Тектілік пен тексіздік немесе тағы да аты-жөнімізді қалай жазу жайында

0
1304

Шүкір дейік, тәуелсіздікке қол жеткен тұстан бері ғасырлар бойғы отаршылдықтың тепкісінен құтылып, еңсемізді тіктеуге бет бұрдық. Өшкеніміз жаңғырып, жоғалтқанымыз табылып келеді. Ұлттық рухымыз күшейіп, аты-жөнімізден де қазақылықтың болмысы шығып тұрғанын жөн көре бастадық. Бұл жағдай әзірге бірізділікке түсе қойған жоқ. Сол себепті, қазақтың басым көпшілігі орыстың фамилиясымен («ов», «ева», «ин», «ина» т.б) жүр. Рухани жаңғыруды бастаймыз деп ұрандап жатқан тұста төлқұжаттағы ата-тегіміздің дұрыс жазылуына да назар аударатын кез келген сияқты. Журналист Серік Жұмабекұлының 11 жыл бұрынғы ұлттық намыс, тектілік пен тексіздік сияқты құндылықтар жайында жазғаны әлі күнге дейін өзектілігін жойған жоқ. Сол себепті, автордың келісімімен мақаланы оқырман назарына қайта ұсынғанды жөн көрдік.  

«Кімнің құлысың?»

 Таяуда белгілі философ, профессор  Аманжол Қасабек мырзамен қызмет бабы бойынша  әңгімелесіп қалдық. Ол кісі «ов» деген пәледен құтылғанын, жаңа төлқұжат бойынша ататегін осылай жазғызғанын жеткізді. Сосын: «ов» жалғауы орыстың «чей холоп?» деген сөзінен шыққан дей отырып, бұл – кезінде құлдар мен күңдердің қай құлиеленушіге тиесілі екендігін анықтайтын жалғау болғанын, кейіннен орыс халқының фамилиясына айналып кеткенін дәлелдеді. Осы пікірді бір жолдасыма айтып едім, ол шат-шәлекей ашуланды. Сөйтсем бала-шағасына бір ауыз қазақша үйрете алмай кеткен оның отбасының мүшелері түгелдей «ов», «ова» жалғауларын мұра тұтқан екен. «Сонда орыстың патшалары да құлдардың фамилиясын иемденген бе?» деп ол кісінің жұбайы қарсы сұрақ қойды. Соңынан «Үлкен совет энциклопедиясын» парақтап қарағанымда, орыстың князьдары мен императорлары, патшалары мен патшайымдары ешқашан фамилияларына «ов», «ев» деген «құйрықшаларды» қыстырмағанына көзім жетті. Дмитрий Донской, Ярослав Мудрый, Иван Грозный, Петр І, соңғы патша ІІ Николайға дейін ешқайсысы құлдардың фамилиясына жоламапты.

Бұдан кейін «фамилия» деген сөздің мағынасын сөздіктерден қарадым. Оның латын тілінде екі мағынасы бар көрінеді:

  1. Қай отбасынан тарағаныңды білдіру амалы. Ол үшін жеке адамның атына, яғни атаңның немесе әкеңнің есіміне тәуелдік жалғауларының бірін жалғап көрсетуің керек.
  2. Әулетіңді, үрім-бұтағыңды танытудың амалы. Орыстар үрім-бұтағы туралы айтқысы келсе «вся наша фамилия» деп бастайды. Біз ру, ата-тегімізді анықтауға келгенде осылай сөз саптаймыз.

Отбасы демекші, коммунистік идея көсемдерінің (жақсы мағынада) бірі Ф.Энгельс «Семьяның, жекеменшіктің және мемлекеттің шығуы» атты еңбегінде бұл жөнінде терең ғылыми тұжырым жасай келіп: «familia» деген сөз римдіктерде ерлі-зайыпты адамдар мен олардың балаларына қатысты болмай, құлдарға ғана қатысты болған. «Famulus» – үй құлы деген сөз. Ал «familia» – бір адамға қарайтын құлдардың жиыны деген сөз. Гайдың заманында да familia jd est patrimonium (яғни мұра) өсиетпен қалдырылып отыратын болған. Жаңа қоғамдық организмді атау үшін бұл сөзді римдіктер ойлап шығарған-ды; бұл организмнің басшысы әйелі мен балаларының және бірнеше құлдың қожасы болды; римдіктердің әке билігі бойынша, оның өзіне бағынышты осы адамдардың бәрінің өмірі мен өліміне билік ету правосы болды» (К.Маркс пен Ф.Энгельс, «Таңдамалы шығармаларының үш томдығы», 3-том, 258-бет. Алматы, «Қазақстан», 1981) деп жазады.

