Таңбалы тастарға жойылу қаупі төніп тұр

0
235

Ата-балаларымыз тағылымын, дүниетанымын тасқа қашап жазып қалдырған емес пе?! Арғы аталарымыздың қолының таңбасы қалған Алматы облысындағы Таңбалы тасқа барып қайтуды көптен бері ойға алып жүрген едік. Жуырда соның сәті түсті. Виталий және Ирина Хромец есімді ерлі-зайыпты дінтанушы (Киев университетінің дәріскерлері) ғалымдарды жеке көлігімізбен Таңбалы тасқа алып барып қайтуға ұсыныс жасалғанда ойланып-толғанып жатпастан-ақ бірден келісімімізді бердік. Ал жолбасшылыққа ұстазымыз, түркітанушы ғалым Аманқос Мектептегі жүретін болды. Жексенбі күні ертеңгілік қонақтарымызды қонақүйден көлікке отырғызып алып, құжынаған қарақұрым халқы бар Алматыны артқа тастап жүріп кеттік.

ЖОЛ МАШАҚАТЫ

Аманқос аға бұған дейін Таңбалы тасқа бір рет барған. Бірақ ол кезде жолға жіті мән бермепті. Сондықтан, меже тұтқан бағытымызды ел-жұрттан жол-жөнекей сұрастырып отырдық. Шымкент, Тараз бағытындағы жол торабымен жүріп отырып, Самсы, Тарғап ауылдарынан көктей өттік. Қопаға жеткенде оңға бұрылып, түзу жолмен ызғытып келеміз. Жол бойында Таңбалы тасқа жол сілтейтін бірде-бір көрсеткіш белгі кездессе ше, шіркін… Қопадан бұрылғаннан кейін 60 шақырымдық мең дала басталады. Теміржол асуы маңындағы ауыл, ара-тұра жайылып жүрген үй жануарлары мен құстардан өзге көзге ешнәрсе шалынбайды. Дала тағылары да көзден бұлбұл ұшқандай. Аманқос ағамыз жеріміздің кеңдігін, дүниені дүбірлеткен түркілердің кереметтігін айтып, тарихты тамырымен қопарып келеді. Қойдан жуас қонақтарымыз басын изеп, бәріне келіскен сыңай танытады. Таңбалы тасқа дейінгі 40 шақырым жол күрделі жөндеуді қажет етеді екен. Жылдам жүріп келе жатқан көлігіміздің дөңгелегі ойдым-ойдым тесіктерге тасыр-тұсыр етіп ұрылады. Амал жоқ, жылдамдықты азайтуға тура келді. Ал шетелдіктер әлдебір сапарлас-әріптестерінің сапалы фотоаппаратын уақытша сұрап алғандықтарын, ертерек Алматыға жету керектігін айтып бізді асықтыра түсуде. Біршама жер тегіс болып көрініп, жылдамдықты енді арттыра бергенде, әжептәуір толқын-толқын болған жолда шағын көліктің асты жерге өз екпінімен тарс-тұрс етіп соғылады. Бір жоғары, бір төмен селкілдегеннен арттағылардың да берекесі қаша бастады. Күннің шыжып тұрған аптап ыстығы тағы бар. Шілденің шіліңгір ыстығы бар қуатын көрсететін түс әлетінде ашық аспан астындағы мұражай-қорыққа әрең жеттік.

