Ұрпақ болашағына ұлт жауапты

0
321

 Біздің еліміздің мемлекет болып қалыптаса бастағанына, туын көтеріп, ордасын тіккеніне бес жарым ғасыр болыпты. Осы бір ауыз толтырып айтарлықтай уақытта Алаш жұртының алмаған асулары, шықпаған шыңдары жоқ екендігіне мына біздің кең көсіліп, еркін жайлап отырған ұлан байтақ даламыз бен заманалар ескерткіштеріндей заңғар тауларымыз, шалқар көлдеріміз, өлкемізді өрнектеген өзендеріміз куә.

         Аруағынан айналайын ата-бабамыз осыншама кең, кемел, кенішті де өрісті, қасиетті де қастерлі қара жұртты, қара қазан, сары баланың қамы үшін ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап, ұрпағына табыстап, аманаттап кетті. Енді, міне, тәуелсіздік алып, дәуірлеп тұрған кезімізде сол ата-баба аманатын бүгінгі және келер ұрпаққа біз табыстауымыз керек емес пе?! Біз соған жараймыз ба, жарамаймыз ба деп, ең алдымен, өзіміз өзімізді бір тергеп алайықшы.

         Мынау жаһандануға жан салып жатқан кезімізде, бүгінгі ұрпақтың білімсіз, ілімсіз қалуы қылмыспен тең екенін бәріміз біліп отырмыз. Шынында, бәріміз бе? Кіп-кішкентай балдырғандарға ата-ана болып жүріп, ардан аттап, ұяттан кешіп өтіп жүргендер арамызда көбейіп бара жатқан жоқ па?

         Өзінің кім екенін, кісілігінің қай дәрежеде тұрғанын білмейтін адам өз ұлтының қадір-қасиетін де сезіп, біліп жарытпайтыны мәлім. Өйткені, оның өне бойын жаулап алған өзімшілдік пен тоғышарлық, өркөкіректік пен ынсапсыздық өз қара басының қамынан басқаға мойын бұрғызбақ емес. «Басқасы күл мен бүл болсын, өзімнің жолым гүлденсін» деп, өлермендікпен өңмеңдеп алға қарай тарта беру – ондайлардың басты парызы іспетті. Олар парасаттан – пайданы, ақылдан көрі айланы артық санайды. Дұрысын айтқанда пайдакүнемдігін – парасаттылық, айлакерлігін ақылмандық деп түсінеді. Осының бәрі бұл кісінің тек қана қу құлқынның құлы екендігін, ел мен жерге, Отанға, еш қажетсіз болып қана қоймай, іштен жеп жатқан жегі құрт екендігін айғақтай түседі. Айғақтай түседі деймін-ау, мұндайлардың көпшілігі ішкі сырын сыртқа білдірмес бетқап киіп, әртүрлі кейіпке, сипатқа ие бола салатын, әккі, сұм болып келеді. Әрине, білдірмесін білдіріп қоятын «аңқаулары» да бар.

         Баяғыда, бір топ жігіт бас қосып отырғанымызда, сөзден сөз шығып, заманақыр туралы әңгіме басталды. Жігіттер қыза-қыза келіп, бірі «заманақыр болады» деп, бірі «заманақыр болмайды» деп дауласты. Сонда бағанадан үнсіз отырған бір жігітіміз: «Дауласпаңдаршы, заманақыр болса да, әйтеуір, өзіміз өлгеннен кейін болса екен» деп, түнеріп, төмен қарап отырып қалды. Бәріміз әлгіге таң қалдық, не дерімізді білмедік. Артынан мазақ етіп күлдік.

         Міне, біздің арамызда осындай адамдар да бар. Олардың ұлт туралы, ұлт болашағы туралы ойлайтынын, ойламайтынын сөз етудің өзі артық.

