Мылтықсыз майданның сайыпқыран сардары

0
315

Жұмабек Тәшенов қызметке араласқан кезқұдайсыздар құрған қызыл империяны отыз жылдай емін-еркін билеп-төстеген мұртты көсемнің қылышынан қан тамып тұрған шағыеді. Пенде біткеннің бәрі әсіресақ, қосүрей тартқан кезең болатын. Осынау қияметтің қыл көпірінен аман-есен өткен сөз зергері Ғабит Мүсірепов «Сөз жоқ соның іздері» әңгімесінде сол қосүрей заманды былайша сипаттайды:

«…Қанын ішке тартып, сұрланып алған екі жігіт кіріп келді де:

– Жантас Асылбеков, жүріңіз!– деп есікті нұсқады. «Халық жауы» деген сұмдық сөзбен келіп тұрған екі жігітке қарап тұрып, өз халқының досы қандай болатынын білмей қалуға да болатын еді. Сұр киінген, қанын ішке тартып алған сіріңке сұрдың екеуі де ысқырынып тұр… Көздері қыдыра жортып, бәрімізді де бір-бір тінтіп шықты: бірінің көзі қара тышқандай тіміскіленіп келіп, менің көк ала галстугіме қадалғанда, мен мойныма қыл-бұғау түскендей булығып кеттім. Безеу беттің екі құлағы да бүрісіңкіреп, әлденені тыңдай қалған бөрінің құлағына ұқсап, алға қарай қалқия қалыпты. Ол маған осы үйдегі барлық жанның қалай дем алғанына дейін естіп тұрған сияқтанды»(1).

Міне, осындай қалтырауық заманда Жұмабек Ахметұлы қызметке араласты. Ол қазақты қынадай қырған ашаршылық пен қуғын-сүргінді көрді, ауданнан облысқа қызметке көтерілгенінде сұм соғыс басталып, тылдағы халықтың атқан таңнан батқан күнге дейін созылар ауыр еңбегін бірге бөлісті. Ешбір ұлтты, халықты алаламады. Адамзаттың бәрін де бауырым деп сүйді. Бірақ әуелі қазақ болып туған соң қазақ десе, шығарда ғана жаны басқа еді. Сондықтан ең әуелі ел байлығы мен ұлттық құндылықтарды отаршылдардың қанды шеңгелінен қорғаштап бақты. Тың және тыңайған жерлерді игеру науқанынан басталған жер мәселесіндегі қитұрқы саясатқа қасқая қарсы тұрып, азуы кереқарыс КСРО басшыларымен айқасты. Биік мансаптан ұлттық мүддені жоғары қойғаны үшін елдің бірінші басшысы болуына бір-ақ қадам қалғанда қызметінен алынып, Шымкент облысына қуылды. Бұдан кейін де кеңестік жүйе тарапынан жасалған қиянаттар аз болған жоқ. Бірақ мұның бір де бірі туа бітті қайсар жанды мұқата да, мойыта да алмады…

 

1.ТӘШЕНОВ – ЕРЛІГІ ЕЛЕНБЕГЕН ХАЛЫҚ ҚАҺАРМАНЫ

Тарих деген – шежіре. Уақыт деген алып бар.

Сол алып уақыт әркімді өз орнына қояды.

Кімнің кім екені сонда айқындалады.

Ж.Тәшенов.

Жұмабек Тәшенов кім еді? Оның энциклопедиялар мен анықтама-лықтардағы ресми өмірбаяны мынадай:

«Тәшенов Жұмабек Ахметұлы (20.3.1915, Ақмола облысы Аршалы ауданы Бабатай ауылы – 18.11.1986, Шымкент қаласы) – мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымының кандидаты (1962). Ақмола құрылыс техникумын (1932), КОКП ОК жанындағы жоғары партия мектебін (1955) бітірген. 1934–1939 жылдары Бейнетқор ауданы атқару комитетінің хатшысы, аудан жер бөлімінің меңгерушісі, 1939 – 1943 жылдары Ақмола облысы жер бөлімі бастығының орынбасары, 1944 – 1947 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы партия комитеті хатшысының орынбасары, мал шаруашы-лығы бөлімінің меңгерушісі, 1947 – 1948 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы атқару комитеті төрағасының орынбасары, төрағасы (1948 – 1952) болды. 1952 – 1955 жылдары Ақтөбе облысы партия комитетінің 1-хатшысы, 1955 –1960 жылдары Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы, 1960 – 1961 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарды.

Осы қызметте жүргенде Н. С. Хрущевке қарсы шығып, қызметі төмендетіліп, 1961–1975 жылдары Шымкент (қазіргі Оңтүстік Қазақстан) облысы атқару комитеті төрағасының орынбасары болды. 1975 жылы одақтық дәрежедегі дербес зейнеткерлікке шықты. «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған. Өмірінің соңғы кезеңінде “Қаракөл” ғылыми-зертханалық институтында, Оңтүстік Қазақстан облысы талдау-есептеу орталығында қызмет атқарды. 14 жыл осы облыста еңбек етіп, әйгілі Желтоқсанға бір-ақ ай қалғанда, 1986 жылы 18 қарашада өмірден озады. Сүйегі Шымкент қаласында жерленген.» (2)