САЯХАТШЫЛАРҒА ЖАҒДАЙ ЖАСАЛМАҒАН

«Әзірбайжан елінің астанасы Бакуде болдық. Онда тарихқа деген құрмет жоғары. Тіпті арнайы терминал қондырғылары орнатылған. Терминал тарихи кешен туралы бірнеше тілде толық ақпарат береді, кешенді аралау картасын және фотосуреттерін көрсетеді», — дейді Ирина. Танымдық терминал сияқты жаңа заман жетістіктерін пайдалану түгіл, бар нәрсенің өзін ұқсатып, аман-есен сақтауға зар болып отырғанымызды ол байқаған да шығар, бәлкім. Мұражай-қорықтың көлік қоятын бекеті атшаптырым жерді алып жатыр. Шағын жертөле мен қос ағаш бастырманы айналдыра қоршаумен қоршап қойыпты. Бақыт Әбдіхалық есімді гид-таныстырушы петроглифтердің негізгі 3-4 тобын аралатты. Жарқабақтардың қойнаулары сырға тұнып тұр. Жартастағы әрбір сурет белгілі бір оқиға желісіне құрылған. Құдды дала галереясы іспетті. Аңшылық, құрбандық шалу, Тәңірге табыну, адамның, жан-жануардың өмірге келуі сияқты тақырыптар бойынша қашалып салынған суреттердің көркемдігі таңдай қақтырады. Бастарын киім-кешектерімен сәлдеге ұқсатып орап алған Василий мен Ирина бір сағатқа жетер-жетпес уақытта болдыра бастады. 3800 гектар құрайтын мұражай-қорықтың бергі жағында жүріп-ақ діңкелеп қалдық. Өйткені, төбемізден шақырайған күн өтіп барады. Ескерткіштердің алғашқы тобында ғана саялайтын жерді аңғарған едік. Өзге көлеңкелеп, тыныстайтын орынды байқамадық. Иә, мұнда судың өзі қат сияқты. Шөл қысқан жұрт сусын сатып алатын дүкенді де іздеп табуы екіталай. Сол себепті, өзіміздің судан қаталап қалғанымызға қарамай, қорық қызметкерлеріне сусындарымызды қалдырдық. Шетелдік серіктерімізден ыңғайсыз болды-ау. Бізден қалыспай олар да жарым-жартылай ішілген сусындарын қаталаған қандастарымызға беріп жатыр. «Бұрын андай болған едік, мықтымыз» деп мақтанып көр ендеше. Шетелдік қонақтар мен зерттерушілерге қонақ үй, ұлттық музыкамыз ойналып тұратын құрылғылар, таңбалы тастағы суреттер негізінде жасалған зергерлік һәм әшекей бұйымдар сатылатын дүкендер туралы әңгіме айтпай-ақ қоялық.

ТАСТАҒЫ ТАҢБАЛАРДЫ ЖЕЛДЕН, ЖАУЫННАН, КҮННЕН ҚОРҒАУ КЕРЕК         

Бақыт Әбдіхалықтың айтуынша, таңбалы тастар енді 20 жылдан кейін мүлде жойылып бітуі ықтимал. Өйткені, бүгінге жеткенінің өзі суреттердің әжептәуір терең қашалып салынғандығында екен. Ал бүгінде петроглифтер күннен-күнге көмескіленуде. Жалпақ тастарды жауын бір мұжыса, ысқырып айбат шеккен жел тағы келіп «төмпештейді». Ал құрамында темірі көп тас күннен тот басып, таңбалары жойылып жатыр. Оған қоса, Кеңес үкіметі кезіндегі әскери сынақ теп-тегіс тастарды бөлшек-бөлшек етіп бытыратып жіберген. Мұндай әскери сынақты Ұлытаудағы Таңбалы тас та бастан өткергенін атап өткени жөн. Оларды қалыпқа келтіруші мамандар біріктіріп қатырып қойғанымен де жырақ арасына су өтіп, артынша бөліктер қайта ажырап кететін көрінеді. Ұққанымыз, қорық-мұражайды күннен, жауыннан қорғайтындай етіп шұғыл түрде бастырма салу қажет. Аспанмен бой таластыратын зәулім-зәулім ғимараттар салып жатқан мемлекетіміздің бұған шамасы жетпейді дегенге сену де қиын. Қайта қалпына келтіру жұмыстарына биылдыққа «Қазмузейреставрация» мекемесіне 3-4 миллион теңге бөлінгендігі жайында «Таңбалы тас» мұражай-қорығының директоры Ерлік Әлімқұлов жеткізді. Шындығында, 900 гектар жерді алып жатқан таңбалы тастар үшін бұл түкке татымайтын қаражат емес пе?         

 

«СЕН САЛАР ДА, МЕН САЛАР,

АТҚА ЖЕМДІ КІМ САЛАР?»

