Теңге қалай жасалды?

0
389

Ғалым Байназаровпен сұхбат.

Теңге – тәуелсіздіктің төл перзенті. Саяси егемендігін алған елдің экономикалық тәуелсіздікке ие болуында бұрын Кеңес Одағының рубльдік аймағында тіршілік кешкен Қазақстан үшін өзінің дербес қаржылық-экономикалық саясатын құруы жолында теңге көтерген жүкті ештеңемен салыстыруға келмейді. 1993 жылдың 15 қарашасында Қазақ елі рубльге құрылған экономиканы тәрк етіп, теңге қолына тигенде толқымаған жан аз.

Бірақ андағайлаған әлемде, пайызға шаққанда өз ұлтының адамдары азшылықтағы жаңадан ғана тәуелсіздігін жариялаған жас мемлекет үшін оған бару ауадай қажеттілік екені анық ұғынылғанмен, бұл тәуекелі мол қадам болатын. Ел тарихындағы тағдырлы сәтте маңдайына Ұлттық банктің алғашқы төрағалығын бұйыртқан экономика ғылымдарының докторы, қаржыгер Ғалым БАЙНАЗАРОВ тарихымыздың сол бір айшықты сәтін еске түсіреді.

Бүгінгі күннің ертеңгі тарих екендігіне шүбә жоқ. Алайда көп жағдайда оған мән беріп, бажайлап жатпайтынымыз тағы рас. Ал өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басында ұлттық валютаны енгізу жөнінде жұмыс басталғанда сіздер ел үшін нағыз тарихи істердің басы-қасында жүргендеріңізді айқын ұғындыңыздар. Сондықтан мойынға артылған жүктің жауапкершілігі де бөлекше болған шығар?

– Әрине, араға қанша жылдар түсіп, сынаптай сырғыған уақыт өз ырқына бағындырып, теңгенің тарихқа жол салғанына қаншама мезгіл өтіп кетсе де ол күндер де, сол істі бірге атқарысып, ыстық-суығына көніп, тынбай еңбек еткен жандардың барлығы да күні кешегідей көз алдымда. Жылжып өткен уақыт биігінен қарағанда да, сол кезеңмен өлшегенде де теңгені еліміздің тарихынан бөліп алып қарай алмайтынымыз анық, оның қажеті де жоқ. Ал теңгенің өмірге келуі – тарихи оқиға. Теңгеміз – экономиканың басқару құралы. Сондықтан сол кезеңде халықтың басынан өтіп жатқан жағдайды, тұрмысының деңгейін, еліміздің экономикалық хал-ахуалын қосып қарастырып қана теңгенің тууы жайлы айта аламыз.

l-farabi-1-te-ge

1985 жылдан бұрынғы Кеңес одағында тоқырау басталды. Мұнайдың халықаралық нарықтағы құны 10 долларға дейін түсіп кетті. Осыған байланысты Одақ көлемінде толып жатқан экономикалық реформалар жүріп жатты. Ал банк саласындағы реформалар 1987 жылы басталды. Сол кезде мемлекеттік банктен бөлініп, түрлі сала үшін қажетті деген банктер құрылып, Қазақстанның Агробанкі, Әлеуметтік жинақ банкі, Құрылыс банкі, Бұрынғы Сыртқыэкономбанк негізінде «Әлем» банкі тәрізді түрлі мемлекеттік банктер өмірге келді.

1991 жылы желтоқсанда үш славян мемлекеті қол қойған Беловежье келісімінен кейін Кеңес одағы құлады, жаңа дәуір басталды. Дегенмен, Кеңес өкіметі келместің кемесіне отырып, өз нәпақасын тауысқанымен, біз Мәскеуге жалтақтап, олардың ақшасына байланған, тұсаулы аттай кібіртік күйде болатынбыз. Оның үстіне, экономикалық тұрғыдан 1985 жылы күшейе түсіп Одақтың құлауына әкелген дағдарыстың ауыр кезеңдері де өтіп жатты.3-te-ge

Жалпы біз тәуелсіздігіміздің 25 жылы ішінде үш экономикалық дағдарысты басымыздан кешірдік. 2008 жылы басталған соның соңғысы әлі жалғасу үстінде. Ал біздің тәуелсіздік жариялағаннан кейінгі 1991-1993 жылдарға жалғасқан дағдарыс соның ең бір ауыр тұсы еді. Міне, осы кезеңдер әлемдегі өзге мемлекеттерге оңай тимей жатқанда, керегесін енді ғана жаямын дегенде жел тұрып, шаңырағын тіктеуге мұрша бермейтіндей жағдай дәл біздің басымызда болды.

