Мырзақоспақ

0
353

Табиғаттың әрбір жаратылысына жете мән беріп, өз өмірімен шебер үйлестіре білген дана халқымыз төрт түліктің де бабын жетік білген ғой. Күнделікті тұрмыс-тіршілігінің қажетіне жаратып қана қоймай, төрт түліктің әрқайсысын баптап күтудің де негіздерін қалыптастырған. Бұл бүгінгі зердемен қарайтын болсақ, том-том ғылыми еңбектер жазуға болатын білім көздері. Көшпелі ғұмыр салттың өзіндік дәстүрлері төрт түліктің төл атауларының да молынан жасалуына негіз болғаны сөзсіз. Әрбір атаудың белгілі бір мәні мен мағынасы бар. Олай болса, сол атауларды терең білу арқылы біз қазақтың шаруашылық өміріне, мал ұстау кәсібіне де қанық бола түсеміз.

Түйеге байланысты төл атауларды тарқатуды жалғастырайық.
Түйе – дала жануары. Оның жаратылысы, бітім-болмысы өзге түліктерден бөлек, ерекше. Бойы, салмағы, дене тұрқы, қоректенуі, тіршілікке бейімділігі, шыдамдылығы, т.б. қасиеттері түйенің ерекшеліктерін көрсетіп тұрады. Осындай жаратылыс ерекшеліктеріне сай пайда болған атау­лардан біз түйелердің даралығын тани түсеміз. Мәселен, түйеге байланысты атаулардың ішінде алаша, көмпек, ала көпек, көйін бота, тумыш, нармая, қылмық, астаубас, кез өркеш, кезпар және т.б. атаулар кезігеді. Осының ішінде алаша мен көмпекке келетін болсақ, алаша деп – асыл тұқымды түйе мен нашар жабы түйеден шыққан тұқымды айтамыз. Бұған орай «Алаша тұқымын танытпас, жүк тасып көшсе жарытпас» деген мақал пайда болған. Көмпек деп түйенің көбеңі айтылса, шақа нар бура деп азғындаған нарлардың, күш-қуаты жағынан ортаға тұқымдық буданының екінші ұрпағы айтылады.
Түйе жылқы сияқты тұқымдарының асылдығына қарай бөлінеді. Мәселен, асыл тұқымды аруананың ең тәуірі, сүттісі болады. Мұны халқымыз ала көпек деп атаған. Ал аруаналардың ішінде көп боталағандарын кейуана деп атаған. Бұл атаулар аруаналардың сипаты мен ерекшелігіне байланысты қойыл­ғаны белгілі. Түйелердің ішінде ба­қырауық түйелер де кездеседі. Бақы­рауық түйе қусаған түйе деп аталады.
Жоғарыда келтірілген әрбір атау­лардан түйелердің түр-сипаты ғана емес, олардың жасын, мінезін, тұқы­мы­ның асылдығын, т.б. ерек­ше­­ліктерін танып-білуге болады. Бұған қарағанда түйеге байланысты қойылған әрбір атау­лар түйетану ілімі жолындағы өзіндік кілт іспетті. Сол үшін де әрбір атау­дың өзіндік мәнін, этимологиясын, лексикалық бірлігін жүйелеп, зерт­тей түсу қажеттілігі де туындайды. Себебі бұл атаулар күнделікті тіршілік үшін қажет болып қойылғандықтан, олар­дың жеке-дара мәнділік қасиеттері күшті.
Бота сөзімен байланысты қойылған атаулардың ішінде өзгелерден бөлек қоспақ бота, торым, нарбота, көйін бота, бөдене бота деген атаулар кез­деседі. Енді осыларға жеке-жеке тоқ­талатын болсақ, бұлардың мәні мы­нада. Қоспақ бота деп інген мен біртуардың бурасынан туған бота айтылса, бура мен аруанадан туған бота торым, нарбота деп аталады. Бұл ретте көйін бота деп – үлек пен кердері маядан туған сидаң аяқ, тықыр жүнді ботаны атайды, ал азған будандардан туған бота – бөдене бота деп аталады. Осы орайда «көйін» сөзімен байланыс­ты түйенің жеке атауы да кездеседі. Мәселен, көйін деп – алды аласа, арты биік, аяғы жіңішке, басы үлкен, мойны ұзын, тұтас өркеш, биіктігі тайлақтай ғана нар будандарының бірін атайды.
Мал шаруашылығына етене болған қа­­зақ халқының түйе түлігіне байланысты берген атауларының молдығына қарап, түйелердің даланың көшпелі салтында қаншалықты жоғары орынға ие екенін айқын аңғаруға болады. Түйенің әрбір ерекше­лігіне бай­ланысты атау-сөздер тудыру тіліміздің байлығын, ұлан-ғайыр мүм­кіндігін паш етіп тұрғаны сөзсіз. Өзге жұрттардың тілдік қорында түйеге байланысты мұншалықты көп атаудың кездесуі неғайбыл. Осыған қарап, түйенің шаруашылық негіздерін жетік білген дана халқымыз­дың өмірлік салтына қайран қал­мас­қа болмайды. Әрбір уақыт, кезең, тіпті мезгіл замана көшімен ілесіп дамыса да, уақыт өте келе шаруа­шы­лықтардың кейбір түрлері мен кәсіп машықтары да ұмытыла бастайтындай әсер қалдырады. ХХІ ға­­сырдың технологиялық дәуірі бас­талысымен далалық болмыстан қалалық болмысқа ауыса бастаған ел ретінде табиғаттың заңдылықтарын, мал шаруашылығының түрлерін, өзіміздің байырғы ата кәсібіміз болып табылатын кәсіп салттарын бірте-бірте ұмыта бастағанымыз да рас. Бұл тарихи жадымыздың өзгеріске ұшырағанын байқатады. Бүгін түйе шаруашылықтарын дамытып, жолға қоймасақ, зейін-зердеміздегі түйе туралы ғасырлар бойы жинақталған ғылыми, танымдық ақпаратымызды жойып алуымыз әбден мүмкін. Онымен бірге қаншама атау сөздер де ұмытылып, тіліміздің шұрайлы бай­лы­ғына едәуір нұқсан келуі ғажап емес.