Басқа зерттеулер мен танымдық мақалалардағы өмірбаяндары (3) да осының төңірегінде. Біздіңше, Жұмабек Ахметұлы – Кеңес империясы тұсындағы барша ұлтты жойып, біртұтас кеңес халқын қалыптастыруға ұмтылған КСРО идеологтары мен жекелеген ұлт мүддесін қорғаушы жанкештілердің арасындағы мылтықсыз майданның қаһарманы. Бұған қандай дәлел бар? Мұндай дәлелдер шаш етектен. Бір-ақ мысал. Егер ол ұлттық мүддені емес, өсуді ғана ойласа, 1960–1961 жылдары Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметін атқарып тұрып, елдің бірінші басшысы болуына бір-ақ қадам қалғанда Қазақстанның бес облысын Ресейге қосу туралы Н.С.Хрущев бастаған Мәскеудің ұсынысына қарсы шықпас еді. Хрущев деген – Сталин өлген соң Л. П. Берия, Н. А. Булганин, В. М. Молотов, Л. М. Каганович және Г. М. Маленков сияқты әрқайсысы бір-бір мемлекетті басқаруға даяр тұрған өте азулы қаншама қарсыласын жолынан ысырып, билік басына келген әккі саясаткер еді. Ол азуын айға білеген АҚШ бастаған барша капиталистік елдердің басшыларына қыр көрсетіп, әлемдегі ең биік саяси мінберлердің бірінен аяғындағы топылайын шешіп алып, мінберді тоқпақтауымен әрі бүкіл елге жүгеріні қаптатуымен есте қалған басшы болатын. Ж.Тәшенов өзінің үкімет басшысы деген қызметінен айырылып, бүкіл карьерасына балта шабылатынын, тіпті өміріне қауіп төнетінін біле тұра ұлт мүддесі үшін осындай азуы кереқарыс басшыға қарсы шықты. Басқа «елағаларының» бәрі бір ауыздан «генсектің» айтқанына көніп, ләббай тақсырлап тұрғанда Жұмабек Ахметұлы егер өзі қасарыса қарсы тұрмаса, қазақ жерінің бестен бірінен айрыларын білді. Сөйтіп ол қызметінен алынды, бірақ солтүстіктегі 5 облыс Ресейге қосылмай, Қазақстан құрамында қалды… Егер осы 5 облыс Ресей Федерациясына өтіп кеткенде қазіргі тәуелсіз еліміздің бас қаласына айналған Астана жат қолында қалар еді.

Сондықтан қазіргідей тәуелсіз ел атанып, ешкімге жалтақтамай күн кешер шаққа жеткенде Жұмабек Ахметұлының халық үшін жасаған барлық ерліктерін ескеріп, алдағы 2015 жылы оның 100 жылдық мерейтойы республика көлемінде лайықты атап өтілсе, Ж.Тәшеновтің есімін мәңгі есте қалдырардай нақты қадамдар жасалса, мылтықсыз майданның сайыпқыран сардарының еленбей қалған ерлігінің өтеуі қайтар еді. Әрі осындай нағыз патриоттық іс-шаралардың Отан үшін, жер үшін жанын қиюға бақұл болашақ патриоттық ерліктерге жол ашарына кәміл сенеміз.

 

2.ҚАЗАҚ ЖЕРІН ҚЫЗҒЫШТАЙ ҚОРЫҒАН ТҰЛҒА

Ау, қызғыш құс, қызғыш құс…

Көл қорыған сен едің,

Сен де айырылдың көліңнен…

Ел қорыған мен едім,

Мен де айырылдым елімнен…

Махамбет.

ХХ ғасырдың 20-жылдары Мәскеудің ұйғаруымен Қазақстанның құрамынан Қарақалпақ АКСР-і алынып, Өзбекстанның құрамына қосылғаны мәлім. Осы кезде қарақалпақ халқының тілі мен салт-дәстүрінің өзбектен гөрі қазаққа жақындығы, халықтың мақсат-мүддесі, қарақалпақ зиялыларының жоғарыға бірнеше рет жазған хаттары, ондағы талап-тілектер мүлдем ескерілмеді. Қазақстанның жері онсыз да көлемді, басқару қиынға соғады деген сылтау айтылды. Осы аздай 50–60-жылдары орталық басшылықтың мүддесіне сай Қазақстанның жерін тағы да бөлшектеу әрекеті басталды. Міне, дәл осы кезде қарақан басының қамынан гөрі ұлттық мүддені жоғары қоя білетін Жұмабек Ахметұлы сынды шыншыл қайраткер бұл саясатқа бірнеше рет қасарыса қарсы тұрды. Мысалы, Маңғыстауды Түрікменстанға қосу жөніндегі ұсыныстарға тойтарыс берді. Тың өлкесіне біріктірілген солтүстік бес облысты Ресейге, Оңтүстік Қазақстанның мақталы аудандарын Өзбекстанға беруге қарсы шықты. Қазақстан жерінде ядролық жарылыстар жасауға қарсылық білдірді. Жә, енді осыны рет-ретімен баяндайық.

Біріншісі, 1954-1956 жылдары қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысының Бостандық, Мақтаарал аудандарын Өзбекстанға беруге қарсылық.Қазақстан-Өзбекстан шекарасы 1924-1925 жылдары межеленген соң осы екі ел арасындағы шекара мәселесі 20-50-жылдары 5-6 рет көтеріліп, сонша комиссия жұмыс істепті. Біріне өзбектер риза болмаса, келесісіне қазақтар келіспеген. Үшіншісін Мәскеу бекітпеген. Үш тараптың мүддесі бір арнаға құйылмаған. Өзбектердің негіздемесінде, бұл аудандарға қазақтар Ташкент арқылы өтетіндігі айтылып (қазірдің өзінде Шымкент-Сарағаш тасжолынан Ташкент қаласы 20 шақырым жерде ғана, ал кейбір тұстарда жол шекарадан 5-10 шақырым жерден өтеді – автор), оның үстіне мақта мол шығатын аудандардың басшылығын бір қолға беріп, еңбек өнімділігі мен басқаруды қолайлы ету керек деп көрсетілді. Сөйтіп бүкіл КСРО-ның тұралаған экономикасын көтеруді желеу еткен ала тақиялы ағайындар оңтүстік аудандарды Өзбекстанға қосып, өз жерлерін кеңейте беруді көздеді. Ал қазақтар болса, бұл ежелден өздерінің атамекені екенін алға тартып, ол жерлердің Қазақстанға да керектігін дәлелдеп бақты. Міне, осы кезде Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесі төралқасының төрағасы Жұмабек Тәшеновтің төрағалығымен (мүшелері: М.Бейсебаев, С. Дәуленов, Х. Арыстанбеков,  А.Морозов, В.Голосов, В. Шереметьев) арнаулы комиссия құрылады.  Ол комиссия: “Өзбек ССР-іне Мақтарал ауданының кейбір бөліктерін беруге келісеміз, ал Үкіметтің Бостандық ауданын беру туралы өтінішін негізсіз деп санаймыз” деген шешім шығарады. Комиссия шешімі 1955 жылдың 1 маусымында сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Л.Брежневке жіберіледі. Л.Брежнев басқарған Орталық Комитет: “Бостандық ауданы Өзбекстанға берілмесін” деген қаулы қабылдайды(4). Сөйтіп сол жолы Мәскеу мен Өзбекстанның бірлескен қитұрқы әрекетінің жолы кесіледі.