 

«Таңбалы тас» аспан астындағы мұражай қорығы республикалық бюджеттен Мәдениет министрлігі тарапынан қаржыландырылады екен. Сол себепті, Алматы облысындағы туризм басқармасындағы мамандар «Таңбалы тастың» мәселелерін Мәдениет министрлігі шешуі қажеттігін айтты. Олар жолдың жайын Көлік және коммуникация министрлігіне қарай сілтепті. Ал Мәдениет министрлігіндегілер қорық Алматы облысында жатқандықтан, туристерді тарту шаруасына облыс басшылығы кірісу керек деп есептейді. «Сен салар да, мен салар, атқа жемді кім салар?» дегеннің кері келіп тұр. «Таңбалы тас» қорық-мұражайының директоры Ерлік Әлімқұлов Алматы облысы әкімінің атына хат жолдапты. Хаттан жауап та келген. Онда да Көлік және коммуникация министрлігіне жолды жөндеу туралы ұсыныс жіберілгені жазылған. Одан бөлек, бүгінде Таңбалы тастан 20 шақырым жерде Қопа кенінде жер асты жарылыстары жүргізіліп келеді екен. Мұның жарқабақтардың жарылуына әсері болуы мүмкін екендігін жасырмайды мұражай директоры. Кен орнынан қазір әк шығарылады. Бұл мәселе бойынша әкімдіктің хаттағы жауабында кенішті пайдаланып отырған компанияның ТЖД-ынан арнайы рұқсаты бар екендігі айтылған.

«Біздің ғимаратымыз жоқ. Осы мәселе бойынша әлгі әкімдік хатында Ұзынағаштағы тарихи-өлкетану мұражайының ғимаратын береміз депті. Әйтеуір, аудан ішінен бір ғимарат тауып бермекші-ау бізге. Туристерге сервистік қызмет пен инфроқұрылымды дамыту мақсатында Қарабастау ауылында ауызсу мәселесі шешу жөнінде Жамбыл ауданының басшылығына жүктелгендігін, тамақтану мен сауда нүктелерін ашу міндеті жергілікті аудандық кәсіпкерлік бөлімге тапсырылғандығы туралы хат та жазылыпты. Таңбалы таста медициналық пункт жоқ. «Дәрігерлік мекеме ашу үшін заң бойынша ауылдағы адам саны 50-ден кем болмау керек» депті бұл мәселе бойынша қойылған біздің сауалымызға. Таңбалы тас түбіндегі Қарабастау ауылында 18 үй бар. Әр үйде үш баладан болғанда, халық саны 50-ден асуы тиіс қой. «Егер ауылдағы адам саны 50-ге жетсе, медициналық пункт салу мәселесі 2016 жылғы инвестициялық жобаға енгізіледі» делінген», — деп Ерлік Ысқақұлы көтерілген мәселелерге жауап ретінде келген хаттың мазмұнымен таныстырды.

 

Қайтар жолда қонақтарымыз тіпті сөйлеуге шамасы жетпей қалжырап қалды. Түнде ұшақпен шекара асатын жандарға сапар ауырға соқты-ау шамасы. Қабақтары қату ерлі-зайыптыға жағдайы жасалмаған тарихи кешеніміз үшін ұялып келеміз. Таңбалы тастан алған әсерімен де дұрыстап бөлісе алмады. «Бұл жерді енді желкемнің шұқыры көрсін…» деп барады-ау іштей…

ЕРЛІК ӘЛІМҚҰЛОВ,«ТАҢБАЛЫ» ТАРИХИ-МӘДЕНИ ЖӘНЕ ТАБИҒИ МЕМЛЕКЕТТІК ҚОРЫҚ-МҰРАЖАЙЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

– Мен басшылыққа келгенге дейін де бұл мәселелер көтерілген. Кейін ұмыт қалған. Жақында ЮНЕСКО-ның комиссиясы келіп, талапқа сай емес деп сын айтып кетті. Содан кейін қайта қозғалыс пайда болды. Күзде Францияда ЮНЕСКО-ның үлкен жиыны болады. Таңбалы тасты жауын-шашыннан, күннен қорғау мәселесін сонда көтемекшіміз.

  

АМАНҚОС МЕКТЕПТЕГІ, ТӨРҮКТАНУШЫ ҒАЛЫМ:

