«Жыр аққуы»

0
497

 ҚР Ұлттық кітапханасында көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Марфуға Айтхожаның 80 жылдық мерейтойына орай, ақынмен  кездесу ұйымдастырылды. Осы кешті жүргізген ақын, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Жақып «Жыр аққуы» атанған апмызға төмендегідей арнау айтты.  

Бір қиыры Қытай, Моңғолия, бір шеті Өзбекстан, Түрікменстан, Иран, Пәкістан, Ресей, Түркияны мекендеген қалың қазаққа таныс бір дүбір бар. Ол – қазақ ақыны Марфуға Айтхожаның жыр тұлпарының дүбірі. Аспан болып ашылған, күн болып күркіреген, тау болып жаңғырған, шың болып шырқаған, бұлақ болып мөлдіреген, көл болып жалтыраған, теңіз болып толқыған, гүл болып өріл­ген, нұр болып төгілген, жапырақ болып сіл­кін­ген, түн болып толғанған, ай болып ойланған өлең – ол.

Қайран қазақтың қара өлеңі! Сен дүниені жел де болып кездің, самал болып Сарыарқаның сауырын сипадың, Ай нұры болып аймаладың, Күн нұры болып көктен төгілдің!

marfuga-apa-80-zhasta

Дүниеге шыр етіп сәбидің келгені – өлең, оның бесікке бөленіп, анасын емгені – өлең, қаз-қаз тұрып, тәй-тәй басқаны – өлең, жасөспірім болып толғаны – өлең, бозбала мен бойжеткен болып сырласқаны, қырды асқаны – өлең, жігіт болып, қалыңдық болып қалжыңдасқаны – өлең, аға не жеңеше болып есейгені – өлең, ақсақал не арда ана болып ақыл айтқаны – өлең. Бұл жаңалық емес. Сіз бен біздің күнде көріп жүрген тамашамыз, күнде тыныстап жүрген ауамыз, күнде оқып жүрген жырларымыз.

Тұп-тура осыдан 80 жыл бұрын Тәңіртау бөктерінде тамыздың тамылжыған күнінде, жапырақ сілкінген кеште нәресте дүниеге келді. Сүйінші сұралды, көрімдік берілді, кіндік кесілді, шілдехана жасалды. Сол күні дүниеге келген – бүгінгі қазақтың көрнекті ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Марфуға Айтхожа болатын.

Әкесі Ғали, анасы Бәтима жүрекжарды қуаны­шын жұртқа шашты. Өйткені, дүниеге келген нәресте – аузы дуалы, сөзі уәлі, өзі шешен, өзі би, өзі ақын, өзі Меккеге барып қасиетті Қағбаны сүйген Айтхожа қажының арманы болатын.

Сол күннен оның өлең сапары – өмір сапары басталды. Бесікте жатқан кезінде тыңдаған бесік жырының әуені көкірегіне ұя салды. Бұл туралы қазақтың мәңгі жас ақыны Олжас: «Әрбір ақынның өз әні бар. Марфуға Айтхожаның да өз әуезі бар. Менің поэзия мен әнді салыстыруым да кездейсоқ емес», – деуі тегін емес еді.

marfuga-apa

Марфуға поэзиясында ерекше бөлек әуен бар. Оның әр өлеңінде ақтарылған сөз моншағы тізіледі, мөлдір сезімнің інжу-маржаны сүзіледі. Көңіл күй лирикасынан барша адам баласы­ның жүрегін тебірентетін, ойын толқытатын шуақ төгіледі. Мар­фуға ақынның, әсіресе, туған ел мен туған жер топы­рағына келгенде, Сайрам, Талқы, Тәңіртау сияқты қасиетті өңірге өзгеше сүйіспеншілік, сұлу сезімге құрылған, ерекше аңсауға, өзгеше сағыныш­қа толы жыр­лары құйылып түседі. Бөлек бір жаңбыр­дың мөл­дір тамшысындай қайталанбас әлемі тартады оқырманды.

Марфуғаның әр өлеңін оқығанда, мәңгі жас, мәңгі жаңа бір көрініске, өмірдің өзі ғажайып суреттерге айналып, жасарғандай, жаңғырғандай, қайта түлегендей әсерде қаласыз.

Алғашқы өлеңдер топтамасы Жұмағали Саинның ақ батасымен «Қазақ әдебиеті» газетінде 1959 жылы жарияланған Марфуға ақын қазақтың қасиетті қара өлеңінің қамшысын ұстағалы алпыс жылға жуық уақыт өтіпті.