Осыдан кейін ата-бабамыздың немесе әкеміздің есімдеріне орыстар арқылы бізге ауысқан, құлдықтың белгісін танытатын, айғақтайтын осынау «жалғау-құйыршықты» тегімізге тели берудің қаншалықты қажеті бар? Бұл – сүйекке таңба емей, тексіздік емей немене?!

«Құйыршықты» шорт кестік!

Бұл «сасқан үйрек артымен сүңгидінің» керін келтірді, «пәмиле» болып жарытпады. Енді Жанат Есімбек, Рахат Кемелбай, Манат Шалбай, Думан Жұмағұл, Балғын Есмағамбет, Мейрам Мұсағали, Қалыш Уәлихан, Сағыныш Рахым, Бағдат Диханбай, Сайран Тоқтарғазы, Дидар Тұрсынбай, Ардақ Берсінбек, Бағлан Асанбай тағы басқа осы тәрізді еркек пен әйелге ортақ есімді адамдарды жүзбе-жүз танымасаң, оның не әйел заты, не еркек заты екенін ажырата алмайтын жағдайға жеттік.

Мейлің, ол жағы түптің түбінде белгілі бола жатар. Енді қатар аталған осы есімдердің қайсысы өз аты, қайсысы тегі екенін қалай ажыратамыз? Шығармашылықпен айналысатын адамдардың есімі бірінші жазылатын дәстүр бар. Бірақ елдің бәрі Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбай, Қадыр Мырза-Әли емес. Шығармашылық адамдарына еліктесек, тіпті шатысуымыз мүмкін екен. Біреулері руының, туған жерінің аттарын пәмилесі (тегі) ретінде көрсететінді шығарды. Ақселеу Тарақты, Түңғышбай әл-Тарази деген сияқты. Ниеттері дұрыс. Орыстың «ов» деген құйыршығынан құтылып, өздерінің қайдан шыққандарын, қайдан тарағандарын көрсеткен түрлері ғой. Алайда бұл да бүкіл қазаққа пәмилелік үлгі бола алмасы анық. Ең қиыны – енді екі-үш ұрпақ ауысқаннан кейін кімнің кімнен тарағанын ажырата алмайтындығымызда болып отыр.

Бір ұрпақ ауысқан соң…

«Ұлы», «қызы» деген қосымшалар да түпкілікті пәмиле жасай алмайтын тәрізді. Мәселен даңқты Бауыржан Момышұлының баласы Бақытжан ағамыз да Кеңес кезіндегі фамилия заңы бойынша «Момышұлы» болып жазылды. Негізі ол кісі – Момыш атадан тараған ұрпақ, яғни «Момыштан Бақытжан Бауыржанұлы» деп жазылуы керек еді. Бірақ әйгілі адамның фамилиясы болғандықтан «Момышұлы» өшпес ерліктің символы болып қала береді. Ұрпақтары оны мақтанышпен фамилия тұтып өтеді. Алайда елдің бәрі Баукең емес қой. Сондықтан қазіргі біздер пәмиле ретінде пайдаланып жүрген әкеміздің есімдері бір ұрпақтан кейін пәмилелікке жарамайтынын мойындағанымыз жөн.

«Тегі» де дұрыс емес

Қазақ жөн сұрасқанда «Қай әулеттенсің? Тегің кім?» деп бастайтыны белгілі. Қайдан тарағаныңды санамалауға кірісесің. Сөйте келе бір жерден бір тармағың әлгі адаммен, әйтеуір, жанасады. Ағайын боласың, туыс боласың. Мұндай  ұлттық қасиет ешбір елде жоқ. Мейірбандық пен бірлігі күшті ел ешқашан өшпейді. Осыдан қорыққан отаршылдар қазақтардың арасына от тастап, рушылдықты қоздырып, «бөліп ал да билей бер!» әдісі бойынша бізді ғасырлар бойы езгіге салғанын қалай ұмытамыз.

Сонымен бүгінгі ұрпақтың тегі – оның ата-бабасы. Онда біздер неге төлқұжатта өзімізді ата-бабамыздың тегі ретінде көрсетуіміз керек? Сен сол ата-бабадан тараған ұрпақ емессің бе! Орыстың «ов» деген жалғауының ішкі мағынасы да осыны білдіреді. Олардың «родительный падеж» дегендері «кого? чего? чей?» деген сұрақтарға жауап беретіні белгілі. «Чей холоп? Иванов холоп» деген осыдан шыққан. Родительный падеждың сұрақтары қазақ тіліндегі Ілік септігінің (кімнің? ненің?) сұрақтарымен дәлме-дәл. Солай екен деп біз пәмилемізді «Асанның, Үсеннің» деп жазуымыз керек пе? Жоқ. Фамилия аяқталған, нақты мағына беретін сөзден жасалуы тиісті. Қазақ тіліндегі Шығыс септігінің жалғаулары «тан», «тен», «дан», «ден», «нан», «нен» деп тақ-тұқ етіп тұрған жоқ па? Мұндай септікті орыс тілінде таба алмайсыз. Ол бізде ғана бар. Ата-тегімізді таратқанда да біз осы септік бойынша «пәленбайдан – түгенбай, одан – анау, анаудан – мынау» деп сарнап қоя береміз. Жалпы, біз орыс тілінің заңдылықтарымен ғана жүруге әбден дағдыланып алғанбыз. Отаршылдық тепкісінен ес жиятын кез келді. Ендеше пәмилемізді «Асаннан, Үсеннен» деп жазғанымыз дұрыс.

