Құсбегілік өнерімізді де өзгелер өңгеріп кете ме?..

0
304

«Аспан» атты сұңқарын қолынан түсірмей, үнемі оюлы бешпентпен жүретін Руслан Абыл құсбегілікті 11 жасынан бері сүйікті ісіне айналдырды. Тіпті таң мен кешті айырып болмайтын түнгі клубтағы диджейлік қызметі де оны қанатты «достарынан» алыстата алмады. Құсбегілік – ол үшін спорт, өнер, өмірдің ажырамас бөлшегі. Ұлттық спортты сақтап қалу үшін жанталасып жүрген Русланның әңгімесі түсінген жанға ой саларлықтай…
«Словения, алақандай ғана Словения құсбегілік туралы арнайы пәнді мектеп бағдарламасына енгізіп қойды. Бүгінде Еуропа мен араб әлемінің құсбегілікке деген қызығушылығы артып тұр. Құсбегілікті ұлттық спорты, атакәсібі санаған қазақтар ұйықтап жатқанда, бар әлем бұл өнерге таласу үстінде. Біздің қымыз бен қазыны өзгелерге ұстата салғанымыздай, құсбе­гіліктен де қол үзіп қалатын түріміз бар. Түсінесіз бе, Facebook әлеуметтік желісіне тіркелген әлемдегі құсбегілердің саны – 40 мың. Тіркелмегені қаншама?! Германияда 12 мың құсбегі бары ресми түрде анық­тал­ды. Ал құсбегілікті төл спорты санаған қа­зақ­тардың ішінде бұл спортты серік ет­кен­дердің саны 70-тен әрең асып жығы­лады. Ұлттық спортты өзгенің өңгеріп кетуінен аман алып қалатын бағдарлама қабыл­дау керек шығар, мүмкін. Әйт­песе…»

Расында, жапондар дзюдосымен, өз­бек­тер курашымен мақтанады. Төл спортын насихаттау барысында түрлі әдіс­терді қол­данып, жалпақ әлемге ұлт­тық спорты­ның тілін түсіндіріп жата­ды. Ал қазаққа Алладан дарыған өнер  — құсбегілікті өзге­ні қо­йып, өз елімізде өркендетуге ден қояр емеспіз.

«Шетелдік жазбалардан құсбегілік ең алғаш Үндістан мен Месопотомияда пайда болды деген деректерге жиі ұшырасамын. Бірақ бұл – жалған ақпар. Өйткені бүркіт пен сұңқар қоңыржай климатта ғана еркін самғай алады. Тау бөктерінде тыныстап алған соң жазықта талмай ұшады. Ал жоға­рыда айтылған Месопотомия мен Үнді жері – өте ыстық. Ежелгі сақ дәуірінде таста қа­ша­лып салынған құстардың суретін тарихшылар қыран деп топшылады. Оның үстіне, Бүркітшілердің дүниежүзілік феде­ра­ция­сының мүшесі өз еңбегінде «құсбегілік ең алғаш рет Тұран жерінде пайда болды» деп жазған. Ендеше, құсбегіліктің қазақ даласында пайда болғанына күмән келтірмеу керек. Еділ қаған Еуропаны жаулағанда, оның тік көтерген туындағы қара сұңқарға бәрі көз тігіп, керемет қызығушылық танытты».

 

 

Ұлттық спортымызға көз салушы­лар­дың көп екенін жоғарыда айттық. Құс­бегі­лік бүгінде бар әлемде қарқын­ды даму үстінде. Қазақстандағы құсбе­гі­лікті дамы­туға жеке кәсіпкерлер де білек сыбанып кірісіп кетті. Әсіресе өнер адам­дары­ның ықыласы ерекше. Қара­пайым халық сах­наның көркіне айнал­ған әртіс­тердің әрбір қимылына қол со­ғып, олар­дың іс-әрекетіне ерекше мән береді. Ендеше, құсбегілікті наси­хат­тауға әнші, күйші­лерді де пайдалану керек. Мәсе­лен, Тоқтар Серіков сұң­қар десе ішкен асын жерге қояды делік. Осыдан соң Тоқ­тар­дың талантына там­сану­шылар­дың сұңқар, құс­бегілік туралы тереңнен білуге талпынатынына сенім зор.