Алайда, қадалған жерінен қан алатын өзбек басшылары бұған тоқтай қоймайды. Олар ұзақ уақыт бойы Мәскеудегі басшылардың басын шыр айналдырып, 1956 жылы Шымкент облысының Бостандық ауданы мен Киров ауданының Тимирязев атындағы совхозын Өзбек КСР-ының құрамына қосып алады. Бұған Өзбекстан басшысы Ниязовтың өндіріс академиясында Хрущевпен бірге оқығаны, Өзбек КСР Жоғарғы Кеңесінің төрайымы Насреддинованың бал тілге салып, Хрущевтің көңілін тапқаны, ал қазақ басшыларының  ортақ пікірде болмағаны, т.б. жайттар аз әсер етпесе керек.  Кейін өзбектер осы тәсілмен Мақтарал ауданын, Түркістан, Бағыс ауылдарын иемденіп кетеді. Ал қазақ басшылары бұл мәселеде салғырттық істеп, тіпті кейбірі қу құлқыны үшін ала тақиялы ағайындарға  жақтасады.

Сөйтіп, Киров ауданының Шымқорған, Арнасай, Амангелді атындағы, Ильич атындағы, Қызылқұм, «Известия» совхоздары берілісімен Фариш ауданының қарамағына жатқызылды. Еңбекшілердің қайсарлықпен сұрауынан және әділетті талабынан кейін 1971 жылы Шымкент облысының үш ауданы Қазақстанға қайтадан қайтарылды, бірақ олардың алты совхоз және жеті ауданындағы көлемді бөлігі – жалпы берілген жердің төрттен үші Өзбекстанда қалды (5).

Екіншісі, Жұмабек Тәшеновтің еліміздің солтүстік облыстарын Ресейге қосылудан аман алып қалуы. 1953 жылы 5 наурызда КСРО-ны 31 жылдай басқарған И.В.Сталиннің қайтыс болғаны мәлім. Оның орнына Г. М. Маленко́в(1902 – 1988) КСРО Министрлер Кеңесінің Төрағасы болып сайланады (1953 — 1955). Шын мәнінде ол Кеңес мемлекетіне 1953 жылдың наурыз-қыркүйек айларында ғана басшылық жасайды. Өйткені 1953 жылғы 7 қыркүйекте Н.С.Хрущев(1894–1971) КСРО Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып сайланады. Оның жеке басқа табынуға қарсы оңды әрекеттерге барғаны, ғарышты игеруде недәуір табыстарға қол жеткізгені, ол билік құрған заманның «жылымық» деп аталғаны мәлім.

Осы Хрущев басқарған КСРО коммунистері еліміздің солтүстіктегі 5 облысын (Ақмола, Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан) біріктіріп, «Тың өлкесі» деген аймақ құрып, орталығына Ақмоланы (Целиноград) белгілеп, оны Ресейге қосуды жоспарлайды. Өлкенің басшылығына Орталықтан Т.И. Соколов деген өз адамын жібереді. Ол әлгі аталған Тың өлкесін Ресейге қосуға бейімдеп, Қазақстан басшылығына бағынудан бас тарта бастайды. Мұны сезген Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Ж. Тәшенов 1960 жылы күзде Целиноградқа шұғыл түрде ұшып келіп, мәселені дереу шешеді. Ол республикалық Жоспарлау комитетіне келесі жылдың бюджетіне қажет мәліметтерді әдейі бермей, бассыздық жасағаны үшін Соколовты қызметінен босатып, 24 сағаттың ішінде Қазақстаннан қуып жіберетінін және Тың өлкесі ешқашан Ресейге берілмейтінін қадап тұрып айтады.

Алматыда Үкімет мәжілісінде келесі жылдың халық шаруашылық жоспары қаралып жатқанда мінбеге көтерілген Тың өлкелік атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары А.И. Козлов: «Жұмабек Ахметұлы! Біз сіздерден ештеңе сұрамаймыз, тек Мәскеудің бергеніне тимесеңіздер болғаны»,– деп қыр көрсетеді. Мұндай ашықтан ашық астамсуға төзбеген  Ж.Тәшенов оны  былайша тәртіпке салады: «Тың өлкесі Қазақстанның құрамында, ал Қазақстанды оның Орталық партия комитеті мен Үкіметі басқарады. Сіз – сол партияның мүшесісіз. Мынадай қыңыр мінезді қоймасаңыз, партиядан шығарып, орныңыздан аламыз. Содан кейін баратын жеріңізге барып, арызыңызды айта беріңіз…». Алдында ғана Н.Хрущевтің қырына ілігіп, қызметінен төмендетіліп Мәскеуден Қазақстанға жіберілген А. Козлов зәресі ұшып, табан астында кешірім сұрайды. Халық, ел намысын қара басының қамынан биік қойған Ж. Тәшенов Н.С.Хрущевтің жіберген кеудемсоқ адамдарын осылайша тәубесіне түсіріп, Қазақстаннның бес облысының берілмейтінін ашық түрде мәлімдеген (6).