Түйеге байланысты атау сөздерді әрі қарай жалғастыратын болсақ, ендігі кезекте нармая, тумыш, астау­бас, қара нар, қылмық, ләкір, кезнар, мырзақоспақ, жампоз және т.б. түрлеріне тоқталайық.
Нармая деп біртуманың ұрғашысы айтылады. Ал тумыш – нар мен айырдың буданы. Біртумалардың ішінде сүйегі ірі еркек нарлары кездеседі. Олар – астаубас деп аталған. Газетіміздің алдыңғы сандарында жазғанымыздай, «қара» сөзі төзімділіктің, күштіліктің белгісі ретінде қолданылады. Мәселен, қара нар атауына келетін болсақ, қара нар деп бір туманың аса төзімді мықты түрі айтылады. Бұл орайда мойны ұзын, жүні тықырлау, сүті мол нармаяның бір түрі қылмық деп аталған.
Бұл келтіріліп отырған атаулардан бейнелілік сипаттың басым екенін байқауымызға болады. Халқымыздың сөз арқылы белгілі бір нәрсені суреттеп, бейнелеу шеберлігі осындайда айқын көрінеді. Сондықтан түйеге байланысты атаулардың ішінде жаратылыс сипатына қатысты берілген атаулармен бірге бейнелілік мәндегі сөздер молынан ұшырасады. Олардың бірқатары түйенің сыртқы келбетіне байланысты қойылған болса, бірқатары табиғаттың өзге де құбылыстарына ұқсастыра қойылғанын аңғаруға болады. Демек, тіліміздің ұлттық жүйесінен алып қолданылған атау сөздердің әрқайсысынан қолданылу тұрғысынан алғанда тың жаңалықтарды ұшырастыруға болады. Бұл ана тіліміздің зор мүмкіндіктерін көрсетеді.
Түйеге байланысты атаулардың ішінде кезігетін ләкір, кез өркеш, кезпар, кезнар, мырзақоспаққа келетін болсақ, ләкір деп – таза қанды бура мен аруанадан туған ұрпақ айтылады. Ал бура мен аруанадан туған нардың асыл тұқымы – кез өркеш деп аталады. Бұл орайда үлек пен нармая­дан туған будан кезпар деп аталса, мырзақоспақ деп – балқоспақ інгеніне бура шөгеруден алынған үшінші ұрпақ айтылады. Кезпармен үндес келетін кезнар атауы – мырзақоспақ пен нар үлектен туған еркек түйеге қойылған. Ал жампоз атауы нар түйе мен айыр түйенің арасынан айыр болып туған асыл тұқымды білдіреді. Осы ретте мырзақоспақтың жуас, қара жұмысқа төзімді айыр өркештісін де жампоз деп атайды. Қазақ тілінде жампоз сөзі кең тараған. Мәселен, «жігіттің жампозы» деп мықты, бітім-болмысы дара жігіттерді атаған. Бір қызығы адамның мықтылығын, күштілігін бейнелеуде түйе атауларынан алынған сөздер аз емес. Сонымен қатар адам баласының сүй­кімділігін бейнелейтін сөздердің кең та­раған түрі ол «бота» сөзімен байланыс­ты ұғымдар. Бұл сөздердің барлығы ауызша және жазбаша әдебиетте, өлең-жырларда, ән-әуендерімізде көп кездеседі.
Тұстүйе, жөнекнар, күртпан, жөн (жөң), жөнбай, кердері (кердары), қылағай, оқбақ нар, қылқи, жарбай, қисықтөс, қырысты, көрт, күртнар, оқпақ, ши арқа түйе және т.б. атау сөздерге келетін болсақ, олардың әрқайсысы түйелердің жаратылысын, туған уақытын, жас-шамасын, күшті-әлсіздігін, тұқым асылдығын, өмірге бейімделгіштігін, дене бітімін және т.б. ерекшеліктерін білдіреді. Мәселен, тұстүйе деп екі таз жампоздың ұрпағы айтылса, жөнекнар деп бекпатша (құлпатша) бурасының аруанаға немесе жампозға шөгуінен пайда болған тұқымды айтатын болған. Бұл орайда айыр інген мен нар бурадан туған қоспақ бура күртпан деп аталған. Ал жөн (жөң), жөнбай деп мырзақоспақтан қойылған бура айтылады.
Кердері (кердары) – біртума нар­мая мен жөңнің буданы болса, қылағай – біртума нармаяға лөк шөгіп, яки аруанаға жөң шөгіп туған әлсіз, бақырауық тұқым. Оқбақ нар – қырысты қосбақ пен қылағай нардың бурасын шағылыстырудан туған түйе болса, қылқи – енесі жампоз мая, ­ атасы таза үлек, жалғыз өркеш буданның төртінші ұрпағы.


Дайындаған 
Д.Төлебаев, «Ана тілі» 

(Материалды дайындау барысында 
«Қазақ әдеби тілінің сөздігі»,
«Сөз – сандық» кітаптары 
пайдаланылды)

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