Сол кезде мен мынадай бір ұсыныс жасап жібердім. Біз осындай жолмен жылжымақшымыз. Солардың өкілдерін бірте-бірте тоғызқұмалақ қауымдастығына кіргізе бермекпіз. Сол арқылы олардың төл ойындарымен қатар, сол елде тоғызқұмалақты дамытамыз. Кейін олар тоғызқұмалақтың артықшылығын білгеннен кейін өздері бізге қарай ойыса береді деп ойлаймын. Себебі оларға «өздеріңнің төл ойындарыңды жауып тастаңдар» деп айтуға болмайды. Қайта осындай жолмен тоғызқұмалақты басқа елге сіңіре беру керек. Енді біз туысқан халық болған соң, әдет-ғұрпымыз да, әндеріміз де, әуендеріміз де, тіліміз де ұқсас болған секілді, ұлттық ойындарымызда да ұқсастық бар. Ол біздің тұрмыс-салтымызға, мәдениетімізге, табиғи ерекшеліктерімізге байланысты. Мысалы, көкпар қырғызда да бар. Жалпы, кейбір мәселелерге байланысты біз өзіміздің төл ойындарымызды мақтанышпен паш етуіміз керек. Бірақ ортақ таралған тұстарының бар екендігін жасырмай, қысылмай айту керек.

– Жалпы, дәл қазір тоғызқұмалақ ойынының халықаралық аренадағы тынысы қалай? Осыдан 1-1,5 жыл бұрын шетелдерде халықаралық турнирлер мен семинарлар өткізе бастап едіңіздер…

– Өз тарихында талай мәдени, рухани қыспаққа ұшыраса да, XX ғасырдың 20-30 жылдары мәдени геноцидті басынан кешірсе де, қазақ халқы Тәуелсіздігіміздің арқасында үзіле жаздаған ұрпақтар үндестігін жаңғырту заманына жетті. Соның бір бағыты ретінде қазіргі кезде ұлттық ойындарды жаңғырту, өркендету жаңа деңгейге көтерілді. Тоғызқұмалақ – қазақ халқының әлемдік өркениетке қосқан үлесі болуымен қатар, жастарды тәрбиелеудің, олардың зердесін, ойлау жүйесін қалыптастырудың маңызды құралы. Қазіргі ақпараттық технологиялар заманында келешек ұрпақты тек мектеп пәндері арқылы ғана емес, осындай ұлттық ойындарымыз арқылы да тәрбиелеу маңызды. Ұлттың бәсекелестікке қабілеттілігін арттыруда да тән саулығы мен зияткерліктің орны ерекше.

 

 

Соңғы жылдары зияткерлік тоғызқұмалақ ойыны жоғарғы қарқынмен дамып келеді. ҚР тоғызқұмалақ қауымдастығының, ҚР Туризм және спорт министрлігінің, сондай-ақ облыстық әкімшіліктердің қолдауы арқасында бұл ойынмен шұғылданушылардың саны жүз мыңға жақындады.

Тоғызқұмалаққа халықаралық деңгейде де қызығушылық артып келеді. Қазір тоғызқұмалақпен тек шетелдегі қазақтар ғана емес, Англия, Германия, Испания, Чехия, Ресей, Түркия, Франция, Украина, Қытай, Канада, АҚШ мемлекеттерінде жергілікті тұрғындар да әуестенуде. Тоғызқұмалақ үш рет: 2006 жылы – Лондонда, 2008 және 2009 жылдары Чехияда дүниежүзілік зияткерлік Олимпиаданың бағдарламасына енді.

2007 жылы Македонияның Охрид қаласында өткен Түркі тілдес халықтардың жастар құрылтайында 40 елден келген 240 делегатқа ұлттық ойыннан семинар өткізілді. Шетелдегі қазақтар және тоғызқұмалақ насихаттаушылары үшін Англияда (2009 ж.), Қытайда (2008 ж.), Түркияда (2007, 2008, 2009 жж.), Өзбекстанда (2009, 2010 жж.), Ресейде (2007, 2008 жж.), Францияда (2009, 2010 жж.) бірнеше әдістемелік таныстыру шаралары мен жарыстар ұйымдастырылды.

2008 жылдың 1-8 маусым күндері ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі үшін өткен халықаралық жарыс барысында ел спортшылары шетелден келген делегаттармен бірлесе отырып, Халықаралық тоғызқұмалақ қауымдастығын құрды.

2009 жылы шетелдерде алты халықаралық жарыс, төрт халықаралық семинар өткізілсе, өз ішімізде ҚР Президентінің жүлдесі үшін ХІІІ халықаралық жарыс, алты республикалық ресми чемпионат, тоғыз республикалық рейтингтік жарыс, ІІ Жастар ойындары, ІV «Ақбидай» ауыл ойындарының спартакиадасы, Жоғарғы оқу орындары арасындағы V жазғы универсиада секілді іс-шаралар өткізілді. Сондай-ақ 2009 жылы тұңғыш рет Азия чемпионаты өткізілді. Биыл күзде Астанада әлем чемпионатын өткіземіз.

