Қойдың пірі – Шопан ата

0
359

Міне, күнтізбе бойынша 2015 жылға да қадам бастық. 2015 жыл – Қой жылы. Осы орайда біз қой жылының кейбір ерекшеліктеріне, сонымен қатар қойға байланысты салт-дәстүрлерге, әдет-ғұрыптарға, ырым-тыйымдарға, наным-сенімдерге тоқталуды жөн көрдік.

Қой жылы – он екі жылдық жыл санау жүйесіндегі жетінші жыл атауы болып есептеледі. Дәстүрлі түсінік бойынша, әр жануарға телінетін жылдардың өз ерекшеліктері бар. Мәселен, қой жылы қойдың мінезі тәрізді қоңыр, яғни жуас, мал мен жанға жайлы, құт-берекесі мол жыл саналады. Сонымен қатар қой жылында жауын-шашын мол болады деген түсінік қалыптасқан.Қой жылы Азия халықтарының көпшілігінің күнтізбесінде қолданылады. Қазақтар қой жылын жақсы жыл деп санайды. Өйткені қой жылдары халыққа қашанда жайлы болған, ел молшылыққа кенелген.  Мәселен, 1966-1967 қой жылында Қазақстанда миллиард пұттан астам астық алынған. Бір айта кетерлігі, еліміз өз тәуелсіздігін жариялаған 1991 жылы да қой жылы болған.

 

«Мал өсірсең, қой өсір…»

 

Қой түлігі мен шопанның пірі – Шопан ата екені белгілі. Шопан ата халық жадында шопандық кәсіптің пірі ретінде аңыз-тұлға болып сақталған адам. Шопан ата туралы аңыз-әңгімелер ел ішінде көп таралған. Ол қой түлігінің қасиеттерін дәріптеген және сол кәсіптің иесі пірден қолдау, желеп-желбеу тілеп, мұсылмандық дәстүрмен рухани жалғастыққа ұмтылған. Батыс Қазақстан өлкесінде ХІІ-ХХ ғасырларда салынған Шопан ата қорымы бар.

Халық ұғымында жылқы – ­желден, сиыр – судан, түйе ­– шөлден, ешкі – тастан, қой – оттан жаралған. Қой жылы дүниеге келген адамның мі­незінде де қой мінезімен үндестік болады.

Жұлдызшылардың айтуынша, олардан сыршыл, адал, жақсылыққа тасып, жамандыққа жасымайтын жандар көбірек шығады екен. Қой жылы туған адамдар жайлы сәл нәрсеге ашуланады, алған бетінен қайтпайтындар деп те айтылады. Сонымен қатар қой жылы туғандар өзгелермен тез тіл табыса біледі, сәнді киінуді ұнатады. Сезімтал, өнертапқыш, қиялға бай болады.

Ел ішінде қой союға байланыс­ты кездесетін әртүрлі дәстүрлер бар. Олардың кейбіреуі бағзы замандардан келе жатқан ырым-тыйымдармен байланысты болса, кейбірі жергілікті жерлерде қалыптасқан ерекшеліктермен астасып жатқаны сөзсіз.

Қойға байланысты ырымдар мен наным-сенімдердің ішінде Оңтүстік елді мекендерде кездесетін ерекше­ліктерді де айта отырғанымыз артық болмас. Мәселен, «қойдың жағын қора есігінің жағына іліп қою» деген ырым малдың жағы кетпесін, мал жағы кө­бейсін дегенді білдіреді. Қора есігіне қойдың кәрі жілігін ілу ырымы да бар. Мұның да мәнісі мал басы көбейсін дегеннен пайда болған.