Әлі есімде 1992 жылдың 17 қаңтары күні мен Ұлттық банктің төрағасы болып тағайындалдым. Күн тәртібіне сол кездің өзінде барынша өткір бірнеше мәселе шықты. Ұлттық банкті шын мәнінде қайта құру қажеттігі туғаны айқын еді. Соның алғашқысы дербес ақша-қаражат саясатын жасап, тәуелсіз банк жүйесін құру болса, екіншісі – осыған орай ұлттық валюта шығару, үшіншісі, ақша-қаражат мәселесіне байланысты жаңа инфрақұрылым жасауға негізделді. Ал осы мақсаттарды өмірге келтіру ұшы-қиыры жоқ, ауқымы өте кең, көп уақытты керек ететін шаруалар болатын, бірақ бізге оларды тез арада жасау қажет еді.

5-te-ge

Кеңестік біртұтас экономикалық жүйедегі байланыстар бырт-бырт үзіліп, балапан – басына, тұрымтай – тұсына дегендей, сол бір кезеңдерде өзіміздің ақшамыз да жоқ, кісідегінің кілті аспанда демекші, Ресейге қарап жалтақтап отыратынбыз. Қазақша айтқанда ақшаның құлпы да, кілті де солардың қолында еді. Оның үстіне Ресей Президенті Борис Ельцин Егор Гайдар бастаған бір топ жас экономистерге үміт артып, үкімет тізгінін солардың қолына ұстатты. Олар болса, бағаны еркіне жібере салды. Сұрапыл инфляция дауылы көтеріліп, тұтыну бағасының өсу деңгейі 1991-1993 жылдары 5573 пайызға жетіп, бар-жоғы үш жылдың ішінде баға 55 есеге өсіп кетті. Бұл ең керемет деген кәсіпорындардың өзі көтере алмайтын соққы болатын, жалпы экономикаға жалпылама банкроттық қауіп төнді.

Міне, осыған байланысты келесі үлкен мәселе – экономиканың ауылшаруашылық және өндірістік әлеуетін сақтап қалу міндеті тұрды. Бәрімізге белгілі, ол уақытта бізде алтын-валюта қоры, ұлттық қор жоқ болатын, үкімет қауқарсыз, бюджет дефицитті, ал екінші деңгейдегі банктер қаражаты мардымсыз, халықаралық ақша нарығы біздер үшін жабық еді. Осындай жағдайда Ұлттық банктен басқа экономикаға көмек беретін сала қалмады. Ұлттық банк өзінің заңды функцияларын пайдаланып, дербес кредит саясат ұста­ны­мын іске асырып, екінші деңгейдегі банктер арқылы ірі өндіріс орындарына, ауыл шаруашылығына арнаулы дерективті кредиттер беріп, экономиканың негізін, алдағы реформалар үшін оның әлеуетін сақтап қалу шарасына үлкен үлес қосты.10-te-ge

Жоғарыда айтып өткенімдей, дағдарыстың қайсысы да жақсы емес, ал Кеңес өкіметі құлаған соң болған дағдарысты кейінгілерімен тіпті салыстыруға да келмейтін. Өйткені, 1990 және 95-ші жылдар аралығында біз экономиканың 42 пайызынан айрылдық. Өндіріс орындарының 52 пайызы тоқтап қалды, ауыл шаруашылығының 49 пайызы жоғалды. Міне, осының салдарынан мыңдаған адам жұмыссыз қалды, халықтың күнкөріс жағдайы аса төмендеп кетті. Жандәрмен, қысылтаяң шақ. Біздің үкімет қалайда рубль аймағында қалуға ұмтылып, 1992 жылдың басынан 1993 жылдың қазан айының соңына дейін Ресеймен жаңа рубль аймағын құрамыз деген мақсатпен көптеген келісімдер жасасты. Бірақ мұның барлығының уақытша екені, өз валютамыздың қажеттігінің туындайтыны басы ашық мәселе-тұғын.