Мына фактіге назар аударайықшы: Егер Ж.Тәшенов кезінде орталыққа тойтарыс жасап, Сарыарқаның бес облысын сақтап қалмағанда, 565, 4 мың шаршы шақырым немесе республикамыздың бестен бір бөлігінен айырылып қалғандай екенбіз. Ал сол бес облыстың қазіргі аумағында 1999 жылғы санақ бойынша 3, 7 миллионға жуық адам тұрып жатыр екен(7).

Мәскеуде Н.С.Хрущевтың әрекетіне қалай тойтарыс бергенін Жұмабек Ахметұлының  өзі (1986 жылы «Оқжетпес» шипажайында емделіп жатқанда  қызметтес  інісі М. Елеусізовтің сауалына орай айтқаны) былайша баяндайды: «…Кешкі сағат он кезінде менің бөлмеме Д.А.Қонаев (сол кездегі Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы) телефон шалып, Н.С.Хрущевтің екеумізді шақырып жатқанын айтты. Бұрын кездескенімізде жылы шырай көрсететін мәскеулік бастық жүзінен бұл жолы қатаңдық байқалды. Сөзін бастағаннан-ақ: «Кеңес Одағындағы ұлт республикаларының жан-жақты дәрежеге жетуінің негізгі себебі Кеңес үкіметі мен ұлы партиямыздың көрегендік саясатының арқасында екендігін көпшілік білсе де, әлі күнге дейін соған дұрыс мән бермейтіндер де жоқ емес, – деп сөзін бір түйді. Соңғы кезде Саяси бюро мәжілісінде Қазақстанның саяси-экономикалық мәселелері сөз болғанда, бұл республиканың алға дамуына кедергі келтіріп отырған түрлі себептер бар екендігі айтылып отырады. Солардың ең бастысы – республиканы басқарып отырған кадрлардың қазіргі талапқа сай келмей отырғандығы және өзге республикаларға қарағанда жер аумағының өте кеңдігі, ал өндіріс салаларының өте көптігі дер едім, – деп тағы түйді… Саяси Бюродағы келісім бойынша осы кедергіні де тез арада шешпейінше республика алға жылжи алмайды. Кадр мәселесін кейінірек қарауға тиіспіз, қазір кезектегі және жедел шешетін мәселе –  республиканың жер көлемі жайында болып отыр. Жолдас Қонаевпен және облыс басшыларымен пікір алысқанбыз. Бұл пікірімізді олар негізінен қолдады. Жұмабек Ахметович, енді сіздің пікіріңізді білгім келіп шақырып отырмын» – деді.

Мәймөңкені білмейтін басым: «Никита Сергеевич, мен бұл мәселенің шешілуі былай тұрсын, тіпті күн тәртібіне қойылуының өзіне қарсымын», – дедім. Менің сөзімді естісімен-ақ бастықтың беті қызарып, көзі аларып, тұтығып, маған жалтақ-жалтақ қарап тұрып қалды. Сәлден кейін: «Саяси Бюроның келісіміне қарсы шығатын сен өзің кімсің, біз саған сенім білдіріп, республиканың үкімет басшысына дейін көтердік, ал сенің айтып отырғаның мынау. Әрі-берідесін бұл мәселені сендерсіз-ақ шешеміз. Кеңес елі – бір мемлекет, қай жерді қай республиканың меншігіне беру – КСРО Жоғарғы Кеңесінің еркі. Бұл жай пікір алысу еді», – деп реңінен ашуының қайтқаны білінді. Сонысын пайдаланып мен халқымыздың «шешінген судан тайынбас» дегені есіме түсіп, пікірімді жағастырдым. «Никита Сергеевич, – дедім, – егер Жоғарғы Кеңес әр республиканың жерлерін жергілікті органдарсыз шеше беретін болса, КСРО-ның және ұлт республикаларының Конституциясын жою керек қой. Ал ол Конституциялардың баптарында әр ұлт республикасы өзінің тарихи жеріне, ондағы байлығына өз меншігім деп пайдалануға құқы бар. Оны өзгертуге ешкімнің, ешбір органның құқы жоқ…Егер бұл заңдармен санаспайтын жағдай туса, онда біз халықаралық заңды мекемелерге дейін шағым беруден таймаймыз, ондай құқығымыз бар», – дедім»… Хрущев Қонаевқа қарап: «Бұл әңгіме осымен аяқталсын,–деді.– Орыстардың «Кешкі ойдан таңғы тағылым артық» дейтін нақыл сөзі бар, ертеңгі жиналысқа дайындалайық…» – деп, тұра жөнелді, соңынан біз де шықтық» (8).

«Никита Сергеевич, – дедім, – егер Жоғарғы Кеңес әр республиканың жерлерін жергілікті органдарсыз шеше беретін болса, КСРО-ның және ұлт республикаларының Конституциясын жою керек қой. Ал ол Конституциялардың баптарында әр ұлт республикасы өзінің тарихи жеріне, ондағы байлығына өз меншігім деп пайдалануға құқы бар. Оны өзгертуге ешкімнің, ешбір органның құқы жоқ…Егер бұл заңдармен санаспайтын жағдай туса, онда біз халықаралық заңды мекемелерге дейін шағым беруден таймаймыз, ондай құқығымыз бар», – дедім»…

Бұл – осыдан кейінгі өзара пікірлесуде Д.Қонаевқа «…елдің мүддесін қорғау үшін қандай қияметке болса да дайынмын» деген Ж.Тәшеновтей принципшіл, ұлтшыл, әділетшіл тұлғаның  жүрек жұтқан ерлігі еді. Осындай күрделі жағдайда Қазақстан басшылығы мен оның халқының пікірімен Н. Хрущев та санасуға мәжбүр болып, алғашқы райынан қайтады. Бірақ көп ұзамай 44 жасар жалындап тұрған азаматты сол Д.Қонаев арқылы қызметінен босатып, жарты жылдай қызметсіз қалдырып, ақыры Шымкент облаткомы төрағасының орынбасарлығына сырғытады.

