Стипендендиясымен ата-анасын асырап жүр

0
267

Моңғолия қазағы үшін ата-баба жеріне оралу арман. Арманның орындалуы үшін олар балаларын Қазақстандағы жоғары оқу орындарына жібереді. Грант негізінде білім алатын жастар кейін тұрақтап қалып, жұмыс істеп, ата-анасын көшіріп алады екен. Көбі Астана маңына қоныстанған. Ақтөбеге қолөнер бұйымдарының жасалу жолдарын үйретуге арнайы шақыртумен келген шебер Сағымпаз Қажыханның айтуынша, олар үнемі Қазақстанның телеарналарын қарайды, ұлттық бұйымдарды сатып, жан бағады. Әр отбасында, кем дегенде, бір адам қазақтың ұлттық бұйымдарын жасайды. Бір қызығы, моңғол қазақтары көрпе емес, киізден жасалған сырмақ жаяды. Бұл – жылы әрі әдемі екен. Моңғолиядағы қазақтардың өмірі мен қолөнер бұйымдарын дайындау жолының дамуы туралы  «АДЫРНА «Bnews.kz сілтеме  жасап хабарлайды

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Ақтөбеге Моңғолияның Баян-Өлгей аймағынан қолөнер шеберлері арнайы шақырылды. Облыстық өнер мұражайының ұйымдастырумен өтіп жатқан «Қазақтардың дәстүрлі сәндік-қолданбалы өнері» атты шеберлік класында сырмақ жасап, кесте тігудің жолдары, кермелі бау тоқу үйретілді. Оған мектеп оқушылары мен технология пәнінің мұғалімдері қатысып жатыр. Ал үйретуші шеберлер Сағымпаз Қажыхан мен Құрмет Түгелбай Ақтөбеге алғаш рет келген.

«Ескі қолөнерді жандандырып, дамытамыз деген соң келіп отырмыз. Балалардың ынтасы өте жақсы. Ұстаздар үйреніп алды. Сырмақтың неден жасалатынын, тігу жолдарын үйреттік. Мәселен, сырмақ бес бөлшектен тұрады. Оларды біріктіріп, бір сырмақ шығарамыз. Біз кесте, кермелі бау тоқуды да меңгереді. Біздің ауылда қай үйге кірсеңіз де осы бұйымдар төсеулі жатыр. Сіздер кілемнің үстіне көрпе жаясыздар, біз сырмақ төсейміз. Бұл – жылы. Жұмыста жоқ болғандықтан, үйде дайындап, тапсырыс қабылдаймыз. Көбіне, шетелдіктер, туристер келіп, сатып алады. Бір айда ұзындығы 3 метр үш сырмақ жасауға дайынбыз»,- дейді Сағымпаз Қажыхан.

Оның айтуынша, сырмақ бірыңғай киізден жасалады. Баян-өлгей шеберлері киіз басып, жіп иіреді.

«Ауылдағы 1500 үйдің бәрі мал ұстайды. Таңертең шығарып жібереміз, кешке қораға қамаймыз. Арнайы күтім қажет емес. Әр отбасында 1-2 мың бас қой бар. Кем дегенде, 100 қой бағады. Ешкі басым бізде. Түбіті өте қымбат, бұйымдары өтімді»,- дейді Алтай ауылынан келген С.Қажыхан.

Алты баланың анасы бір жанұяны өз өнерімен асырап отыр. Біреуі – студент, кішісі 3-класта білім алады.

«Ұқсастық көп. Біз де жер үйде тұрамыз, мал шаруашылығымен айналысамыз. Баян-Өлгей мен Ақтөбеге келер болсам, сіздерде көше кең екен. Ағаш егілген, зәулім үйлер бар. Біздің жақта тал егілмейді ғой. Қазақстан тәуелсіздік алған соң көшіп келетіндер қатары артты. Көбіне, жастар оқуға келеді. Білім алған жастар ауылға қайта оралмайды, тұрақтап қалады. Кейін ата-анасы, бауырлары көшеді. Негізінен, Қазақстандағы жоғары оқу орнында грант негізінде білім алатын студенттер стипенциясымен Моңғолиядағы ата-анасын асырайды. Студенттер ақшасын аударып, кейін қажетті заттарын, киім-кешекті сол жақтан салып жібереді. Жұмысы жоқ отбасылар, қолөнермен айналыспайтын адамдар солай күн көріп отыр»,- дейді Сағымпаз шебер.

Ақтөбедегі Өнер мұражайынан ұсыныс түскен кезде шеберлер ойланып, жүрексінген. Олардың ойынша, Ақтөбеге жол ұзақ, мұнда орыстар тұрады, халқы орысша сөйлейді. Келіп, оқушылармен, мұғалімдермен тілдескен шеберлер тілдік айырмашылықты сезбей қалды.

Ал Құрмет Түгелбай Баян-Өлгей аймағында тұрады. Қаладағы тірлік ауылдан өзгеше. Мұнда кермелі бау тоқу үшін дайын жіп пайдаланылып, шикізаттың бәрі сатып алынады. Дегенмен, қызға жасау, ұлдың отауына қажетті киіз үй мен барлық бұйымды өзі дайындайтын шебер зейнетке шыққан соң негізгі кәсібінен табыс түсіп жатқанын айтады.

«Кермелі бау тоқу қиын. Негізі, мұнда бірнеше ою түседі. Әр жіптің өз орны, реті бар. Сондықтан бірер күнде меңгеріп алу мүмкін емес. Мұны тоқу үшін қазық қағып, әр жіп өткізген сайын күш салып тартады. Қаққыш, тергіш ағаш, тергіштің бәрін шатасырмау шарт. Өзім 13 жасымнан бастап бақылап, тығылып үйреніп алдым. Қазір бәрін сатамыз. Тапсырыс бар, тек еңбектену керек»,- дейді Құрмет Түгелбай.

Шебер Қазақстанда білім алып жүрген кенже ұлы тұрақтап қалса, Отанына оралуды ойлап отыр.

«Қазақстан – біз үшін мақтаныш. Астанаға бес жыл бұрын келіп едім, кешегі сапарымызда одан әрі дамығанын көріп отырмыз. Ақтөбеге бұрын келгенім жоқ. Мұнда да қазақы жер, халқы бауырмал екен»,- дейді ол.

Үш күнге созылған шеберлік сабағы кезінде балалар сырмақ тоқып, кесте тікті. Бәрі де қазақтың тың қолөнер бұйымдарына тәнті болып, қыздардың тоқу, тігуге ынтасы артты.


Елімізде грантпен оқитын студенттер стипенциясымен Моңғолиядағы ата-анасын асырап жүр – Сағымпаз Қажыхан (ФОТО)

(түпнұсқа тақырыбы)

«Bnews».kz

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