Сан түрлі салт бар

0
1343

Атамыз қазақ қашанда салт-дәстүрді берік ұстанған. Оны өскелең ұрпағына өнегелі мұра етіп қалдырып отырған. Жалпы, дәстүрін сақтаған ел қор болмайды. Себебі дәстүр адамды тәрбиеге, ақылға баулиды. Әр мемлекеттің өз салты, әдет-ғұрпы бар.

Қазақтардың басын бір шаңыраққа біріктірген Қазақстанның әр облысының дәстүрлері алуан түрлі болып келеді. Мұны мойындау қажет. Атамыз бір болса да, салтты әр аймақта түрлі етіп ұстанамыз. Мысалы, кейбіреулермен танысқан кезде, «Оңтүстіктенмін» десең, төбе шашы тік тұрады. «Сіздерде келіндер көшеде не үйде басынан орамалын тастамайды екен ғой», не болмаса «Келіндеріңіз күнде біреуге сәлем береді екен» деп миыңызды ашытады. Олардың ойынша, бұл бұрынғы заманда қалып қойған ескірген әдет. Қай заманнан жетсе де, бұл — ежелден бар дәстүр. Басына орамал тартып, үлкенге сәлем беруден апа-әжелеріміз ешқашан жалықпаған. Себебі бұл үлкенге деген құрметіңді көрсетеді. Бұдан басқа да салт-дәстүрлеріміз жеткілікті. Жаза берсең, таусылмайды. Ал өзге елдердің өзіндік дәстүрі жайлы білетіндеріміз көп емес. Бүгінгі мақалада оқырман назарына басқа мемлекеттердің әдет-ғұрпы, салт-дәстүрлері және ырымдары жөнінде бірқатар мәлімет ұсынбақпыз. Екі тектің ерекшелігі Испанияда дәстүрді ұстанатын адамдардың екі тегі болады екен. Тұр­мысқа шыққалы жатқан қыз жұбайының тегін алмайды. Ал бала туған жағдайда сәбиге әке­сінің де, шешесінің де тегі бе­рі­леді. Ол қалай дейсіз бе? Мысалы, Пи­лар Гомес Диас деген бой­жет­кен Фелипе Родригес Фернандес де­ген жігітке күйеуге шығып, олар­дан қыз туса, нәрестенің есімі Мер­седес Родригес Гомес болады. Байқап отырғанымыздай, алды­мен өзінің, сосын әкесінің аты, кейін анасының есімі жазылады. Испандықтар дүкендерді, кі­тапханаларды, дәріханаларды байырғы әдет-ғұрып бойынша адам есімімен немесе ғимарат ор­наласқан көшенің атымен атайды. Мәселен, «Фармасия Пинтада». Бұл Пинтада көшесінде орналас­қан дәріхана деген мағынаны біл­діреді. «Эрманос Морено» дейтін атты көрсеңіз, ол ағайынды Мо­ренолардың компаниясы деген сөз. Бұл елде тағы бір қызық салт бар. Ежелден келе жатқан дәстүр бойын­ша Испанияда жүкті келін­шектер үйде босанғанды жөн санайды. Біз аяғы ауыр әйелді тол­ғақ басталысымен, тіпті одан да көп бұрын ауруханаға жеткізіп саламыз. Ал бұл елдің тұрғындары кішкене күте тұрғанды қалайды. Олардың ойынша, аурухана ахуа­лы босанғалы жатқан әйелге қор­қыныш сезімін тудырады. Сон­дықтан Испания халқының ба­­сым бөлігі ауруханаға барар жол­да, таксиде, автобустарда ту­ған. Екі рет тойлайтын туған күн Ол — ол ма? Испанияның әрбір а­заматы туған күнін жылына екі мәрте тойлайды. Біріншісі — өзінің нағыз туған күні болса, ал екіншісі — әулие аталарының туған күнін өзінікі секілді атап өту. Елде киелі ұғымдар көп болғандықтан, тұр­ғындардың әрбір екіншісіне әу­лиенің