Мәселен грузиндердің фамилияларына жалғанатын «дзе», «швили», деген жалғаулар «бала», «ұрпақ» деген сөздің баламасы екен. Ал ол фамилияға жалғанғанда кімнен тараған ұрпақ дегенді аңғартатын көрінеді. Бір қызығы – осы грузин жалғауларының ішкі мағынасы біздің қазақ тіліндегі Шығыс септігінің жалғауларымен дәлме-дәл келетінін қайтерсің! Оларда бұдан басқа «ели», «или» (Руставели) деген жалғаулар да бар. Адамның кәсібін, лауазымын білдіреді. Алайда грузин халқы кейінгі кезде осы «ели», «или» жалғауларын «дзе», «швили» жалғауларына ауыстыруды қолға алыпты.

1970 жылы Мәскеудің «Наука» баспасынан жарық көрген «Антропонимика» атты авторлар топтамасын қарасаңыз, орыстардан бастап бір кездегі КСРО халықтары фамилияларының шығу тегін зерттеген ғалымдардың қызықты еңбектері алдыңыздан шығады. Оқып отырып, украин, латыш, удмурд, корей, армян, гүржі, еврей, тағы басқа ұлттардың фамилияларының соңындағы жалғаулары қазақтың Шығыс септігіндегі «тан», «тен» жалғауларымен үндесіп жатқанын байқайсыз. Бір өкініштісі, бұл кітапта қазақтың пәмилесі жайында ешкім ештеңе жазбапты.

Тәуелсіздік алғаннан кейін бесігімізді түзейміз деп жүріп есімімізге мән бермегеніміз рас.

«Ештен де кеш жақсы»

Таяуда белгілі тіл маманы, профессор Телғожа Жанұзақов ақсақалға арнайы жолықтым. Ол кісі қазақтың есімдері мен фамилияларын дұрыс жазу жөніндегі 1994 жылғы қаулының дүниеге келуіне үлес қосқан адамның бірі. Тел-ағаң бұл қаулыға өзгерістер енгізіп, қайта қабылдау қажеттігін, кезінде әртүрлі себептермен асығыстыққа жол берілгенін жасырмады. Соңына таман мен 1989 жылдың 8-қазан күні дүниеге келген қызымның сол кезде алынған «Тууы туралы куәлігін» көрсеттім. Ондағы Жұмабектен Айгүл Серікқызы деген жазуға алғашқыда таңырқай қарады. «Белгілі тіл маманы, профессор Сапархан Мырзабеков марқұм да осы нұсқаның дұрыс екендігін дәлелдеп, кезінде бірнеше мақала жазған еді. Кеңес үкіметінің, Компартияның қылышынан қан тамып тұрған кезде сен мұны қалай алғансың?» – деп сұрады. Сол кездегі Мәскеу аудандық АХАЖ-да ұлты орыс қызметкермен екі сағат дауласып отырып жеткен жеңісімді әңгімеледім.  Енді, міне, ол жайында көпшілікке жариялауға тура келді. Ең бастысы – қызым Айгүлдің өз пәмилесін өте мақтан тұтатындығы. Балабақшада да, мектепте де оны осы пәмилемен атады. Бұған көптің құлағы үйренгелі қашан. Алдағы уақытта бүкіл қазақ аты-жөндерін осылай жазғызса, менің де мақтанышымда шек болмас еді. Түбінде солай болатынына сенімім мол. Өйткені, төлқұжатымыздағы фамилияның орнына «тегі» деп көрсетілген. Ал ол «қайдан?» деген Шығыс септігінің сұрағын сұранып тұр. Сұраққа әрқайсыңыз өз пәмилелеріңізбен жауап беріп көріңіздерші. Мен қызыма куәлік аларда «Оның тегі – Жұмабектен» деп жауап қайтарғам және солай жаздырғам. Бұл енді дәлелдеуді қажет етпейтін шындықтың өзі емес пе?!


Серік ЖҰМАБЕКҰЛЫ

«Президент және Халық» газеті

 (№47(062) 24қараша, жұма. 2006 жыл)

 

 

 

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