 

КҮЙЕК АЛУ

Әңгімеміздің ауанын қой төлін көбейтуге қарай бұрсақ па дейміз. Бұл да үлкен өнер, керек десеңіз ғылым. Дана халқымыз қой басын көбейтудің, қой санын арттырудың көптеген жолдарын білген ғой. Бүгінгі тілмен айтқанда ол да бір жатқан «технология». Ветеринары болмаған далада мұның барлығының жай-жапсарын терең біліп, шеберлікпен ұйымдастырған атам қазақты қалай сауатсыз дерсің. Әрбір төрт түліктің көбейетін кезін, қолайлы маусымын таңдап, асыл тұқымына қарай бөліп шағылыстыру, күйек алу сынды маңызды шараларды орындаудың өзіне де асқан білгірлік, білімділік керек. Біз бүгінде мал басын көбейту үшін үлкен-үлкен бағдарламалар қабылдап жатсақ, ата-бабаларымыз соның бәрін табиғаттың заңымен реттестіріп, әрбір төрт түліктің өз жаратылысына сай бабын тауып, келесі маусымдарға дейін мыңғырған малын, шұбырған жыл­қы­сын көбейтіп алып отырған. Қалай? Енді осыған келейік.

Әдетте, малды төлдетуге қолайлы маусым деп нау­рыз бен мамыр айлары айтылады. «Айғыр қоссаң, үндіден қой, қошқар қоссаң жүндіден қой» демекші, қой басын көбейту науқаны ерекше жүргізілген. Бұл жерде бір ескеретін мәселе, қой өз уақытынан ерте төлдеп қоймауы керек. Өз уақыты деп отырғанымыз, қойдың төлдеуіне қолайлы мезгіл болады. Басқа мезгілде төлдесе, оның төліне қолайсыздықтар туындауы мүмкін. Осыны ескерген ата-бабаларымыз қойдың ерте төлдемеуі үшін қазан айының аяғына дейін қошқарға киізден күйек жасап байлаған. Күйек тек қазан айының соңына қарай шешілетін болған. Сонымен бірге малды шағылыстыруға арналған қолайлы күндер дүйсенбі, сәрсенбі, бейсенбі деп есептелген. Мәселен, қошқардың күйегін алуды сәрсенбінің сәтті күні жасауы да тегін емес. Осы ретте күйек алуға байланысты жергілікті жерлерде кездесетін ерекшеліктерді айта отырсақ. Кей өңірлерде күйек алар кезде мал иесі бір саулықты атша мініп алып, ұстап тұрып аузына бір уыс тарыны құяды да, «төл тарыдай көп болсын» деген ырым жа­салатын болған. Қазақ қашанда мал ба­сының көп болғанын қалаған ғой. Мал санының көп болуы байлықтың, мол­шылықтың, ырыс пен берекенің белгісі. Осындай ойдан туған ырымдар қа­шанда жақсылықтың нышаны емес пе?

Жалпы айтқанда, қойдың төлдеуіне байланысты қалыптасқан әртүрлі наным-сенімдер көп екені белгілі. Олардың әрқайсысына жеке тоқталмай, көктей шолып өткеннің өзінде бірталай қызық деректер мен ғасырлардан жалғасып келе жатқан әдеттерге, дәстүрлерге кезігеміз. Бұл, сөзсіз, қой малының халқымыздың өміріндегі алатын орнының ерекше болғандығынан. Тіпті жанып жатқан оттан «малдың бойындағы қуатын беріп қоямыз» деген ырыммен көршісіне шоқ бермеудің де өзіндік мәні болған. Оны айтасыз, мал шала туады деген ырыммен оттың шала жанған шоғын тастамауында да төлдің аман-есен дүниеге келуін көксегендік бар. Әрине, малдың ауру-сырқаудан аман, төрт аяғы тең болып дүние жарығын көруінің өзін қуанышқа балаған атам қазақ барлық несібесін жаңа туған төлмен байланыстырған.

Халқымызда қарындағы майдың түбін ер адамға берсе, қой шала туады деген сенім болған. Ал қой іш тастай берсе, төбет итке күйек байлау ырымы жасалған. Бұл ырым әсер етпесе, қосымша итке көген бұршағын, қара арқан үзбесін байлайтын болған.