Сол кезде банк Президентке емес, Жоғарғы Кеңеске бағынатын. Президенттік институттың енді ғана орнап жатқан кезі. 1992 жылдың басында Мемлекет басшысы ұлттық валютаны ендіруге даярлықты өте құпия түрде бастау керектігі туралы міндет қойды. Шынында, біздің еліміздің жағдайын өзгелермен салыстыруға мүлдем келмейтін. Қазақстан аумағында атом қаруымен жарақталған Ресей армиясы, олардың әскери 12 ресейлік банкісі, Байқоңырда ресейлік ғарыш айлағы тұрды. Егер біз Балтық бойындағы елдер секілді КСРО-дан қалған мұраны тегіс бөлеміз десек, оның соңы немен аяқталатыны да белгісіз… Сондықтан осындай шетін мәселелерді ескере отырып, жұмысты өте құпия түрде жүргізу қажеттігіне байланысты құпия екі Жарлық шығып, оны мен ақпараттың таралмауы үшін Ұлттық банкте сақтау жайында ұсыныс айтып едім, Президент қолдап, түпнұсқа жарлық бізде сақталды.

20-te-ge

Бұл енді алғашқы даярлық сәттер ғой. Ал жұмыс қалай жүрді?

– Теңгені енгізу жұмысына даярлықты бастап кеттік. Ол кезде бізде ақша басып шығаратын өндіріс те, не жұмысты бастайтын жеткілікті ақша да жоқ, банк саласының білікті мамандарының жалақылары жоғары екінші деңгейдегі банктерге кетіп қалғандығынан қажетті мамандар және жоқ, алайда, ештеңеміз жетпей жатса да жұмыс істеу керек болды. Сондықтан, ең бірінші мақсат теңгені шығару керек, одан кейін теңгенің бағамын айқындайтын басқа да мәселелерді, инфрақұрылымдарды құру қажеттігі өте өзекті болды. Қор рыногының бір тармағы электронды биржа ашу, банкнот жасайтын фабриканы, теңге сарайын ашу, алтын және валюта қорын жасау мен оны сақтайтын мемлекеттік сақтау қоймасы қажеттігі анық еді. Осылайша ең алдыңғы кезекке шығатын 5 мәселенің тұрғаны айқындалып, оларды шешу жолдары іздестірілді. Ал бұларсыз теңгені енгізуге мүлде болмайтын. Жоғарыда айтқанымдай, қол қысқа, қаражат аз. Сондықтан біз теңгені енгізу мәселесінде үлкен жоспар жасадық.

Алдымен қайта құруды Ұлттық банктің өзінен бастап, алтын мен күмістің резервін қалыптастыру үшін оны қазып алудан бастап сатуды монополиялап, бұл кәсіпорындарға арнаулы кредит бердік. Ол кезде елімізде жылына 6 тоннадай алтын, 650-700 тоннадай күміс шығарылатын. Кеңес Одағы орталықтан қаржыландырып келе жатқан бұл кәсіпорын байланыстар үзілгенде абдырап қалса керек, бізбен жұмысқа қуана келісті. Содан алтын шығаратын кәсіпорындармен шарт жасасып, одан Лондондағы Ротшильд банкімен тікелей байланыс орнатып, алтын мен күмістің күнделікті бағамын біле отыра қимылдауға кірістік.

50-te-ge

Бұл жерде бір нәрсені айта кеткен жөн. Ұлттық алтын мен күміс өндірісінде банк өзі пайда таппаса да соларды қуаттандыруға күш салды. Біз сол шыққан алтын-күмістің халықаралық бағамының 95 пайызын кәсіпорынға беріп, өзімізде тек 5 пайызын ғана қалдырдық. Оның өзі соған қажетті шығындарды жауып отыруға жұмсалды, бірақ осының арқасында еліміздің алтын-күміс қоры күшейді, ақшалай ресурс және шетелдік валюта пайда болды. Біз алғаш рет Цюрихтегі банкке 40 тоннадай күміс саттық, сол жерден ең алғаш тәуелсіз ел ретінде тұңғыш рет қарым-қатынас орнаттық, валюталық есепшот аштық. Осылайша халықаралық банк жүйесіне интеграцияны бастап кеттік.