         Қай елдің, қай ұлттың болсын бүкіл адамзат баласына тән жақсы жақтары мен жаман жақтары бар екендігі – ақиқат. Әрине әр ұлттың өзіне тән салт-санасы, әдет-ғұрпы болғанынан кейін, артық шығып, кем түсіп жататын қилы-қилы қылықтары мен іс-әрекеттері, ұстанымдары мен ұғымдары болатыны рас. Соған қарамастан, әлем әдебиетіндегі көптеген ұлы ақын-жазушылардың барлығы дерлік өз ұлтының жақсы-жаманды жақтарын кейіпкерлер қарым-қатынасымен, іс-әрекетке толы оқиғалармен, өлең-жырлармен, ғақлия іспеттес қара сөздермен бейнелей отырып, тұтас адамзатқа тән ортақ қасиеттер мен қасіреттерді, құндылықтар мен құзыреттіліктерді паш етеді, пайымдайды. Тіпті, сырттай қарағанда жеке даралық сипатқа ие болып көрінсе де, бәрі бір бүкіл адамзаттық ортақтастықтан аулақтап кете алмақ емес. Мәселен, атақты авар ақыны Расұл Ғамзатовтың «Менің Дағыстаным» деген қара сөзбен жазылған ғажайып шығармасын алып қарайықшы. Оқып отырсаң, сол кітаптың әр бетінен тек қана Дағыстан аспанының ауасы аңқып, авар елінің бүкіл болмыс-бітімі көз алдыңа келіп тұрғандай әсерде боласың. Авар деген ат төбеліндей ғана аз ұлттың кескін-келбеті мен қадір-қасиеті кімді болса да қызықтырады, қызындырады, тіпті, құмар етеді.

         Расұл Ғамзатов осы кітабын жазғанда, өзінің бойына біткен бар талант-дарынын туған елі мен туған жерінің табиғи келбетін, меншікті мінез-құлқын суреттеуге арнаған сияқты. Оның осыншалық зор махаббатпен жазылған бұл шығармасы, ақынның перзенттік пәк ниетіне орай, бүкіл әлемге танылды. Ең бірінші еліне, жеріне, сонан соң өзіне зор мәртебе әкелді. Осы кітап арқылы алақандай авар жұрты таудай тұлғасымен, кескінді келбетімен, елден ерекше салт-санасымен танылды. Сөйтіп, Расұл Ғамзатов ел мен жеріне деген ыстық жүректің отына оранған көркем сезіммен, парасатты пайыммен, ең бастысы, өзіне деген сеніммен Дағыстанды дара тұрған бір биік шыңға теңеп тастады. Сол арқылы өзінің нағыз отаншыл тұлға екенін өз жұртына паш етті.

         Дегенмен, осы тұста айта кетпеске болмайды, әрбір адамның ұлтын сүюі, құрметтеуі өз ел-жұртын құр мақтап, мадақтаумен шектелмейді. Бұл тараптағы ең басты қажеттілік – ұлтқа деген жан ашырлық, мінін түзеу, дертін жазуға аз да болса ұмтылыс жасау. Әрине, бұл үшін адамның көңіл көзінің ашықтығы мен білімділігі, біліктілігі қажет. Ең бастысы, өз ұлтына деген жүрек соғысының дұрыстығы, жақсылыққа құлықтылығы керек. Бүкіл әлемге танымал ұлылар шоғырындағы әрбір ақын-жазушының негізгі мақсат-мүддесінің түр төркіні – өз ұлтының кем кетігін көрсете отырып, тезге салған ағаштай етіп түзетіп, болашаққа қарай жетелеу. Адамсыз қоғам, қоғамсыз адам болмағандықтан, олар бейнелеген әрбір адамның (кейіпкердің) бітім-болмысынан, іс әрекетінен белгілі бір қоғамның, тіпті, сол кездегі саяси әлеуметтік құбылыстардың да өзіне тән белгілері атойлап тұрады. Мәселен, Кеңес дәуірінде біздің құлағымызға сіңіп кеткен бір ұғым В. И. Ленин айтқан «Максим Горький – орыс революциясының айнасы» деген сөз болатын. Анықтап қарасақ, бұл бейнелі сөздің мәні тым үлкен. Өйткені, дәл Горькийдей орыс мұжығының адам төзгісіз ауыр өмірін қаз қалпында бейнелеп берген, жеріне жеткізе суреттеген бір де бір жазушы жоқ. Ол орыс халқының әділетсіз үстемдік пен надан озбырлықтың зіл-батпан салмағынан езіліп-жаншылып, азып-тозып бара жатқанын боямасыз анық етіп суреттеп берді. Ол «орыс өзін-өзі танысын, серпілсін, күрессін» деді. Ол, тіпті, орыс адамының адам айтқысыз аюандық әрекеттерін де жасырмай жайып салды. Бұған оның «Сал үстінде» деген әңгімесіндегі шал мен келін арасындағы қарым-қатынастың сұмдық, арсыз көріністерін дәлел ретінде келтірсек те жетіп жатыр. Гогольдің «Өлі жандар», «Ревизор» сияқты шығармаларына өзек болған кейіпкерлердің іс-әрекеттері сол кездегі қоғам бейнесін ап-айқын етіп ашып көрсетуімен әйгіленді емес пе? Ол сол кездегі орыс қоғамын аяусыз әшкереледі, әжуалады. Ол өз қалауымен таңдап алған осы бір ауыр жолының үстінде жан азабын өлшеусіз тартты, ақырына ақылынан да адасты. Осының бәрі не үшін еді? Тек халық үшін, соның болашағы үшін еді.

         ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ қоғамының, қазақ ұлтының, қазақ адамының жан күйзелтер жақтарын өлең сөзбен де, қара сөзбен де бетке басып, шыжғырып, шыңғырып айтқан ұлы Абай да өз халқының өртіне күйіп, дертіне дауа таба алмай құсаланып өлді. «Мен ішпеген у бар ма?!» деп назаланып өлді. Ол қазақ халқының жақсы жақтарын көрмейін, нашар жақтарына ғана назар аударайын деген жоқ. Ол қараңғылықтың қапасы қамалып, надандықтың найзасына түйрелген өз елінің көкірегіне жарық сәуле түсірсем, сордан сорғалаған қанды жасын сүртіп тастасам деп жүріп, басын тауға да, тасқа да соқты. «Қазақ та адам баласы ғой» деп өз ұлтын жүрегі удай ашып аяды, өксігі өзегін өртеді. Іспен де, тілмен де неше түрлі әрекеттер жасаса да, жан қуантар жақсылық таппады. Өйткені, оның заманы қазақ халқының ішіне орыс империясы саясатының дендеп еніп, дем алдырмай тұншықтырып тұрған шағы еді. Бұл уақыттар нағыз қазақтың туа бітті төл мінезі мен қағида, қасиеттері өзгеріске еніп, сетінеп, ағайын арасына алауыздық кіріп, «жаным – арымның садақасы, малым – жанымның садақасы» деген сертті сөздің мән-мағынасы солғындап, бояуы бозара бастаған кез болатын.

         Барлай қарасақ, Абай заманына дейінгі қазақ қоғамы бір бөлек те, Абай заманынан басталатын кейінгі қазақ қоғамы бір бөлек. Бұл туралы айтқанда, белгілі бір халықтың ұлттық санасының өзгеруі сол ұлтты құрайтын адамдардың мінез-құлқына, салт-дәстүріне, адамдық, ағайындық қарым-қатынастарына да қатты әсер ететінін ескеру керек сияқты. «Аюға намаз үйреткен – таяқ» дегендей, Ресей саясатының сойылынан ыңырси ығып, бас сауғалап кеткен сорлы халықтың өз ғұрпын ұмытпасқа, өзгеге бағынбасқа амал-айласы да қалмап еді. Қазақ халқы сонау XVIII ғасырдың орта шенінде құрылған қыл тұзақтың уақыт өте келе қанды қақпанға айналып кететінін түсінбей де қалып еді. Сондықтан, бұны түптеп ойластырылған орыс саясатының ең үлкен жеңістерінің бірі деуге әбден болады.

         Қазақ елін, қазақ жерін отарлау саясатының үздіксіз жүргізілгені сонша, аузы бері қаратылған орыс зеңбірегі мен мылтығының түтіні Кеңес нық өкіметі орнағанға дейін бір үзілген жоқ. Орыс орыспен соғысқан азамат соғысының өзі қазақ жұртының қабырғасын қаусатып кетті. Ақ қашып, қызыл қуғанда да көресінің көкесін қазақ көрді. Қызыл қырғын, сары сүргін кезеңде ақ та, қызыл да қазақты аяған жоқ. Сол кезде Тарбағатай өңірінде өмір сүрген бір ақсақал би айтыпты: «Ақ келді, ағымды төкті, атыма мінді. Қызыл келді, қызыл қанымды төкті, қызыма мінді» деп. Айтыңыздаршы, бұдан өткен қасірет бола ма?!