– Тоғызқұмалақ ойынын заман талабына сай деңгейде насихаттау үшін оны компьютерге енгізуге бола ма? Компьютерге отырып алып, футбол және басқа да ойындар ойнайтындар көп қой. Дәл осылай тоғызқұмалақ ойнасақ деген тілек – бұл.

– 2009 жылдың 15 қыркүйегінен бастап әлемдік ғаламторда тоғызқұмалақ зияткерлік ойын ретінде тіркеліп, www.iggamecenter.com сайтында тоғызқұмалақтың онлайн жүйесінде ойнайтын бағдарламасы жасалды. Осы сайтқа кіріп, төрткүл дүниенің мықты ой шеберлерімен электрондық бағдарламада тоғызқұмалақ ойнауға болады. Мұны жасаған – Канада азаматы. Тоғызқұмалақ осы сайттағы зияткерлік ойындар арасында танымалдығы жағынан алғашқы ондықтан түсіп көрген жоқ. Тіпті кейбір айда бесінші немесе алтыншы орындарға да көтеріліп жүр. 2009 жылдың 1 наурызынан бастап ақпараттық кеңістікте тоғызқұмалақты насихаттау үшін жаңаwww.9kumalak.kz сайты халықтың назарына ұсынылды. Тоғызқұмалақтың бала тәрбиесіндегі рөлін арттыру үшін мектептерге факультативтік сабақ ретінде енгізу қажет деп ойлаймын. Ол үшін дене шынықтыру пәнінің мұғалімдерін дайындайтын жоғары оқу орындарында тоғызқұмалақты міндетті пән ретінде оқыту керек. Сонда барлық мектептегі дене шынықтыру мұғалімдері тоғызқұмалақ негіздерін білетін болады.

– Сайттағы нұсқасын Канада азаматы жасады дедіңіз. Ол мұны сіздердің тапсырыстарыңыз бойынша жасады ма, жоқ әлде өз еркімен «дүниеге әкелді» ме?

– Бізді 2006 жылы Лондонда өткен зияткерлік ойындар Олимпиадасына бірінші рет қатыстырғаннан кейін-ақ тоғызқұмалақ туралы ақпар әлемнің түкпір-түкпіріне тарай бастады. Содан соң әлгі сайтты жасаушы адам (Арти Сандлер)біздің мамандармен хабарласып, қосымша ақпарат алып, тоғызқұмалақты сайтқа салған. Зияткерлік ойындардан тұратын бұл сайт оған дейін жұмыс істеп тұрған болатын.

– Ал тоғызқұмалақ бренд ретінде тіркелген бе?

– Ресми түрде, халықаралық деңгейде бренд ретінде тіркелген жоқ, бірақ халықаралық қауымдастығы бар. Халықаралық аренаға шықты, төрткүл дүниеге тарай бастады.

– Ұлттық ойынымыздың осы түрін Қазақстанда дамыту үшін қаржыны қайдан аласыздар?

– Біріншіден, 2007 жылдың екінші жартысынан бастап Спорт, Мәдениет министрліктері тоғызқұмалаққа көңіл бөліп, бюджеттен қаржылай көмек көрсете бастады. Екіншіден, бізде бірнеше іскер адамдар бар. Олар ұлт жанашыры болғандықтан, тоғызқұмалақты дамытуға атсалысып отырады. Біз федерация ретінде сондай адамдармен қарым-қатынас орнатып, солардың мүмкіндіктерін тоғызқұмалақты дамытуға жұмылдыруымыз керек.

– Қандай да бір ел өзінің ұлттық спортын халықаралық аренаға шығарып, дамытқысы келсе, ақшаны төгеді. Осы спорт түрімен айналысуға қызығушылық танытқан елге оның керек-жарақтарын тегін таратады. Бізде осы мәселе қандай жағдайда?

– Бұл орайда біз тоғызқұмалақтың ережесін әлемнің бірнеше тілдеріне аудардық. Алғаш рет Астанада қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде басып шығардық. Халықаралық сайттарға тоғызқұмалақ ережесін ағылшын тілінде енгізіп қойдық. Ендігі ойымыз – тоғызқұмалақ тақтасының арзан әзірленетін стандарттық түріне қол жеткізу. Осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Еуропадағы қазақтарға, Түркия қазақтарына, сондай-ақ тоғызқұмалақ ойнай бастаған бірнеше елдердің өкілдеріне әдістемелік нұсқаулар мен тақтаны халықаралық жарыстарға барған сайын апарып беріп, тегін тараттық.