 

3.ҰЛТТЫҚ НАМЫСТЫҢ ШАРҚАЙРАҒЫ

Жұмекеңнің өмірін зерттеп, оның тарихи тұлғасын келер ұрпаққа жеткізу жолында тер төгіп жүрген азаматтар аз емес. Солардың арасынан тарихшы-ғалымдар Кәрішал Асан Атаның «Шынжырдағы жолбарыс», Сейітқали Дүйсен мен Қанат Еңсеновтің «Жұмабек Тәшенов» зерттеу кітаптарын және «Жұмабек Тәшенов туралы естеліктер» жинағын айрықша атауға болады. Бұл еңбектерде Жұмекеңді жақсы білетін, істері мен әрекеттерін өз көздерімен көрген әріптестері, жолдастары және сол кездегі жас достары академиктер С.Қирабаевтың, Х.Ар¬ыстанбековтің, жазушы С.Адамбековтің, профессорлар  С.Кенжебаевтың, Ғ.Сағымбаевтың, генерал  С.Нұрмағанбетовтің, т.б. естеліктері және бір топ журналистің танымдық, тағылымдық мақалалары келтірілген. Осының бәрімен таныссаңыз, Ж.Тәшеновтің қазақ мемлекетінің тұтастығын сақтау жолындағы күресінен басқа қазақ қоғамын өркендету мен ұлттың рухын көтеру, абыройын асқақтату  жолындағы айрықша еңбегі мен жанкешті қызметіне куә боласыз. Төменде солардың бір парасын келтірейік:

Біріншісі, Ж.Тәшенов Қазақ КСР Жоғары Кеңесі Төралқасының Төрағасы қызметіне сайланған соң-ақ Алматының ең үлкен даңғылын Абайдың атымен атауды және көшенің ең төріне ақынның алып ескерткішін тұрғызуды ұсынғаны. Тұғырлы тұлғаның ағайын інісі, филолог, полковник Ұлықпан Бәшен:«…Жұмекеңнің үйіне бара қалсам, әдебиетке қатысты сұрақтарды маған көп қоятын. Өзі әдебиетке өте жақын еді. Ақын-жазушылардың, әсіресе, Абайдың шығармаларын жақсы білетін. Халық ауыз әдебиетін, дастандарды жақсы көретін. Тіпті «Еңлік-Кебек» дастанын жатқа айтатын»,–  дейді(9). Әдебиетке, қазақтың бас ақыны Абайға деген құштарлық пен құрмет – Ж.Тәшеновті басқа шенеуніктерден ерекшелеп тұрған қасиет. Қайраткердің ізгілікке, әділетке, имандылыққа құштарлығы да осы әдебиет арқылы қалыптасқаны аян. Сондықтан ол Абайды ұлықтау арқылы өз халқын да өркениетке бір табан жақындата түсерін білді. Алайда ол кезде мәселенің бәрі Кремльде шешілгені мәлім. Ақша жоқ деп болмашы шығынның өзін қиынсынған орталықтағы шенеуніктерге ол Тбилисиде – Руставелидің, Мәскеуде – Горькийдің, Ташкентте – Науаидің сондай ескерткіштері барын алға тарта отырып, ұтымды сөзбен бұлтартпастай дәлел келтіреді. Мәскеу¬дегілер амалсыз мойынсұнып, Абайдың атымен көше атауға және алып ескерткішін орнатуға рұқсат береді.

Екіншісі, сталиндік қызыл террордан жазықсыз жапа шеккендерді ақтау кезінде айрықша белсенділік танытуы. 1956 жылы 25 ақпандағы КПСС-тің ХХ съезінен кейін жылымықтың басталғаны мәлім. Сол кезде репрессия құрбандарын ақтау жөніндегі республикалық комиссияның төрағалығына Жұмабек Ахметұлы сайланып, Е.Бекмаханов, Қ.Мұхаметханов, Х. Есенжанов, З.Шашкин сынды  қазақ ғалымдары мен ақын-жазушыларын сөзбұйдаға салмай, абақтыдан  дереу шығаруда үлкен еңбек сіңіреді. Оның орнында қызметте өсуді ғана ойлаған әсіресақ партократтардың бірі болса, әлдеқандай заман болар деп, жазықсыз жапа шеккендерді ақтауға сонша құлшынбас еді. Ал Жұмекең бастаған комиссия Сәкен, Ілияс, Бейімбет сынды халқымен қайта қауышқан арыстардың шығармаларын сол жылдарда өте сапалы етіп шығаруға айрықша күш салады және «алашордашыл», «ұлтшыл», деген айдар тағылмағандардың бәрін ақтауға тырысады. Тіпті ол кезде атын атаудың өзі зор қауіп саналатын Мағжан Жұмабаевтың жесірі Зылиқаға Алматыдан баспана бергізеді. «Қарлагқа» комиссиямен бірге өзі арнайы барып, тұтқындарды  көзімен көріп, құлағымен тыңдап, көбінесе, «жаптым жала, жақтым күйемен» жазықты болған пақырларды ақтау мәселесінде қолдан келген көмегін аямайды. Және бұл мәселеде кіршіксіз адалдығын тағы дәлелдеп, «Маған қарсы «ұлтшыл» деп айып тағуға ұмтылғандарға түкірдім» деген екен(10) сабазың.

Үшіншіден, 1958 жылы қазақ өнері мен әдебиетінің Мәскеудегі онкүндігін абыроймен өткізуге барын салуы, бес бірдей қазақ өнер¬пазына ең жоғары атақ – “КСРО халық әртісі” атағын алып беруі. 1936 жылы Мәскеуде өткен алғашқы қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндігінде тек 24 жасар К.Бәйсейітованың ғана  “КСРО халық әртісі” атағын алғаны мәлім.  Содан 22 жыл өткен соң нәтиже бес есеге артып отыр. Бұл істе де Жұмабек Тәшенов үлкен қажырлылық көр¬сет¬кен. Осыдан кейін мұншама әртістің бір мезгілде жоғары атақ алуы қазақ топырағында бұрын-соңды болмаған екен(11).