Міне, бұл Абайдан кейінгі уақыттардағы ұлт санасына ұмытылмас қап-қара дақ қалдырған кер замандар еді. Кеңес дәуіріндегі ашаршылық, соғыс, тіл, дін саясаты…

Бұның бәрінің тәуелсіздік алғаннан кейінгі уақытта ұрпақ құлағына құйылып, санасына сіңіп жатқанына да мың шүкіршілік айтамыз қазір. «Ештен де кеш жақсы» деген ғой, егер біз тәуелсіз ел болмағанымызда, түптің түбінде қазақ деген халықтың аты сақталғанымен, заты қалмас еді.  Сөз жоқ, біздің ұлт құлдық сананың құрбаны болып, Ата Қазақтың аруағына түкіріп, күндердің күнінде тілін де, дінін де ұмытар еді.

Біздің ТМД елдері қатарында тәуелсіздік алғанымызға да ширек ғасырдың жүзі болды. Қазір, асылық айтқандық емес, алдыңғы қатарлы елдермен иық теңестіріп атымыз әлемге әйгіленіп, даңқымыз күннен күнге биіктеп барады. Мұның бәрі біздің экономикалық саясатымыздың ептілігінен, ең бастысы, қазақ елінің тектілігінен болып отырғаны – ақиқат. «Көршің тыныш болса, көсіліп ұйықтайсың» дегендей, біз көрші елдерімізбен де, бүкіл әлем елдерімен де қол ұстасып, тізе түйістіріп, алысып-берісіп, жақындасып кеттік. Осының бәріне мың шүкірлік!

Әрине, бұл туралы күн сайын айтылып жатыр ғой, ал менің айтайын дегенім, тіпті, осы мақаланы жазайын дегендегі ойым – дәл бүгінгі тәуелсіз Қазақстанда өмір сүріп отырған ақсақал, көксақал, қарасақалдарымыздан бастап, бозбала, бойжеткендеріміз бен балабақшадағы сәбилерімізге дейінгі ұлты қазақ адамдардың өзгеше өзгерістері мен тіршілік, қарекеттерін, қуанып толғайтын жақтары емес, көңілге қонбайтын жақтарын сөз ету болатын.

Жаңа ғана Абай туралы аз ғана сөз қозғадым. Сол феодалдық дәуірде өмір сүрген ұлы ақынның әрбір өлеңі, әрбір сөзі бүгінгі күнге дейін мәнін еш жойған жоқ. Керісінше, қазіргі қазақ баласына қатты қажеттілігімен құны артып, үні бұрынғыдан да басым, өтімді шығуға тиісті болып тұр. Өйткені, қазақ ұлтының тілі қайтадан оянып, өз мәнін тауып, өз мәртебесінің биігіне ептеп көтеріліп қалса да, ділі мен табиғаты заман өзгерістеріне орай құбылып, өзгеріп бара жатыр. Мысалы, мына өзіміз көзімізбен көріп, сөзін сөйлеп жырын жырлаған Кеңес өкіметінің кезінде біз біліп, естімеген неше түрлі сұмдықтар дәл бүгінгі таңда атойлап алдымыздан шыға бастады. Қылмыстың үлкені кісі өлтіру болса, сол үлкен қылмыстың үдеп кеткені сонша – адам таң қаларлық сан түрлі сипаттарға ие бола бастағандығы төбе шашыңды тік тұрғызады.

Қазіргі қылмыс түрлерінің көбейіп кеткендігін саусақпен санап тауыса алмайсың. Олардың ішінде айтуға ауыз, естуге құлақ ұялатын сұмдықтар қанша! Осының бәрі неден? Осының бәрі ненің нәтижесі? Күйіміз келгенше жауап беруге тырысып көрсек, осының бәрі кейбір адамдардың кісілік қасиеттерінің мүлдем оңып, тозып, құрып кеткендігінен, еш жақсылықты ескермей, тек жаманшылыққа бой алдырып кеткендігінен болады. Ондайлар нас надандықтың түпсіз түнегінен ешқашан шыға алмақ емес. Өйткені, олар адамға тән сипаттардан алшақтап, ат құйрығын кесісіп кеткен.