– Бұл сонда қай жыл?

– 1992 жыл. Осы жылы біз АҚШ, Австрияның, Францияның, Ұлыбританияның, Бельгияның, Жапония мен Сингапурдың орталық банктерімен, және Швейцариядағы ЮБС, «Кредит сюсси» банкілері, Ұлыбританиядағы Ротшильдер банкімен де байланыс орнаттық. Бізге керекті мамандарды осы банктердің көмегімен даярлай бастадық. 3 ай, 6 ай, 1 жылға оқып келген мамандарды және бізден екінші деңгейдегі банктерге кетіп қалған банк қызметкерлерін қайтару үшін жалақыны өсіру қажет болды да, жалақыны көтеруге жұмыс жасадық. Сөйтіп, жалақыны 3 есеге көбейттік және оны бюджеттің есебінен емес, өзіміз тапқан табыстан көтердік. Осылайша бұрынғы кетіп қалған жақсы мамандар қайтып оралды, өйткен себебі, күнбе күн бізде бұрын болмаған жаңа нарықтық тетіктер игеріліп, жұмысқа енгізіліп, шетелден делегациялар келіп, әлемдік қаржы әлемінде қандай жаңалықтар болып жатыр, нарықтың жайы қалай, бәрін біліп, қайнап жатқан қазанның басы-қасында болу шынымен қызық еді.

Теңгені қалай шығарамыз, оның жалпы аты, түрі, номиналдары қалай болады деген оймен әлемдік тәжірибені зерделеп, дүние жүзіндегі банкноттар жарияланған біздің архивтен бір мықты кітап (фолиант) таптық, осы мәселеде шетелдің банктерімен, Алматыдағы Дизайн орталығымен байланысқа шықтық. Бұл жерде өзімізде ақша басып шығара алмайтынымыз айқын болды, сондықтан бірінші кезекте банкнот шығаратын бірнеше фабрикаларды шақырдық. АҚШ, Франция, Жапония, Испания, Германия, Ұлыбританияның фабрикалары келді.

100-te-ge

Ол уақытта елімізде вице-президент лауазымы болатын, онда мықты ғалым, өте тәжірибелі қаржыгер, жан-жақты маман Ерік Асанбаев және Жоғарғы Кеңестің экономикалық реформа, бюджет және қаржыландыру мәселелері жөніндегі комитетінің төрағасы Сауық Тәкежановпен ақылдаса келе, аса әйгілі банкнот шығаратын компаниялардан аулақтай тұрайық, жарияға шығып кетер деп «Харрисон және оның ұлдары» атты кішігірім болғанымен, жоғары технологиялық қуаты бар компанияға таңдау түсті.

– Мәреге жетер жарыс жолы айқындалды дейсіз ғой…

– Қа­зақстан Ұлттық банкі ұжымы­ның іскерлігінің арқасында банктің өз кірісі есебінен 1993 жылдың 1 шілдесіне ­дейін ақша нарығы ны­сан­дарының барлық инф­рақұры­лымы құрылып, жұмыстар толы­ғы­мен аяқталды. Олар: Элект­рон­ды валюта биржасы, Теңге (Монета) са­райы, Банкнот фабрикасының бі­­рінші кезеңі, Алтын валюта қо­ры, Мемлекеттік валюта қоры мен қымбат бағалы металдарды сақтау қоймасы, Қазақстанның ішкі және сыртқы төлем жүйесі болатын.

– Теңгенің дизайны қалай таңдалды?

– Теңгенің дизайны туралы ойланғанда олар: «Бізге ешқандай қиындық жоқ, арнайы дизайн тобы бар, ақшасын төлесеңіздер болды», деді. Бірақ есептеп қарасақ, дизайнға төлейтін ақша теңгені шығаруға жұмсайтын шығынның 30-40 пайызын құрап, тым қымбатқа түседі екен. Сондықтан ойласа келе, бізде де талантты суретшілер бар емес пе, солардың қабілетін неге пайдаланбаймыз деген ұйғарым жасалды.