Қарап тұрсақ, барлық ырымдардың мәнісі қайткен күнде де қойдың төлін аман-сақтап қалу, қой санын көбейтумен тығыз байланысты. Қойды ерекше қадірлеп, оның тіршілігіне терең мән беру қыр қазағының ежелгі салты. Олай болатын себебі, қой жесе тамақ, кисе киім, дертке шипа дегендей, қойдан келетін пайданы, ырыс­ты бір сөзбен жеткізу мүмкін емес шығар, оны атам қазақ «Мал өсірсең, қой өсір, пайдасы оның көл-көсір» деген ұғымға сыйғызған ғой. Иә, шынымен де, қойдан келетін пайда көл-көсір. Қазақ үшін төрт түліктің қайсысы да қымбат, бағалы. Дегенмен, қойдың өз орны, өз дәрежесі бар. Парықтай білсек, қой малы қазақтың дәстүрлі шаруашылығында жоғары бағаланғанын аңғарамыз. Шаруашылық өз алдына, қойдың еті, оның әрбір мүшесі, терісі мен жүні, сүйегі, олардан жасалатын бұйымдар, заттар туралы жеке-жеке тоқталуға болады.

Қойдың төлдеу науқанына байла­ныс­ты ырымдарды әрі қарай жал­ғас­тыратын болсақ, мынадай да ырым­дар кездеседі. Мәселен, қойдың іш ­тастауын тоқтату мақсатында тасталған түсікті қара қазанның астына салып, қазанмен өлікті бастырып қоятын болған. Оның себебі қойдың жаппай іш тастауы тыйы­лады. Бұдан бөлек, қойдың түсіктерін соған арнайы қазылған шұңқырға тастап көметін болған. Ал көмілмей қалған түсік жанына басқа серік шақырмасын деп ит-құсқа жегізбеген. Сонымен қатар жаңа төлдеген қойдың шуын қолмен көтеруге тыйым салынған. Шуды таяқпен жерге сүйрете отырып, аулаққа апарып тастаған. Қойдың шуын жерден көтерсе, қозысы қашаған болады-мыс. Ал егер қой шуын жеп қойса, төлдемей қоятын көрінеді.

Дүниеге бірінші қозы келген кезде «Мыңның басы болғыр» деп бата-тілек айтылады. Бұл тілекті айту кезінде қозының аузына үрлеу дәстүрі болған. Бұл ырым тілек орындалсын, сөз далаға кетпесін деген мақсаттан туса керек. Алғаш туған төл көгенбасы аталып ол ерекше қадірленген. Тіпті оның терісін, жүнін де киелі деп санаған. Қазақ дәстүрінде көгенбасы болған төлді садақаға сояды. Егер сою мүмкіндігі бол­маса, малдың иесі оның сілекейін алып, басқа малға жағып, сол малды соятын да дәстүр болған.

Төлдеу үдерісінің әртүрлі жағдайда өтіп, әрқилы нәтиже беруі де заңдылық. Мұны айтып отырған себебіміз, тұмса туған тоқтылар қозысын алмай қойса, қойды бөлек байлап, қасына тек қозысы қалдырылған.

 

ҚОЙ СҮТІ

Қой сүтінің адам ағзасына тигізер пайдасы орасан. Мұны ежелден-ақ білген дана халқымыз қойдың сүтінен әртүрлі тағам түрлерін дайындауды білген. Қазақтың дәстүрлі ас тағамдарын зерттеген Н.Шаханова қойдың уызына байланысты былай деп жазады: «Қой­дың бүйеніне немесе қарнына тұзды татымынша салып пісіріп, алдымен үй егесі мен от­басындағылар, содан соң көр­ші­лерге таратып, ол уыздан дәм татқандар «аузыңнан ақ кет­песін, басыңнан бақ кетпесін» деп батасын береді дей келе, уыздың өзін етпен қоса тартады» деп көрсетеді. Қазақта қойдың алғашқы сауылған сүтін, яғни уызын «желін садақа» ретінде көр­ші­лерге таратып беру дәстүрі болған. Қой сүтінен жасалатын өзге де тағам түр­лері дәмін татқанның есінен кетпей, бойына нәр мен қуат сыйлайтыны сөзсіз.

