Қой мен қасқыр

0
222

Өрісте бір арық қой жалғыз қалыпты. Қалың шілік арасынан шыққан қасқыр жалпақ даланы аралап келе жатып,  әлгі қойға тап болады. Қуанып кетіп: — Еее, жерік асым, қайдан жүрсің? Іздеп таба алмаушы едім. Бұйырған асым екенсің, аузыма өзің келіп түсіп тұрсың. Енді асықпай бір тояйын, – дейді.

— Ажалым жетсе, амал бар ма? – дейді қой мұңайып.

— Бірақ өзің де мал танығыш едің ғой, қарашы түріме. Аузың толар етім жоқ, тұла бойым шандыр. Мені қайтесің, босат. Қойға барып, қозымды әкеліп берейін. Қозының былқылдақ жұмсақ етіне қызыққан қасқыр әлгі арық қойды босатып жібереді. Қой отарға қарай зыта жөнеледі. Қасқыр жұтынып қойып, қойды ұзақ күтеді. Сонан соң: «Қой баласы момын, аңқау болушы еді. Сірә, оны ешкі сұм аздырған шығар, барып көрейін», – деп, жорта жөнеледі. Бір белеске шығып, жан-жағына көз салса, қарсы алдында бір ешкі жүр екен.

— Сені іздеп келіп едім, – деп, қасқыр ешкіні бас салады.

— Атаң да, анаң да, жақсы кісі еді, – дейді ешкі жалбарынып. – Қой тұрғанда, мені қайтесің? Одан да мен билеп, сенің көңіліңді көтерейін.

— Ондай өнерің болса, көрсет қане, – дейді қасқыр. — Онда босат мені, – дейді ешкі лепіріп. Қасқыр босатып жібереді. Ешкі биік бір тасқа шығып алады. Қасқыр: — Қане, биле енді! – дейді. Ешкі айласын асыра түседі: — Ендеше менің аяғымнан көз алмай қара да тұр. Ешкі секіре-секіре тастан-тасқа шығып кетеді. Қасқыр ешкінің аяғынан көз алмай отыра береді. Сол арада қойшы келіп қалып, қасқырды қуа жөнеліпті.

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