Содан Алатаудың баурайындағы үкіметтік саяжайлардың бірін алып, дизайнер Тимур Сүлейменов бастаған 7-8 адамды 2 айға кіргізіп: «Сендер осы жерден ешқайда шықпайсыздар, ұзақ іссапардамыз деп отбасыларыңызға айтыңыздар», деп барлық қажеттіліктермен қамтамасыз етіп, не керегін уақытында жеткізіп тұрдық. Тапжылмастан сол жерде отырып 2 айдың ішінде олар теңгенің 4 нұсқасын жасады. Біріншісі – ою-өрнек, екіншісі – АҚШ доллары тәріздес, жасылдау болып келген, үшіншісі – портреттер, төртіншісі – заманауи шыққан. Саяжайға барып портреттік нұсқаны таңдап алып, 7 номинацияға эскиз даярлауға тапсырыс жасадық. Валютаның аты керек болды.

– Сөйтіп, валютамызға ат керек болған шығар. Теңге деген атауға қалай тоқтам жасалды?

– Валюта шығару қажет деп тарихты ақтарғанда, біздің жерімізде болған түркі нәсілді мемлекеттердің ақшасы болғанын, олардың металдан құйылған ақшалары теңге аталғанын білдік. Орыстың «деньги» деген сөзінің түбірі де осы. Археологтар ең ежел­гі ақша белгілерін Отырар, Тараз, Түркістан, Баласағұн және Қазақстанның тағы бас­қа да көне қала­ларын қазу барысында тапқан. Демек, біздің тарихымыз үшін теңге атауы – төл дүние. Дегенмен, ұсыныстар көп айтылды, «сом», «алтын» дегендердің де уәждері тыңдалды.

Бір күні Олжас Сүлейменов банкке келді. Ол кісі: «Білемін мен сендердің қарап отырмағандарыңызды, бірдеңе ойластырып жатқан болуларың керек. Егер ондай ниет табылып жатса, ұлттық валютаға сұранып тұрған «теңге» атауы ғой», десін. Онсыз да осындай ұйғарымға жақын біздерге ол кісінің айтқаны тіптен жылы тиді. Содан бәріміз Елбасына кіріп, әзірліктің қандай деңгейде екенін, не істеліп, не қойғанын баяндадық.

Президент «теңге» деген ұсынысты дұрыс көрді. Содан соң портреттерге келгенде біз жаңа ғана тәуелсіздігін алған елміз, бізді, тіпті, өзгелер саяси картадан да таба алмайды, сондықтан, ең бірінші номинал ең танымал, әлем білетін қазақ болуы тиіс деді. Сондықтан негізгі валюта 1 теңгеге Еуропаға Аристотель мен Сократты қайта танытқан, әлемдік ғылымда танымал тұлға әл- Фараби бабамыз тұрсын деген ұйғарым жасалды.

Эскиздер дайын болғанымен, олардың барлығы өнеркәсіптік тұрғыда емес, қарабайыр жұмыстық нұсқа еді, енді оның электрондық түрі және металдан құйылған қалыбы, жасанды жасау жолдарынан қорғау тәрізді көп жұмыстары күтіп тұрған еді. Содан 7-8 дизайнер, суретшіден Тимур Сүлейменов, Хайролла Қабжәлелов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов қалдырылып, Қабжәлелов, Алин және Дүзелханов үшеуі Лондонға аттанатын болды. Содан Қабжәлелов Лондоннан телефон шалып тұр, фабриканың дизайнерлерімен жұмыс істеу үшін Ұлттық банктен арнайы адам келсін, немесе маған өкілдік бермесеңіздер, шаруаны шешу қиын, деп. Сөйтіп, арнайы жеделхат салып, Х.Қабжәлелов Ұлттық банктің өкілі деп сөйлеу құқығы беріліп, дизайнге қажетті өзгерістер еніп, теңгеміздің өндірістік түрі жасалды, 1992 жылы желтоқсан айында теңгеге қол қойылып, ол өндіріске жіберілді.

– Шыққан теңгені елге жеткізу, бүкіл республикаға тарату қалай жүргізілді? Және оның өте құпия түрде өтуіне қалай қол жетті?