 

Қойға қатысты ырымдар

Қой қораға еркін кірсе, қыс жайлы болады;

Қой тісін қайраса, кешікпей боран соғады;

Қорадағы қой пысқырынса, қозы-лақ секеңдеп ойнаса, қошқарлар сүзіссе, жаңбыр жауады;

Бөгде адам отар шетінде жатса, малдың құты кетеді;

Өрістен қайтқан қойдың езуінде шөп келсе, қыс қытымыр болады.

 

Қойға қатысты тыйымдар

Қой құйымшағын тұштақай боласың деп балаға бермейді;

Қой жүнін өртеуге болмайды;

Түн ішінде қорадағы малды санамайды;

Қой қоздап жатқанда малды сатпайды, біреуге сыйламайды. Малдың құты қашады;

Қой төлдеп жатқан уақытта қан шығаруға болмайды;

Қандай жақын адам болса да түн ішінде қорадан мал ұстап бермейді. Өйткені қой жатқан қорада бақ та жатады екен.

 

«Ақтылы қой…»

Алла Тағала әрбір жаратылысқа өзіне тән түр мен түс дарытқаны айтпаса да түсінікті. Осы ретте төрт түліктің ішінде қой малының да өзіне тән түрі мен түсі бар. Қойшы болсын, бақташы болсын, өз малын түсіне қарап ажырата білген. Себебі жайлаудағы отар қойдың кімге тиесілі, яғни иесі кім екенін ажыра білу үшін де қойлардың түр-түсін тани білу маңызды. Қазақтың дәстүрлі ұғымында «ақтылы қой, алалы жылқы» деген сөз тіркесі берік қалыптасқан. Қой, ешкі, түйе және ірі қара түліктерінде: ақ, боз, қызыл, күрең, шабдар, қара, кер, ала, сапақ, бөрте, шұбар, ор, тарғыл түс кезігеді. Малдың түсіне қарап оның бол­мыс-бітімін, мінезін тануға болатын­дай. Әйгілі Алпамыс жырын еске алайықшы.

«Өз алдына бір бөлек,

торысы мен қарасы.

Аңдай болып көрінген,

бозысы мен аласы.

Бидайыққа ақтатыр, ақты,

бозды қой жатыр».

Немесе «Алалы жылқы, ақтылы қой. Аңдыған бөрі жемей ме?» деп келетін Махамбет ақын жырындағы мысалдан да түске байланысты біраз жайтты аңғаруға болады.

Ұлтымызда «қойдай қоңыр» деген тұрақты сөз тіркесі бар. Қоңыр түс әдетте қарапайымдылықты, жуастықты білдіретіні белгілі. Қазақтың дәстүр-салтында төрт түліктің түсіне мән берілгені сонша, ол асқа, жиын-тойға сойылатын малды таңдау барысында да үлкен рөл атқарған. Осы ретте құдаласу рәсімін мысалға алсақ болады. Құдалардың сөз байласу кезінде қыздың әкесі батасын оқытып, ақ төс сары қасқаны сойған. «Ақ қойдың қаны, ақ бата оқығаны» дегендей, бұл құдалық салтын білдіретін нышандағы арнайы таңдалып алынатын түс. Қазақ ежелден ақ түсті қуаныш-шаттықтың, жақсылықтың түсі деп білген ғой. Дәл сол сияқты қойды да түсіне сай өз орнымен қуанышқа, асқа, тойға сойыс мал ретінде лайықтап отырған. Өлі-тірі беру салтына ақ тоқтыны апарудың мәнісі ақ тілеу мен өсіп-өну тілегін көксеген ақ ниетті білдірсе керек. Ал ақ сары басын құрбандыққа шалып, құдай  тамақ беру ертеден келе жатқан әдет. Ақсарбас шалу көбінесе құрбандыққа арналса, қатардағы құрбандыққа қоңыр тоқты мен қара шұнақ лақтың да сойыла беретіні белгілі.