Абай өзінің он төртінші сөзінде былай дейді: «Қазақ та адам баласы ғой, көбі ақылсыздығынан азбайды, ақылдың сөзін ұғып аларлық жүректе жігер, қайрат, байлаулылықтың жоқтығынан азады. «Білместігімнен қылдым» дегеннің көбіне нанбаймын. Білсе де, арсыз, қайратсыздығынан ескермей ұстамай кетеді. Жаманшылыққа бір елігіп кеткен соң, бойын жиып алып кетерлік қайрат қазақта кем болады. Жұрттың көбінің айтып жүрген мықты жігіт, ер жігіт, пысық жігіт деп ат қойып жүрген кісілердің бәрі – бәлеге, жаманшылыққа еліртпек үшін, бірін-бірі «айда, батырлап» алады да, артын ойлатпай, азғыратұғын сөздері. Әйтпесе, құдайға терістіктен, не армен ұятқа терістіктен сілкініп, бойын жиып ала алмаған кісі, үнемі жаманшылыққа, мақтанға салынып, өз бойын өзі бір тексермей кеткен кісі, тәуір жігіт түгіл, әуелі адам ба өзі?!».

Шындығында, көңіл көзі қараңғы адамдарды екі күннің бірінде көресің, айтқан сөзін естіп айранасыр боласың. Мен, тіпті, жоғарыда келтірілген керемет сөзді айтқан ұлы Абайға тіл тигізген кісі-сымақтармен де жүздестім. Олардың бірі: «Абай орысқа сатылған, сатылмаса, «орыстан үйрен» дей ме?» деп көкіді. Екінші біреу әлі атағы да шығып үлгермеген ақын-сымақ еді. Ол бір думандылау жерде желпініп, желігіп отырып: «Біз Абайдың иығына шығып кеттік қой» деп қоразданды.

Осындай қырын сөйлейтін қисық ауыздарға ызаланасың, күйесің. Ең қауіптісі мұндайлар жай жүрмей, өздері сияқтылардың санасын улайды. Олардың көкейіне ел болашағына кесірін тигізетін неше түрлі пікірлер қалыптастырады.

Тіпті, сақтанып, қымтанбасыңа қоймайтын тағы бір қауіпті, жұқпалы зиянкестік – тәуелсіздігімізге тәу етудің орнына, оның болашағына сенімсіздікпен қарайтын харам ой-пікірлер. Ең қызығы – бұлар өздерін ел болашағын болжай білетін саяси сауаттылардың қатарына қосады. «Шала молда дін бұзар» деген – осы…

Дін демекші, дін мәселесі қазіргі уақыттағы ең бір шиеленісіп, ушығып тұрған келеңсіздіктердің кеселді керуеніне айналып барады.

Біздің елімізге, тоқсаныншы жылдардың тоқырау кезеңінде әр түрлі діндердің өкілдері – миссионерлер ағылды. Ажал аузында жатқан арыстанды аңдыған қара құзғындардай ашық аспанымызды кірлеткісі келіп, басымыздан айнала ұшты. Жеріміздің үстіне алуан түрлі ғибадатханаларын тұрғызып, өз діндеріне кіргізгісі келіп, ұл-қыздарымыздың, жарлылыққа жаны төзбей жүрген білімсіз, санасы төмен ересектеріміздің басын шыр айналдырды. Көк қағаздарын жылтыңдатып, көңілдерінен шыққандардың қалтасына тықпалады. Сөйтіп жүріп, олардың өз мақсаттарына бір сыдырғы жетіп үлгергені де рас.

«Іштен шыққан жау жаман» дегендей, ең қиыны, өзіміздің діни діңгегіміз тұтып жүрген Араб елдері мен Египеттен келген діндарлар мен сол жақтардан діни оқу оқып келген қандастарымыз ислам дінінің өзін сан сала, сан тармаққа бөліп, бөлшектеп, бірін біріне қарсы қойып, әп-әдемі Әбу Ханифа масхабының жолымен жүріп келе жатқан халқымыздың әлек-шәлегін шығарғаны – бір сұмдық.

