• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Басты бет » Таңдаулы мақалалар » Сәкеннің сырлы әндері шақырады

    Сәкеннің сырлы әндері шақырады

    Биыл ақын, жазушы, қоғам қайраткері, композитор Сәкен Сейфуллиннің туғанына 120 жыл толды. Осыған орай, жыл бойы Сәкен Сейфуллиндi ұлықтауға арналған түрлі шаралар өтті. Енді бұл мерейтойлық шаралардың түйіні қазақтың ұлттық классикалық музыкасымен қорытындыланбақ. Нақтырақ айтқанда, Сәкен Сейфуллиннің музыкалық мұрасы ел назарына ұсынылмақ. Бұл тұрғыда Сәкен атамыздың немере інісі Сәкен Орынбекұлы Сейфуллинмен әңгімелесудің реті келген еді.

    АҚЫН ЖҮРГЕН ЖОЛМЕНЕН

    Сейфолладан төрт ұл туады. Олар – Сәкен (Сәдуақас), Мәлік (Мәлгаждар), Әбен (Әбумүсілім, жастай қайтыс болған), Мәжит (Ғабдулмәжит). Ең кенжесі Мәжиттен менің әкем Орынбек тарайды. Сәкеннің артында ұрпақ қалмады. Мәліктің де тағдыры сондай қиын болды. Ал Мәжиттен үш ұл, үш қыз өмірге келген. Менің әкем солардың ішіндегі тұңғышы еді. Әкемнің Сейфолла атасымен бірге түскен суреті де сақталған. Репрессия кезіндегі қуғын-сүргін Сәкендей ата­мыз­дың ғана емес, қызыл қырғын қаншама қазақтың ардақтыларының өмірін, от­басын, тұқымын тұздай құртып жіберді емес пе?..

    Өзімнің тоғыз перзентім бар. Әуелі менде үш қыз болды. Әрине, артымыздан ерген ер баланың болғанын қаладым. Соны қатты армандадым. Сосын бір күні іштей ойладым, осы қыздарымды дұрыстап тәрбиелеп, қатарға қоссам да жаман емес деп… Бір күні әйелімнің аяғы ауырлады. Тағы да өмірге қыз келетін шығар деймін ішімнен, төрт қыз болса, несі бар екен? Қызды болу да үлкен бақыт қой! Оның үстіне, қыздар әкеге жақын болып өседі емес пе?! Мен солай ойлап қуанып жүрдім. Жоқ, бұл жолы ұл бала өмірге келді. Сосын жолдасым тағы да үш ұл, екі қыз өмірге әкелді. Не керек, 4 ұл, 5 қыздың әке-ше­шесі атандық. Қазір бір қызымыздан тұңғыш немеремізді сүйіп, ата мен апа атанып отырмыз. Соған қарап, Құдайға мың да бір шүкір дейміз.

    Сәкен атамыз жан-жақты өнерлі болған адам. Ақындығынан бөлек, ком­позиторлығының өзі бір төбе. Ел мен жер үшін күрескен қайраткерлігінің өзі неге тұрады? Ол кісінің Алаш зиялыларына жасаған жақсылығы енді ғана айқындалып жатыр. Бұл кездегі қайраткерлердің бәрі де ұлт үшін аянбай еңбек етті. Тек олардың күресу үшін таңдап алған жолдары әрқилы еді. Соны келер ұрпақ дұрыс түсіну керек. Сәкен атамыздың әндерінен CD дискілер шығардық. Қайраткерді жаңа қырынан танытатын бірнеше зерттеу еңбектер де жарияланды. Бұл игі жұмыстардың бәрін де барынша қолдадым. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі оқу ордаларында Сәкен Сейфуллинге арналған ғылыми-тәжіри­белік конференциялар ұйымдастырылуда. Олардың бәріне тікелей өзім қатысып жүрмін. Мамыр айында Астанадағы Сәкен Сейфуллин мұражайы «Сәкен Сейфуллин жүрген жерлермен» атты экспедиция ұйымдастырған болатын. Атаулы мұражай директоры, ақын Несіпбек Айтұлы, белгілі мемлекет қайраткері Оралбай Әбді­кәрімов, ақын Серік Тұрғынбекұлы, ар­дагер журналист Амантай Кәкен, қаржыгер Сәбит Қарашолақов, дәрігер Әбілхакім Ақмұрзин, кәсіпкер Еркін Сүлейменов, мұражай қызметкері Ержан Жаубай экспедицияға мүше болды. Олардың қатарында, әрине, мен де бармын. Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» романында көрсетілгендей, ел аралап, Ақмола өңірінің оңтүстігінде, оның ішінде қазіргі Нұра, Жаңаарқа, Шет аудандарындағы ақынның ізімен жүріп өттік.