– Таңбалы тас – ата-бабамыздың қолының табы қалған ескерткіштер. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан құнды мәдени жәдігер. Оны қамқорлыққа алу -мемлекеттің міндеті. Бұған қазіргі заманға сай технологиялық мүмкіндіктерді пайдалана білу қажет. Шетелде мұндай ескерткіштердің түбінде арнайы терминалдар қойылады. Онда өз туған тілінде, ағылшынша және тағы басқа тілдерде ескерткішті аралау картасы мен ережесі, петроглифтердің суреттері мен ғылыми түсініктері, тиісті мағлұматтар енгізіледі. Таңбалы тас қорығында ондайдың бірі де жоқ. Алматы облысындағы Таңбалы тас қорығы 2004 жылы ЮНЕСКО қорғауына алынған-тұғын. Содан бері қаншама жұмыс жасауға болатын еді ғой. Алматы сияқты алып шаһардың маңында орналасқандықтан, Таңбалы тасқа шетелдік саяхатшылар да жиі ат басын бұрады. Егер қорықта жағдай жасалса, туристердің де саны арта түсері анық. Жергілікті тұрғындар қосымша жұмыс орнымен қамтылар еді. Мемлекеттің қазынасына да қомақты қаржы түсер еді. Ең бастысы, мұның ұлттық патриоттық сезімді оятуға, тарихи таным көкжиегін арттыруға тигізер рухани-эстетикалық тәрбиесі өте зор екені шүбәсіз. Бөркіміз қазандай болып мақтануға шеберміз, ал нақты іске келгенде жағдай мүлдем сын көтермейді. Ашық аспан астында тұрған баға жетпес ескерткіштеріміз күннен-күнге азып-тозып барады. Мыңдаған жыл бұрынғы көшпелі ата-бабамыз қалдырған мұра – тасқа шекілген «Дала галареясының» экспонаттары қысы-жазы күнге тотығып, жаңбыр мен желдің өтінде жарықшақтанып, көмескі тартып, көз алдымызда жойылып барады. Кеңестік билік тұсында қазақтың кең даласы жетпегендей тура дәл осы арада әскери сынақ ұйымдастырылған. Демек, саналы түрде адамзатқа ортақ бірегей ескерткіштерді жермен жексен етпек болған. Сөйтіп, бірсыпыра әлемдік өнер туындысы петроглифтер мен рулық таңбалар, руникалық жазба үлгілері танкінің шынжыр табаны астында таптылып кеткен. Сол арқылы қазақтың тарихын, мәдени-рухани тамырын жоюды мақсат тұтқан. Халықтың рухын оятудың, ғылыми ағартудың бір жолы – көзбен көріп, қолмен ұстайтын ежелгі ескерткіштерді насихаттау. Бізде мұны өз ата-бабасының мұрасы екендігіне күмәнмен қарайтын жұмыр басты пенделер аз емес. Өйткені, өткенінен хабары жоқ немесе төл тарихынан теріс ақпарат алып келген. Бұл – қоғамдық ғалымдардың өз жеріндегі мұраларды дұрыс зерттемегендігінің нәтижесі. Зерттелгеннің өзінде насихат жоқ. Бұл таңбалы тастардың тарихы берісі – 4 мың жыл, арысы – 6 мың жылға созылады. Тіпті 6 мың жылдан да арыға тамыр тартуы әбден ықтимал. Тастағы мүйізді ат бейнесінің өзі неге тұрады? Ол заманда мүйізді аттар болғанға ұқсайды. Бірнеше жерде мүйізді ат суретін байқадық. Бұл – биологтардың, генетиктердің зерттеу нысаны. Тастағы билеп жүрген бір топ адам бейнесі – қазақ биінің пайда болу тарихи мерзімін мыңдаған жылға ілгері жылжытатын артефакты. «Қазақ өмірі би билемеген» халық дейтін кейбір «дуалы ауыз білгішсымақтардың» аузына құм құятын нақты дерек. Ұлтымыз – табиғатында биші халық. Аттың жалы, түйенің қомында өскен жан қаласа да, қаламаса да мейлі, еріксізден музыкалық ырғаққа қосылады. Демек, көшпелілердің жүріс-тұрысының өзі белгілі бір музыкалық ырғаққа бағынған. Оған желдің ызыңы, судың сылдыры, құстардың шырылы сияқты айналадағы табиғат құбылыстары көшпелі қазаққа әсер етпеуі мүмкін емес. Тасқа ай, крес, күнбасты адам бейнелері таңбаланғанын көрдік. Күнбасты адам – Тәңірдің бейнесі. Күн – Тәңірдің көзі. Ай құбылысты айту, жариялау дегенді білдіреді. Бүгінде театрға, ән-күй кешіне барған адам рухани нәр алады емес пе? Тура сол сияқты бұл Таңбалы тастар да сондай рухани серпілетін қасиетті жер болған. Жаңа технологиялардың көмегімен мұрамызды сақтап қалу кезек күттірмейтін маңызды мәселе. 


 Арман ӘУБӘКІР 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