аты беріледі. Енді жерлеу рәсіміне тоқтал­сақ. Адамның денесінен жаны кет­кен соң, оны жерлейтін жер дайын болса, бірден рәсімге кірі­се­ді. Ал орын болмай қалған жағ­дайда мәйітті 72 сағатқа дейін ұс­тай алады. Жерлегендерінің өзі қы­зық. Дайын жерді бұл елде жал­ға алады екен көбінесе. Ай сайын ақшаңызды төлеп тұрасыз. Қа­ражат болмай қалса, мола ор­наласқан жердің әкімшілігі то­пырақ астындағы денені қайта қа­зып алып, оны басқа жерге ауыс­тыруға құқылы. Беті аулақ! Грекия халқы да ырымға қатты се­нетіндердің қатарында. Қала көшелеріне шықсаңыз, ойнап жүр­ген балалардың мойындары­нан көздің белгісі бар алқаны кө­ресіз. Олардың ойынша, бұл жо­лың­ды ашып, бақыт әкеледі. Сон­дай-ақ бұл халық біреуді мақ­тамас бұрын алдымен үш рет тү­кіріп алады. Себебі құ­дай­лар­дың қызығушылығы туып қалуы мүмкін. Түкіргеннен кейін ғана әлгі адамға деген сүйіспеншілігін білдіре бастайды. Қарап отырса­ңыз, көрші орыстардың әдетіне ұқ­сайды. Орыстар мен гректердің бұл нанымына сенетіндер біздің ара­мызда да баршылық. Бізде де «Әй, көзің өтіп кетер, түкірші», — деп жататын әдет бар ғой. Су сепкенің — сыйлағаның Сонымен қатар гректер дәс­түр бойынша үйге келген қонаққа міндетті түрде ішімдік ішуді ұсынуы керек. Олай жасалмаса, үй иесі тәрбиесіз деген жаман атқа ие болады. Ал келген мей­ман­ның біреудің үйінде отырып та­рануына және тырнағын алуына бол­майды. Сәтсіздікке ұшырауы­ңыз мүмкін. Данияға жолыңыз түссе, тұр­ғын үйдің терезесінде ілініп тұр­ған мемлекеттік жалауды көретін бол­саңыз, таңғалмаңыз. Бұл үйде бі­реудің туған күні тойланып жатқанының белгісі. Таиландтағы мына дәстүр бә­рінен де қызық. Елде бұрыннан ке­ле жатқан «Сонг Кран» деген мей­рам бар. Осы күні тұрғындар кө­шеде кетіп бара жатқан кез-кел­ген адамға су шашады. Олар­дың бұл әрекеті бір-біріне сәттілік ті­легенді білдіреді. Тай елінің хал­қының жартысынан астамы буд­дизм дінін берік ұстанады. Сон­дық­тан олар адамның басын ең қасиетті нәрсе деп санайды. Қан­дай адам болсын, оның басына сау­сағың тиіп кетсе, сен сол кі­сінің беделін аяқ-асты еттің де­ген сөз. Маймылға арналған мереке Таиланд — жалпы қай жағынан алсаң да ерекшелікке толы мем­ле­кет. Елдің Лопбури провинция­сын­да жыл сайынғы дәстүр бойын­ша маймылдарға арналған банкет әзірленеді. Адамдар шіркеуге екі мың­нан астам маймылды жинап, оларды түрлі жеміс-жидектермен тамақтандырады. Таиландықтар маймылды неге соншама баға­лайды дейтін боларсыздар? Айта кетейік… Бұл елдің халқы Рама де­г­ен құдай бар деп сенеді. Аңызға сүйен­сек, бір кездерде бір топ май­мыл Рамамен бірге оның қар­сыластарымен шайқасып, жеңіске жет­кен екен. Ал Корей халқының мына әдет-ғұрпы тіпті күлкілі. Біреудің әзірлеген тағамын жеп отырсаңыз, тамақтың дәмді болғанын білдіру үшін адам шылпылдатып шайнау керек екен. Кейін ас дайындаған кісі сізге өз