    СӘКЕННІҢ ӘН САНДЫҒЫ АШЫЛДЫ

    10 желтоқсан күні Құрманғазы атын­дағы Қазақ ұлттық консерваториясының концерттік залында «Сәкеннің ән сандығы» атты музыкалық концерт өт­кіземіз. Шараны Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы мен «Адырна» ұлттық-этнографиялық бір­лестігі қоғамдық қоры бірлесіп атқарады. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының сахна тілі кафедрасының меңгерушісі, профессор Дариға Тұ­ран­құлованың жетекшілігімен атаулы оқу орынның студенттері Сәкен Сейфулли­н­нің «Аққудың айрылуы» поэмасының желісімен көрініс қояды. Әнші, драматург, Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ Мем­лекеттік академиялық музыкалық драма театрының әдеби бөлімінің меңгерушісі Қанат Жүнісов, Сәкен Сейфуллиннің бейнесін сомдайды. Одан кейін Құр­манғазы атындағы Қазақ ұлттық консер­ваториясының ректоры, ҚР халық артисі Жәния Әубәкірова, сәкентанушы, профессор, ф.ғ.д. ҰҒА академигі Тұр­сынбек Кәкішев кіріспе сөз сөйлеп, концерттің шымылдығын түреді. Құр­манғазы атындағы Қазақ ұлттық кон­серватория хорының (хор жетекшісі – ҚР халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, профессор Базарғали Жаманбаев) орындауында ақынның елді бірлікке шақырған «Жас қазақ марсельезасы» сахнаға жол тартады. Сондай-ақ сыбыз­ғышы Талғат Мұқышев Сәкеннің «Тау ішінде» әнін сыбызғымен сызылтып орындайды. Кеште Сәкеннің төл шы­ғар­машылығы бойынша, «Көкшетау», «Тау ішінде», «Бабаларыма», «Ақсақ киік», «Сарыарқа», «Ұйқыдағы ару», «Анаға», «Жеткіншегім, тартынба», «Сыр сандық», «Әупілдекке жауап», «Қамауда», «Түс», «Арқа сұлуына» (әні Т.Құтжановтікі) және тағы басқа әндер шырқалады. Сонымен қатар Сәкен Сейфуллинге арналған Жағыпар Әлімхановтың (сөзі Кәкімбек Салықовтікі) «Сәкен аға» әні, Хасен Қожа Ахметтің «Кетпейтін естен» әні, Кәкімбек Салықовтың «Үш арыс» әні, (Сәкен, Ілияс, Бейімбет туралы) халық назарына ұсы­нылмақ. Концертте ақынның шығарма­шылық жолының қалыптасуына зор әсерін тигізген әйгілі Үкілі Ыбыраймен кездесу сәті, халық әндері «Әупілдекпен», «Кидім камзолмен» сусындап ер жетуі, Сейфулланың күйшілігі, әйдік өнер иесі Сайдалы сары Тоқаның күйін бір тың­дамай шығарма жазуға отырмай­тындығы, ұлы күйші Әбікен Хасеновтың Сәкенге арнап күй шығаруы және тағы басқа мәселелер қамтылатын болады. Шы­ғарма­шылық кеште Жоламан Құжиманов, Рамазан Стамғазиев, Ерлан Төлеутай, Толғамбай Сембаев, Еркін Шүкіманов, Тілеулес Құрманғалиев, Ардақ Исатаева, Жанар Айжанова, Серік Оспанов, Еркін Нұрқанов, Гүлнәр Арынова, Тельман Құжиманов, Қанат Жүнісов, Мұрат Әбуғазы, Талғат Әбуғазы, Саят Нұрғазин, Жасұлан Сақаев, Нариман Әбдірахманов, Ораз Жаңабаев және тағы басқа өнерпаздар өнер көрсетеді. Концертке келемін деушілерге есік ашық!

    Жазып алған Арман ӘУБӘКІР, «Айқын», 2015 жыл.

     

    Оставить комментарий

    Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

    *

    x

    Check Also

    Түріктану

    {module Түріктану}