Ру тарихын зерттемей, ұлт тарихын түгендеу мүмкін емес

0
252

Сақтардың, ғұндардың, түркілердің және осы түркілерден тараған бүгінгі түркі халықтарының басынан кешкен тарихтары – бәрімізге ортақ бір ғана тарих. Бүгінгі қазақ халқының ұлт болып қалыптасу кезеңдері мен алғашқы қазақ атауымен құрылған мемлекет «Қазақ хандығы» болса, оның заңды жалғасы – бүгінгі Қазақстан Республикасы. Мына алмағайып уақытта «Мәңгілік ел» болу үшін тарихи тамырымыздың тереңде екенін, «Қазақ Елін» құрап отырған ұлттың, қалаберді бүкіл түркі жұртының түбі бір туыстығын дәлелдейтін этникалық тарихымыздың ғылыми мазмұнда қалыпталуының  қажеттілігі айрықша болып отыр.

Түркілердің бесігі болған Алтай тауынан тараған халықтардың этникалық негізі бір. Махмұд Қашқари «Түрік тілдерінің лұғатында» былай деген: «Ұлы Тәңір айтады: Менің бір тайпа қосыным бар. Оларды түрік деп атап, күншығысқа қоныстандырдым. Кейбір тайпаларға ренжісем, түріктерімді қарсы аттандырамын!». Ғұндардың әмірі Еділдің «Құдайдың қамшысы» аталуы да осыны меңзесе керек.

«Керегесі ағаш, ұраны Алаш» қазақ жұрты өз алдына шаңырақ көтерген Қазақ хандығын құраған ру-тайпалық құрылымдар екені шындық. Сондықтан, біз қаласақ та, қаламасақ та бүгінгі қазақты құрап отырған қырыққа тарта рулар мен тайпалар тарихы қазақ елінің тарихы екендігін мойындап, түпкі этникалық тегімізді зерделеп алуымыз керек. Тайпалық-этникалық негізде құрылған «Қазақ хандығының», «қазақ» деген халықты құраған осы ежелгі тайпаларды құраған рулар тарихын терең зерттемей, сол заманның келбетін аша алмаймыз.  Осы ретте Қазақ хандығының құрылуындағы көшпелі өмір салтын ұстанған ру-тайпалық жүйенің әсерін айтып өткеніміз жөн болар.

Ш. Құдайбердіұлының 1911 жылы жарық көрген «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі» атты тарихи шығармасында қазақ халқының қайдан шыққанын баяндай келе, Керей мен Жәнібек хандардың Әбілқайыр ханнан бөлініп, Моғолстанға көшіп келуін айтып өтеді. Керей мен Жәнібектің «Әбілқайырға өкпелеген себебін біздің қазақ былай айтады», – деп Шәкәрім қажы, Ақжол биді Қобыланды батырдың өлтіргендігін, Керей мен Жәнібектің Әбілқайырдан кінәліні жазалауды сұрағанын, шығарылған шешімге қанағат тұтпаған екі сұлтан ханға өкпелеп, өздерін қолдайтын ру-тайпаларды ертіп, көшіп кеткенін түсіндіреді. Осы деректе алғаш рет Қазақ хандығының құрылуына байланысты Дешті Қыпшақтың ру-тайпаларын атап көрсеткен. Аталған тайпалар оқиғаға тікелей қатыстырылып айтылады.

Дешті-Қыпшақты билеген Әбілқайыр хан мемлекетті басқару жүйесінде  парсылық-соғдылық, яғни отырықшы жұрттың мемлекетті басқару дәстүрін орнатпақ болды. Мұндай жағдайға сол кездегі ел басқарушылардың діни көзқарастары да әсер етті. Көшпелілер дүниетанымына қайшы келетін, отырықшы мәдениет жағдайында қалыптасқан діни тармақтар, тариқаттар жолын ұстануға көшкен хан мен ел арасындағы жағдай ушыға түсті. Дала демократиясын қалыптастырған түркілік-көшпелі дүниетаным, дәстүр қазіргі айтып жүрген адам құқығы, сөз бостандығы, әлеуметтік теңдік сынды ұғым-түсініктердің бәрін қамтитын және іс жүзінде жүзеге асыратын. Ал Әбілқайыр ханның ұстанған тариқаты билеушіге шексіз билік беретін. Ислам дінінің көптеген тармақтарға бөлінуінде халықтар мен елдердің ұстанған салт-дәстүрі мен табиғи жағдайларының әсері де мол. Қарахандар билігі кезінде біздің жерімізге келген ислам діні Алтын Орданы Берке хан билеген тұстан бастап  мемлекеттік дін деп жарияланған кезеңнен бермен қарай Өзбек хан, Жәнібек хандардың кезінде де мейлінше қанат жайды. Тәңір мен Алланың бір жаратушы екенін түйсінген, аттың жалында, түйенің қомында ғана жүрген емес, қаншама гүлденген қалаларымыз бар бабаларымыздың ұғым-түсінігімен қабысып, өзіндік жолы қалыптасысқан  ата дінімізге айналған еді.

