Қоғаммен байланыс мамандығы туралы не білеміз?

0
288

Бүгінде билік жүйесі жаңа ғылыми технологияны пайдаланып, ғаламтор желісі, элекртонды қызмет түрлері сияқты адам санасы тудырған жетістіктермен жүзеге асырылуда. Жаһандану заманында халық пен билікті бір-бірімен байланыста ұстау үшін екі жақтық көзқараспен санасатын мамандар қажет. Мемлекет пен қарапайым жұртшылық арасындағы дәнекерші «Қоғаммен байланыс» саласы. «Кімде ақпарат болса сол әлемді билейді» демекші, ақпараттық қоғамда өмір сүріп отырған кез келген мемлекет — ақпараттық мамандықтар дайындайтын салаға аса үлкен мән беруі керек. «Экономика мен бизнес, саясаттағы оң бағыттағы шешімдердің қабылдануы қоғаммен байланысқа тікелей байланысты», деген Ресейдің «Советник» журналының Қазақстандағы өкілі Владимир Павленконың сөзінен PR мамандығының қаншалықты қоғамға қажет екендігін түсінуге болады.

Қазақстанда PR мамандарды дайындау бес жыл үзбей оқытылып, 2007 жылы жабылып қалған болатын. Экономика ғылымдарының кандидаты Бекболат Жетпісбайұлының мәліметіне сүйенсек, елімізде соңғы 15 жылда PR саласы қарқынды дами бастады. Бүгінде жұртшылыққа қызмет етіп жүрген мамандар саны бес мыңнан асады.

PR-дың басты қызметі – компания немесе жеке адамның қоғам алдындағы беделін (репутация, имидж т.б) қалыптастыру мен беделді басқару.

Беделді кім қалыптастырады?

Қазіргі кезде біз Қазақстанда PR саласындағы мамандардың түрлі атауын естіп жүрміз.

  1. Баспасөз хатшысы (Пресс-секретарь)
  2. Ресми өкіл
  3. Қоғаммен байланыс маманы
  4. Қоғаммен байланыс менеджері
  5. PR менеджер
  6. Саяси технолог
  7. Имиджмейкер (Сән салонындағы сәнді кісілермен шатастырмаңыз)
  8. БАҚ-пен байланыс маманы.

Беделді қалыптастыру, басқару ісімен дәл осы мамандар айналысады. Қазіргі кезде бұларды барлық министрліктер, мемлекеттік және жеке ірі компаниялар және бірқатар ірі тұлғалардың жанынан көруге болады. Олар министрліктің немесе мемлекеттік жеке компанияның баспасөз қызметінде, қоғаммен байланыс департаментінде, жарнама және маркетинг бөлімінде, БАҚ-пен байланыс бөілімнде немесе жеке PR агенттігінде жұмыс істеуі мүмкін.

Бедел не үшін қажет?

Егер жеке компанияны алып қарасақ, оның өнімінің өтуі мен табысы, бизнесінің дамуы, инвестор немесе мемлекеттік органдармен байланысы дәл осы беделге байланысты болады. Саяси тұрғыда жеке саясаткердің немесе партияның саяси аренада жеңіске жетуі, белгілі бір қызметке қол жеткізуі немесе оның артынан халықты ерте алуы тікелей беделіне байланысты.

Бұлар беделді қалай қалыптастырады?

Елестетіп көрейік. Бұл ретте алдымен, мақсатты жоба жасалады. Бұл жоба қысқа немесе ұзақ мерзімді болуы мүмкін. Қысқа мерзімді – белгілі бір кезеңде өнімді жарнамалуға бағытталады.

Мысалы: Қазақстандық әншілер фестиваліне демеуші болу. Бұл ретте, кез-келген демеуші компанияның мақсаты – осы фестивалға демеуші болу арқылы, өзіне жарнама жасау, бұл арқылы бедел жинау екендігін түсінген жөн. Фестиваль аясында барлық жарнамалық өнімдерде демеуші аты аталады, БАҚ-ның жарияланымдарында, сюжеттерде, жаңалықтар таспасында, фестивальдің арнайы сайтында демеуші компания аты жазылады. Бұл халыққа таралады. Бұл халыққа компания өз атын, өнімін жеткізу деген сөз. PR маманының басты міндеті – осы үрдісті сәтті жүзеге асыру. Яғни, фестиваль ұйымдастырушылармен келісу, демеушілік келісім-шарттың тиімді жасалып, жүзеге асуы, БАҚ-ыдағы материалдардың мәтіндерін дайындау, материалдар мен жарнамалық өнімдерде компания атауы мен өнімінің мақсатты аудиторияға өз деңгейінде жетуін жүзеге асыру болып табылады. Егер жобаңыз өз мақсатына жетіп жатса, онда бедел өсті, тиісінше өнім өтті, табыс еселенді деген сөз. Әрине, қысқа мерізімді жоба компанияның табысын бір сәтте еселеп жібереді деп ойлап қалмаңыз. Бұл компания беделін қалыптастыру жолындағы теңізге құйған тамшы ғана.

Ал, ұзақ мерізімді PR жоба – саясаткер немесе танымал тұлғаның, жеке компанияның, мемлекеттік органның бір немесе одан да ұзақ жылдар бойы беделін қалыптастыру мен басқаруға арналады.