1962 жылы тұңғыш жыр кітабы «Балқұрақ» жарық көргенде-ақ, қазақ оқырманы елең еткен.

Қиялым сонау-сонау биікте жүр,

Кеудеме құдіретін құйып та жүр.

Не білсем соның бәрін сен үйреттің,

Қатал өмір, қайырымды, сүйікті өмір, –

деп өмірге деген соншалықты іңкәрлігін білдіре келген ақын даусы Алтайдан Атырауға дейінгі қазақ даласын түгел шарлап кетті.

Ақын – өзі жазған өлеңнің бас кейіпкері, сол алғашқы жыр жинағындағы «Қызыл гүл» өлеңі бүгін де қазақ поэзиясының інжу-маржанының тізбегінде сияқты көрінеді бізге:

Шоқтай жайнап қызыл гүл,

Желмен бірге ырғалып.

Төніп тұр оған бір бұлбұл,

Басқалардан қызғанып.

 

Қызыл гүлге қызығып,

Мен де күнде келемін.

Алсам ба екен әлде үзіп,

Жасыл жапырақ желегін.

 

Ширатылып сабағы,

Шешек атып құлпырған,

Назар тартып гүл шоғы,

Үзуге әркім ұмтылған.

 

Үзбесе екен сол гүлді,

Долы жел де, дауыл да.

Өсе берсін құлпырып,

Кеуде тосып жауынға.

Бұл – ақын жүрегінің лүпілі, тіпті, қызыл гүл ақын қыз жүрегінің өзі ме екен деп те қаласың. Сол Қызыл гүлдің мәңгі үзілмеуін өзің де тілейсің.

marfuga-apamen

1966 жылы шыққан «Шыңдағы жазу» кітабында атақонысына деген ерекше сағыныштың табы бар. Әр жол, әр шумақ соншалықты сартап болған сағыныштан, ерекше аңсаудан туады. Оған дәлел «Атамекен» атты мына өлең:

«Жүрек» таудың тереңінен,

Қайнап ағып бұлақ жатыр.

Бейне бұрым дер едім мен

Құз төсінен құлап жатыр.

 

Сырға толы мөлдіреген,

Жанары ма ғашық жардың,

Таусылмайтын ол бір өлең,

Ол – айнасы ғасырлардың.

 

Жылдар қанша суысыпты,

Ол қалпында бап-баяғы.

Бабам қолмен су ішіпті,

Ұмыт қалып саптаяғы.

 

Жалаң аяқ табандардың

Қара таста таңбасы бар.

Арман еткен бабамдардың

Онда өмір жалғасы бар.

Марфуға ақын сол Атамекенінде өз бұлағының көзін ашып, өз қайыңының жапырағын сауды, өз өзенінің күмбірін тыңдады, өз домбырасының пер­нелерін басты.

Әсіресе, туған жер тақырыбына келгенде, ақын кө­­сі­ліп сала береді. Сөзден ғажайып суреттер бояу­ын төге­ді. «Сайрам көлі» деген толғауындағы:

Аймағымен сырласқан көл бір ақын,

Жоңғарды асып күн де ерте болдыратын.

Ай таудың оқалаған тақиясы,

Кеш бата шекесіне қондыратын…

 

…Бөлініп төбе үстінде құрық қалған…

Жоқшылық жомартқа тор құрыпты алдан.

Ақ арман құшағында талып кеткен,

Көл – арудың көз жасы тұнып қалған…

Немесе:

…Біздер қуып, көбелек қашатұғын,

Гүл әтірін мұрынға тосатұғын,

Самал сүңгіп көк толқын қойынына,

Толқын бізге ақ маржан шашатұғын, –

деген шумақтар соның дәлелі. Асылы, нағыз суреткер ақынның көмейіне сан алуан бояуды да, сиқырлы сөздің небір кәделі әсерін де, кең даланың кербез де сырбаз әуенін де бір құдірет салатын секілді.

1971 жылы жарық көрген «Аққуым менің» кітабы ақынды жаңа биікке көтерді. Сол жинақтағы әрбір өлеңінен мөп-мөлдір сезім моншақтары төгіліп түседі, шабытты ақынның шалқыған шағын көресің.

Бар еркімді бағындырған, сағындырған күйік боп,

Арманымның аспанына жұлдыздайын биіктеп.

Тербетесің, желдетесің, желпіндіре желписің,

Желписің де нәзік әнге құмарлана елтисің.

Елтисің де кетесің бір жадыраған жаз болып,

Жасыл құрақ жағалауың шағала, үйрек, қаз қонып.