Таңданып отырып, шамдануға апаратын бір қылықтары – өздері ислам дінінде бола тұрып, әрқайсысының ұстанымдары мен жолдары әр түрлі. Мысалы, салатиттер уаһабит, құранит сияқты «ит», «итпен» аяқталатын тармақтарға бөлінеді де, бір-бірімен дауласады, жауласады. Қайсысына сенерін білмегендердің бастары даң-дұң.

Миссионерлердің бәрі – ақшалы, ол қаражаттың қайдан келіп жатқанына көзіміз әлі жетіп үлгерген жоқ. Біздің білетініміз, сезетініміз – осыларды жалдап, айтақтап отырғандардың түпкі ойы – қазақ ұлтын қалайда ірітіп, шірітіп, жоқ қылып жіберу. Ішімізге емін-еркін ендеп кіріп алған бұлар бүкіл қазақ халқының салт-санасы мен әдет-ғұрпына ауыз сала бастады. Тіпті, біздің аруаққа сиынуымыздың өзін «құдайға серік қосу» деп күнәһарлыққа сайып жүр. Олардың айтуынша, біздің жұма сайын аруақтарға бағыштап беретін жеті шелпегіміз, үш күн сақтап барып кісі жерлеуіміз, келін түсіргенде отқа май құюымыздың бәрі – ислам жолын бұрмалау екен.

Баяғыда біреу біреуге: «Қорқыт дегенде, осылай қорқыт деп пе едім?» депті ғой. Сол сияқты, ислам дініндегі кейбір ағымдар біздің қобызымыз бен домбырамызға да тисе бастады. Өйткені олардың айтуынша, бұл аспаптар шамандық дінді уағыздайтындардың, бақсылық-перілік, жын-шайтандық сезімдерді оятатындардың ең қатерлі аспаптары. Олар, тіпті, суретке қарауды да, оны іліп қоюды да күнә санайды.

Ашығын айту керек, қара пейіл миссионерлердің уағыз-дәрістері жастар мен қарттар арасына кең жайылып барады. Қазір кейбір жастар «Пайғамбар балағын былғамаған, сондықтан, шолақ шалбар киген, оған дәрет тимейді» деп, қызыл асығынан келтіріп шалбар киетін болды. «Ішкен асыңды арамдайды» деп, мұртты сыпырып, тек қана қауғадай сақал қоятын болды. Кейбір қыздарымыз да қарап қалмай, басын бүркеп, бастан аяқ қара жамылып жүретін болды.

Міне, осындай келеңсіздіктер жетіп артылып жатса, қалай ғана қаның қайнамайды?!

Біздің бір танысымыз «қара киінген» келін түсіріп, өздері ағайын-жұрттан ыңғайсызданып, әрі сәрі болып жүрді. Жүректері сезген екен, көп ұзамай-ақ әлгі келін өзінің діни шарттарын қоя бастапты. «Мұсылман болған соң, исламның ең ақ, ең пәк жолымен жүрген дұрыс, кәпіри әдеттеріңді тастаңдар» деп ығыртыпты. Абырой болғанда, біздің танысымыз – келіннің енесі адуын адам еді, әлгі келінді бүкіл киім-кешек, жүгімен қосып, төркініне апарып, құйрығынан бір тепкен…

«Кеден-кеден болды, кеден неден болды» дегендей, осының бәрі Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасының сонау 90-шы жылдардан бастап өз жұмысын дұрыс жолға қоя алмағандығынан болды. «Албасты қабаққа қарап басады» дейді қазақ. Үкіметтің де дін саясатына өте сақ қарауына керек-ақ!