алғысын айтады. Қы­зық, иә? Біздің елде үстел үстінде та­мақты былш-былш шайнап жеп отыр­саң, әдепсіздіктің белгісі бо­лып саналады емес пе? Көрші Ресей елінде дәстүр бойын­ша, ғарышкерлер көкке кө­те­рілер алдында «Белое солнце в пус­тыни» атты фильмді көруі тиіс. Ирландияда төрт жылда бір келетін ақпан айының 29 жұл­ды­зын­да қыз балалар еркектерге үй­лену туралы ұсыныс жасай алады. Бұл дәстүр сонау XІ ғасырдан бері келе жатыр. Сөз салып тұрған бой­жеткен «жоқ» деген жауап алса, онда бас тартқан еркек қо­мақ­ты айыппұл төлеуге міндетті бо­лады. Секіріп көңілін көтереді Жаңа жылға небәрі екі жарым айдай уақыт қалды. Сондықтан осы үлкен мереке әр елде қалай тойланатынына тоқталсақ, артық бол­мас. Мәселен, Францияның оңтүстік бөлігінде шағын бір елді ме­кен бар. Сол ауылдағы отбасы­лар­дың барлығы Жаңа жыл кел­ген соң, таң сәріде тұрып алып, бұ­лақтан стақанға су құйып, қа­сына бәліш қосып қалаған жеріне қал­дырып кете береді. Оны көрген адам ішерін ішіп, жейтінін жеп, орнына қандай болсын, бір тағам қал­дырып кетуі міндетті. Дәстүр сон­дай себебі. Осылайша фран­цуз­дар Жаңа жылдың алғашқы кү­нінен бастап бір-бірінің қарнын той­дыра бастайды. Ал немістер болса, сағат он екі­ні көрсетпей тұрып, креслоға шы­ғады. Жаңа жыл келген соң, жас-кәрісіне қарамастан сол жер­ден секіреді. Осылайша олар кө­теріңкі көңіл-күймен мейрамды той­лай бастайды. Германия тұр­ғын­дарының айтуынша, Жаңа жыл­ды қандай күймен қарсы ал­саң, жыл солай өтеді. 12 секундта — 12 жүзім Италияндықтар Жаңа жылда ескі заттарын терезеден лақты­ра­ды. Затты қаншалықты көп лақ­тырсаң, соншалықты ырыс мол болады. Аргентина халқы болса, заттардың орнына ескі шоттарын немесе құжаттарын тастайды. Шотландықтар Жаңа жыл түнінде қарамай жағылған бөшкені өртеп, оны көше бойымен домалатады. Мұндағы көздегендері — ескі жылдың жамандықтарының бәрін жағып жіберіп, Жаңа жылды лайық­ты қарсы алу. Куба халқы Жаңа жылды бы­лай тойлайды. Мейрамның бас­талуына бірнеше сағат қалғанда, үй­дегі әрбір ыдыс суға толып тұ­руы тиіс. Мұнымен олар бір-бі­рі­не Жаңа жылда судай таза өмір ті­лейді. Бұл елде ерекше тағы бір ырым бар. Кей елді мекендердің тұр­ғындары сағат он екі бола са­лысымен он екі секундтің ішінде он екі жүзім жеуі керек. Сол кезде ға­на бір жыл бойы сіздің жолыңыз бо­лады. Міне, қарап отырсаңыздар, әр елдің салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы жә­не ырымдары әр түрлі екен. Бі­рі қызық болса, екіншісі ойға сыйар­лық емес. Қай жағынан қа­ра­­сақ та өзіміздің қазақ халқының дәс­түрі, салты өзгелерге қарағанда ерек­ше көрінеді. Себебі біздің ата-бабаларымыз соңына тәлім-тәр­биеге үндейтін әдет-ғұрып қал­­дырған. Керемет емес пе?! Сон­­дықтан қайда жүрсек те, дәс­түрі­мізді сақтағанымыз жөн.


 Бақытжан БАУЫРЖАНҰЛЫ

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