Сол бір сәтте баурын төсеп жүзеді аққу қаңқылдап,

Су бетінде сұлу тұлға толқын тербеп қалтылдап.

Ұмтылады, кеудесіне жыр тұнады, жылжиды,

Жасыл жаға мүлгиді де әлдилейді бір күйді.

Әлдилейді, тербетеді, құшағына алады,

Осы сәтте ару аққу әсем әнге салады.

Сымпылдатып қанаттарын, сұңқылдатып  дауысын,

Әсем әнмен ұйытады құз қойнауын, тау ішін.

Осы өлең жолдарын оқығанда, Аққу-ақынның өз бейнесін көргендей әсерге бөленесің.

Осындай сыршыл өлеңдерімен оқырман жүрегінен орын алған Марфуға ақынға Қайнекей Жармағамбетов, Жұмағали Саин, Әбділда Тәжібаев, Мұхамеджан Қаратаев, Дмитрий Снегин, Хамит Ерғалиев, Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков, Жұбан Молдағалиев, Тұрсынбек Кәкішев, Әзілхан Нұршайықов, Әбіраш Жәмішев сияқты аға буын өкілдері жылы лебіздерін арнап, батасын берді.

«Жапырақ сілкінген кеш» жинағына жазған пікірінде қазақтың біртуар ақыны Ғафу Қайырбеков: «Өмірде ақынның көп болғаны жақсы. Әрине, шын шабытты ақын болса және өрнек кестесі, үн-дауысы әралуан болса. Өйткені, ақындық – әулиелер туысы, періштелер жолдасы. Ол – киелі, иелі құдірет перзенті. Олардың жаратылысы – жай адамдардан мүлдем басқаша. Бұл бір аспандағы құс пен жердегі адам арасындағы жалғасқан көпір. Ақындықты әулие тұтпау – бейшаралықтың белгісі. Мен ақын Марфуға Айтхожинаны отыз жылға жуық білемін. Оның алғашқы Қазақстандағы өлеңдер жинағын да өзім шығардым. Сонан соңғы 20-ға тартар талай кітап, таңдамалы жинақтарын қадағалап оқып жүремін. Шын таза тума талант, жан-жүрек, қиял, ой, сезім иірімдері сан алуан, сан өрнекті, нәзік, лирик ақын екеніне көзім анық жеткен. Бір өлеңі болса да анық қанағаттанып оқитын ақындарымның бірі», – деп Марфуға ақын поэзиясына ерекше баға берді. Бұл тіпті, бүкіл ақындық өнердің анықтамасы десе де болғандай.

Ал аса көрнекті қазақ ақыны Жұбан Молдағалиев болса: «Марфуғаның ақын болуына оның табиғи таланты ғана емес, біздің өмірдің ақиқи болмысы да ықпал еткен. Айтхожина шығармашылығына өткен өмір жолы, қуанышы, қанаттануы, жүрек толтырған сезімі, бәрі-бәрі туралы толғау қажеттілігі кірігіп кеткен. …Марфуғаның Шолпан Иманбаева мен Мариям Хакімжанова сияқты ғажайып ақын апалары бар. Танылған қатар-құрбылары да жоқ емес. Қазақ ақын қыздарының жаңа толқыны өсіп келеді. Бірақ Марфуғаның өз ақындық қолтаңбасы, өзіндік көркемдік бояуы, дүниеге өз көзқарасы бар», – деп жоғары баға берді.

Осындай жылы лебіз, жүрекжарды пікірлер Аққу-ақынның қанатын қатайтып, жанын нұрға толтырды, көңілін көкке өрлетті. Оның шабыт­танған жыр-жүрегі:

О, тәкаппар тәңір шыңдар,

Сал қарағай, самырсындар.

Алатаудың ұшып келген

Қарлығашын танырсыңдар…

 

Сылаң қаққан сырлы өзендер,

Сағым құшқан нұр белеңдер.

Сырнай самал, қырмызы гүл,

Саған қалай құр келем мен, – деп төгілдірді.

Кейде ақын өзі көрген өмір көріністерін жүрегінен өткізіп барып өзгеше назды да сазды, нұрлы да сырлы шумақтарға айналдырады. Өлең қалай келеді, тілге қалай оралады, сол қалпында төгіледі. Сонысымен де ақын жыры соншалықты табиғи, соншалықты ыстық көрінеді.

Жайқалып жатыр, Жайықтың жасыл  жағалаулары,

Жалтылдап ұшқан, бұлттарды құшқан шағала-ау бәрі.

Атпашы, мерген, жалынам саған жазықсыз құстың

Жер-анаға тамады-ау қаны.