Еккен егінін дихан қалай суғарып, өсірсе, бағбан да бау-бақшасын жатпай-тұрмай баптап, күтеді. Ал елдің, ұлттың еккен егіні де, бау-бақшасы да – ұранын ұлықтап, туын көтеретін ұрпағы. Сондықтан, ұрпаққа білім, тәрбие беру мәселесіне жүрдім-бардым қарауға ешқашанда болмайды. Одан қаржы-қаражатты да, құрал-жабдықтарды да, тамаша ғимараттарды да, өнер ордаларын да, спорт сарайларын да, балалар ойнайтын алаңдарды да аямау керек. Құдайға шүкір жерге қарап, отқа үңіліп қалған халық емеспіз ғой. Менің өзім бөбектер мен сәбилерге балабақша жетпей жатқанына жағамды ұстап, таң қаламын! Біздің Отанымыздың жері үлкен, бай болғанымен, елі тым көп емес қой?!

Тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасыр болса да, мектептер мен жоғары оқу орындарында оқытылуға тиіс оқулықтардың әлі де көңіл толтырмайтынын несін жасырамыз! Ұрпақтың болашағы үшін оқулық, оқу құралдары – нанмен бірдей. Қазіргі кездегі ғылыми-техникалық жетістіктердің бірі – компьютер, смартфон болса, бұлардың жастар үшін жақсылығы мен жаманшылығы тең түсіп тұр. Тіпті, компьютер мен смартфон неше түрлі пәле-қаланың қапшығына айналып барады. Қазіргі жастарға неге кітап оқымайсың десең «Компьютер бар ғой» деп, өзіңе ажырай қарайды. Ғаламторды пайдаланып, ойына келгенін жазатындар да солар. Осыған тиым салу керек. Олар кітапханаға, театрға барудан көрі түнгі клубтарға, ойынханаларға барғанды көңіл қошымен қалап тұратын сияқты.

«Балық басынан шіриді» деген сөз бар. Балық сияқты басымыздан шірімеу үшін, ұлт өкілдері – өзіміз, ата-аналардан бастап, бүкіл билік басындағыларға дейін, балалар мен жастарды оқыту мен тәрбиелеу ісіне бар жан-тәнімен көңіл бөлуіміз керек.

Осы тұста айта кетпеске болмайды, оқулықтар мен оқу құралдарындағы кеткен қателіктер – автордың ғана емес, жүрдім-бардым қараған баспа, қала берді, оқулықты, оқу құралын ұсынып отырған Білім және Ғылым Министрлігінің кемшілігі.

Сөзім дәлелді болу үшін бір ғана мысал келтіре кетейін.

Менің қолыма 2014 жылы «Арман-ТТВ» баспасынан шыққан, 10-шы сыныпқа арналған, Білім және Ғылым министрлігі ұсынған «Қазақ әдебиеті. Дидактикалық материалдар.» деген оқу құралы тиді. Осы оқулықтың «Әнші-сазгер, ақындар шығармашылығы» деген бөлімінде Ақан сері Қорамсаұлы да бар. Бұл тақырып бойынша Ақан серінің үш өлеңімен бірге І. Жансүгіровтың «Құлагер» поэмасынан үзінді де беріліпті (Ақан серінің шығармасы ретінде). Ілиястың аты-жөні де жоқ.

Енді соңында оқушыларға берілген тапсырмалардың біріне назар аударыңыз: «Ақан серінің «Құлагер» поэмасын Ілияс Жансүгіровтың «Құлагер» поэмасымен салыстырыңыз» (158 бет).

Осыны көргенімде, бұл оқу құралының авторлары С. Ч. Тұрсынғалиева мен Тақшиеваның қазақ әдебиетінің мамандары екендігіне шәк келтіргенім рас. Бұл авторлар тым құрымағанда, поэмадағы төрт жолдан тұратын өлең шумақтарын да бөлмей, біріне бірін қосып, тұтас бере салған…

Оқулықтар мен оқу құралдары осылай болып шығып жатқанда, біздің білім беру ісіміздің шатқаяқтап тұрғандығын айтқызбай-ақ түсінуге болады.

Сөз түйіні мынау болсын – ұрпақ болашағына ұлт жауапты екенін ешқашан ұмытпай, балаларымызды білімді, ілімді, тәрбиелі және ұлтжанды етіп тәрбиелеуге жан-тәнімізбен бет бұрайық!

«Білімсіз кісілердің барлығы – ауру» – деген ғой ғұлама бабамыз Жүсіп Баласағұни.


 Әбубәкір ҚАЙРАН,

ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты

ҚР Білім беру ісінің үздігі,

«Егемен Қазақстан»

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