Төртіншіден, «Қазақ әдебиеті», «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеттерін жабылудан аман алып қалуы. Бұл туралы сатираның сардары Садықбек Адамбековтен асырып жазған ешкім жоқ шығар-ау, сірә. ХХ съезден кейінгі жылымықтан соң да «Ұлтшылдарға соққы беру» желеуімен орыстандыру саясатының күшейгені мәлім. 1958 жылы 28 шілдеде ҚКП Орталық Комитетінің бюросында «Қазақ әдебиеті» газетінің саяси бағыт-бағдарының коммунистік идеологияға сай келмейтіндігі, пролетариат мәдениетіне, талабына жат екендігі, қазақ ұлтшылдарын төңірегіне топтастырғаны туралы мәселе қойылып, газеттің жабылып-жабылмауы талқыға түседі. Бюроның өту барысында Қазақстан басшылары Яковлев, Журин бастаған, Н.Жанділдин, С.Бәйішев, Қ.Шәріпов қостаған топтың мықтап іске кіріскені, «Қазақ әдебиетін» тұқыртып немесе жауып тастағалы келіп отырғаны анық байқалады. Қаралаушылардың бұл әрекеті бүкіл залдың мысын басады. Сол кезде кезекті сөйлеуші, газеттің бас редакторы Сырбай Мәуленовке Жұмабек Ахметұлы: «Тайсақтамай, батыл сөйле!» деп жігер береді. Жұмабек Ахмет-ұлының әлгі сөзі С.Мәуленовті сескенбей сөйлеуге итермелеп, қорытынды сөзінде ол былай дейді: «Қазақ халқының басынан шойындай қара бұлт кетпей-ақ қойды. Арал маңында, Бетпақдалада оба ауруына қарсы станса бар. Ал Алматыда «ұлтшылдарды» қолдан жасайтын «фабрика» жұмыс істейді», – дейді. Осылайша ел ағасының бір ауыз сөзі «Қазақ әдебиеті» газетін жақтаушыларға дем беріп, таразы басы соларға қарай ауады.

Алайда жарамсақтар да бірінші басшыға жағынып бағады. Мысалы, Сақтаған Бәйішев газеттің ұлтшылдығын 1913 жылы шыққан «Қазақ» газетімен салыстырып:«А.Байтұрсыновтың «Қазақ» газетінің лебі аңқып тұр», – деп сөгеді. «Социалистік Қазақстан» газетінің редакторы Қасым Шәріпов: «Қазақ әдебиеті» газетін жабу керек, ал басқа қазақ тілді газеттерді аудармаға айналдырмаса болмайды. Егер «Социалистік Қазақстан» газетін «Казах-станская правдадан» аударып, мен редактордың орынбасары болып қол қойсам, өзіме үлкен бақыт санар едім», – дейді.

Осыншалық жағымпаздыққа жаны түршіккен Ж.Тәшенов: «Социалистік Қазақстан» газетін ашқан да сен емес, жабатын да сен емессің, не тантып отырсың өзің!», – деп басып тастайды(12). Ақыры бұл мәселені күн тәртібіне қоюшылардың Саяси Бюроның қалыпты тәртібін белден басып отырғаны ашылып қалып, «Қазақ әдебиеті», «Социалистік Қазақстан» газеттері жабылудан аман қалады.

Бесіншіден, Медеу мұз айдынын салып бітіруге күш салуы. Кейіннен Қазақстанның мақтанышына айналған бұл құрылыс кезінде салынып басталып, әр түрлі сылтаулармен сақалды нысанға айналады. Жұмекең өзінің Мәскеудегі әріптесі, әрі тікелей бастығы КСРО Жоғарғы Кеңесінің төрағасы К.Ворошиловты Алматыға шақырып, оған Медеудің тамаша табиғатын көрсетеді. Оны тынықтыра жүріп, бұлтартпастай дәлелдерді алға тарта отырып, К.Ворошиловтың көмегімен құрылысты аяқтауға қаражат бөлдіріпті.

Алтыншыдан, халық батыры Б. Момышұлына Кеңес Одағының батыры атағын алып беруге әрекеттенуі. Жазушы Әзілхан Нұршайықов “Брежневке хат” мақаласында Б. Момыш¬ұлына Қеңес Одағының батыры атағы берілуін сұрап 1980 жылы хат жазылғанын, оған қазақтың ең атақты деген біраз адамдарының қол қойғанын жазады. Сонда Ғабит Мүсірепов мұндай талпыныстың Жұмабек Тәшеновтің тұсында да жасалғанын, ол К.Ворошиловтың орнына бір ай КСРО Жоғарғы Кеңесінің төрағасы болып тұрғанда Батыр атағын беретін комиссияның басшысы, маршал И.Коневті өзіне шақырып, оған салмақ салғанын айтады. Бірақ бірмойын маршал Баукеңе Батыр атағын беруге бұрын үзілді-кесілді қарсы болғанын, енді сол пікірін өзгертпейтінін айтады. Б.Момышұлы да өз әңгімесінде Ж.Тәшеновпен кездескенін, осы әңгіме қозғалғанын растайды. Осылайша бұл мәселе шешілмесе де, Жұмекең Баукеңнің “Москва үшін шайқас” кітабының идеологиялық бөгеттерді бұзып өтіп, жарық көруіне септігін тигізеді(14).