– Негізі, осыған дейінгі жұмыстардың барлығы өте қатаң құпия жағдайда жүргізілді. Бірақ теңге номиналдарын біз өзіміздің басқарма отырысында бекітуіміз керек болды және барлығына мұның мемлекеттік құпия екендігі ескертілгеніне қарамай, қалай дегенде де белгілі бір дәрежеде ақпарат үкіметке жетіп, енді олар теңге басуға екінші бір компанияны ұсынды. Сөйтіп, үкіметпен шиеленіске бармау үшін тапсырысты екіге бөліп, теңгені бастыратын болдық. Бұл жерде компаниялардың технологияларының екі түрлілігінен қосымша қиындықтар да туды. Әйтеуір не керек, солардың барлығы реттеліп, наурыздың аяғына қарай теңге басылып болды. Онан кейінгі 2 ай ішінде теңгені Лондоннан тасыдық.

Бұл жерде де бірнеше мәселе шықты. Біріншіден, ол Қазақстанның ұшағы болуы және экипаждың ағылшынша білуі, сосын оның еш жерге қонбай тура елге ұшып келуі керек болды. Айнала іздеп, менің орынбасарым Тұрсынов экипаж жасақтап, ағылшынша білетін 2 командир тауып, ұшақтың орындықтарын жатқызып, контейнерлер салып, қару-жарағы бар инкассаторларды отырғызып, Тараз қаласында және Солтүстік Қазақстан облысында екі қоймамызға теңге тасылды. Ол өзі сыртынан ештеңе байқалмайтын жер астындағы бункер болатын, соған тасып алынған соң, әліптің артын бағып үн-түнсіз отырдық. Теңгеміз тығулы жата берді. Жаздың ортасында (1993 жылғы 26 шілде) Ресей өз валютасын енгізді, бұрынғы КСРО шекпенінен шыққан елдер ішінде Қазақстан мен Тәжікстан, Армения ғана бұрынғы ақшамен қалдық. Қыркүйектің 26-сында Ресей 1961-63 жылдары шығарылған кеңестік валюта ақша болып есептелмейтіні жөнінде мәлімдеме жасады.

Содан Мемлекеттік комиссия құрылып, 17 күндей жұмыс істеп, теңгені айналымға қосу жөнінде негізгі үш құжат дайындадық. Президенттің теңгені айналымға енгізу туралы Жарлығы, халыққа арнау сөзі теңгені енгізу және оның тәртібі жайында…

– Осы жерде теңгенің жоғарыда айтылған қоймалардан еліміздің басқа қалаларына, банктерге қалай жеткізілгенін айта кетсеңіз артық болмас.

– 12 қарашаны мен «ақшаны ен­гізу күні» деп жарияладым. Жиыр­ма күнге жетер-жетпес уақыт қалды. Ақшаны құпия түрде барлық аудандарға, бар­лық банктерге жет­кізу жұмысы сегіз күннің ішінде ат­қа­рылып шықты. Бәлкім, дүниежүзін­де жаңа ақшаны енгізу тап осындай жылдам, әрі табысты жүзеге асы­рылған жоқ та шығар. 1993 жы­лы 1 қарашада Ұлттық банктің облыстардағы филиалдарына «Х» күні ашылады деген құпия кон­верттер жетті…

Сөйтіп, 15, 16, 17 қараша күндері бұрынғы сом да, теңге де айналымда қатар жүріп, 18 қарашадан тек теңге жүретін болды. Айырбастау бағамын анықтауға келгенде біз бұрынғы ақшаның әлсіздігіне байланысты 1 теңгені 1000 рубльге бағалауды ұсынып едік, үкімет жағы тағы отырып алды. Жоқ, бұл өте үлкен, 500 жасау керек деп. Бірақ мұның салқыны, кері әсері болып, 2-3 жылдың ішінде теңгенің бағамы 20 есеге төмендеп кетті.

Халық теңгені шын қуанышпен қарсы алды, дизайны да көңілден шықты, сапасы да жақсы, қорғалуы жағынан 12 элементпен сол кездегі ең мықты неміс маркасына парапар шықты.

– Теңгенің енуімен сол кезде ел экономикасына үлкен өзгерістер енді емес пе?

