Оюшы

0
378

Шөптібай Байділдин қазақтың хас өнерін ЭКСПО-да көрсетуді армандайды.

Үйде дастарқан басында отыр­ған­да да Шөптібайдың қайықтай з­уыл­даған ақ қайшысы жанында тұрады. Арнайы алып қойған қағазы зәуде бір таусылып қалса, жеңгеміз стол үстіне қойған қол сүрткіш қағаз қай­тып сүрекке қосылмайды, ол Шө­кең­нің қайшысынан өтіп кетеді. Бұл Байділдиндер отбасындағы күн­де­лік­ті көрініс, оған ешкім таң­ғал­май­­ды да. Шөкеңнің қолына қайшы ілік­кен­де оның ойын ешқайсысы бұзбайды.

– Ою ойдан туады десем сенесіз бе? Бұл өнерде атамекеннің бүкіл таби­ғаты, халқымыздың өткені, жан дүниесі, ішкі әлемі жатыр. Мен сол әлемді армансыз аралап жүрген жандай сезінемін, – дейді қазір тек Торғай-Қостанай өңіріне ғана емес, Қазақстанға аты мәшһүр болып қалған оюшы Шөптібай Байділдин.

Қазақтың өзімен бірге жасап ке­ле жатқан байырғы өнерін пір тұт­­қан осы жанкешті жан еңбегі­нің, із­деністерінің арқасында ою да жаң­ғы­рып, түрлене, түлей түскен­дей се­зіледі. Расында, солай болса ке­­рек-ті. Уақытпен бірге барлығы да өз­гереді, дамиды. Шөкең оюды қазақ оюының атасы «Қошқар мүйіз­ді» негізге ала отырып ояды. Мы­са­лы, ою өзге халықтарда да жоқ емес. Оларды қазақ оюымен са­­лыс­тыруға да, араластыруға да бол­м­ай­ды. Ұлт­­тың уы­зына жарыған кісі олай істемейді де.

– Ою халықтың өзі өмір сүрген ор­таны, табиғатты, сезімін, тұрмыс-тіршілігін салған алғашқы картинасы, салған суреті. Қазақтың өзі жөнінде берген алғашқы ақпараты деп білемін. «Қошқар мүйіз», «шын­жыр бау», «қаз табан», «ат бас», «аша тұяқ», «ала құрт» секілді оюлардың аты айтып тұрған жоқ па? Мен оюмен ой айтқым келеді де тұрады, – дейді Шөкең.

Торғай өңіріне кеш келсе де, көк­тем­нің көркі бөлек қой, шіркін. Жер көгеріп, гүлдер шешек ата бастағанда-ақ Шөкеңнің даланы аңсаған көңілі үйде дамыл таптырмайды. Қармен жағаласып гүлдейтін бәйшешек, бақ-бақ, мамырдағы жасыл кілем үстіне шашқандай қыз­ғал­дақ, сарғалдақтың өзі, кез келген шөптің жапырағы оюды көркемдеп көз алдыңа жайып салғандай әсер береді. Жаз айларында тобылғы, жу­сан, шайыр, жүзген гүлдегендегі та­би­ғаттың ғажап көрінісін Шөкең еш­қан­дай тілмен жеткізе алмай­ды. Ол үшін даланы кезген бөкеннің желісі, аспанда ұшқан құстың қана­ты, көлде жүзген аққу-қаздың мо­йы­ны – барлығы да ою тілімен сөй­леп тұрғандай болады. Өнер мен табиғаттың арасында көзге көрін­бес, тек көңілмен ғана тоқитын бай­ла­ныстың барлығын Шөкең қазір мойындайды. Ол бала кезінен отыра қалып ою оятын, ойнап жүріп жерге сызып ою салатын. Қазір ойлап отырса, бұл қанмен, текпен келген өнердің бала бойында бұлқынуы екен ғой.

– Әкем де, аталарым да он сау­са­ғынан өнері тамған ұста, шебер, аң­шы жандар болған. Олар ат әб­зелін, сандық жасаған, үй көтерген, сырт киім, аяқ киім тіккен. Тұрмысқа қажеттінің барлығын өз қолдарынан шығарған. Анамның шеберлігі өз алдына. Осының барлығын көріп өстік, – дейді оюшы әңгімесін тұздықтай отырып.

Шөкең оюдың соңына 90-шы жылдары біржола түседі. Оған да аталары секілді өмір мәжбүрлеген. Амангелді ауданындағы Құмкешу деген жерде тұрғанда ауылдан, жұ­мыс­тан да береке кетті. Партия ұйы­мын басқарып жүрген кісі жұ­мы­с­­сыз қалды. Ол өзгелер секіл­ді көш­педі, бір бөлмесін дайындап, сонда сандық, жиһаз, басқа да тұр­мы­с­қа қажетті заттар жасауға кіріс­ті. Ою­ды да сол жылдары жинай бастады.