Мысалы: Бұл жобада тұрақты түрде БАҚ-да жарияланымдар шығып тұруы, интернеттегі жеке сайты мен әлеуметтік желілерде насихатталуы, түрлі қоғамдық, коммерциялық салалардағы жетістіктерінің қоғамға БАҚ жарияланымдары арқылы жетуі қарастырылады. Бұлар баспасөз мәлихаттары, брифингтер, пресс пати, дөңгелек үстелдер, семинар, конференциялар, көрмелер арқылы жүзеге асады. Болашақта мұндай шараларға тап болып жатсаңыз, бір компанияның немесе бірнеше компанияның табысқа жету жолындағы әрекеті деп ұғынған жөн.

Қара PR деген не?

Сала мамандары PR –дың басты қызметі тек оң бағыттағы істерді жүзеге асыру деп анықтама береді. Алайда, түрлі компаниялардың, жеке адамдардың арасындағы бәсекелестік PR саласына да өзгеріс енгізді. Бәсекелестер БАҚ материалдары мен жарнамалық өнімдерді, түрлі сыбыстарды тарату арқылы жеке компанияның, жеке адамның беделіне нұсқан келтіруді көздейді. Алайда, бұл кәсіби PR мамандарының қызметтік этикасына жат. Әйтсе де, біздің қоғамда қара PR белең алып келеді.

piar-2

Жалпы, PR ұғымы Қазақстаңда 1991 жылдардан бастап пайда бола бастаған. Алғашында үгіт-насихат, ұран сөздері бірден қоғаммен байланыс терминдерімен алмастырылды және қоғаммен байланыс бизнес құрылымдарда емес әуелі мемлекеттік органдарда дамып, бастау алған болатын. Себебі, посткеңестік елдерде қоғаммен байланысты алғаш рет сайлау процесінде қолданды. Тіптен, бұл саланың мамандары болмағандықтан филологтар, журналистер, тарихшылар, философтар, саясаттанушылар, психологтар қоғаммен байланыс мәселесімен айналысты. «Тәжірибе көрсеткендей, география пәнін таңдаған талапкерлердің басым бөлігі мақсатты түрде географиялық, геологиялық бағыттағы мамандықтарды, туризмді, тағы басқа бағыттарды таңдауға бағдарланған. Сол үшін, оқуға түсу шарттарындағы география пәнінің болуы басқа мамандықты таңдауға мәжбүрлейді. PR-маманының кәсіби қасиеттері — коммуникативтілік, креативтілік, шығармашылық көзқарас, жазу қабілеті, шешендік өнер, идеяларды тәжірибе жүзінде жүзеге асыруы екендігі мәлім. Өкінішке қарай, ҰБТ-да географияны таңдаған талапкерлердің барлығы осы қасиеттерге ие деп айта алмаймын», — дейді, конференцияның ұйымдастырушы, ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі Назгүл Шыңғысова.

PR қазіргі заманғы бизнестің ең басты бөлігі болып саналады. Еуропаның өзінде жетекші PR агенттіктерінің бір жылғы кірісі жүздеген миллион долларды құраған. Қоғаммен байланыс АКШ, Батыс Еуропа елдерінде тұрақты жұмыс үрдісі есептеледі. Ал, Қытайда қоғаммен байланыс курсы жүзден аса университеттің оқу бағдарламасына енген. «Қоғаммен байланыс» (PR — Public Relations) мамандығы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, журналистика факультетінен ашылған ең жас мамандық. Қазақстандағы қоғаммен бай-ланыс негізінен үкіметтік PR, саяси PR, коммерциялық PR, PR туралы білім беру сынды салаларда дамып келеді. Сондықтанда, бұл салада қазақ тілді мамандарға деген сұраныс жоғары. Мәселен, бір Алматының өзінде елімізге беделді әрі танымал жобаларды жүзеге асырумен айналысатын жеті PR компаниясы бар. Бірақ оларда қызмет атқаратын қазақ тілді мамандардың қатары өте аз. Бұл олқылықтың орнын толтыруға біраз уақыт қажет екені анық.

Бүгінде PR мамандарын дайындауды қай мектепте, бизнесте ме, журналистика саласында дайындау керек пе деген даулы сұрақ бар. Бұл туралы Огайо (АҚШ) университетінің профессоры Эми Эдмендсон: «Менің көзқарасым бойынша қоғаммен байланыс журналистикада оқытылуы керек. Бірақ, бұл да Америкада өз шешімін таппаған даулы мәселе. Америкалық еңбекпен қамту бюросының 2010-2020 жылдарға арналған жоспарында PR индустриясы 22 пайызға дейін дамиды деп болжанып отыр. Журналистік жобаларды зерттейтін ғылыми орталықтардың деректеріне сүйенсек, осыдан 35 жыл бұрын газеттерде жұмыс істеген журналистер саны, бүгінде жарты еседен де аз көрсеткішке дейін қысқарған. Бұл журналистер үшін де, қоғам үшін де қауіпті», — дейді. Ал саясаткер, журналист Әміржан Қосанов: «PR мамандығы, ең алдымен, шығармашылық мамандық. Және де жан-жақты біліктілікті (психология, маркетинг, әмбебап мамандандырылу және т.б.) қажет ететін PR саласы үшін базалық оқу орны — журналистика факультеті екені анық, журналистика — таза шығармашылық» деген болатын.


Есентемір ЕРБОЛҰЛЫ,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің студенті

ПІКІР ҚАЛДЫРУ