Жетіншіден, ол қолында билік тұрғанда қазақтың барлық талантты өнерпаздарына, дарынды тұлғаларына жақсылық жасаған. Және бұл игі істерін жақсыатты көрінудің қамы емес, жүйелі әрі мақсатты түрде, риясыз жасаған. Еңбек майталмандары Ыбырай Жақаев пен Жазылбек Қуанышбаевтың Еңбек Ері атануы да, Нұрмолда Алдабергеновтің екінші рет Еңбек Ері атануы да Жұмекеңнің тікелей араласуымен біткен іс. Мұхтар Әуезовтің “Абай жолы” романының Лениндік сыйлық алуына да Жұмекең көп күш салған дейді білетіндер. Көп жылдардан бері жайлы қонысқа қолдары жетпей, әркімге телміріп, сөздерін өткізе алмай жүрген қазақ зиялыларына 120 пәтерлік үйді то¬лы¬ғымен бергізген де Жұмабек Тәшенов еді. Оның осы ерлігін көнекөз ақын-жазушылар  күні бүгінге дейін аңыз қылып айтып жүреді. “Қазақ ауылы” атанған сол үйдің бір тұрғыны, әйгілі «Қан мен тердің» авторы Әбдіжәміл Нұрпейісов те “Егеменге” шыққан естелігінде (15) сол үйді жұртқа Жұмекеңнің өзі тікелей бөліп бергенін атап тұрып айтты.

Сегізіншіден, ұлттық кадрлардың өсуіне, олардың жоғары өрлеуіне де Жұмекең қолдан келген барлық жақсылығын аямаған. Л. Брежнев Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшылығынан Мәскеуге кетерде өз орнына И.Яковлевті, екінші хатшылыққа Н.Журинді ұсынып, Мәскеудің келісімін алып келеді. Ойында ештеңе жоқ Л.Брежнев өзінің ізбасарларын қазақстандық әріптестеріне таныстыра бастайды. Сонда Жоғарғы Кеңестің басшысы Жұмабек Тәшенов кейінгі кездегі бүкіл жетістіктерді тізбелей келіп: «Аудан, облыстарда, орталық аппаратта, министрліктерде екінші хатшыға лайық қазақ азаматтары аз емес. Мынау отырған ОК-нің ауыл шаруашы¬лығы жөніндегі хатшысы Фазыл Кәрібжанов кімнен кем? Ол екінші хатшылыққа жарамай ма? Сондықтан, осындай дайын тұрған кадрларды көзге ілмеу мені таңғалдырады. Мен мұны қазақ кадрларына сенімсіздік не көрінеу көзге ілмегендік деп түсіне¬мін», – деп, Л.Брежневті қатты састырады (16).

Ақыры Жұмекең ұсынған Фазыл Кәрібжанов екінші хатшылыққа бекиді. Шаһмардан Есеновтің дарынын да алғашқылардың бірі болып танып, қолдау көрсеткен Ж.Тәшенов екен. Оның геологиялық партия басшылығынан бірден Геология министрінің орынбасары, соңынан министр болуына ықпал етіпті. Ал 1962 жылы Н. Хрущев  Маңғыстауды Түркіменстанға беру мәселесін көтергенде осы Ш. Есенов Мәскеуге бүкіл құжаттарды көтеріп барып, Маңғыстау мұнайын қазақтардың өзі-ақ игере алатынын дәлелдейді.

Тоғызыншыдан, ол өзінен жоғары мансаптағыларға иіліп-бүгілмей, терезесі тең адамша мәміле жасаған. 1959 жылы 1 қазанда ҚХР-дың 10 жылдық мерекесіне орай КСРО басшысы Н.С.Хрущев бастаған делегация Қытайға барады. Делегацияны ҚХР басшысы Мао Цзэ дунның өзі қарсы алады. Әңгіме үстінде Мао Цзэ дун Н.С.Хрущевтің қыр көрсетуіне қарымта ретінде: «Кеңес Одағы сөз жоқ ұлы ел, ал біз Ұлы Қытаймыз», – депті. Н.С.Хрущев: «Солайы солай ғой, бірақ КОКП – дүнежүзілік коммунистік қозғалыстың авангарды», – дейді. Мао Цзе дун: «Бірақ Қытайда коммунистер КСРО-ға қарағанда көп қой», – дегенде Н.С.Хрущев сөзден тосылып қалады. Сонда Ж.Тәшенов: «Революцияны Кеңес коммунистері жасады емес пе? Солардың тікелей көмегімен қытай коммунистері жеңіске жетті ғой», – деп тығырықтан жол табады. Бұл уәжге қытай жағы жауап бере алмай қалады. Хрущев әңгіме біткен соң риза болып Тәшеновке: «Сен өзің марксист екенсің ғой»,– депті. Келесі күні кеңес делегациясының құрметіне қонақасы беріледі. Сонда араққа тойып алған Н.С.Хрущев орынсыз лепіреді. Бірге барған Ж.Тәшенов ыңғайсызданып Хрущевті шынтағынан түртеді. Ол ызғарланып: «тище» деп қойып, лепіруін жалғастыра береді. Мұны байқап қалған Мао Цзэ дун аудармашыға әлдене деп ақырын тіл қатады. Іле аудармашы Ж.Тәшеновке қазақша сыбырлап: «Сіз ұялмай-ақ қойыңыз», – депті. Осы жәйіттен кейін Мао Цзэ дун кеңес делегациясын шығарып салуға келмейді. Қайтар жолда Н.С.Хрущев: «Саған әлгі Мао Цзэ дун кеше не деді?», – деп сұрайды. Сол оқиғаға зығырданы қайнап келе жатқан Ж.Тәшенов: «Мынауыңа айт, көп ойлап, аз сөйлесін деді», – деп жауап береді. Н.С.Хрущев қызараңдап Тәшеновке сұқ саусағын безейді(17).

КСРО Қаржы министрі Б.Ф.Гарбузовты мойындатқаны да осыған ұқсас.Б.Ф.Гарбузов мінезі жеңіл, аумалы-төкпелі, бәтуәсіздеу адам болыпты. Бірде Жұмабек Ахметұлы келесі жылдың бюджеті туралы сөйлесуге барса, министр шалқая жатып: «үнемі сұрайсыңдар, ақша жоқ» деп жөнімен сөйлеспейді. Сонда Жұмекең: «Албанияның Премьер-министрі Мехмет Шеку келсе, далаға жүгіріп шығып, есік алдында қарсы алар едің, ал Албаниядан 10 есе үлкен Қазақстанның Премьер-министрімен неге дұрыс сөйлеспейсің», – деп дүрсе қоя береді. Алдында ғана Албанияның Премьер-министрі келіп-кетсе керек. Сөзден ұтылған Мәскеу министрі кешірім сұрап, қойған мәселесін нақтылы шешіп береді(18).