– Оған дейін оюды ойғым келіп тұрса да, оны сақтауды, жинауды білмеппін. Ол менің кәсіби білім ала ал­мағанымнан шығар деп ой­лай­мын. Аталарым төре бол­­­ғаны­ үшін 20-30-шы жылдары әб­ден қу­ғындалып, аштықта қы­ры­лып, содан әкем бізді алпысқа жақын­дағанында зорға көрген. Мен ержет­кенде әкем Байділда алысқа оқуға жіберуге қорықты. «Көз алдым­да жүр, оқымай-ақ қой, тірі жүрсең жетеді» деп оқуға рұқсат бермеді. Әлихан Бөкейханов секілді оқыған төрелерден кейін әкем оқуды басқаша түсініп кетті, сенбейтін, желдің үп еткенінен қорқатын кісі еді. Солай ауыл арасында қалдық, оқуды балалар өскенде ғана оқыған болдық, – деп шертеді Шөкең әңгі­мені. Айтпақшы, Шөптібай Байділ­дин­нің шежірелігі өз алдына бір төбе. Кейкі батыр жөнінде жазған кітабы уақыттың дауылын көрген ата­ларының аузынан шыққанды қағып алатын құймақұлақтығының, шежірелігінің тамаша нәтижесі деп айтқан ләзім.

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі еліміздегі рухани сілкініс Шөптібай ағаға қатты әсер етті. Ойған оюларын сақтап, оларды кітап етіп, жас ұрпақтың пайдасына асырсам деген ой оған сол кезде келген еді. Алайда, осы уақытқа дейін оюшы өнерінің аса қолдау көрмей келе жатқанына тарынады. Алғашқы 350 оюдың басын қосқан «Қазақтың ою-өрнектері» атты алғашқы кіта­бы белгілі қоғам қайраткері мар­құм Орал Мұхаметжановтың қам­қор­лығымен жарық көріп қалды.

– 2005 жылы Астанадағы темір-терсек сататын базарға барсам, Орал Мұхаметжанов жүр. Сәлем беріп, жөн сұрастық. «Ертең менің жұмысыма кел» деді. Ол кісінің менің оюшылығымнан хабары бар еді. «Оюды сен ойғанмен, бұл халықтың мұрасы ғой» деп, тиісті орындардағы кісілерге менің оюларымды қарап, көмек беруді тапсырды. Міне, сол кітапты бүгінде ою іздегендер қолына алады, – дейді Шөкең.

Мұнан кейін әупіріммен «Ою ой, өрнек сал» деген кітабы шықты. Шөптібай Байділдаұлының айтуын­ша, қазақтың ою-өрнегі аса зерт­телмеген, назардан тыс келе жатқан сала. Қазір оның қолында өзінің ав­тор­лығы бекітілген 2000-нан аса ою бар. Ол өзі ойған оюларды киім­ге, жиһазға, аспаптарға дегендей, қайда пайдалануға болатынын жіктеп көрсетті және оларға «ақ зер», «ай мүйіз», «құс құйрық», «шашбау», «өңіржиек» секілді толып жатқан аттар қойды. Шөкеңнің 1200 оюды паш ететін «Оюмен ой айтатын елміз» деген тағы бір кітабының баспада жатқанына да 2 жылдың жүзе болды. Дизайнерлер, кейбір кәсіпкерлер ара-тұра оюшыға хал­қы­мыздың оюы жөнінде хабарла­сып, сұрап тұрады екен. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай республиканың әр шалғайында өткен және Қытай қазақтары ұйым­дас­тырған конференцияларда, бас­қа да шараларға арқаланып барып жүріп, ою-өрнегінен үлкенді-кішілі көрме өткізіпті. Әсіресе, Ақ­төбе «Ұлы дала нақыштары» атты көрмеге қойған Шөптібайдың ою-өрнегін Моңғолиядан, Тывадан, Ресей­дің басқа да облыстарынан келген ғалым­дар тамашалады. Қазақтың байырғы өнерінің байлығына таңғалысты.

Бүгінде Шөптібай Байділдиннің арманы аспанмен таласады. Келер жылы өтетін ЭКСПО-ға баспада жат­қан кітабымен, көрмесімен қаты­су­ды ойлайды.

– Сырттан келгендерді қазақ хал­қының осындай ежелгі өнері барлығынан хабардар етсем деймін. Осылай ырғатылып жүргенде асы­лы­­мыздың бірі – оюды да өзге­лер өңгеріп кетпесіне кім кепіл? Қытайға барғанымда Құлжадағы қазақтар Іленің бойына қатар-қатар киіз үй тігіп тастаған. Аппақ киіз үйдің ішінің барлығы ою-өрнек, көз тұнады. Қазақ өнерін дүйім дүниеге насихаттау үшін ЭКСПО таптырмайтын мүмкіндік емес пе? – дейді Шөкең. Бірақ оның бұл талпынысы жергілікті атқарушы биліктен де, қолында қаржысы бар азаматтар тарапынан да әлі түсіністік таппай жатқанға ұқсайды. Қазақ оюын өндіріске енгізуді де ол шаршамай насихаттап келеді.

Жылда Наурыз келген сайын Шөп­ті­бай­дың рухы көтерілгендей бо­ла­ды. Қалада, далада өткізіліп жат­­қан шараларда айналаның барлы­ғы ою-өрнекпен безендіріледі. Жас­тар, қыз-келіншектер киген шапан мен камзол ою-өрнексіз болмай­ды. Олардан өзінің ойған оюларын да танып қалады. Осындайда Шөп­ті­байды іздейтіндер де табылып жа­тады. «Халқым аман болса, ою да өл­мес» деген бір үміт ұшқыны жү­ре­гін жылытқандай болады. Оның ою ойған қайшысының ұшы үміт отын ұшқындатады.


Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,

«Егемен Қазақстан».

 АРҚАЛЫҚ.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