…Сыбырлап жатыр Жайықтың  күміс толқындары,

Жағаңа келдім жанымды сырға толтырғалы.

Жалбырай қалып жапырақ-шашы, ару қайыңның,

Су кешті аппақ балтырлары.

Сөзден образ жасау, жансызға жан бітіру, тілсізге тіл бітіру – шебер ақынның ғана қолынан келсе керек. Мұндай табиғат суреттері мен өмір құбылыстарын астастыра салиқалы ой айтып, салмақты түйін түю Марфуға ақын жырларында мол кездеседі.

Ақынның «Балқұрақ», «Шыңдағы жазу», «Жастық шақ», «Аққуым менің», «Қарагөз – айым», «Баян жүрек», «Ақ бесігім», «Көзімнің қарасы», «Жарқыра менің, жұлдызым», «Қыран жеткен», «Жапырақ сілкінген кеш», «Аққу-жүрек», «Алатаудың ақ батасы», тағы басқа жиырмадан астам жыр кітаптарының әрқайсысында қазақ елінің тағдыр-талайы, салт-дәстүрі, туған жерге деген сағыныш пен аңсаудың асқақ көріністері оптимистік тұрғыдан бейнеленеді. Марфуға ақын қаламынан махаббат пен табиғат, Отанға деген сүйіспеншілік пен елге деген ерен іңкәрлікке толы нәзік те өршіл лирика мол-мол туды. «Ертіс әуендері», «Ақ Еділ – Арман», «Пермь дәптерінен», «Балтық жырлары», «Кавказ әсерлері», «Болгария әуендері», «Сайрамнан көшкен сағымдар», «Түркия дәптері», «Исламабад аспаны», тағы басқа топтамаларының атынан көрініп тұрғандай Марфуға Айтхожа сапарнама жырлар жазудың өзіндік үлгісін көрсеткен ақын. Кейінгі жылдары жарық көрген «Аңсау», «Аққу-жүрек», «Алатаудың ақ батасы» атты кітаптарында ақын Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі жетістіктерін эпикалық кең тыныспен жырлайды, Президент Н.Ә.Назарбаевтың асқақ бейнесін өлеңмен сомдайды. «Қыр қызғалдағы», «Бағараның батыры», «От ішіндегі гүл», «Жеңеше-ай», «Тобық», «Бас киім», «Жетісу суреттері», «Құнанбай әулеттері», «Абылайхан даңғылы», «Алатаудың ақ батасы» поэмалары мен балладалары ақынды жаңа белес­тен көрсетті.

2001 жылы шыққан «Аңсау» кітабы үшін Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Талай толқын жас буынды туған елді, жерді сүюге тәрбиелеген өр, тәкаппар жырлары үшін Елбасының өз қолынан «Парасат» орденін алды. Жеті кітабы орыс тілінде жарық көрді. Қырықтан астам алыс-жақын шет ел тілдеріне өлеңдері аудары­лып, басылып шықты. Мұның бәрі Марфуға ақын­ның талмай ізденіп, тек биікке талпынған еңбек­қор­лығының арқасында қол жеткізген асулары.

Жиырма жасқа дейін ат жалын тартып мініп, ағаларымен бірге жүйрік аттардан, сәйгүліктер­ден түспеген, қыз қууға қатысқан, асаудың ауызды­ғымен алысып өскен ақынға жас кезінен дарыған бір қасиет бар. Ол тауда туып, тауда өскен жанға тән мінез, асқақ тәкаппарлық. Талқының биік тауларын, құз-жартастарын жарып өткені де, асау өзенді жалдап кешкені де оның сол өрлігі, қайсарлығы, ер мінезділігі болатын. Сондықтан болар, сол мінезі оның өлеңдеріне де сіңді.

Жүрсем-дағы астында сан-саяның,

Шалқайғанға мен-дағы шалқаямын.

Күншілдердің күңкілін көзіме ілмей,

Сол тәкаппар қалпымда қартаямын, – деп соғады ақын жүрегі.

Сексенінші жылдардағы бір өлеңінде:

Жұлдыздай сөніп бір күн құлар көктен,

Ғарышқа ақын жаны құмар неткен.

Арманым болмас еді бұл жалғанда,

Биікке жырым жетсе Қыран жеткен! – деп тебіренген ақын бүгінде өзі армандаған Қыран жеткен биікті бағындырып отыр. Елінің аялы алақанында, халқының ыстық ықыласына бөленгені – сол биікке жеткені болар!


Жасұлан НАУРЫЗӘЛІ

«АДЫРНА»

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