Қазақтың байырғыдан келе жатқан емдеу салтында да қойдың алатын орны ерекше. Мұнда да ем-дом шарасында қойды түсіне қарай пайдалану әдеті болған. Мәселен, халық емінде қара шешек болған балаларды жаңа сойылған қара қойдың терісіне ораған. Ал шошынып ауырған адамды қара ешкінің өкпесімен қағып жазған. Ауру-сырқаудан жазуға қара түсті қойдың таңдап алынуы тегін емес, өйткені қара түсі қашаннан қара ниеттіліктің, зұлымдықтың белгісі. Осының байыбына барып, жете түсінген халқымызда қой түлігінің қара түсін қонаққа соймау әдеті де болған. Бірақ қара қойдың өз орнымен қолданылатын жерлері жоқ емес. Атап айтқанда, жас босанған әйелдің қалжасына қара қой сойылған, өйткені қара қойдың қалжасының нәрлілігі, құндылығы мол деп есептелген. Қалжа деп босанған анаға арнаулы мал сойып беретін ет пен сорпаны айтады. Ал табиғаттың қуаңшылық кездерінде қара қой тасаттық үшін сойылған. Қара қойдың қанын ми қайнатар ыстықта даланың күннің ыстығынан күйген жерлерге жаққан.

Дүниеде ақ пен қара сияқты жақсы­лық пен жамандықтың қатар жүретіні белгілі. Бұл ретте төрт түлік малды түр-түсіне қарай отырып, мән-мағына беру, түсті белгілі бір ырымға балау, ақ түстен жақсылық күту, ақ түс арқылы ақ ниетті сездіру салты көшпенді ғұмыр кешкен қыр қазағының дүниетанымында берік орныққаны сөзсіз.

 

ҚОЙҒА БАЙЛАНЫСТЫ САЛТ-ДӘСТҮРЛЕР

Сәбидің тілі мезгілінде шықпаса, нағашысының үйіне апарып, қой сойдырып, соның тоқ ішегін мойнына байлап береді. Сонда баланың тілі шығады деп саналады;

Үй-жайды қорғайды деп қойдың кәрі жілігін босаға іліп қояды;

Күйеу жігіттің «есікашар» дәстүрі орындалған соң, қыз ағасының үйінде өлі-тіріге арнап күйеу жігіт алып келген еркек қой сойылып, аруақтарға арналады. Ауыл ақсақалдары шақырылып, табақ тартылады. Бата сұралады. Өлі-тіріге сойылған қойдың етінен қалыңдық дәм татпауға тиіс. Халық сенімі бойынша, дәм татқан қыз ауруға шалдығады;

Қазақта қой қырқып, жүн сабаған және киіз басқан кезде жел соқса, жүнді ұшырып кетеді деп екі тал шиді немесе шөмшекті айқастырып, жүнмен байлап қояды. Онысы жел шамынан сақтану болса керек;

Қозының құйрығы мен енінің кесіндісін құмырсқадай көп болсын деп илеуіне тастаған.