Елге жөнсіз зорлық көрсетсе, хан екенмін деп білгенін істесе, «хан талапай» жасайтын, елді сол елдің өз арасынан шыққан билер мен ру басыларының, батырлары мен шешендерінің беделімен билейтін қоғамның болғаны кейбір хан-төрелерге жақпай, соның кесірінен алапат империялар мен алып хандықтардың шаңырағы ортасына түсті емес пе?!

Хан мен халық арасын жалғаған алтын көпір – билер мен ру басылардың қолындағы билікті шектеуге ұмтылған Әбілқайыр ханның мақсаты абсолюттік билікке жету болғаны анық. Мұндай қадам, әрине, Ақжол сынды халқының сөзін сөйлеп, жоғын жоқтайтын, қара қылды қақ жарған әділдік жолынан таймайтын билердің қарсылығына ұшырады. Яғни Әбілқайыр ханның саясатына қарсы оппозиция қалыптасты. Оның басында Ақжол атанған Дайырқожа би мен Керей және Жәнібек сұлтандардың тұрғандығын көреміз.

Бүкіл Дешті-Қыпшаққа билігін жүргізіп отырған Әбілқайыр хан Қобыланды батырды айламен айдап салып, Ақжол биді өлтіртуінен кейін ел ішіндегі ең беделді би, халқына ханнан да қадірлі болған Ақжолдың құнын сұрап атқа қонған елге Әбілқайыр хан да ештеңе істей алмады. «Халық қаласа, хан түйесін сойяды», – деген елге хан әділдік жолынан аттап, қара күшпен жауап бермекші болды. Керей мен Жәнібек сұлтандар бастап Шу өзенінің бойы, Қозыбасыға көшкен елді келесі жылы шаппақ болып қалың қолмен аттанған Әбілқайыр дегеніне жете алмай жұмбақ жағдайда қаза тапты.

Әбілқайырдың ел ішіндегі дәстүрге қайшы, жалпы мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан жоба, жүйені өзгертіп, қолына абсалютті билікті жинамақ болған түпкі саясаты, яғни қараша халық қана емес, ел басқарған би, сұлтандар мен батыр, бағландар да ханның алдында ләппай тақсыр деп құлдық ұрып тұратын отырықшы жұрттың еріксізден жасайтын лепесін естіп, тежеусіз билікті қалады. Көшпелі жұртта руласып, аталасып ауыл болып қонған ел, дәулет, дәрежесіне қарамай-ақ бір табақтан ас ішіп, ойындағысын ірікпей айтатын, әділетсіз іс түгіл, жүйесіз сөз, зорлықшыл пиғылдың өзін айыптап, ары үшін ештеңеден жасқанбайтын, ханның алдында дат тақсыр деп, қасқайып тұрып, «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ»,- деп датын айтатын, бағыныштылықты бірлік, ынтымақ үшін, бөтенге жем болмау үшін жасайтын, әйтпесе, тәңіріден басқаға бой ұсынбаған  арда «қазақ» емес пе?!

Мемлекетті басқарып отырған хан мен ру-тайпаның басшылары – билер арасындағы қайшылықты жағдай Әбілқайыр ханның тізесіне көнбеген ру-тайпалардың Керей мен Жәнібек сұлтанға еріп, Қазақ хандығының шаңырағын көтеруге алып келді.

Әбілқайыр хандығының территориясындағы халық «көшпелі өзбектер» деп аталды. Ортағасырлық тарихи шығармалар «көшпелі өзбектер» этноқауымдастығында 92 тайпаның болғандығын көрсетеді. Осы тайпалардың тізімін алғаш қағаз бетіне түсірген «Маджму ат-тауарих» шығармасында қазақ хандығының негізін қалаған жалайыр, қоңырат, алшын, арғын, найман, қыпшақ, керей тайпалары алғашқы ондықта аталады.

Қазақ қоғамын құраған рулар мен тайпалар тарихын тереңдете зерттеу – тарихымызды түгендеудегі бір тың жолы. Біз халқымыздың осы ерекшелігін ескергенде ғана тарихымыз толыққанды болмақ.

Отаршылдыққа түскен барша түркі  халықтарының  осы уақытқа дейін түсініксіз тарихы қолдан жасалды. Сонау замандарда «басы барды идірген, тізесі барды тізерлеткен» түркілерді мәңгүртке айналдырып, тарихи тамырын үзіп, жойып жібермекші болған идеология құрсауынан әлі де шыға алмай отырмыз. Тарих сахынасынан бір-біріне байланыссыз көше беретін скифтер, сақтар, массагеттер, ғұндар, түркілер, үйсіндер, қаңлылар, қарлұқтар, қимақтар, керейттер, оғыздар , қыпшақтар, Шыңғыс қаған ұйыстырған қағанат, маңғыттар, қоңыраттар, жалайырлар, меркіттер, наймандар, керейлер сынды тайпалар мен тайпалық одақтар, ұлыстар, қағанаттар мен империялардың қайдан келіп, қайдан кеткені белгісіз, жоқтан пайда болып, бірін-бірі алмастырып, қайтадан жоғалып кетіп отырған халықтардың тарихы жазылып,  кеңестік тарих ғылымы санамызға сіңіріп кетті. Айналып келгенде аталған тайпалар мен мемлекеттер бір-бірімен сабақтасып жатқан, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан бір ел, бір халық еді ғой.