– Осы бір тамаша төл өнеріміздің «тоғызқұмалақ» деген атауы шұбалаңқы сияқты. Әрі ағылшынтілділер тұрмақ, орыстілділердің өздері анық айта алмайтын «ғ», «қ» және «ұ» секілді әріптеріміз бар. Мүмкін, заман үрдісіне қарай тоғызқұмалақ атауын өзгерту керек шығар? Оймақтай әп-әдемі атау ойлап табуға болмай ма?

– Дәл қазір мен оның қажеті жоқ деп ойлаймын. Біздің бірінші кезектегі мақсатымыз – осы төл өнерімізді қарқынды түрде дамыту. Шын мәнінде жұртты қызықтыратын ойын болса, атауы кедергі бола қоймас. Сайтта «тогузкумалак» деп жазылып тұр.

– Депутаттардың, министрлердің, облыс әкімдерінің арасында тоғызқұмалақ ойнай білетіндері бар ма? Мүмкін бірінші кезекте осындай халық қалаулылары арасында турнир өткізу керек шығар.

– Мен енді олардың барлығын бірдей жақсы біле бермеймін. Біреу үйінде ойнар, енді біреу баласының тоғызқұмалақ ойнағанын қалайтын болар. Бірақ біраз адамдарды кездестірдім, «менің туысқаным ойнайды, менің балам ойнайды» дейді кездесе қалғанда. Ондайлар көп. Ал ақын-жазушылар арасында тоғызқұмалақ ойнайтындары біршама. Осыдан 60 жылдай бұрын жоғалта жаздаған асыл мұрамыз – тоғызқұмалақты қайта жандандырып, халыққа қайта қауыштыру ісінің басы-қасында ұлы Мұхтар Әуезовпен бірге Қ.Қуанышбаев, Ш.Ибраев болған еді. Сіз бізге жақсы ой салып отырсыз, бұл өзіміздің де алдағы жоспарларымыздың бірі еді. Енді жазушылар, ғалымдар арасында, бір сөзбен айтқанда, зиялы қауым көп жиналған орталарда тоғызқұмалақты насихаттап, жарыстар өткізуді қолға алмақпыз.

 

Фото: sk-sport.kz

 

Кез келген ұлт мәдениетінің құрамдас бөлігі ретінде тән саулығы, дене тәрбиесі, спорттық және зияткерлік ойындардың өзіндік орны бар. Ұлттық спорт пен ойындардың қосымша ерекшелігі, олар әлемдік мәдениет пен өркениетке қосқан әр халықтың өзіндік үлесі болып табылады. Ендеше, қазақтың ұлттық спорты мен ойындарының бүгінгі ахуалын саралап, оның болашақ биіктеріне бастайтын бағыттарды анықтау – біздің азаматтық та, ұрпақтық та парызымыз. Тоғызқұмалақтың кез келген жарысын ашарда біз, тоғызқұмалақ қауымдастығының басшылары, бір ойды нақтылап жеткіземіз: «Бұл жарыста ұтылатын ешкім жоқ. Ұтатын – қазақтың зияткерлігі, ұтатын – қазақтың мәдениеті». Осы ой барлық ұлттық спорт түрлеріне қатысты.

Алдағы мақсат – заман талғамына сай нақтылы жоспар жасау және жүзеге асыру. Қазақстанда жинаған тәжірибені ендігі кезекте тоғызқұмалақты халықаралық деңгейде дамытумен тығыз байланыстыруымыз керек. Осы арқылы төл ойынымыздың даму аясын кеңейтіп, ұлт мәдениеті мен зияткерлігін насихаттауға қол жеткізгіміз келеді. Тоғызқұмалақты ұлт деңгейінде жаңғырту кезеңінен кейінгі дамытудың жаңа биігі – оны төрткүл дүниеге таныту, әлемнің зияткерлік ойындары санатынан лайықты орын алуы үшін аянбай тер төгу.

ұтымды ой

Тоғызқұмалақ түркі халықтарын біріктіру ісіне өз үлесін қоса алатын зияткерлік ойын болады деп ойлаймын. Сондықтан біз түркі дүниесі академиясы жұмысына осы тоғызқұмалақты қосқымыз келеді. Еуразияның ен даласын жайлаған түркі халықтарының адамзаттың мәдениеті мен руханиятына қосқан үлесі зор. Жұмыр жерде басқа халықтармен тығыз байланыса отырып өмір сүрген бабаларымыз басқа этностармен араласа отырып, түрлі мәдени-тілдік қарым-қатынасқа түсті. Ол мәдениеттердің ішінде өркениет деңгейіне көтерілген Қытай, Иран, үнді, грек мәдениеттері бар. Бірақ қаншама елдермен аралас-құралас болса да, осы күнге дейін өзіндік мәдени болмысын жоғалтпады.

 


 

Нұрғазы САСАЕВ

«Алаш айнасы»

ПІКІР ҚАЛДЫРУ