 

 

«Қазақстандағы құсбегілердің басын біріктірген ірілі-ұсақты ұйымдар бар. Олар жұмыс істемей, қол қусырып отыр дей алмаймын. Алайда насихат жұмыстарын жүр­гізуде белсенділік танытпай отырмыз. Мәселен, құсбегілік туралы арнайы сайт аша­мыз деп басшылардың уәде бергеніне төрт жыл болды. Ал шетелде құсбегілік туралы сайттан көз сүрінеді. Спорттың бұл түрі туралы жеке газет-журналдар мен кітаптар болса да, мұртымызды балта шаппас еді. Өкінішке қарай, шешуін таппаған осындай мәселелер құсбегілікті насихат­тауға кедергі келтіруде. Әлемнің 77 елінен келген саят­шылардың басын қосып, Еуропа Ха­лық­аралық құсбегілер фестивалін ұйым­дастырды. Қазақстанда өткен іс-шара­лар­дың ішіндегі ең ауқымдысы деп Бақыт Қар­нақбаев ағамыз ұйымдастырған «Құс­бегілік: көбейту және ветеринария» атты ха­лық­аралық семинарды айтуға болады. Оған әлемдегі бүркітшілердің бас дәрігерін шақырдық. Ол кісі құсты қалай емдеу, қа­лай тамақтандыру қажет екенін тағы бір са­рап­тап берді. Шыны керек, біздерде құс ауырып қалса, оған дұрыс диагноз қойыл­майды. Мәселен, сырқаттанған құсты Қа­зақ­станда үш орталық тексереді және үшеуі­нің қойған диагнозы бір-бірімен мүл­де сәйкес келмейді».

Құстардың қарны тоқ болмаса, одан қандай да бір нәтиже сұрау әбес­тік. Бір ител­гі күніне 150-200 грамм сиыр етін жей­ді. Ал бүркітке 450-600 грамм ет беру­ге міндеттісің. Құстар да адам се­кіл­ді. Дұрыс тамақтанбаса, ағзасы әлсі­рей­ді.

«Түзде ұшып үйренген құстардың ағза­сы өте шыдамды. Алып жүректі. Ал қолға үй­реткен құстардан үнемі бір кінәрат табылады. Шетелдіктер сатып аларда ең бірінші олардың жүрегі қуатты ма, жоқ па, соны қарайды. Қолға үйреткен құстар әлсіз болмауы үшін жақсылап баптау керек. Жақын­да ғалымдар қолға үйренген құстар­ды киіз үй секілді дөңгелек пішінде жасал­ған үйде өсіру керектігін анықтады. Себебі құс аспанды көремін деп дөңгелек үйде айналып ұша береді, ұша береді. Бұл өз кезегінде құстың денсаулығынан мін таппауға септігін тигізеді. Біз тек құстарға ғана емес, аңдарға да жақсы күтім жасауға тиіспіз. Мәселен, бүркіт пен сұңқарға азық болады деп дала қояны мен түлкіні алып келеміз. Оларды арнайы жылжымалы қора-жай­лар­ға салып, тамағын беріп, жағ­да­йын жа­сауға міндеттіміз. Алайда бізде ондай мүм­кіндік жоқ, сол себепті аңдар­ды ұстап әке­ліп, қора­ға қамап тастай­мыз. Дала қоян­дары шыдамай өліп кетеді. Сосын амал қалма­ғасын үй қоян­дарын жіберуге тура келеді. Үй қояны қашпайды, өте қор­қақ. Бұл – өз кезегінде құсбегіліктің қызы­ғын қашыратын фактор­лардың бірі».


Ақырыс СЕЙІТҚАЗЫ, «Алаш айнасы».

ПІКІР ҚАЛДЫРУ