Н. Аристов кейбірінің түп негізі мың, мың жарым жылға кететін, ежелгі тарихтан танымал белгілі тайпа, рулардың күні бүгінге дейін сол атаумен сақталып келгеніне таң қалады. Бүгінгі қазақта бар  ру-тайпалардың көпшілігі ежелгі этнонимдерді кейінгі заманға жеткізуші ғана емес, сол бағзыдағы ата-әулеттердің өсіп-өнген, әртүрлі тарихи жағдайларда түрленген, соқтықпалы замандардан бүгінге жеткен ұрпақтары. «Арғы тарихта таңбаланған аталы рулардың барлығы бүгінгі қазақ арасынан табылады», – деген әділетті ғалым.

Қазақ халқының рулық-тайпалық қауымдастық арнасында өрбіген тарихын жазудың негізі болған П.И. Рычковтың, В.В. Вельяминов-Зерновтың, А.И.Левшиннің, Мәшһүр Жүсіптің, Шоқан Уәлихановтың, Шәкәрім Құдайбердіұлының, А.И. Аристовтың, Г.Е.Грумм-Гржимайлоның, Мұхаметжан Тынышбаевтың, Әлкей Марғұланның  еңбектері. Халқымыздың рулық-тайпалық тарихын зерттеген осындай ғалымдар Қазақстан тарихының толыққанды, шынайы зерттелуіне барынша үлес қосты. «…Қырғыз (қазақ) халқының әрбір жеке руының шығу тегін алдын-ала зерттемей, сондай-ақ, оның кіммен және қандай уақыттарда бас қосқанын анықтамай қырғыз (қазақ) халқының тарихи тағдырының жалпы көрінісін көзге елестету мүмкін емес», — деген М.Тынышбаев.

«Қазақ» атауы тарих сахынасына шықпай тұрған уақытта Қазақ хандығының шаңырағын көтеріп, іргесін қалаған ру-тайпалар мыңдаған жылдар бойы жасап келді. Шыңғыс қағанның туының астында топтасқан ру-тайпалар кейіннен Алтын Орда, Ақ Орда, Көк Орда, Ноғай Ордасы ұлыстарына ұйысып, Дешті-Қыпшақ жерінде аталы елге айналды. Мұсылман тарихшысы Ибн Арабшахтың (1388-1450) Дешті-Қыпшақ жұрты турасында «Дешті-түрік тайпалары жайлаған, малы қисапсыз, жері құнарлы әрі байтақ, ауасы кең, суы таза, аңы мен құсы мол, төрт тарабы берік, өзгеше өлке. Бұл түріктердің тілі – бай, шешен, өмірі – мейлінше ізгі, тұлғалары келісті, сындарлы, түрлері – шырайлы, айрықша сұлу. Әйелдері – күн кейіпті, ерлері – ай кейіпті, патшалары – басты, бектері – кеуделі. Әскері – қайтпас жаужүрек, ғаламат садақшы. Бұл жұрттың арасында өтірік жоқ, алдамшы аярлық жоқ, арамдық, қулық-сұмдық және жоқ. Еркін көшіп-қонуды ата салтына айналдырған, өзіне сенімді, ештеңеден жасқанып, қорықпайтын бір халық», – деп жазып қалдырған екен.

Біз ру-тайпалардан ұлтқа ұйысқан біртұтас қазақ деген халықпыз.

Бүгінгі барымыз, болмысымыз тарихта жатыр. «Өткенімізді білмейінше, болашақ болмайды», – деген Л.Н. Гумиловтың сөзі бар. Қазақстанның қазіргі жаңа әлемдегі орны қандай? Бұрын қандай ел болып едік? Қазір қандай елміз? Болашақта қандай ел боламыз? Мына жаһанданып жатқан әлемде саны көп, ғылымы мен мәдениеті дамыған, жаңа технологияларға ие елдер басқаларын жұтып қоятын заман келді. Сондықтан болашақта қазақ деген ел, халықтың тағдыры не болады деген сұрақтар кім-кімді де болса алаңдатуы тиіс. Сондықтан біздің кәрі тарихтан үйренеріміз көп.

Тарих деген ұлы ұстаз десек, сол ұстаздан сабақ ала білуіміз керек. Бүгінгі Қазақстан деп аталатын тәуелсіз еліміздің түбі біздің бабаларымыз құрған Сақ, Ғұн, Түркі, Жошы ұлысы, Алтын орда, Қазақ хандығы сынды мемлекеттерден бастау алатынын ұмытпайық. Бірлігіміз мықты болып, еліміздің мүддесіне аянбай қызмет етсек, ата-бабаларымыз құра білген ұлы қағанаттардай болашақта да әлемнің маңдайалды еліне айналатын боламыз.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