«Оралман» фильмі ХІІІ Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің Гран-приін иеленді

0
160

Режиссер Сәбит Құрманбековтің «Оралман» толықметражды көркем фильмі ХІІІ Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің Гран-приін иеленді. Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында («Қадам» ЖШС студиясының қатысуымен) ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілген бұл картина кинофестивальдің негізгі бағдарламасына қатысқан жалғыз отандық туынды.

 «Оралман» фильмі туған жерінен кетуге мәжбүр болған, алайда ондаған жылдар өткен соң Ауғанстаннан еліне қайта оралған қандастарымыз жайлы баяндайды. Фильмге Дулыға Ақмолда, Есім Сегізбаев, Ержан Түсіпов, Шынар Асқарова, Баян Қажнабиева сынды қазақстандық танымал актерлер түскен.

oralman1

Негізі 1998 жылы қаланған Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі Орталық Азиядағы ең үлкен кинофорум болып табылады. Биылғы жылы фестиваль аясында барлық конкурстық және конкурстан тыс бағдарламаларға қатысқан толықметрлі және қысқаметрлі, авторлық және жанрлық фильмдердің рекордтық көрсеткіші — 296 картина көрсетілді.  Негізгі конкурстық бағдарламада 13 толықметрлі және қысқаметрлі фильмдер конкурсында 30 картина қатысты. Ал фестивальге 200 ден астам қонақ шақырылды. Олардың қатарында Николас Кейдж, Эдриен Броуди және Джон Малкович бар.

oralman2

Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген фильмдер әр жылдары «Еуразия» кинофестивалінің түрлі жүлделерін және Гран-приін жеңіп алған. Мәселен, Данияр Саламаттың «Әкем екеуміз» картинасы, Серік Апрымовтың «Бауыры» және Нариман Төребаевтың «Шуақты күндері» үздік режиссура жүлдесін иемденсе, Жаңабек Жетіруовтың «Дүние жарық»  және Абай Құлбайдың «Стриж» фильмдері «Үздік Азия фильмі» атанған, ал Ардақ Әмірқұловтың «Қош бол, Гүлсары» картинасы Гран-приге лайық деп танылған.

Сәбит Құрманбеков, режиссер:

–  «Еуразия» кинофестивалі еліміздегі ғана емес, жалпы Орталық Азия аумағындағы ең үлкен киноалаң. Сондықтан да бұл кинофестивальдің ең басты жүлдесін жеңіп алу мен үшін абырой. Осы орайда түсірілім тобын жеңісімізбен құттықтағым келіп отыр, өйткені, олар болмаса мен бұл жүлдені ұтып алмас едім .

Естеріңізге сала кетейік, үстіміздегі жылдың сәуір айында Иранның астанасы Тегеранда өткен 35-ші Халықаралық Фаджр кинофестивалінде режиссер Сәбит Құрманбековтың «Оралман» фильмі шетелдік фильмдер арасынан топ жарып, Бас жүлдені — «Азияның үздік фильмі» жүлдесін жеңіп алды.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