 

Той – тәңірдің қазынасы

 

Қазақтың тойын, тойға байланыс­ты күллі салттарын қой малынсыз елестету мүмкін емес. Басқасын айт­пағанның өзінде құдаларға «Құйрық-бауыр» асату дәстүрінде қойдың құйрық майы мен бауыры ең сыйлы ас ретінде, құдандалу болудың бас­ты жоралғысы ретінде қабылданған. «Туыс болдық, мың жылдық құда болдық» деп құйрық-бауыр жеудің осындай мәні бар. Жалпы, қойдың басы, жамбасы сияқты мүшелер үйдің ең сыйлы қонақтарына тартылатын болған. Қонақтың алдына әкелінетін табақта осы аталған мүшелердің болуы өте маңызды. Бұл үй иесінің мейманға деген көңілін сездіреді, сыйластық салтын бекемдей түсетін ең жоғары белгілердің бірі. Дүниежүзі халықтарының қонақ күту дәстүрінде өз ерекшеліктері болатыны сияқты, қазақ халқының қонақ күту салты басқа халықтарға ұқсамайтыны белгілі. Қай қонаққа қандай мүше тартылуы керек, ол қандай кезде беріледі, мүшенің табаққа орналасуы, жоғары немесе төмен, оң немесе сол жағына қойылуы деген сияқты әрбір ұсақ-түйектің өзіне мән беріп қараған халқымыз мұндайдан қателеспеген.

Жасы үлкен, сыйлы қонаққа әдетте бас және жамбаспен қатар жілік қойылады. Ортан жілік, тұқыс жілік барлық адамдарға берілсе, асықты жілік қыздарға, әйелдерге берілген. Кәрі жілік үлкен кісілердің сыбағасы деп есептелген. Құйымшақ қыздардың, төс күйеу баланың сыбағасы ретінде үлестірілетін болған. Қойдың мойын омыртқасы табаққа салынбайды. Оны бала-шаға жейді. Қойдың ауыз омыртқа деп аталатын мүшесі тек үй иесіне берілген. Бел омыртқа жілік жоқ кезде жілік орнына жүре береді. Құйрық – табақ тартқанда ет бетіне салынады. Қонақ күтуге байланысты тартылатын табақтардың да түрлері көп. Атап айтар болсақ, бас табақ, сый табақ, күйеу табақ, келін табақ, қыз табақ, қос табақ, сыбаға табақ, ошақ табақ, ерулік табақ, сарқыт табақ болып келеді. Жол-жораға байланысты әр табақтың өзіне арнайы мүшелер салынады. Табақпен тартылған бастың құлағын үлкендер балаға береді. Бұл бала құймақұлақ болсын, зерделі болып өссін дегенді білдіреді. Көз жегізу – көреген болсын, әділ болсын деген ниетпен жасалатын ырым. Әдетте екі көз бір адамға беріледі. Екі көз екі адамға берілсе, алакөз болады немесе әділдіктен ­тайып, бұра тартады деп қарайды. Ал тіл жегізудің мәнісіне келетін болсақ, ол балаға үлкеннің тілін алсын, жезтаңдай шешен болсын деген ниетпен беріледі. Тіл жеген бала сол тілекке сай болмаққа талпынып, ата-ана мен үлкендерге, халыққа жағуға тырысады. Қой етімен байланысты тағамдық ырымдардың қатарына таңдай беруді жатқызуға болады. Оның да мәнісі бала «шешен болсын, бұлбұл көмей, жезтаңдай әнші болсын» деген ниеттен туған. Өйткені қазақ шешендік өнерді биік бағалаған халық. «Өнер алды – қызыл тіл» деген сөз осының дәлелі. Сонымен қатар қойдың сүйегінен асық та жасалатыны белгілі. Асық ойындарының ішінде қой асықтары да ерекше бағаланады. Қой асықтары ойнауға епті, ыңғайлы болып келеді.

Осылайша қой малының қазақтың дәстүр-салтымен қаншалықты терең байланысып жатқанын анық бай­қауы­мызға болады. Демек, қазақтың қойды қа­сиеттеп, қастерлеуінің ғасырлардан жал­ғасып келе жатқан өзіндік айрықша мәні бар.

Қойға байланысты өзге ұғымдар мен түсініктерді, қойдың жүнінен, сүйегінен, терісінен жасалатын тұрмыс заттар туралы материалдарды біз газетіміздің «Төрт түліктің төл атаулары» айдарында жалғастыратын боламыз.


 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