Қымыз – ауруға ем, сауға қуат

0
281

Сайын дала төсінде көшпелі ғұмыр кешкен халқымыздың аса бағалы сусыны қымыз болғаны ақиқат. Қымыз бойға қуат, денеге күш дарытады. Шөлдегенде жан сарайыңды ашатын ұлттық сусынымыздың бүгінгі жай-күйі қалай?

Әңгіме қымыз жайында өрбігенде қымыздың керемет, ғажап сусын екенін, емдік қасиеті мол екенін, қасиет тұтып, бағалай білуіміз керек екенін айтамыз да, оның ар жағындағы мәселелер жайында көп ойланып, тереңдей бермейтініміз шындық. Ал қарап тұрсақ, бір қымыздың өзімен-ақ әлемге танылуға болады. Голландия десек, көз алдымызға қызғалдақ елестейтіні сияқты, қазақтың қымызын да бүгінгі тілмен айтқанда «брендке» айналдырып, сұранысқа ие, танымалдылығы жоғары тауар дәрежесіне көтеруге болатыны сөзсіз. Ол үшін не керек? Мәселе осы жерде күрделене бастайды. Бізде брендке айналдыратын ұлттық тағам түрлері аз емес.
Қымызды жеті жұрттың, алты құрлықтың тануы үшін не істеуіміз керек? Қымызды құтыларға құйдырып, шетелге жөнелтсең, қымыз туралы толыққанды ақпараты жоқ халық оны ала қоя ма? Қымызды жетік білмеген соң, танымаған соң, оған сұраныс та жақсы болмасы анық. «Осы қымыз қазаққа, мақтаның ба, асың ба?» деп Абай атамыз айтқандай, біз қымызымызбен мақтанып қана қоймай, оның өзге елдерге танымал болуына баса мән беруіміз керек.
Қазақстанда ұлттық сусынды шы­ға­ратын жекеменшік компаниялар, өндіріс орындары баршылық. Алайда бүгінгі сауда орындарында, дүкендерде сатылып жатқан қымызды қымыз деп айта аламыз ба? Қымыздың дәмін білетін қазақ қай кезде болмасын сапалы қымызды іздейді. Қымызға қойылар басты талап та осы – сапалы болуы, қымыз деген атқа сай келуі. Бүгінде ақ қымыз, бал қымыз, бесті қымыз, дөнен қымыз, жуас қымыз, кәрі қымыз, күздік қымыз, қою қымыз, сіргежияр қымыз, тай қымыз, тосап қымыз, түнемел қымыз дейтін қымыздың түрлерін қайсымыз ішіп жүрміз? Ал осы қымыздың түрлерін баптап, ерекшелеп ұсынып отырған қандай кәсіпорындарымыз бар? Кезінде болған жылқы шаруашылықтары бүгін неге жоқ? Бұл сала мемлекеттік деңгейден қамқорлыққа алынбаса, жылқы шаруа­шылығын, соның ішінде қымызды бренд­ке айналдыру мәселесін шешу қиынға соғады.
Қазір өз тауарларын брендке айналдыра білген халықтар сауда саласында да, туризм саласында да үлкен пайдаға кенеліп отыр. Себебі ондай тауар өтімді тауар болып есептеледі. Ал туристер ол елге сол тауардың Отаны деп те жол тар­тады. Біз де қымызға жүйелі түрде қарайтын болсақ, оның технологияларын дамытудың көптеген түрлерін жасауға болады.
Мұны біздің елде жолға қою үшін, қымызды брендке айналдыру жөнінде арнайы бағдарлама қабылдануы тиіс. Қазір бұрынғыдай әр үй сайын бие байлап, қымыз сауып отырған қазақ жоқ. Қымызханаларды дамыту жолға қойылмаған. Бар болғанның өзінде, ондағы қымыздың бағасы шарықтап тұрады. Оны сатып алып ішуді әркімнің қалтасы көтере бермейді. Ал шын мәніне келгенде, қымызды дамыту кешенді түрде жүргізілуі керек. Ол үшін жылқы шаруашылықтарын дамытып, жылқы тұқымдарын асылдандырып, қымызханаларды көбейтіп, қымызды дайындаудың, сақтаудың, жеткізудің тәсілдерін жетілдіріп, ғылыми негіздерін жасауға мән бергеніміз жөн. Жылқыны өсіру, одан сапалы қымыз алу оңай шаруа емес. Оның да қыр-сырын жетік білген жөн. Қымызды бір өңірден екінші өңірге жеткізу мәселесі қалай шешілмек? Бұл орайда қымыздың сапасын стандарттау мәселесі де туындайды. Себебі қымызды әркім әртүрлі өндіріп жүр де, белгілі бір стандарты жоқ. Сол себепті оның дәмі де әртүрлі. Біз ұлтымыз­дың сусынын ұлықтай білуге тиіспіз. Шұбат жөнінде де осындай мәселелерді айтуымызға болады. Қымызды брендке айналдыру бағытында инновациялық, менеджменттік, маркетингтік және т.б. технологиялар іске қосылуы керек. Онсыз қымызды брендке айналдыру мүмкін емес.


Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ,

«Ана тілі»

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