Оныншыдан, Ж.Тәшенов Шымкент облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болғанда да ұлт ісі үшін қызмет ете берген. Бірде Түркістан аймағының мақташылары мақта тазарту зауытында су мақтаны кептіруге отын таба алмай қиналып жатқанда сол ауданға уәкіл болып барған Ж.Тәшенов Қарағанды облысының басшылығымен хабарласып, тиесілі 500 тоннаға  тағы 500-ін үстемелеп, 1 мың тонна көмірді жеткіздіріп береді. Соның арқасында аудан мақта дайындау жоспарын 102, 7 пайыз орындайды. Сонымен қатар Жұмекең Түркістандағы Қ.А.Яссауи кесенесінің жанында топырақпен көміліп жатқан тас моншаны қалпына келтіріп, іске жаратуға да мұрындық болады. Айтулы кесенедегі атақты тайқазанның орнына қайтарылуына алғаш Ө.Жәнібеков кіріседі де, Ж.Тәшенов соны барлық күш-қуатын сала қолдайды.  Шетелден кесенені көруге ағылып келетін туристер үшін ағылшын, қытай, түрік, француз тілдерін білетін қазақ қыз-жігіттерін алдырып береді. Қала іргесіндегі Шайтөбеден геологтар емдік су тапқанда дереу 50 орындық емдеу профилакториясын салып, жол салдырып, автобус жүргіздіреді (19).  Қойшы әйтеуір, елін сүйген қайраткер үш-ақ рет келгенде  Түркістанды гүлдендіріп, абаттандырып жібереді (Ал Оңтүстіктің басқа аудандарына, көмек қолын сұраған жекелеген адамдарына  жасаған жақсылығы қаншама!?). Кесененің жанындағы сол шығыс моншасы мен әйгілі тайқазанның қазірге дейін орта ғасырдың айрықша жәдігерлері ретінде халықтың көз қуанышына айналып тұрғаны аян.

Иә, Жұмабек Тәшенов әсіресақ, қосүрей заманда билікке келсе де,  Компартиялық иерархияның бұралаң баспалдақтарымен көтерілуді ғана көздеген шенқұмар басшы, қара басының қамын ғана күйттеген көп шенеуніктің бірі болмай, ұлтын сүйген аяулы азамат, ұлттық қаһарман деңгейіне көтеріле білді. Қазақ жерінің тұтастығы үшін азуы кереқарыс  КСРО басшыларымен қасарыса күресіп, айтқанын орындата білді. Ұлттық құндылықтар мен ұлт мүддесі  үшін  биік мансап пен қарақан басының, отбасының, әулетінің, ұрпағының  рахатынан бас тартты. Есесіне алтынға да, ақшаға да сатып ала алмас халқының, елінің, ұрпағының ыстық ықыласы мен сүйіспеншілігіне бөленді. Сондықтан да Ж.Тәшеновтей патриот жандар қазақ деген ұлт барда мәңгі-бақи жасай бермек.

 

Жұмабек Тәшеновтің туғанына 100 жыл толуына орай есімін мәңгі есте қалдыру бағытындағы нақты ұсыныстар:

1) Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада 2010 жылы «Ж.Тәшеновтің азаматтық ерлігі және қазіргі патриоттық тәрбие» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік кон¬фе-ренция өткені мәлім. Осы басқосуды тұрақты, дәстүрлі түрде өткізіп тұру керек.

2) Ж. Тәшенов атындағы «Патриот» ордені тағайындалса. Ол ұлттық құндылықтарды ұлықтауда ерекше көзге түскен  азаматтарға ғана берілсе.

3) Жыл сайын әуелі ауыл, сосын аудан, сосын қала, облыстың  мемлекеттік қызметкерлері арасында патриоттық тақырыпта Ж. Тәшенов атындағы іріктеу сайысы өткізіліп, ең соңында республика көлемінде қорытындысы ел Тәуелсіздігі қарсаңында жарияланса.

4) Баспасөзде Қарағанды-Астана тас жолының бойындағы, астанаға кіреберіс «Жібек жолы» ауылының атын «Жұмабек Тәшенов ауылы» деп өзгерту, жол бойына еңселі мүсінін орнату, мұражайын салу туралы ұсыныс  айтылды. Осыны Қазақстан Үкіметі қолдаса.

5) Келесі 2015 жылы наурыз айында марқұмға арнап ас беріп, дүбірлі конференция жасау жоспарланыпты. Оны да көп болып қолдасақ.

6) Ең маңыздысы «Аршалы ауданының» атын «Жұмабек Тәшенов ауданы» деп атауға дауыс жинау  басталыпты. Осыған өз дауысымызды қоссақ.

7) Ж. Тәшенов атында Астана, Алматы қалаларының бірінде спорттың бір түрінен республикалық не халықаралық турнир ұйымдастырылса (Егер оны қиынсынсақ, қазір өтіп жатқан турнирлердің бірін Ж. Тәшенов атымен атаса). Оның жеңімпаздарына Тәшеновтің бейнесі салынған медалдар табыс етілсе.

 

Иә, қарапайым халық тарапынан Жұмабек Тәшеновтің 100 жылдығына орай халық қалаулысының есімін мәңгі есте қалдыру бағытындағы  нақты ұсыныстар көптеп айтылуда. Енді осындай қоғамдық пікірді билік қана емес, шынайы халықтың партиясы болуға  ұмтылушы «Нұр Отан» партиясы шындап қолға алып,  қазірден бастап қызу дайындыққа кіріссе, нұр үстіне нұр болар еді.


 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