– Әрине, экономиканың құрылымы да, банк жүйесі де үлкен өзгерістерге ұшырады. Осыған байланысты экономиканың кредиттеу көрсеткіші (коэффициенті), мысалы, 1990-91-92 жылдары 50-80 пайызға дейін болса, 1995-96 жылдары 5-2 пайыздан аспай қалды. Экономикаға күш беру, қаржылық қолдау жасау, несие беру мәселелерінде көп өзгерістер, басқаша көзқарастар пайда болды. Бірте-бір­те гиперинфляцияны ауыз­дық­тау­ға мүмкіндік туды. 1998 жылға қа­рай экономикада өсім айқын бай­қалды.

Уақыт бір орында тұрмайды, үшінші келген дағдарыс жалғасу үстінде. Соңғы 3 жыл ішінде теңге 3 рет девальвацияны басынан өткерді. Қалай болғанда да енді теңгені тұрақтандыру міндет. Біз өтпелі экономикада тұрғандықтан, қаржы, кредит тек өз саясатымызға сәйкес жүруі тиіс. Мәселен, Қытай ешкімге көз салмай, өз жолдарымен жүруде. Сөйтіп, кейінгі 25 жылда Францияны, Ұлыбританияны, Германияны, Жапонияны басып озып, әлемдегі екінші экономика болып отыр. Ал енді алдағы 10-15 жыл ішінде дүние жүзінде экономикасы қарыштаған бірінші ел болуы ғажап емес. Оған Қытай өз жолдарын бекем ұстауының арқасында жетті. Біздің қазіргі Үкімет пен Ұлттық банк осындай істерді қолға алуы керек. Барлығын нарық реттейді деген Адам Смиттің ұстанымы қазір жарамайды.

– Біздің екінші деңгейлі банктеріміздің несиелендіру саясатына көзқарасыңыз қандай?

– Биыл банктердің кредит беру көрсеткіші осы жартыжылдықта 28 пайызды құрап отыр, яғни біздің банктер экономикаға дұрыс қаражат бермей отыр. Мысалы, шетелдерде бұл пайыз жоғары, Қытайда 100 пайыздан асады, ал бізге соның жартысына жеткізу таяу маңдағы мақсат болуы қажет. Қазір, мәселен, жекеменшік банктер дағдарыста тұрған экономикаға ақша беруге онша ықыласты емес. Сондықтан осы ықыласты көтеретін жолдар іздестірілуі маңызды, екіншіден, мүмкін, банк жүйесіндегі мемлекеттік секторды кеңейту керек болар. Әйтпесе бізде қазір бір ғана банк мемлекеттікі, қалғандары тегіс жекеменшік банктер.

Көршілерміз Ресей мен Қытайда ауыл шаруашылығына ақша беретін бірнеше мемлекеттік банк бар. Тіпті, Белоруссия осылай жасауда, ал екінші деңгейлі жекеменшік банктер мемлекет алдында ештеңеге қарыздар емес, сондықтан ауыл шаруашылығында мемлекеттік саясат жүргізуге барынша жандарын салады деу қиын. Бізге қаржы-қаражат мәселесіне жіті мән беру қажет.

Қазіргі өскелең қоғам үшін, жалпы халық үшін ең бір маңызды бөлік шағын және орта бизнес десек, оны кредиттеу коэффициенті 18 пайыз, шағын бизнесте тіпті 16-ақ пайыз. Банктердің экономикаға ақша салуға құлқы төмен, ал қаражатсыз экономикада өсім болуы мүмкін емес. Сосынғы бір мәселе, біз қазір қолданбалы ғылымға, инновацияға жақсы бір күш-қуат беретіндей қаражат бөлмейміз. Әрине, істеліп жатқан бірталай шаруа бар, ауызды мүлдем құр шөппен сүрту жарамас, дегенмен, индустриялық бағдарламаларды қаржыландыру көңіл көншітпейді. Бізге ғылымды өндіріске мейлінше жақындату міндеті аса бір маңызға ие іс. Сол байланысты ғылымға, өндіріске, экономикаға пайда әкелетін әрбір іске қаражатты төгу ауадай қажет.

 – Мәнді де мазмұнды әңгімеңізге көп рахмет.


Әңгімелескен

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

ПІКІР ҚАЛДЫРУ